№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шаңқобыздың үні

Шаңқобыздың үні


Тапа-тал түс. Апам екеуміз әжемнің басына келе жатырмыз.
Құмсабадағы бейіттердің жан-жағы қоршалып бір шеті ауылға тіреліп қалыпты. Бұрын ана шеті мен мына шеті көрініп тұратын кішкене ғана бейіт болатын. Мынау бейіттерге жақын салынған таныс үй айналасы сыпырылып, үйдің сырты әктелгені ғана болмаса ештеңе қосылып жамалмаған сырты сол баяғы жыңғылмен қоршалған күйі. Жыңғыл шіркін ескірмейді ме қалай өзі жыңғылдың да жыңғылынан теріп жасалған ғой деймін оның үстіне түп-түзу жыңғылдарды сыммен өріп түйіндеп, әр жерден айқастырып оншақтылап байлап қадам сайын қада қағып сапқа тұрған солдаттай етіп кәкірейтіп қоршапты. Сол баяғы мап-майда, жұп-жұмсақ бұрқылдаған сары топырақ. Кішкентай кезімізде табанымызды тіліп алсақ топырақ сеуіп қанын тоқтатынымыз ойыма оралды. Құлықтардың іні де көзге көрінбейді. Әке-шешең өлді жүгір, жүгір деп құлықтарды шақырып інінен сыртқа шығаратын тентектігіміз есіме түсті. Біз басып өткен сары топырақтардағы ойдым-ойдым іздеріміз ізінше желмен суырылған құм-топырақпен жабылып кетіп жатыр. Мазардың қақпасынан кіре салысымен сол жақ қанатта композитор Бексұлтан Байкенжеевтің құлпытасы орналасқан. Қандай іс-шара болмасын Бексұлтансыз өтпейтін. Елдің еркесі Бексұлтан баянын арқалап әнін шырқап жүретін еді. Жаңақорғандықтар Бексұлтанын жақсы көреді. Туасы сыр елі өнер сүйгіш. Бексұлтан марқұм “Ақбаянды” ерекше рахаттанып беріліп тұрып айтатын. “Ақбаянды” композитордың өзінен басқа Мәдина ғана керемет орындайтын. Мәдина Ақбаянды сызылтып айтқанда ерекше құлпыратын түрленіп шыға келетін. Ән тура Мәдинаға арналған сияқты. Тыңдаушы да ерекше әсерге бөленіп, әннің сиқыры айналаны жаулап алатын. Мәдина сахнаға шыққанда жаңа піскен жұмыртқаның қауызы әсем әуеннің ырғақтарына шыдай алмай тырс-тырс етіп жарылып, сол қауыздан Мәдина екі қолын жайған періштедей үлбіреген жұқа көйлегімен тербеліп шыға салып, Ақбаян-Ақбаян деп шырқап жатқандай көрінетін. Ойласам тыңдарманы тоймайтын әндер ғана осылайша бойды ерітеді екен. Мәдина дүниеден озғалы Ақбаянды сол Мәдинадай керемет орындаушыны кездестірмедім. Бексұлтанның көп әндері Мәдинаның даусына жақсы келетін. Сөйткен Бексұлтанның қабірі мынау. Сұп-сұр силикат кірпіштен жасалған құлпытас сұп-суық. Бексұлтанның жүзінде адамды өзіне тартатын, баурап алатын жылылық болатын. Тірі Бексұлтан жып-жылы болса, қабірі қандай мұп-мұздай еді. Анам екеуміз Бексұлтанды аттап кетпей борпылдаған сары топыраққа бір тізерлеп отыра кетіп жалпы жамағатқа, аты-аталған, аты аталмаған құраннан дәметкен әруақтарға деп Құран бағыштап ары қарай әжемнің басына қарай аяңдадық. Әжемнің бейіті өткен жолғы келгендей емес жолдан алыстап кеткен сияқты. Біраз адам жерленсе керек. Марқұмдарды басып кетпейік деп жалғызаяқ жолмен абайлап басып келе жатырмыз. Әжемнің басына да жеттік. Алдымда кішкентай ғана төмпешік. Төлбасы қызы Рәзия деген кішкене таста жазу тұр. Әжем бұрыннан айтып жүретін менің төбемді жаппаңдар, тек кішкене белгі болса жетеді деп. Өткен жолдары бір келгенімде апамның сұрауымен шырақшыға айтып сексеуіл ектіргенбіз. Жіп-жіңішке шырпы балапан сексеуіл биыл бұтақтары жуандап әжептеуір өсіп қалыпты. Айналып қарап