№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ұлттың ұлы ұстазы


Жаңа Қазақстанға бет бұрған кезеңде адами капиталдың негізі болатын мәдени ағарту саласына басымдық берген дұрыс. Ал, бұл істе өткенді бағамдап, бүгінді бағдарлау маңызды десек, ұлт ұстазы, алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының өмірлік мұрат-мүддесін, пайым-парасатын танып, тағылым алуымыз керек-ақ.


Ұлттық арнадан тамашалаған «Ахмет. Ұлт ұстазы» кинофильмі толықтай көңілімнен шықты десем болады. Тарихи тұлғаға жан бітіріп, Ахаңды қайта көз алдымызда тірілту ұлтжандылықты талап етеді.
Иә, жеке мүддені емес, ұлттың мүддесін жоғары қойып, әр сөзін зерлеп, қағазға қаттап мұра етіп қалдырған қайраткерге арналған «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты телехикасы Ахаң бейнесін көптің кеудесіне орнықтырған тұңғыш сериал. Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қазақстан» ұлттық арнасынан Тәуелсіздік мерекесіне орай көрермен назарына ұсынылған еді. Алты сериадан тұратын телехикаяның сценарийін Мұрат Есжан мен Ұларбек Нұрғалым жазды.
Деректі фильмде Ахмет Байтұрсынов ғана емес, сол кездегі қоғам қайраткерлері, Алаш азаматтары көрініс тапқан. Олардың арасындағы саяси көзқарастар әралуандығы, талас-тартыстар да телехикаяға арқау болып отыр. Ұлт мұраты жолында қиын-қыстау күн кешіп, бір күн тыныш ұйықтамаған алаш арысының жай-күйін, тұлғалық болмысын актер Байғали Есенәлиев шебер көрсете білді.
Оның: «Мен бір халық мұғалімімін. Мені әртүрлі атпен атап жатқандарыңызға рахмет. Алған білімім де көп емес. Осы аз білімді көп пайдаға жаратсам деп ой кешкен адаммын және осы істегендерімді осы отырған барлығың істей аласыңдар деп ойлаймын және мен оған сенемін» деген сөзімен өзінің соншалықты биік әрі соншалықты қарапайым екенін көрсетті. Оның әр еңбегіндегі, мақалаларындағы өнегелі, мол сөздік қорын актердің аузына салып, ауызекі тілге айналдырудың да оңай емес екені анық.
Ғылыми-педагогикалық ізденістері нәтижесінде жазылған, бірақ еш жерде жарияланып үлгермеген, әрі қолжазбасы да табылмаған «Мәдениет тарихы» атты еңбегін НКВД-ның жендеттері қолжазба күйінде жойып жіберген. Сондай-ақ сатқындығымен көзге шыққан сүйелдей мансаптың құлы болған Мұхамедияр Тұнғаншиннің бейнесі де сәтті өріледі. Оның патша өкіметі құлаған тұста «екі кеменің басын ұстаған суға кетедінің» кері келіп, екі ортада қалған сәтінде Ахмет Байтұрсынұлының оны жарқанат туралы мысалымен өлтіре сынауы мақтамен бауыздағандай әсер қалдырады. Ал шәкірті болған Қаппас ше, ол да Жангелдиннің арбауына түсіп, жанын арашалап қалу үшін әріп танытқан ұстазын сатты. Абақтыда Ахаңмен бетпе-бет келіп, шарасыз, аянышты халіне қарап кісінің басын сергелдеңге түсірген сұм заманға лағнет.
Телехикаяда сұмпайы образдағы тергеуші Саңғытов Ахаңның ұлық ұстанымының киесіне көндігіп, шарасыз күй кешкені нанымды шыққан. Ол ұлт ұстазының үнемі қудалауда жүріп, осынша мол мұраны қай уақытта жазып үлгергеніне таңданысын жасырмайды. Оған Ахаңның берген жауабы мынадай болды: «Біреу жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу маңайымдағы елім жаман дейді. Бұлардың бәрі де бос сөз. Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады.». Бұл сөз қазіргі жалқау, үйде жатып, қолы қимылдамай үкіметті жамандап, өзі тер төкпей тегін дүние күтетіндерге тура айтылған.
