№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Өмірді сүйген жүрекпен

Өмірді сүйген жүрекпен


Алтын өзінің жарқын жүзімен, жанының жомарттығымен,шынайылығымен мені бірден баурап алды. Бір тумаса да, туған сіңілімдей, жас айырмашылығымыз біршама алшақ болса да құрбы сырласымдай болды. Осы достығымыз 40 жылдан аса уақытқа ұласты. Ол өте қиялшыл, әсершіл, сезімтал еді. Екеумізді жақындастырған тағы бір нәрсе – төркініміздің қашықтығы, елге деген мәңгілік сағынышымыз болар. Ол Семейдің Мақаншы (қазіргі Үржар) ауданының Көктерек ауылында дүниеге келген. Ол өзінің ауылын былай сипаттайтын: – «Тарбағатайдың Үржар мен Мақаншының аралығын Барқытбел деп атайды. Барқытбел десе, дегендей еді. Шөбі шүйгін, барқыттай жұмсақ, оты малға жұғымды болатын. Тарбағатайдың күнгей бетінде, Барқытбелдің баурайынан Көктерек өзені мөлдіреп ағып жатады. Біз ауылдың балалары жаз шыға уақыттарымыздың көбін осы өзен жағасында өткізетінбіз».

Оның әңгімесінің әсерлі болатыны соншалық сол өзен жағасында өзіміз де жүргендей сезінетінбіз, ауылдан шығып өзенге қарай байпаңдай беттеген қаз-үйректерді көз алдымызға елестететінбіз. Ауылының қатал қысын, сықырлаған аязын, омбылаған қарын жиі есіне алатын.
Алтыншаштың әкесі соғыс және еңбек ардагері Дүйсенбай ағамыздан 12 ұрпақ тараған. Дүйсенбай ағамыз «Бірлікке» келгенде бәріміз сәлем беруге баратынбыз. Ол кісі ешкімді үлкен-кіші деп бөліп-жармай, ашық-жарқын көңілмен әңгімелерін қызықты айтып беретін.
Біздің екеуміздің достығымыз отбасылық жақсы қарым-қатынасқа ұласты.Әрбір отбасының өзіндік ерекшелігі, отбасылық құндылықтары болады ғой. Менің ең алғашқы байқағаным бұл отбасында жылылық, бір-бірін сыйлау, ізет көрсету болатын. Әметхан бес баланың әкесі болып, жасы қырық-елуге келсе де, анасының тізесіне басын қойып, «анашым» деп бетінен сүйетін. Алтын мен апасы ене мен келін сияқты емес, құрбылар секілді еді. Ол кісі екеуін де бірдей еркелетіп «Әметжан, Алтынжан» деп отыратын. Алтынның отбасына алаңдамай, мектеп өміріне, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына апамыздың көп үлесі болатын. Апамыз өте әңгімешіл, әзілқой кісі еді.Ешкімнің сыртынан ғайбат сөз айтпайтын. Барлық адамдардың бойынан тек қана жақсы жақтарын көруге тырысатын. Алтынның да бойында осындай қасиет бар еді. Соған қарап «Келін ененің топырағынан жаралады» деген рас па деп ойлап қоятынмын.
«Кісі есігі – тоң есік, жібітуге күш керек» дейді халық мақалы. Осы тоңды жібітуге Алтынның ақылы, зеректігі жетті-ау шамасы.
Келінді мақтағысы келген қазақ «Майлығы да, сулығы да бірдей» деп, оның барлық шаруаға икемді, бейім екендігін меңзесе керек. Алтын осындай жан еді. Балалары жас кезінде де, кейін де үйдің де, даланың да жұмысын істеп кете беретін. Қазіргі отырған үйін салған кезде де жолдасының қасында жүріп, қолғабыс еткен.
