№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Ана тілегі


Ана біткеннің табиғатына тән тастай төзімділік тап-таза тақуалықпен астасқанда жаратылыс атаулының оған құрметі арта түссе керек. Өйткені мына дүниені сақтап тұрған ананың үзілмейтін үміті, суалмайтын сағынышы, жарық өмірге деген мәңгілік махаббаты болса керек.
Басына ақ жаулық тағынған, бес уақыт намазын қаза қылмай, құлшылығын құпия ұстаса да ұлы сеніміне дақ түсірмей, өзінің ғана емес, жалпы елдің тілеуінің үстінде жүретін үлкен жүректі аналар қатарында қажы апамыз Сәруарова Қыздығой апамыздың орны бір бөлек.
Аудан халқы алғаш бұл кісіні ұстаз ретінде таныдық. Жаңақорғанда қыз балаларға мешітте дәріс оқытатын бірден-бір мұғалім еді. Ұстаз – ананың алдынан діни білімін ұштамаққа тілек білдірген талапкер аз болмады. Имани білімге көпшілік сусап жүр екен. Өз егемендігімізге ие болып, ел халқы мешіт есігінен емін-еркін кіре бастаған елең-алаңда әйел-аналар қауымы Қыздығой апаны танып, дәрісін алды.
Енді кейіпкеріміз туралы терең тоқтала кетсек.


Ол 1947 жылы 16 ақпанда Талап ауылында дүниеге келді. Мектепті өте жақсыға бітіріпті. Арнайы білім алған соң Бесарық рабкообында есепші, одан әрі Талап, Бірлік кеңшарында еңбек жолын жалғаған. Ері Байсалов Тілеу ағамыз да автокәсіпорында жүргізушіліктен мең­герушілікке дейін жолдан өткен еңбек адамы. Қыздығой апа Жаңақорған қонысында облыстық жұмысшылар коопе­рациясына қарасты мәдени товарлар, азық-түлік және шаруашылық дүкенінің сатушысы болды. Тоқсаныншы жылдардан бастап жекешелендіру саясаты басталып, мемлекет қарамағындағы иеліктердің жұмысы тоқтағаны белгілі. Сол кезеңдері жасы қырықтан асқан апамыз жағдайсыз күйге түсіп, денсаулығын тексертіп, дәрігерлер қойған нақты диагноз болма­ғандықтан жанына дәру іздеп қасиетті бабалар басына зиярат етуге ниеттенеді. Ақтастағы Айқожа бабаның басында түнегенінде келген аянда бойын қысқан жұмбақ дертке дауа деп жеміс қырқатын қайшыны ұстағанын көріп, ауылға осы аманатты арқалап қайтқан ол үйінің айналасына айналдыра ағаш отырғызуға бел буады. Осыдан бастап бойды қысқан беймәлім дерттен де арылып, тыңнан күш-қуат алғандай болады. Қара топыраққа тыққан тал шыбығы тамырын терең салып, төңірек алқызыл гүл аралас бау-бақшаға оранады. Жылда салған жеміс ағашынан алған өнімінен айналасы да бейпіл молшылыққа кенеліп, алғысын жаудырғанда көрген бейнеті де ұмытылып кететіндей.
Бұл кісініңн нағашы атасы Өтебай деген кісі өте ілімдарлығымен көптің қадір-қасиетіне бөленген әрі дәулетті кісі болыпты. Кеңес үкіметі осындай бүкіл елді асырап отырған тұлғалардың өзін жат элемент санап, жазықсыз жапа шектірген ғой. Бұл кісі де сол саясаттың құрбаныныа айналды. Өзін емес, өзегін жарып шыққан балапандарын ойлаған ол қыз бала мұңлық, егесін тауып аманаттамаса жаны тыншымасын сезіп, бой жетіп қалған Ұлбаласын, Нұрбаласын, Ақтайын сенімді қолдарға табыстады. Өзі сол бойы ұсталып, репрессияның құрбаны болды.Соңында қалған қыздары көктеп-көгеріп өркен жайды. Соның бірі Ұлбаласы атақты Нұрмаханбет ишанның келіні болыпты. Ері Сәруар екеуі тағылымды тәрбиелеп жетілдірді. Бәрі де асыл діннің жолын ұстанған, қажы атанған аяулы жандар.
