№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Би апа


«Бір дәуірдің Биапасы» болған, Сыр бойының ғана емес, Алатау мен Арқаның, Алтай мен Ақжайықтың арасындағы оны жақсы білетін жандардың жүрегінен терең ойып орын алған журналистика майталманы, үлкен жүректі, ізгі ниетті Бибігүл Мәтенованың қадір-қасиеті уақыт өткен сайын көмескіленіп емес, қайта жарқырай түсетін сынды. Оның сыры мынада:
Мен, 1986 жылыҚазақ радиосының «Ауыл өмірі» Бас редакциясына кіші редактор боп келіп, осы үлкен мекеменің коментатор, Бас редактор, Бас директор міндетін атқарғанға дейінгі барлық қызмет сатысынан өттім. Жүздеген адамдармен, оның ішінде, Бибігүл Мәтеновамен қыз­меттес болдым. «Жүрегіне күн сыйғыза білетін Бибігүл төңірегіндегілердің бәріне үнемі шуақ сыйлайтын» деп көрнекті жазушы, «Парасат» орденінің иегері Қуаныш Жиенбаевжазғандай, Биапамен бірге қызмет еткен сол бір шақты қимастықпен еске аламын.
Мәтенова Бибігүл 1948 жылы 23 ақ­пан­да Қызылорда облысы, Жаңақорған ау­данындағы Ақұйық ауылдық округына қарасты №27 Бөріойнақ темір жол бекетін­де қатардағы жолшының отбасындадүние­ге келген. Анасы  үй  шаруасындағы отан­ана. Бекеттегі 4 жылдық, Жаңақорғандағы №51 мектептің 8 жылдық сыныбынан соң, Қызылордадағы М.Мәметова  атын­дағы педучилищені бітіріп, еңбек жо­лын №3 мектеп интернатта пионер вожатый, ұстаздықтан бастаған. Одан соң 1971 жылы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1976 жылы бітіріп, мемлекеттік  жолдамамен Жезқазған облыстық телерадио  коми­тетіне редакторлыққа жіберілді. Содан соң өмірінің соңына дейін Қазақ радиосының шетелдерге хабар тарату Бас редакциясында  қызмет етті. Кеңестік заманның  адуынды саясатына  қарамастанАуғаныстан, Қытай, Иран, Пәкістан Пакистан, тіпті Австралиядағы қазақтарға рухы жоғары радио хабарлардыүздіксіз ұйымдастырды. Сыналап имандылық үрдісін жүргізді. Жолдасы Кенжебек Әбдімәуленов те осы Жаңақорғанауда­нының тумасы, радиода қызмет етті. Ұлдары Арман  әке-шеше жолын таңдап, жазу мамандығын қалады. Мәскеуде қызмет етеді. 1989 жылы12- желтоқсанда  небәрі 41 жасынан  енді асқанда,жарық өмірмен қош айтысты. Алматыда Кеңсай бейітінде жерленген.
Бибігүл Қазақ радиосының «Шалқар», «Ауыл өмірі», «Шетелдерге хабар тарату» Бас редакцияларында абыройлы қызмет атқарды. Біздің кезімізде «оның жақсы істерін айтып түгесу мүмкін емес» деген сөз осы Биапаға – Бибігүл Мәтеноваға қаратып жиі айтылатын. Қызметте, өмірде, достарының арасында да оның қамқорлығын, өзгелердің ыстық- суығын бірге бөлісетін ерекше қасиетінің талай мәрте куәсі болдық. Ол заманда салмағы он келідей болатын радиожурналист репортерін иығына асып алып, Биапа ел құмарта да қызыға  тыңдайтын талай репортаждар мен сұхбаттарды жасады. Ол қазақ зиялыларымен етене араласып, өте жақын сыйласа білді. Үлкенмен де, кішімен де тіл табысты. Оның бойындағы осындай  адами қасиетін құрметтеп, жасы үлкен академик-профессор ағалардан бастап, кішкентай іні-сіңлілері, достары – «Біздің Биапа!» деп атады.