Біздің жақта келіндер абысын-ажындарын «жеңеше» десе, тұрмыстағы қыздарды апа, әпке деп атайды. Ал Алтын болса өз дағдысы бойынша әпкелерін тәте деп атайтын. Алтынның айтуында ол сөз аса бір жақын тарту мен шынайылықты сездіріп тұрғандықтан бәрі де ол атауды жылы қабылдады.
Алтыншаш тек өз отбасына ғана емес, бүкіл әулетіне де адал еңбек еткендіктен сыйлы келін болып, кейінгі келіндерге қазақ әйелі әдебінің үлгісін көрсетті. Ол қазақы әдет-ғұрып жағынан осалдау шығыс жақтың қызы болса да, оңтүстіктің салт-дәстүріне бірден бейімделіп кетті. Орамал тарту – тазалық, сәлем салу, табақ алу – бата тілегендік, үлкеннің алдын кеспеу – адамгершіліктің бір өлшемі, әулеттің қазан-ошағын ұстау – ауыз біршіліктің белгісі деп таныды. Анасынан, енесінен алған жақсы тәрбиесін, әдеп-ибасын өз келіндері Перизат, Шолпан, Боталардың бойына дарытуға тырысты. Қыздары Жансая мен Гүлбақшаны келешек бір отбасының келіні болатындығын жастай түсіндіріп, болашақ өмірге дайындады.
Алтын маған өз апаларындай еркелейтін. Қырық жылдан астам достығымыздың ішінде екеуміз пәндес әріптес болдық. Біршама уақыт екеуміз қатар отырып, мектеп директорының орынбасарлары қыз­метін атқардық. Ол кезде уақыт­пен санаспай жұмыс істейтін жастамыз. Жұмыс уақытының біт­кеніне қарамастан екеуміз өз жұмыстарымызбен көп отырып қалатынбыз. Сондай кезде ол:
«Маржан Жармахашқызы, менде бір идея бар, тыңдап көріңізші» дейтін. Алтын, мен де жұмыс істеп отырмын ғой, ойымды бөлмеші, - десем, Туу, қойыңызшы, бес – ақ минут деп еркелеп, менің алдымдағы қағаздарымды жинап тастап, бәрібір маған өз айтқанын істететін.
Осы тұста ұлағатты ұстаз, білікті басшы Әйтілеуов Әбсадық ағайдың екеумізге деген ерекше құрметін, қамқорлығын айта кеткенім жөн. «Қыздарым, бері келіңдер» деп бізді шақырып алып, мұғалімнің рухани байлығы, жан - дүниесінің тазалығы туралы айтып, «Тәрбиешінің өзі тәрбиеленген болуы керек» деген қағиданы көп ескертетін.
Екеуміз екі өңірдің тумасы бол­ғанымен көзқарасымыз, ойымыз көбіне бір бағытта болатын. Шын өмірден гөрі кітаби дүниелерге жақын едік.
Біз тұз – дәм айдап отбасымызбен Түркістанға 2000 – жылдары көшіп келдік. Бірақ Алтыншашпен ара – қатынасымыз үзілген жоқ. Жиі – жиі кездесіп, хат-хабар алысып тұрдық. Осындай сәттердің бірінде, мына бір шумақ өлеңді маған жолдапты:
Білмей де қалдық уақыттың қалай өткенін,
Ақтардық талай өмірдің парақ беттерін.
Қамыққан кезде, жабыққан кезде сан мәрте,
Ұшырдым сізге сағынышымның кептерін.
Арада қанша жыл өтсе де Алтынның өз қолымен жазылған осы бір сарғайған парағын әлі де сақтап жүргенім оған деген сағынышымның, сыйластығымның белгісі шығар!
«Әрбір жеңіске жеткен әйелдің артында мықты еркек тұрады» дегендей, Алтынға үнемі қолдау көрсететін, қорған, сүйеніш бола білген, идеялас жұбайы Әметханмен талай жыл қызметтес те болдым. Алтын арқылы жақсы жолдас болғандықтан, оның сегіз қырлы, бір сырлы парасатты, улкен жүректі жан екендігін таныдым.