Апаның қазаны да оттан түспейді. Жылда наурыз келгенде ауыл-елдің басын қосады. Қолына сәл артық түскен табысына қазан асып, әруақтарға құран бағыштамаса жаны жай таппайды. Садақаның текке кеткен жері бар ма, ізінше ойға алған ісі оңғарылады. Балаларының жолы ашылады. Қысқа тірлікте оның осыған анық көзі жетті.
Айнала жұртшылық оны текті әулеттің тұяғы деп таниды. Нағашы анасының емшілік қасиеті болған екен. Сол кісіден қалған ем-шаралар жабдығы қазір осы кісінің қолында. Өзіне дәру іздеп келген жандарды сауықтырып, алғысын алып жүрген жайы бар.
Ері Байсалов Тілеу 40 жыл темір тұлпарды бағындырған кісі. Техниканың кез келген түрінің ақауын терең білетіні соншалықты тұралап тоқтап тұрған іске қолы тигенде жан бітіп жүре беретініне әріптестері сан рет куә болыпты. Талант сыры тереңде болып шықты. Сөйтсек, бұл ағамыздың түп нағашысы темір ұстасы болып дүкен ұстаған кісі екен. Баба бойындағы сол ұсталық қасиеттің ұшқыны перзент бойына ұя салғаны ғой. Тілеудің ұлы Бекәділ де осы кәсіпті жалғады. Қызылорда қаласында автопарк меңгерушісі болды. Бұдан түйеріміз, ата-ана перзентінің бойындағы бейіміне, қабілетіне қарай өмірлік кәсібіне бағыт бергені мақұл. Баласының бағы сонда жанады, егер қанда бар қасиеттің қайнар бұлағынан нәр алып,, арнасын жалғаса. Көбіміз мұны ескере бермейміз. Атакәсіп деген ұғымға жүрдім-бардым қараймыз. «40 жыл қой бақтым немесе диқан болдым, енді сен заңгер бол, немесе мұғалім бола сал» деп баланың қабілетіне қарап жатпай оқытып-шоқытып, мұрындықпен жетелесең де жарты жолда тұралап, қадамы қайырсыз шиырланар жағдайлар аз емес. Ал бұл өмірден өз орныңды жаңылмай таба білудің жалғыз жолы - өз кәсібіңді дұрыс таңдай білу. Қыздығой апаның пікірі осындай.
Бабалар бойындағы қасиеттің ұшқыны жанына ұялаған жұмсақ жүректі Қыздығой апа қашанда көпшілік ортада тағылым-тәрбиесімен, қарапайым, бірақ арғы-бергі дүниені көзбен көргендей танып, ақыл-насихатын беріп отыратын қадір-қасиетімен ерекшеленіп тұрады. Бұған оның өмірден алған сабағы, және ерінбей, жалықпай, ізденумен, оқумен жинақтаған діни ілімі дәлел.
– Кеңестік сауда саласында жұмыс атқардым. Мектепте өте жақсы оқыдым. Ата-анам жастайымнан менен үлкен үміт күтті. Аянмен туылғанымды айтатын. Мен де ес кіріп, оң-солымды тани сала ата-баба жолын тауып, дінге бет бұрдым. Өздігімше ізденіп жүріп, арапша үйрніп, хат таныдым. Діни білімімді жетілдірдім. Дәріскерлікке арнайы сертификат алып, мешітте қыз балалаларды оқыта бастадым. Сауат ашып қана қоймай оларды әдептілікке, имандылыққа тәрбиеледім, – дейді ұстаз-ана бізбен әңгімесінде.
Шәуенова Қыздығой Сәруарқызы 2016 жылдан бері аудандық мұсылман әйелдер қоғамының төрайымы ретінде жұмысын халықпен, әсіресе әйел-аналармен байла­нысты тығыз ұштастырып келеді. Арнайы шақырумен мекеме-ұжымдарда болып, қыз-келіншектерден ақыл-кеңесін аяп қалған емес.
Нағыз ұстаз аудитория таңдамайды. Қай жерде болсын жамағат бас қосқан жере жақсы сөзін айтып, имандылықты насиахаттаудан жалықпайтын анамыздың мінез-дағдысы көпке үлгі.