шықтым. Төмпешіктің бір шеті опырылып құлап ішіне түсіпті. Жанымда анам. Опырылып түскен төмпешікті көріп анам байғұс кемсеңдеп жылап отыр. Бар болғаны топырағың жеңілдесін деп күбірлеп сөйлеп қояды. Төмпешіктің бас жағынан топырақ алып топырақты жерге тастап жатыр. Қолына ілініп жатқан топырақ та шамалы. Аптап ыстық. Айналада бір көлеңке болсайшы. Төбеңнен ыстық өтіп барады. Оны елеп жатқан анам жоқ. Қабірдің топырағы желмен,жауған жаңбырмен қатып қалған. Анам топырақтың тастай қатып қалғанын сезбейтін сияқты. Иығы селк-селк етіп еті қашқан иығы иегі кемсең-кемсең етеді. Әйтеуір тоқтады-ау. Әшейінде көп сөйлемейтін мінезі ауыр адам бұл жолы да ләм деп аузын ашпады. Мен жұбатып қушиған иығынан құшақтадым. Түк ет қалмапты. Әжеме ұқсайды. Айналайын, бала-шағаңның рахатын көр, қыз да болсаң жарадың әжеңнің мейірімі өзіңе түскен еді ризамын мен саған деп батасын беріп жатыр. Әжемді есімізге алдық. Қабірдің басында үн-түнсіз тапжылмай отырмыз. Жалғыз қара шыбын бізді айнашықтап кетер емес. Тапа-тал түсте талғау жоқ жерде ызыңдап жүргені несі, қайдан келе қалды екен. Әжем өте пішімді қасы-көзі қияқтай те сұлу болатын. Анда-санда шаңқобыз шалатын. Шаңқобызы біртүрлі өзгеше еді. Аппақ серкенің терісінен жасалған әдемі бөстегін тастамайтын. Көп төселгеннен бөстектің қақ ортасы тықыр тартқанмен шеттері көздің жауын алып жалт-жұлт етіп жалтылдап шашырайтын да тұратын. Бөстекті ешкім жумайды, бірақ тап-таза қалпын жоғалтпайтын. Әжем шаңқобыз тартқанда үнемі астына ақ бөстегін басып алып қырғызша әуендерге басатын. Шаңқобыздың дірілімен онсыз да кемиек иегі де қоса дірілдеп рахаттанып шері тарқағанша шаңқобызын тоқтатпай баса беретін, баса беретін. Әуен таусылған соң жайлап шаңқобызды шүберекке орап тозығы жеткен желбегейінің ішкі қалтасына ұқыптап салып қалтасының аузын түйреуішпен түйреп мықтап бекітіп қоятын. Сосын отырып алып екінші қалтасынан папиросын шығарып терең сорып-сорып түтінін будақтатып-будақтатып жіберетін. Будақтақтаған түтіндер төменге түскен бұлттар секілді ауада асықпастан әдемі таралып жататын. Әлгі шыбын бізді әлі айналып жүр. Шаңқобызды есіме бекер түсіріппін. Мынау шыбын шаңқобыздың үнін салып тұрғандай. Денем бірнәрседен түршіге бастады. Шыбын демекші осы бес-алты жыл бұрын жақын ағайынның жалғыз ұлы қайтыс болғандағы анасы Күмісайдың айтқандары есіме түсті. Баласы біраз уақыт ауырып жүріп соңғы апта мүлдем төсек тартып жатып қалған. Анасы күндіз-түні күзетіп қасында отырған. Үзілетін күні таңертең терезенің алдына бір кіп-кішкентай қара торғай қонақтап алып шырылдап қоймаған. Оған аз десең ауру бала жатқан бөлмеде баданадай қап-қара шыбын пайда болған. Қанша қуаласа да қуып шығара алмаған. Шыбынға ызаланған анасы әлгі шыбынды қолдан жасалған шыбын ұрғышпен ұрып өлтірген. Шыбын өлген кезде ауру бала да үзіліп кете берген. Көңіл айтуға барғанда қаралы ананың сорлы басым баламның шыбын жанын өз қолыммен шығардым-ау, нем бар еді шыбынға тиісіп тиіспегенімде балам өлмес еді деп күңіренген ананың күйін көрген көрісіп жатқандардың егілмегені жоқ. Уақыт біраз болып қалыпты. Анам құран оқыды. Әлгі қабірді айналшықтаған шыбын қайтып көзіме түспеді. Қабірдің опырылған тесігіне шыбын құрғыр кіріп кетті-ау деген ой басыма сап ете қалғаны. Әжемді