Әметхан бірде жастық шақтың қызықты кезеңдері туралы былай деп әңгімелеген еді:
«1972 жылы көктемде Алматы сурет училищесіндегі оқуды тастап, Құрманғазы атындағы оркестрдің творчестволық шеберлік курсына конкурс арқылы қабылданып, стажер-артист болып жұмысқа тұрдым. Сол уақытта пәтер жалдап тұрған едім. Қасыма тағы екі бала келіп орналасты. Олар Семейден келген Мұхтар мен Болат деген жігіттер еді. Бір күні олар өздерінің соңдарынан келе жатқан кластас қыздарын күтіп алды. Солардың ішінде Алтын да бар еді. Олардың бәрі де ауылдан көп ұзап шыға қоймаған балалар болғандықтан қаламен көп таныстықтары жоқ болып шықты. Солардың бәрінің құжат тапсыруына, қыздарды пәтерге орналастыруға көмектестім. Басынан бантиктері енді ғана түскен, ана сүттері ауыздарынан кетпеген, ауылдың таза жүректі, пейілдері ақ, аңғал қыздарына ағалық қамқорлық көрсете бастадым.Осы қыздардың ішіндегі Алтынмен болмысымыз ұқсас болды ма екен, әлде өмірге деген көзқарасымыз ортақ болды ма, екеуміз ішінара бөлініп әңгімелесе бастадық. Бірнеше айға созылған таныстығымыз бірте-бірте достыққа айнала бастағанын сезінгендейміз. Оқуға түсу емтиханын жақсы тапсырғанмен, конкурстан өте алмай, Алтынның ауылына қайтуға тура келді. Мен жұмысымды істеп жүре бердім де, Алтын күзде дайындық курсына келді Арамыздағы сезім жалғасын тауып аға мен қарындастың қарым-қатынасына да ұқсамай, қыз бен жігіт арасындағы достықтан да тереңдеп, бір-бірімізге бауыр басып бара жатқанымызды екеуміз де байқадық. Бұның басқаша нәзік сезім екендігін екеуміз де мойындадық. Келесі жылы Алтын КазПИ-ге оқуға түсті. Біз үйленуге байлам жасадық, - деп Әметхан өзінің махаббат хикаясын аяқтады.
Осылай он тоғыз жасында қара­пайым ауылға келін болып түскен Алтынның бұдан кейінгі өсуі елдің көз алдында өтті. Қазақтың қара сөзіне дес бермейтін, сөздің майын тамызып, шешен сөйлей білетін әдебиет пәнінің мұғалімі болғаны өз алдына бір төбе болса, ауылдың оқушы қыздарын еңбекке баулуға, үй шаруасына бейімдеуге, тігін тігуге бағыттауы келесі бір қыры еді. Мектепте бастауыш партия ұйымының жетекшісі болды. Мектеп оқушыларының жан-жақты дамуына, білімге ұмтылуына, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты бойына сіңіруге бағытталған көптеген кештер, сайыстар, дөңгелек столдарға аса ыждағаттылықпен дайындалып, ерекше ибамен, ізет­тілікпен өткізген әрбір іс-шарасы жұртшылық көңілінен шығатын. «Со­ғыстан қайтқан солдаттар», «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны», «Келіндер сыны», «Әкелер ерлігі – ұрпаққа үлгі», «Ене мен келін сыйластығы» атты іс-шаралар ұйымдастырып, елеусіз жүрген көптеген ата-әжелерімізді сахна төріне шығарып, мерейлерін үстем етуге атсалысты. 1986 жылы 8 наурызда ауылдық мәдениет үйінде өткізілген «41 жылғы келіншек» атты әдеби кеш мазмұндық жағынан жоғары деңгейде өтті. Аяқталғаннан кейін совхоз директоры Шәзінда Қарақожаев арнайы келіп құттықтап: «Рахмет айналайын, мына жасаған жұмысың телевизордан көрсетуге жарайтын дүние екен» деп Алтынға ризашылығын білдірген еді. 1979 жылы тың игерудің 25 жылдығына орай мектеп көркемөнерпаздарының күшімен аудандық байқауға музыкалы-театралтды композиция әзірленді. Алтын бұл қойылысның сценарийін өзі жасаған еді. Әметханның жетекшілігі­мен жасалған композициялық қойы­лымды әділқазылар үздік деп танып, 1 орын алып, ауданнан мерейіміз асқақтап қайтқанбыз.