«Сіздердің ең жақсыларыңыз құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендеріңіз» делінген. Осы бағытта тер төккен апамыз ҚМДБ-ның «Алғыс хаты», облыстық және аудандық мешіт өкілдігінің «Құрмет» қағаздарымен марапатталған. Бұл кісінің қоғамдық өмірге де белсене араласып, жастар тәрбиесіне бағытталған шаралардан қол үзбейтініне куәміз. Сол еңбегінің нәтижесі болар, аудандық мәдениет және тілдер бөлімі ұйымдастырған «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария» атты байқауда бас жүлдені алып, сый-сияпатты иеленді.
Қажылық деп аталатын қасиетті парыз қызмет, мансап,, атақ немесе даңқ таңдамайды. Ол адам таңдайды. Сондықтан бұл қасиетті қадам атақты немесе қалталыдан бұрын асыл ниеттіге, яғни қажылыққа баруға шын ықылас қылған пендесіне зор нығмет сыйламақ. Осы ғажайып сапарға тосыннан жолы түскен апамыз муфтияттың демеушілігімен мұсылмандық парызын өтеп оралуға да мүмкіндік алғанын зор қуанышпен еске алады
Елдің адамында өзіндік бақыт, меншікті мереке, жеке өмір деген болмайды. Елмен бірге қуанып, елмен бірге мұңаятын ел анасына жүрекке ауыр алатын жағдай аз емес. Осындайда бар сүйенішті Құраннан тауып, құлшылықты арттырып, дұға-тілекті жалғастырумен ғана жаны тыныш табатынын сезді. Жүректің басқа емі жоқ. Осындай бір күйді кешкен кешегі күндерді баян еткен ананың әңгімесі төмендегіше өрілді:
– Алғаш елге карантин жария етілген шақта жұрт үрейленіп, дүкеннен барын тасып, сөрелер бос қалған кез болды ғой. Сонда көңіліме үрей кірді. Қалтасы барлар бәрін көтеріп кеткенде ақшасы жоқтар, қарызға алып отырған жанұялар жағдайы қалай болар екен деп уайым шектім. Мешіттер жабық. Үйге жиі келіп тұратын замандас аналармен жамағатта сәждеге тұрып, Алладан жақсы күндердің тууын жалынып тіледік. Сол күндері түс көріппін. Есіктің алды түгел төңірек мидай жазықта белуардан жап-жасыл егістік ырғалып тұр. Сол жаққа қарап тұрған үш кісі – ауданның басшысы, жанында Манап Көкенов пен Әбусейітов Зайниддинқажы ағамыз бар, анау молшылыққа таңданып тұр. Бірде-бір техника жоқ еді, адамдар араласа алмады, қалайша осынша ырзыққа қолымыз жетті? деп тұрғандары байқалады. Мен артқы жақта үйден шығып келіппін де: «Оның барлығын мына үйдің ішіндегі тетік атқарып тұр» деп аналар тілегінің берекеті айтуға да қысылып тұр екенмін. Оянып кетіппін. Бұны маған барша дұға-тілектеріміздің қуатын аян еткен ақиқи хабар деп түсіндім, – дейді апа бізбен әңгімесінде. Шынында да солай, бұл туралы мына бір тәмсілді келтіре кетейік: Пайғамбарымыз с.а.у. жорықтан оралғанда өз сарбаздарының жанына емес, есік алдында отыратын,көпшілігі жүруге де жарамайтын, бірақ ауыздары дұғадан ажырамай, Аллаға зікір етумен күн өткізетін қариялардың жанында дамылдауды әдет еткен екен. Бұған ренжіген жауынгерлеріне «Бұл кісілердің дұғасы болмағанда сендердің қылыштарың өтпес еді» деп жауап беріпті. Міне, осында айтылғандай, Қыздығой апа сынды тілегі елдің үстінде отырған аналардың арқасында ауданымыздың абыройына дақ түспей, тірлігімізге береке дарып тұрған шығар?! Алдағы күннен үміті бар әркімге осындай асыл мұрат нәсіп болғай дейміз де.
Бүгінде парасатты ұл-қыз тәрбиелеп отырған Сәруарова Қыздығой апамыз парыз амалдарын қаза жібермей, ел аман, жұот тыныш болса екен деп тілеуден жаңылмайды. Иншалла, батагөй қарияларымыздың тілегі оңғарылсын.

Баян Үсейінова

16 ақпан 2022 ж. 581 0