Осы орайда жазушы, «Парасат» ор­де­нінің иегері Қуаныш Жиенбайдың естелігіне кезек берелік:
«Адамның мағыналы ғұмыры қанша жыл өмір сүргенімен есептелмейді, ол  ̶   жұмыр жердегі азын-аулақ тіршілігіңде не істедің, артыңа ел айтып жүретіндей қандай белгі қалдырдың, кімдерге жәрдемдестің, кімдерге қолғабысыңды тигіздің деген секілді таусылмайтын сұрақтарға  жауап беруіңе келіп тіреледі.
Айта беретін несі бар, қайран Бибігүл кеудесі кең, әрбір басқан ізінен ізгіліктің шуағы төгіліп тұратын қайырымы мол тамаша адам еді ғой. «Сенің жарқын бейнеңді қара жерге қимай, жүрегіме жерледім» деп жырлап жатады ақындар, солай демекші, Бибігүл біз түгілі, аз-кем дәм-тұздас болғандардың өздеріне де қымбат, қадірменді есім-ді. Еске салмай тұра алмайтын бір жағдай бар, арман қуып, әке-шешенің аманатын арқалап, оқу іздеп, артынып-тартынып, Алматыға келетін  көгенкөздердің дені өмірдің ащы-тұщысының дәмін татып, жақсы-жаманды ажырата білетін тіс қаққандардың санатынан бола бермейтін. Мейлі, жолы болып мың жерден жоғары оқу орнына түсе берсін, көпке дейін, қашан қала тіршілігіне үйреніскенше ауылда ең қымбат дүниесі ұмыт қалғандай, ел жаққа алаңдаумен жүретін. (Бәлкім, соның ішінде біз де бармыз). Сенің тұра қалып маңдайыңнан сипамаса да, жүрегіңді жібітерлік бір жылы сөз айтқан кісінің құшағына кіріп кеткің келіп тұратын сол балаң шақты қайтіп ұмытарсың?!
Бибігүл өзінің де ел қатарлы студент екендігін  аяқ асты ұмытып, университетке жаңа түскен бар балаға қамқор болуға тырысатын; олардың қай жер, қай облыс­тан екендігін сұрап жатпастан жатақхана тимегендерге жатақхана, стипендияға ілік­пегендерге шәкіртақыға әперуге барын салып, мәселе шешетін мамандардың мазасын алудан да еш тартынбайтын. Және бастаған ісінің аяғына жетпейінше тыным да көрмейтін. Ол сол елгезектігі мен шын көңілді жанашырлығының арқасында ел еркелейтіндей «Би-апа» атанды. Оның жастайынан елден алған ең үлкен наградасы да осы еді! Бибігүл маңдайға жазған бес уыс тірлігінде сол «Би-апамен» өмір сүрді және ол атақтың абырой-беделіне иненің жасуындай шаң жұқтырмастан, соңғы демі біткенше сол биіктен төмендеген жоқ.
Бибігүл Мәтенова журналистика сала­сында да өзіне тән қолтаңбасын қал­дырды. Оның жазған очерктері, талдау мақалалары, радио репортаждары ел есінде қалды. Өзінің сәл толыса бас­таған дене бітіміне қарамай Биекең адам тағдыры сынға түсетін қандай бір шараға болмасын, кірісіп бір кеткенде аяғы жер иіскемейтін, құдды аспанда ұшып жүргендей екі қанатын қомдап, бәріне-баршасына үлгеруге тырысатын. Осы елгезектік  кейінгі келген көптеген іні-сіңілілерінің бойларынан көп табыла бермейді. Бибігүл ауыздан тастамай аңыз ғып айтып жүретіндей адамгершілігімен қатар журналистика саласында да өзінің «Мәтенова мектебін» қалыптастырып кет­­ті. Журналистиканың өткен тарихына үңі­ліп, өткеннен сабақ алуға ниеттенген ізденушілер табылып жатса,  Мәтенова мектебі әлі беті ашылмаған  рухани қазына екендігін естеріне сала кеткім келеді.
Бибігүл Қызылорда облысының әсіресе, өзінің кіндік кескен атамекені  ̶ Жаңақорған ауданының күрішшілері мен малшылары турасында, ауданның беделін көтерген қарапайым еңбек адамдары турасында танымы мол көптеген мақалалар жазды. Мақалаларды жазып қана қоймай, оларды үздіксіз республикалық радио желісі арқылы мыңдаған, миллиондаған тыңдармандар мен оқырмандардың құлағына жеткізіп отырды. Оның көпшілігіне өзіміз куәгерміз» деп толғана жазады.