Әлеуетті әдебиеттанушы, терең ойшыл, парасатты публицист, заңғар саясаткер, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының сол кездегі ат төбеліндей ғана қазақ зиялыларының аз ғұмырында ұлт үшін сіңірген еңбегі, төккен тері бүгінде әлі де өз биігінде. Сын сағаттарда сүрінбей, сана биігінде қала білді. Кеңес белсенділері қудалап, ізіне май шам алып түссе де рухы сынбады. Кім үшін? Әрине ұрпақ болашағы үшін.
Сол ұрпағының саналық деңгейі өз биігінде ме? Елімізде орын алған соңғы жағдайды алайықшы. Бұл жерде ұлт намысын ойлайтын адамдар болса, мұндай бассыздыққа жол берілер ме еді? Осы жерде Ахмет Байтұрсынұлының 1922 жылы жарық көрген «Қалам қайраткерлерінің жайынан…» мақаласында: «Қазақстанға ұлық болған адамдардың лағу – төңкеріс болса істің бәрі өзінен өзі істеліп, өзінен өзі өзгеріп кететіндей көруі. Қалыпты өзгертетін адамның ісі, яғни жұмсайтын күші, қайраты, ісі, білімі екендігін ойламады. Төңкеріс болды, патша үкіметінің орнына совет үкіметі орнықты: қазақты билеген, патшаның оң қолы болған чиновниктер қалып, олардың орнына совет үкіметінің оң қолы болып коммунистер қазақты билейтін болды. Елдің төбесі өзгерді, төресі өзгерді. Онан былайғысын өзгертуге көп күш, көп іс, түрлі еңбек, қайрат керек, яғни істей білетін түрлі адамдар керек…» деп жазған еді.
Сол сияқты: «…Жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын қазақта адамдар аз болады. Себебі жұрт жұмысы деген қазақтың әдетінде болған емес. Өзге жұрттан оңаша жүріп, қазақ басқа халықтармен бәсекелесіп, жарысқа түскен жоқ. Сондықтан жұрт жұмысы, ұлт намысы деген сөз қазақтың көбіне түсініксіз нәрсе. Отбасына келерлік бәле болмаса, жұрт басына келерлік бәлені ойлап, уайымдамайды. Қуанышы, қайғысы обасынан аспайды…» деп 1913 жылы шыққан «Білім жарысы» мақаласында айтылған ойы бүгін де маңызды. Аллада әрекет етсең соған сай берекетін береді емеспе. Көп нәрсе алу үшін де көп білім керек қой. Қазіргі мемлекет тарапынан беріліп жатқан түрлі жеңілдіктерді пайдаланып, балаларымызды оқытайық, білімнің маңызын ұғындырайық. Сонда ғана шетелден келетіндерге қымбат жалақы төлемей-ақ өз ішімізден шыққан дарынды жастарды көтереміз. Ұлттық брендтерімізді қалыптастырып, алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалайық. Әр нәрсені өзімізден бастап, біреудің бергенін күтпей, «өзім жетемін» деп алға ұмтылып, санамызды дамытайық. Міне, сонда ғана еліміз де дамуға жол ашады.
Осы ретте «Ахмет. Ұлт ұстазы» кинотуындысы сынды тарихтан сыр шертетін сапалы кинолар саны көбейе берсе нұр ұстіне нұр. Біреудің қаңсығын таңсық көріп, үнді, кәріс, түрік сериалдарын жібермей қарайтын көрерермен үшін қазақтың әр батырын, көсемі мен көшбасшысын көрсетуге ұмтылсақ өзгенікінен артық болмаса кем түспесі хақ.
Кинотуынды соңында айтылған осы бір ауыз тілек, біздің де мақсат-мұратымыздың басты өзегі. «Жоқ! Жоқ! Сөнген жоқ, өлген жоқ олар! Бойындағы күллі күш-қуатын, барлық мүмкіндігін езгіге түскен елі үшін сарқа жұмсаған саңлақ ерлер! Қара жердің бетінде қазақ барда, сендерде барсыңдар! Ендігі ұрпақ сендердің басып өткен іздеріңнің топырағына көзін сүртер, көңіл толқытар. Әлі талай жыр етер! Қуат алар! Күрделі уақыт тудырған күрескер перзенттер! Өздерің жан салып қорғаған қасиетті мекендеріңде, бедер-белгісіде жоқ бейіттеріңде әр қазақтың жүрегінен себілген бір-бір уыс топырағымыз болсын дедік. Тұрақтарың бейіш болғай!»

Рауза ӘЗІЛХАН
24 ақпан 2022 ж. 718 0