№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Тау-кен генералы


Бұдан 70 жыл бұрын біздің республикамыздың экономикасы негізінен, шикізат өндіру бағытында болды және қазіргі кезде де осы бағытта болып отыр. Мұндай жағдайда табиғат байлығын, жерастының орны толмайтын қазыналарын мемлекеттің қырағы назарының қатаң бақылауымен ғана, зор сақтықпен, ғылыми негізделген әдістермен ғана жер астынан қазып шығарып, тиімді түрде пайдаланудың маңызы аса зор. Мемлекеттің сондай қырағы назарының ролін жаңадан ұйымдастырылған құрылым – Мемлекеттік тау-кен бақылау мекемесі атқаруға тиіс болды.


Мен Қазақстандағы ең алғашқы Тау-кен генералы болған бауырымыз Ахмет Әділұлы Әділов туралы естелік жаңғыртпақпын. Ол 1912 жылы сәуір айында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Асарық ауылында дүниеге келген. Он бір жасынан бастап жеке адамдарға жалданып жерді шығырмен суару жұмыстарымен айналысқан.

1928-1932 жылдары Ташкент қаласындағы Ортаазиялық су шаруашылығы технику­мында оқыған. 1932 жылы Мәскеу қаласындағы И.В.Сталин атындағы тау-кен институтына оқуға түсіп, оны 1939 жылы үздік бітіріп шығады. Сол жылы сәуір айында Бүкілодақтық Коммунистік Партияға мүше болып қабылданады. Институтты бітірген срң жолдамамен Зыряновск полиметалл кен басқармасына орналасып, 1939 жылы қараша айында тау-кен цехына учаске бастығы болып тағайындалады. 1940 жылы маусым айынан 1941 жылдың мамыр айы аралығында Зыряновск кенішінің тау-кен цехына партком хатшысы болып қызмет атқарады.
1948 жылдың басында КСРО Ми­нистрлер Кеңесінің елімізде жер қойнауы қазбалы байлықтарын қор­ғау және оларды дұрыс пайдалану істерін бақылау міндеттері жүктелетін Мемлекеттік тау – кен істерін бақылау туралы Қаулысы шықты. Бұның қажеттілігі мынада еді: соғыс кезінде пайдалы қазбалар кен орындарын дұрыс пайдалану мәселелеріне жет­кілікті көңіл бөлінбеген болатын. Шикізаттың стратегиялық түрлерін қазып алу адам айтқысыз сұрапыл қарқынмен жүргізілді, өйткені ол кездегі: «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұран тап сондай қарқынды талап ететін сөздер болған-ды. Сондықтан Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін әлгіндей аса маңызды мәселелерде тәртіп орнату қажет еді.
КСРО Министрлер Кеңесінің жа­нындағы Мемлекеттік тау-кен істерін бақылау бас басқармасы – аймақтық бақылау басқармасы, аудандық тау-кен істерін бақылау басқармасы. Қазақстанның аймақтық тау-кен істерін бақылау басқармасынын бас­тығы болып, көрнекті партия және шаруашылық қызметкері Ахмет Әділұлы Әділов тағайындалды. Аймақтық құрылымда үш аудан болды: Қарағанды, Балқаш және Шығыс Қазақстан.
1950 жылдың басында Ахмет Әділов Қарағанды қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Мемлекеттік, аудандық қана емес тіпті аймақтық тау – кен істерін бақылау органының қызметкерлері де оған көп мәселелер бойынша, әсіресе көмір өндіруге қатысты мәселелер бойынша жиі көмек сұрап баратын еді, ал ол кісі әр кез-ақ мейлінше жәрдем беруге тырысатын.
Оқырмандарға Ахмет Әділовтың өз қолымен жазған естелігін ұсынайын:

«Мен кедей шаруа, қазақ Әділдің ұлымын. Біздің ру Қарасирақ деп аталады. Руымыздың бұлай аталуы да тегін емес. Өйткені бабаларымыз егін шаруашылығының ең ауыр түрі жерді шығыр арқылы өңдеу тәсілімен айналысқан. Шығырдың көмегі арқылы жер өңдеуші шаруа тізеден балшық кешіп жүретіндіктен қара сирақ болмай қайт­сін? Ол күнде қарасирақтар арасында бірде-бір сауатты жан жоқ еді.

