№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ХАБАРСЫЗ КЕТКЕН БОЗДАҚТАР

ХАБАРСЫЗ КЕТКЕН БОЗДАҚТАР

«Қызылсай қырат-қырат белесі көп,
Белесте қос қозымның елесі көп.
Білемін, өлім бар ғой, өле алмаймын,
Өйткені мал-мүлкіңнің егесі жоқ», деген «Қара кемпірдің зары» әнін естіген сайын ойыма 50 жыл қос перзентін күтіп, тыста тықыр естілсе: – Сыртқа шығып қараңдаршы, мүмкін ағаларыңнан хабар келген шығар, – деп елегізіп отыратын анам есіме түседі.
Қанды қырғын басталғанда сегіз айлық екенмін. Содан болар, 1942 жылы соғысқа аттанған қос ағамның жүздерін де білмеймін. Суреттері де жоқ. Ес білгеннен естігеніміз, анамның қос құлынын жоқтаған зарлы даусы. Ара-арасында сол зұлмат кезеңде әскердегі ұлынан келген өлең-хатты жатқа айтып отыратын. Ол өлеңді тек менің анам ғана емес, бүкіл ауылдағы күйеуі соғыстан оралмаған жесір әйелдер қосылып гөй-гөйлететін.
 Әкем Төренияз Алтанұлы мен анам «Қызылмақташы» колхозында ұзақ жылдар озат жылқышы болды. Жыл сайын колхозда оның бағымындағы биелер түгел құлындап, мал шығынына жол бермейтін. Отбасымызда 2 ұл мен 4 қыз болатынбыз. Сол 1941 жылы жасы үлкендердің көбі соғысқа аттанып қолдағы азын-аулақ техниканы айдайтын адам болмай қалады. Осы кезеңде 18-19 жастағы Мәлік, Мырқайдар деген екі ағамды Жаңақорған МТС (машина трактор станциясы) жанында ашылған механизаторлар даярлайтын 3 айлық жеделдетілген курсқа жібереді. Курсты бітірген кейін МТС-те трактор айдайды. 1942 жылдың шілде айында екеуіне де соғыс комиссариатынан шақырту келеді де. Мәлікке бронь беріледі, ал, Мырқайдар майданға аттанады. Мырқайдар ағама ең болмаса ата-анасымен қоштасуға да мұрсат бермей, станцияда жүргелі тұрған эшалонға мінгізіп жібереді. Мырқайдар аға әңгіме бола қалғанда: – Құлынымды ең болмаса бір иіскей де алмай қалғаныма өзегім өртенеді, – деп жас толы шарасын орамалының шетімен сүртіп отыратын анам. Арада ай өткізбей үлкен ұлы Мәлікті де соғысқа шығарып салады.
Сол кеткеннен мол кеткен қос ағамнан тек 1943 жылдың ақпанында ғана алғашқы хат келіпті. Екеуі де қоршаудағы Ленинградта, Мырқайдар ұшқыш-штурмовиктер даярлайтын оқуда екен, Мәлік қала ортасындағы бір жанармай сақтайтын базаны күзетеді екен. Мырқайдар 1943 жылдың маусым айында оқуын бітіріп, ұшқыш болып қоршаудағы Ленинградқа жау самолеттерін кіргізбеу үшін аспан шайқастарына қатысады. Араға 2-3 ай салып екі ағамнан келіп тұрған хаттар 1944 жылдың қаңтарынан кейін тоқтаған. Кейін қайта хабар-ошар болмаған. 
Соғыс біткеннен кейін әкем озат еңбеккер ретінде 1946 жылы Мәскеуге Бүкілодақтық халықтар Жетістігі көрмесіне (ВДНХ) қатысып қайтты. Сталиннің қолынан «Еңбек Қызыл Ту» ордені мен көрменің алтын медалін алды. Әкем осы сапарында СССР Қорғаныс Министріне кіріп, балаларының өлі-тірісінен хабар алып беруді сұрайды. Бірақ Министрлік оған тұшымды жауап бере алмаған көрінеді. Қос ағамды кейінірек жұбайым Әбу Махамбетов Мәскеуде оқып жүргенінде біраз іздестірді, бірақ, өкінішке орай еш нәтиже бермеді. Әкем 1967 жылы 78 жасында, ал, анам 1992 жылы 86 жасқа келіп қайтыс болғанша қос перзентінен хабар күтіп, оларға деген бір асым етін өмір бойы сақтап өтті.
Тегінде Мырқайдар ағамның ептеп өлең құрастыратыны болыпты. Оның соңғы бір жазған хаты өлеңмен жазылған екен. Жалпы ұзын-ырғасы 42 шумақтан тұрады. Ол кезде ауылда сауатты жандардың көбі соғысқа, онан қалғандары тыл жұмыстарына жіберіліп, негізінен сауаты жоқ жасы ұлғайған кемпір-шалдар мен азын-аулақ жастар ғана қалған. Анам сол хатты ауылдың шығыс жағында Ақатаның етегінде отыратын Бисұлтан деген қайтыс болып кеткен көкелеріміздің Перуза есімді қызына оқытады. Өлеңді екі-үш рет қайталап оқыған соң оны Перуза жаттап алып қос басындағы әйелдерге айтып береді де, кейін оны бәрі жаттап айтады. Бұл өлеңді кейінірек өзіміз де айтып жүрдік. Өкініштісі, өлең жазылған хат кейін жоғалып кетті де, келе-келе көбі ұмыт болды. Өзім болсам 35 жыл ұстаздық етіп зейнетке шықтым. Осы бір мақаланы да жасым сексенге тақағанда жазып отырып, есімде қалған шумақтарын газет бетінде жариялап, қан майданнан оралмай, хабар-ошарсыз кеткен қос ағама қойған ескерткішім болсын деген ойға келдім.
Түсімде алтын сапты қамшы көрдім,
Астымда жайдақ атпен майданға ендім.
Өзімше озат механизатор болам дедім,
Жорығаным жау болды ма қайран елім.
Қолыма жүзі жарық пәуеске ілдім,
Жайдақ ат, жайдақ вагон зырқыраған.
Ата-анама бір сәтте қоштаса алмай,
Аттанып бара жатқанымды бірақ білдім.
Әкешім мені ойлап қамықпағын,
Қасыңда қос қарлығаш,сүйенішің.
Мәлік пен немерең бар Әлен – жаның,
Алладан есен-саулық тілеп жүрмін,
Қауыштыр ата-анама қуанышпен.
Қызғалдақтай құлпырған Зейнеппенен Гүлімжаның,
Тел өскен қос қарлығаш Ақжайқын мен Қызайқынжан.
Бұларға тең келмейді гаухар мен  алтындарың,
Бақытты болса екен бауырларым.
Зөре жан айналайын өзіңнен де,
Домалап жерген түскен ізіңнен де.
Есімнен кетер емес іңірдегі,
Зөренің көкешім деп жүгіргені...Зөре ТӨРЕНИЯЗҚЫЗЫ,
Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім.
01 мамыр 2018 ж. 1 262 0