Аудан көлемінде өтетін түрлі жиналыстарда ауыл мәселесін көтеріп, өзінің ой-пікірін ұсынып жүретін. Ауданға келген қаламгер әйелдердің қасында болып, олармен сұхбаттасатын. Әсіресе Зейнеп Ахметова апамызбен кездесіп, онымен бірге болғанын мақтаныш тұтып, ескерткішке ұсынған орамалын көпке дейін тастамай тағып жүргенін, аяулы жәдігер ретінде сақтап қойғанын да білемін.
Зейнетке шыққаннан кейін де ол қол қусырып үйде отырып қалмады. Ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы болды. Ел игілігіне қажетті кейбір мәселелерді шешуге үлес қосты. 2007 жылы ауыл ауруханасын қайта ашу ұсынысымен облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммедпен кездесуге де барып қайтты.
Осыдан бір-екі жыл бұрын денсау­лығының сыр беріп жүргеніне қара­мастан ауыл тұрғындарымен кез­десуге келген Бауыржан Байбектің алдында ауылға жаңа балабақша салу мәселесі жөнінде сөз сөйледі. Өзінің бар күшін жинап, сырқатқа берілмей, тас-түйін бекініп, сөзін аяқтағанын жұртшылық сезгендей еді.
«Инемен құдық қазғандай» қиын да, қызықты педагогикалық жұмыстары да, қоғамдық жұмыстарға араласуы да ескерусіз қалмады. ҚР-ның Білім министрінің Алғыс хатымен, Облыстық білім бөлімінің грамотасымен, Об­лыстық кәсіподақ кеңесінің грамо­тасымен, ауылдық, аудандық Алғыс хаттармен марапатталды. 2008 жылы аудандық әжелер сайысына қатысып, «Парасатты әже» дипломын иеленді.
Осындай бақытты, ынтымақты, өсіп-өнген отбасы бірер жылдан кейін өздерінің 50 жылдық алтын тойларын тойлап, жарқырап төрде отырар ма еді?!
...Өзіңнің жаныңа жақын адамың­нан айырылу соншалықты ауыр екенін қайта сезінгендей болдым. Өзі түсінде көргендей көк аспан қол созым жер­дегі жарқыраған жұлдыздар әле­міне ұшып кете барды. Бірақ сол түсінің жалғасындай өз кереуетіне оралып, аяғы қайта жерге тимеді. Жақында көңілін ауламақ болып, құран ба­ғыштап қайту үшін біршама достары олардың шаңырағына қайта оралдық. Әрқайсымыз ойымызға оралған ес­теліктерімізді айтып, бұрынғыдан сыр шерткен суреттерді көріп, шер тарқатып қайтқан едік. Әметханның Алтынға жазған арнауын тыңдадық, Әбекең бұрынғыдай қанаттанып «Қайран уақыт» әнін орындап берген еді.
Алтын бақытты еді... Сүйе білді, сүйіспеншілікке бөленді. Артында арқа сүйер ағайыны, өсіп-өнген отбасы, аялап өсірген немере-шөберелері, тәрбиелеген қарақұрым шәкірттері, өзі арттырған сыйлас достары, кезінде өзі пір тұтқан, «музам» деп таныған жолдасы Әметхан қалды. Осылардың жадында Алтын, сен мәңгі тірісің.

Маржан Жармахаш,
зейнеткер, ұстаз
25 қаңтар 2022 ж. 796 0