Біздің отбасында бес адам, бәрі де тырбанып еңбек етті. Алайда алынған өнім ары кетсе көктемге дейін ғана жететін. Себебі тұқымның мол бөлігі ауыл байларынан қарызға алған күш-көліктің ақысына кетеді. Күздегі өнімнен 300-400 пайыз қайтару кепілдігімен несиеге беретін солар.
Мен он үш жасымнан екі нәрсені армандадым. Оның біріншісі – мектепте оқып, білім алу, екіншісі Ленин комсомолының қатарына өту. Бұл арманым көпке дейін орындалмады. Әкеміз кедей болғандықтан оған менің қолқабысым қажет еді. Сондықтан мені ешқайда жібере алмады.
Тек, біздің ауылдың кедей шаруалары артельге ұйымдасқан соң барып, менің ата-анамның жағдайы түзеле бастады да, менің аңсарлы аоманыма жол ашылды. Алдымен 1928 жылы мені алғашқы Шаруа кедей мектебіне тобына қабылдады. Осы жерде Ленин комсомолының қатарына өттім.
Менің жасым бұл кезде он алтыда болатын. Тоғыз жасар балалармен оқуыма тура келді. Жазғы каникулға дейін қазақ тілінде оқып, қатемен болса да жаза алатын болып шықтым. Сонымен қатар орыс тілін де үйренумен болдым. 1928 жылдың қыркүйегінде Ташкенттегі су шаруашылығы политехникумының дайындық бөлімшесіне оқуға түстім. Техникумда үш жыл білім алдым. Бұл меорзім ішінде саяси көзқарас жағынан да, ой-өріс, дүние-танымым жағынан да айтарлықтай өскенім шындық.
Енді Москваға барып, жоғарғы техникалық білім алу арманы жетелей бастады. 1932 жылдың шілде айында Москваға іссапармен барып, Тау – кен институтына түстім де, бұл арманым да ойдағыдай орындалды. Орыс тілін жетік білмейтін әрі толық орта білімі жоқ маған институт бағдарламасы өте ауыр тиді. Жоғарғы математиканы немесе физиканы түсініп оқу үшін мен бір емес, жоғарғы және орта мектептерге арналған оқулықты бірдей оқуыма тура келді. Қысқасы, мен орта және жоғары білімді қас қабат меңгеріп шықтым. Қиын тұстарда орысшаны алдымен қазақшаға аударып, содан кейін мән-мазмұнын саралап, түсінетін кездерім де аз болған жоқ. Мұның бәрі көп уақыт пен табандылықты қажет етті. Әсіресе, алғашқы екі курста орыс достарым т.б көп көмек көрсетті.
Достарымның көмегі мен өзімнің қажырлылығым арқасында, сондай-ақ институт тудырған мүмкіндіктердің нәтижесінде үздіктер сапына қосылдым.
Өндірістік практика кезінде алғаш рет шахтаға түсіп, өзімнің нәтижелі еңбек етіп, тәп-тәуір қолғабысымды тигізетіндігіме көз жеткізіп қуан­ғанымды айтсаңшы.
Зыряновскі кенішінде Алтай по­лиметалл ауысым бастығы болып істеп жүрген кезімде екі айдан соң стахановшылар қозғалысының үш жылдығы күнінде социалистік еңбек тәсілінің озық үлгісі үшін бағалы сыйлықпен марапатталдым. Кенішке желілендіру тәсілін енгізу жөнінде де айтарлықтай табыстарға қол жеткіздім.
Тазалау жұмыстарын жүргізудің бір жарым циклді тәсілі неізінде үдемелі ойып алу тәсілін жасау арқылы мен циклділіктің тек Зыряновск кенішінде қолдануға қолайлы әдіс қана емес, сонымен қатар шахта төбелерінің құлауына қарсы күрес құралы болып табылатындығын да іс жүзінде дәлелдеп бердім. Мен енгізген бұл тәсілдің нәтижесінде жұмысшылардың еңбек өнімділігін арттырып, өзіндік құнды азайтуға қол жеткізілді.
Циклділік жүйесін енгізудегі бел­сенділігі үшін кен басқармасының дирекциясы маған бір айлық еңбекақым мөлшерінде сыйлық берсе, кеніш комитетінің пленумы алғыс жариялап, түсті металл Одағының Орталық Комитетіне мен Құрмет грамотасымен марапаттау туралы ұсыныс жолдады.
Осының бәрі менің өз жұмысымды ойдағыдай атқара алатындығым мен алған білімімнің еліме нәтижелі жемісін жегізетіндігіне деген сенімімді нықтай түспек.
Институтқа түскен күннен бастап, менің кеудемде тағы бір арман – коммунист болу арманы оянған еді. Міне, ол арманым да орындалды. Мен қазір ВКП/б/ мүшесімін.

Тау – кен институтының қабырғасынан мен енді сталиндік дәуірдің толыққанды азаматы болып шықпақпын» деп жазады ол.

Ахмет Әділов 1950 жылы ақпан айында Қарағанды қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1953 жылы қыркүйек айынан бастап Қазақ ССР – ның жергілікті және отын өнеркәсібінің министрі, одан әрі Алматы қалалық еңбекшілер депутаттары Кеңесі атқару комитетінің төрағасы. 1960 жылы тамыз айынан 1963 жыл ақпан аралығында Алматы кеңес халық шаруашылығының төрағасы болып жұмыс атқарды. 1963 жылы қаңтар айынан 1974 жылға дейін Қазақ ССР Халық бақылау Комитеті Төрағасының бірінші орынбасары болды. Зейнетке шыққаннан кейін де Қазақ ССР ауыр индустрия құрылыс кәсіпорындар Министрлігінде кадрлар, еңбек және оқу орындарының бастығы, Алматы қалалық жолаушылар басақрамасында бастықтың орынбасары болып істеді. 1951 жылдан 1971 жыл аралығында үздіксіз 20 жыл Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Жос­парлау – бюджет комиссиясының төрағасы болды.
Ахмет Әділұлы «Құрмет Белгісі» орденімен (1954ж), үш «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен (1957ж, 1966ж, 1971ж.) марапатталған.

Темірхан Әбдіғаппаров,
еңбек ардагері

20 сәуір 2022 ж. 1 072 0