№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Қажы апа

   Қажылық деп аталатын қасиетті парыз қызмет, мансап, атақ немесе даңқ таңдамайды. Ол адам таңдайды. Сондықтан бұл қасиетті қадам атақтының немесе қалталының емес, асыл ниеттіге, яғни қажылыққа баруға шын ықылас қылған пендесіне бұйырмақ.

   Кент тұрғыны Қыздығой Сәруарова апамыздың қажылыққа баруды армандағанына көп болған еді. Өзі отыз жыл бойы аудандағы ОРС мекемесі, яғни кешегі кеңестік кезеңдері жұмысшыларды жаб­дықтау қоғамында сатушы бо­лып абыройлы жұмыс атқар­ды. Ері Байсалов Тілеу аға болса аудандағы №1 автобаза меке­месінде жүргізуші болып қызмет атқарды.
Екеуі бес перзентті өсіріп, жетіл­дірді.
   Өткен ғасырдың соңында құрметті демалысқа шыққаннан соң Қыздығай апа өзінің ата-бабасының жолымен дінге бет бұрып, жасының келіп қал­ға­нына қарамастан имани сауа­тын жетілдіру үшін облыс орталығындағы медреседе оқыды. Оны тәмамдап, шәкірттерге дәріс беруге рұқсат беретін лицензияны қолға алып, ауылға қуанышпен оралды. Сол күннен бастап Қыздығой Сәруарқызы орталық мешітте қыз-балаларды оқытуға ден қойды.
   Содан бері ұстаздың алдынан қаншама шәкірт ислам сабақтарын алып, имани сауаттанып шықты.
Мектеп оқушыларына сабақтан тыс уақытта арабша сауат ашып қана қоймай, оларды ізгілік пен әдептілікке тәрбиелеуде, шариғат талаптарын ұғындыруда көп тер төккен Қыздығой апаның еңбегін ауыл халқы да қатты бағалайды. Төбелеріне қойып құрметтейді.
Исламның бес парызын тү­гел өтеп, замандастарына үлгі болып келе жатқан апаның қажылыққа барсам деген үмітін үкілеп, сүйінші хабарды жеткізген Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілдігі қажы­лыққа жолдама беріп қуантты. Сөйтіп ақпан айының аяғында Қыздығой апа ері Тілеу аға екеуі үмре-қажылыққа барып қайтты. Анамыздың қуанышын бөлісіп, құтты болсын айтқан көптің арасында біз де апаға арнайы жолығып, батасын алуды мұрат тұттық.
  – Қазақстанның "ТRAVEL" қажы­лық компаниясы құрамында Алматыдан Жиддаға ұштық, одан әрі автобуспен Меккеге бардық. Қонақ-үйге жайғасып, барған күннен қажылық міндетімізге кірістік. Әл-Харам мешітіндегі қара тасқа қол тигізіп, Сафа-Мәруа тауын айналып, зиярат еттік. Қай жерге қадам бассақ та маңдайымызды сәждеге тигізіп намаз оқумен болдық. Пайғамбарымыздың маңдайы ти­ген, табаны басып өткен киелі жердің әр құшпағына мінажат қылып, бар ықыласымызбен құл­шылық жасадық. Бала-шаға­мыздың, елдің, жердің амандығын тіледік, – дейді ана ағынан жарыла.
  Иә, көп жылдар бойы көңілінде жүрген арманын үкілеген ананың бұған дейін де күндіз-түні жасаған қаншама құлшылығы қабыл болып отыр. Парасатты да, изгі ұрпақтары өсіп келеді. Немерелері Айшабибі, Маржан алтын белгі иегерлері атанған. Қазірде Назарбаев университетінде білім алуда екен. Өзге немерелері де үздік оқуымен қуантып жүр.
Қазірде Тілеу ата мен Қыздығой ападан он бес немере және шөберелер өсіп өнуде.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

07 наурыз 2019 ж. 1 289 0