аядым. Опырылып түскен топырақпен бірге жермен-жексен болатын болдың-ау деп тағы мазасыздандым. Қабірде де тыныш жатқызбадық-ау сені. Әжетайым кешірші. Қазір нағашымның үйіне арнайы барып саған арнап құран оқытамыз. Сен пір тұтқан Битас атамнан қалған құранға тәу етеміз. Әжем шалын өте жақсы көретін, аузынан тастамайтын. Атамның паспорты болған. Әжем көзі тірісінде сол паспорттан атамның суретін көшіріп алып үлкейтіп қойған. Әже, сізге қарағанда ата қартаңдау көрінеді екен деп сұрасаң болды шалына су жұқтырмай жақсы адамдардың бас терісі кең болады, қасын қарасайшы білектей, бет біткеннің сұлуы, қабағынан қар жауып тұрғанын көрмейсің бе керуен басы ғой деп жақсы тұстарын тізбектей жөнелетін. Битас атам айтса айтқандай елге беделді керуен басы болған. Оның үстіне орысша сөйлей білген, ел арасында Битас тілмаш атанған. Оның үстіне Атам ескіше сауаттылығымен аты шыққан. Бір қызығы толғақ қысып жатқан әйелдерді үйдің сыртынан бір дем салса болды баланың жолы ашылып талай нәресте қиналмай дүниеге келген. Атамның арғы аталары қажылыққа жаяу барған, ауылдан кеткен бірнеше адамнан бабамыз ғана елге тірі оралған. Сол бабадан қалған дастарханның бір жапырағы жатушы еді сандықтың түбінде кейіннен сапырылысып жүріп жоғалып тыныпты. Қазір сандықты кім төрінде сақтасын заман өзгерді сандықтың орнын шет елдік жиһаздар басты ғой. Ескіше сауатты демекші керуен басы болған соң бәріне жауапты, әлбетте керуеннің алдында жүреді атамыз, аузында кәлимасы дегендей. Бір күні кеш батып бара жатқанда айдалада бір ешкі қатарласып керуенмен жүріп отырыпты, ешкі шаршайтын болды ғой,тыпырлап керуенге ілесуі қиын болады деп атам ешкіні алдына өңгеріп алыпты. Бір кезде осы құрғыр буаз емес пе екен салмағы біраз екен байқап көрейін деп желінін ұстай бергені сол екен ешкі мойнын бұрып тұрып уысың толды ма деп сөйлеп қоя беріпті. Ешкінің ешкі емес екенін түсінген атам дереу тілін кәлимаға келтіре бергені сол ешкі қолынан сусып шығып кетіп бір сәтте жоқ боп кетіпті. Қанша жұмбаздап ұстаса ешкіден айрылып қалған Атамның уысында бес-алты тал ешкінің қылы қалып қойыпты. Сол жүргеннен керуен еш жерге тоқтамастан үйге бір-ақ жетіпті. Атам аттан түспей жатып төрде тұрған құранды әжеме алдыртып құранның ішіне мынау әлгі бәлекеттің шашы, енді бізге құдай бақ берді, осыдан былай бұл төңірекке бәлекет жолауға қорқатын болады, тек осы шашты құранның ішінен түсіріп алудан сақ болыңдар, әйтпесе берекесіздік басталады деп түсіндіріпті. Атам бар кезде ешқандай қиындық көрмей әжем баршылықта тіршілік кешкенін ағайындардың бәрі айтып отырады. Атам қайтыс болғанда кімнің ашқанын ешкім білмейді, тәспі аударғандардың біреуі құранды ашқан кезде бәлекеттің шашын түсіріп алған ба, әйтеуір шаш ішті-күйлі жоғалыпты. Содан кейін осы әулетті қиындықтар жағалай бастапты, баяғы шалқыған дәуір жоқ кедейлермен теңесіпті. Керуен жайына қалып ел қатарлы күн кешіпті. Естіген адамға аңыз сияқты, бірақ, осының бәрі әжемнің өз аузынан естіген әңгімелерім. Нағашым Әләйдардың бақилық болғанына біраз болды. Бейсенкүл жеңгем нағашымның алдында бір жыл бұрын төсек тартып жатып өмірден өтті. Нағашымнан өрген он баланың ортаншысы Әлиасқар қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Ойымда Атамнан қалған