Ал журналист-жазушы «Құрмет», «Па­ра­сат» ордені иегері Сүлеймен Мәметтің жүрекжарды сөзі былайша өріледі:
«Оқу орны кәіподақ басшыларының бірі ретінде  жағдайытөмен студенттерге  көмек ұйымдастыру да Би апаның мойнында  еді. Қашан  барсақ бөлмесінде жағдайын айтып, көмек сұрап отырған ұл-қызды көретін едім. Болады дейді. Оны орындайды да.
Адамға жақсылық жасау – ол кісіге міндет секілді еді. Соны біліп алған біз «осым жөн бе?» демей міндеттейтін едік. Қазір онымыз ерсілік екен. Бірақ Би апа ол кезде тұрмысқа шықпаған кезі. Ана жүрегінің жылуы деген бар. Ана құдіреті, оның жүрегі даладай дархан. Ал сондай жүрек Би апада бар. Қыз жүрегінің дархандығын, кеңдігін, айтпай түсінетін құдіретін – Би ападан көрдік.  Арман өмірге келгеннен кейін, тіпті ана мейірімі асқақтап кетті.
Би апаның ол қасиеті бүгінгі қатыбас заманда  аңыз болып естілер кейінге. Аңыз емес, бұл – ақиқат. Біз осындай нәзік қыз жүрегін, шуағы мол ана жүрегін көрдік. Анамыздай, панамыздай болды. Бір нәрсеге ренжіп жүрсек«Өлә, не болды, қабағың түсіп кетіпті ғой» деп кеудесіне қысқанда өз анамыздың құшағында тұрғандай болатынбыз.
Мен отау тігетін болдым. Дәстүр бойынша Би апамен ақылдастым. «Қызды көрсет» деді. Орындадым. «Қыз жолдаста біздің жұмысымыз жоқ. Ұл жолдасқа  Құдайберген (Тұрсынов қазір профессор) жарап тұр» деді. Айтты бітті, кесті, үзді. Тойдың жоба-жоспарын өзі жасады. Алтын сақинаны да өзі таңдады.
Би апаның  тағы бір адами қасиетін айта кетейін.  Елде тұратын анам ауыр сырқаттан өмірден озды. Біз сол кісіні бағу үшін елге кеткенбіз. Естіп елге көңіл айтуға келді. «Көзін көрген адамның  орнына келмеу күнә болады» дегені есте.
Ол кісі ол тұста қазақ радиосының шетелге хабар тарататын редакциясында істейтін. Рәтбек қажыны жақсы білетін. Сол кісіден алған тәлім бе, имандылықты жиі айтып жүрді. Ол кезде біз қып-қызылмыз. «Е», Алла бар» дейік. Қазір ғой бәріміз құдай иіліп жүргеніміз.
Алла сенген Би апа кейде, «Әй, мен осы тәңірдің көз қиығы түспесе, өмірден кәрі қыз болып өтем-ау!» деп жүретін.
Алла ниетін қабыл етіп, жар атанды, ұлды болды.  Бұл оның бар адамды бөлмей, жақсылық жасаған, жақсылық жолында барын аямаған, адами қасиетінің өтеуі болу керек.
 Кенжекең екеуінің тойы, тек мықтылар той өткізетін 25 қабатты «Қазақстан» қонақ үйінде болды.  Асаба – Манап Көкенов , Тоқсын Құлыбеков. Төрде қазақтың Сәбира Майқановасы, Бибігүл Төлегеновасы , өзге де мықтылар отырды.
Қайырымы мол адамға, өзгелерге көрсетілген құрмет жасалып келеді. Мұның басы-қасында «Өлмесханым, тірегім менің» деген Өлмесханы жүр. Осындай бауыр сыйлаған тәңірге мың алғыс дейміз.
Қатыгездеу заманда Би ападай өнегелі жанның өнегесін таратсақ, ұтылмас едік.  Ол өнеге қайдан дарыды екен деген бір ой келгенде, көз алдыма келісі  Би апаның анасы түсті. Жақсы анадан жақсы қыз өмірге келіп, бір отбасының көп отбасының ұйытқысына айналған кемел Би апа, баяғы ұлы аналардың сарқытындай көз алдыңа елестеп, көңіл түкпірінде көктей берері хақ. Біз Би апа үлгісін ұрпағымызға жеткізіп отырамыз. Сонда бір ой мазалай береді. Осындай ұлт қызының, ұлт анасының асыл қасиеттерін  жұртқа жеткізудің тәсілін  қалай тапсақ екен дегенге саяды ол. Арғы заманның Айғанымдары туралы айтамыз. Бергі Би апаның өнегесін неге жұртқа танытпаймыз.