құран. Келінге қалай ретін тауып айтсам екен. Құранды қолымммен ұстап көргім келеді. Баяғы батылдығым қайда кеткен. Кезінде осы үйдің еркетотайы мен едім ғой. Менің бүкіл балалық шағым осы үйде өтті. Атам қайтыс болған кезде әжем бір ұл мен екі қызбен қалған. Қыздарды көзі тірісінде атамның өзі ұзатқан. Қыздың үлкені менің анам. Шалы кеткен соң әжем ұлымен қалған да бертін келе мені бауырына басқан. Сол нағашымның үйінен әжем қайтыс болған соң ол кезде мектеп онжылдық мектепті бітіріп барып кеттім ғой. Әжем мені бетімнен қақпай өсірді. Әжемді Биекеңнің үйіндегі апамыз деп ел қатты сыйлайтын. Шалының арқасында әжемнің беделі мықты. Қандай жиын болмасын әжем мені жанынан тастамайды, отыратын орнымыз тек төр. Оған әбден үйреніп алғанмын. Маған біреу орын дайындап қойғандай төрге қарай әй-шәй жоқ отырған адамдарды кимелеп төрге шығып аламын. Оған бәрінің еті өліп кеткен, бір адам бұның не деп айтпайды.Әжемнің айтқаны әулетке заң. Келіндер алдында құрдай жорғалайды. Қандай керемет ұлттық тәрбие десейші. Алдымен нағашы ағам әжеммен ақылдасады, не нәрсенің де шешімін жеңгеміз әжемнен барып естиді. Соңғы нүктені әжем қояды. Оған жеңгем қабағын да шытпайды, солай болу керек сияқты. Әжем командир. Мен командирдің жанынан қалмаймын. Ораза кезінде ауыз бекітпесем де әжеммен тұрып сәресін бірге ішемін. Әжем сәресіге тұрғанда басқаларға білдірмей мені жәйлап оятып жанына алып кетеді. Екеуміз майсөк жейміз. Құдай біледі-ау мен майсөкті әжемнен көбірек жеймін, әжеме онша тамақ батпайды. Менің асқазаным әжемдікіне қарағанда кішкентай болса да қорытуы жағына келгенде комбайн. Норманы бітіріп түк білмегендей төсекке кіріп кетем. Әжем болса таң атқанша құрманың сүйегінен жасалған тәспісін Е, раббым, Е раббым деп аударып отыратын. Содан ұйқыға басам да азанда түк білмегендей жұртпен бірге дастарханға жайғаса қалатынмын. Әжем біраз уақыт төсек тартып қайтыс болды. Мен жазғы каникулда әкемнің үйіне кеткен болатынмын. Әжем қайтыс болды деген хабар тиген соң бұл жақтағылармен бірге тайлы-тұяғымен Жаңақорғанға келдік. Есіктің алды абыр-сабыр. Мен жылауымды тоқтатпаған соң кемпірлер көңілі суысын деп әжем жатқан бөлмеге апарып әжемді көрсетті. Ешқандай қорықпадым. Әжем тірі кезінде төрде отырушы еді, жатын бөлме де ең сыйлы түкпіргі бөлме болатын. Енді жатқан жері мынау. Үйдің кіре берісіндегі оң жақтағы ең ескі бөлме. Ашуым келді. Әжемнің жағын таңып қойған ағаш кереуетке жоңышқа салып жайғастырып қойыпты. Таң қалдым әжімдері қайда кеткен. Беті сып-сипыр. Бетінен сипаладым. Мұп-мұздай. Бұрынғы әжем бірақ қимылсыз. Көз жасым кенеттен сап тиылды. Өзімді-өзім қолыма алдым. Әжемді шығарып жатыр. Бір апа келіп кішілеу бір тостағанға салған тиындарды қолыма ұстатты да қазір әжеңнің артынан шашасың деді. Мүрдені төрт адам көтеріп бара жатыр. Төбесі ашық жүк машинасына салуға ыңғайлай бастағанда тиын­дар­ымды уыстап-уыстап шаштым. Есіктің алды ойлы-қырлы. Ол кезде цементтеу деген қайдан болсын. Қанша сыпырсаң да топырақ таусылмайды шыға береді. Біреулер жылап жатыр, біреулер жерге түскен тиындарды таласып-тармасып жерден теріп алып жатыр. Бұрқылдаған топыраққа тиындар кіріп кеткен шығар деп жерге үңілдім, көзім қарауытып басым айналып кетті. Ірі бастылар бетіме су бүркіп жатыр.
Әжемді тағы есіме алдым. Оқу басталар алдында бір-екі айдай күріш орағына оқушыларды алып баратын мектептің әдеті болатын. Жыл сайын әжем нағашымның бір дәрігер танысына айтып жүріп справка жасатып алып қалатын. Сол жылы справканы ала алмадық неге екенін қайдам содан мен де жиын терімге қатыстым. Ондағымыз не орақ ормаймыз, әр жерде комбайннан қалып кеткен топ-топ масақтарды қолмен орып жинаймыз.Кешке шаршап келеміз де тушенка қосылған макаронды тойып жеп алып қараңғы түсе биге шығамыз. Сол жылы Түгіскен жақтағы ХХII партсьезд совхозына бардық. Ол жерде тек қана біз емес басқа жақтан келгендер де бар. Жататын жеріміз сабан төселген совхоздың қара киіз үйі. Бір күні біздің қыздарды басқа киіз үйдегілер қонаққа шақырыпты. Қыздар бармайтындардың дұрыс киімдерін киіп кетіп жатыр. Мендегі жарайтыны әжем әперген жап-жаңа қызыл туфли. Туфлиді Нурила киіп кетті. Бір-екі сағат өтпей-ақ қыздар қайтып келді. Күбір-күбір етеді. Біз жарықты өшіріп жатып қалғанбыз. Жалғыз лампочка. Оны біз жаға алмаймыз. Бір мезгілде штабтан жағылады. Тура пойыздағыдай. Күбір-күбір шыға бастады. Содан не керек тақұр-тұқырдан бәріміз орнымыздан тұрып кеттік. Айта алмай тұрғаны қара басып Нүрила менің туфлиімді жоғалтып келіпті. Қалай жоғалттың десең бәріміз киіз үйдің ішіне аяғымызды шешіп кірдік, сол арада біреу ұрлап алып кетіпті деп мөлиіп отыр. Нүрила ақсары момын қыз. Мінезі әшейінде салмақты сол кеште түлен түртіп қаңғи қалғанын қарашы. Жалаң аяқ келді ме десем бір жаман сүйретпені аяғына сүйретіп келіпті. Адам қорқады. Киер ме еді, кимес пе еді жол тола шоғайна аяғына тікенек кіріп кететін болған соң амалсыз киген болар. Зығырданым қайнады. Әжем байғұсқа қалай айтам әжем әперген еді қайда қаңғыдым деп айтам деп әбден жыладым. Ескендір Хасанғалиевтің “Атамекені”, “Есіңе алдың” жаңадан шыққан кезі. Қарықтардың ішінде жүрсек те, азанда да , кешке де жарысып “Атамекенді” біреуміз бастасақ қалғандарымыз жамырай ілесіп қосылып айтып даланы басымызға көтереміз. “Есіңе алды” түнделетіп айтқыш едіңдер, енді тағы нені жоғалтып нені есіңе аласыңдар, түнде сандалып нелерің бар, ал енді тағы айтыңдар деп әбден жерден алып жерге салдым. Атамекенді айтып жүріп қай мекенде екендеріңді ұмытып қалмаңдар, деп өздеріне әбден тиістім. Үндемей отырған Нүрилаға бір кезде тіл бітіп “Бетпақ жеңді бишара көнді” демесі бар ма. Сонда бишара ол да бетпақ мен болғаным ғой одан сайын ашуға бастым..Қыздар сасқанынан аузына түскені сол шығар деп қояды. Нүрила бір бұрышта бүк түсіп жатыр. Қайдан ған кие қойып едім, қырғын салған қызыл туфлиі құрысын деп күйініп жатқан шығар.Содан әйтеуір масақ бітіп қапшықтарымызды арқалап автобуспен үйге қайттық қой не керек. Ол кезде қазіргідей жол сөмкелер жоқ, кәдімгі кенеп қап, оның ішіне іспелеп көрпе жастық, киім-пиімімізді тығып аузын байлап тыңқитып қоямыз. Автобус үйге жақындап қалды.Біздің үй көшенің бойында, автобустың шофері сигналын басып-басып жібергені сол әжем аңдып тұрғандай үйден жүгіріп шықты. Сөйтсем әжем мектептен күнде барып қашан келетінімізді сұрап жүреді екен. Әжемді көріп ал жылайын, әже туфлиімді жоғалтып алдым деп ара-арасында өксіп қоямын, әжем туфлиі құрысын үйде Гиганттағы Махат атаң бір қап күріштің салысын беріп жіберіпті, соны өткізіп туфли әперем деп мені құшақтап жатыр. Әжем мені қатты сағыныпты. Әжемнің ыстық құшағы Нүрилаға деген өкпемді ұмыттырып жіберді. Автобус орнынан қозғалып бара жатыр. Қолымды көтеріп қоштастым. Нүрила терезеден қарап тұр екен мен оған қарап жымидым. Нүрила да автобустың терезесін ашуға ұмтылып бірдеңе айтпақшы. Терезе ашылмады, оқушыларды таситын болған соң әйнектерін қатырып тастаған шығар. Үйге де жеттік. Тамақ ішіліп құран оқылып ас қайырылды. Жатуға бет алдық. Әлиасқардың үйіндегі келін келіп жаныма отырды. Құранды төменге түсір ашып көрейік барлық әулетке тиесілі ғой, керек десең бүкіл елге тиесілі бұндай құрандар мұражайларда сақталуы тиіс бұл ұлттың құнды дүниесі деп түсіндіріп жатырмын. Үнсіз тыңдады. Не болса да ішінде, сыртқа шығармады. Құранды ашып сипалап көріп тәу етіп жатырмыз. Түннің бір уағы аяқ жағыма біреу келіп тұрған сияқты. Тілімді кәлимаға келтіріп екінші жағыма аунап жаттым. Бекер шыдамсыздық танытып орнымнан қозғалып кеттім. Бойымды қорқыныш дейтін қорқыныш емес түсініксіз бір құбылыс биледі.Шешімін таба алмадым. Тылсым дүниенің ашылмаған бір құпиясы болар. Ұйқым шайдай ашылды. Түк шаршамаған сияқтымын Сергекпін. Құлағыма әжемнің шаңқобызының үні келді. Шыққан қыз шиден тысқары. Баяғыдай еркелететін әжем жоқ, өмір жылжып барады қазір өзім әже болдым. Тез жиналып жолға шықтық. Немерелерім-қара шөжектерімді ертіп үйімізге қайтып барамыз. Дала аздап желкем. Құлағымда ыңылдаған әжемнің шаңқобызының үні. Айна қатесі жоқ сол баяғы әуен. Шаңқобыздың үні самал желмен қосылып, суырылған құммен ілесіп қол бұлғап бізді жолға шығарып салып жатқандай. Кеш қоюланып барады. Артыма бұрылып қарадым. Әжем жатқан Құмсабаны қараңғы түн құшағына орап алып, балалық шағымның іздерін жасырып бара жатыр. Қош бол әже. Сусылдап түсініксіз дыбыс шығаратын әлсін-әлсін құйынданып көтеріліп барып әзер дегенде басылатын баяғы балалық шағымның ойнағы болған құмдар есімнен кетпей жатыр. Бәлкім мені ширатып өсірген осы үздіксіз тоқтамастан суырылып көзді аштырмайтын Құмсабаның құмы болар. Құмсабаның алтындай сап-сары құмы да қандай ыстық едің...

Қалыйма Жантөреева,
«Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының орынбасары.
24 сәуір 2018 ж. 2 520 0