Мейірімді болу, қайырым жасау, еш­кімді бөлмей, бір атаның баласындай, бір қолдың санасындай болып өсу, осыны орнықтырудағы  Би апа жұмысы- осылай жалғасып жатса ғой.
Адам аз жасай ма, көп жасай ма, мән ода емес. Артына қалдырған мәнді тірлігінде. Бұл тірлікте Би апа биік еді. Би апа тек адамға жақсылық жасау үшін жаралған жан еді. Би апаның рухы әлі биіктей береді. Тек бағалай алсақ, бағамдай алсақ екен».
Би апаны халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың ие­гері, Ән падишасы Бибігүл Төлегенова ерекше бағалады. Әлемге танылған алып әнші Бибігүл жұрт үшін жанын аямай  «ұшып жүріп, ұшты да кетті» деп жазған естелігінде:
«Қарапайымтілмен  айтқанда  Бибі­гүл Мәтенова  сіңлімалдында  бар, ар­тында  жоқ дегендей, ақкөңіл   адамеді.  Бойындағы  бірғана  кемшілігі, елдің  бәрінекөмектесетін, ешкімнен  көмек сұрамайтын. Қанша  жыл  араласыпжүрдік, өзі  үшін  бірнәрсе  сұрағанын  көрген де, естіген де  емеспін.
Ешқашан қатты ашулана алмайтын. Өкпелей қалса, жас баладай бұртиып, үндемей қалатын. «Өзіңіз жүдә...» көң­ілдегісін көзінен ұқтыратын. Көзінің өзі ерекше өткір, тұнық еді. Ылғи да жақсылық жасаудан жалықпай, қабаққа қараудан қолы босамай жүретін.
Біз біреу жайында естелік айтқанда, ғылымға, өнерге,  өкіметке сіңірген еңбегін өнеге етеміз. Ал ешбір кітапта хатталмаған, саналарда сақталған, жүректерде жат­талған, өмірін қайырлы істер жасаумен, риясыз жақсылық шашумен өткізген Бибігүл Мәтенованың мәртебесі қан­дай безбенмен өлшенер екен? Тіпті, таразылаудың да қажеті жоқ сияқты.
Ақ тілеулі адамдар, жанының шуағын, жүрегінің жылуын, халқына сыйлаған, нұрлы қуатын Жер Анаға аманат етіп кете баратындай...
Ғұмырының ұзақтығы осыдан да болар» – деп жүрекжарды пікірін бөлісіпті.
Биапа репортерін асынып жүріп тамаша ойлы, мазмұны терең хабарларды әзірледі. Үлкен журналистік мектептен өтті. Талай шәкірт тәрбиеледі. Көктөбенің бауырында құстың ұясындай ғана екі бөлмелі үйі болатын. Соған жаяу қатынап жүріп, қанша қиындықты бастан өткерсе де мойыған жоқ, туабітті жайдары мінезінен таймады.
 Биапаның екінші көрегендігін айтайын. Ауруханадан жатқан жерінен сұранып келіпті. Дауысы пәс, жүзіндегі кірбің мен көңіліндегі қобалжуын жасыра алмады.
– Айналайын, саған айтпағанда кімге айтам. Туған інімдей көремін. Мына аурудың беті жаман. Ертең бүйрегіме ота жасамақшы. Арманымды ер жеткізсем, азамат боп өскенін көрсем деп едім. Енді міне, Кенжекеңе тастап барамын. Ал, Кенжекең де бұрын бір адамға бастық боп көрмеген жуас жігіт. Ендігі жерде, ағаңа қорған боларсың! – деді.
– Ой, Биапа, олай демеңіз!.. Оның үстіне Кенжекең, менің бастығым қайта, мені, оған тапсырмайсыз ба? – деп , әзілдеген болдым. Биапа құшақтап, бетімнен сүйді.
Осы кездесуден соң екі күн өткенде «Егемен Қазақстан» газетінің бас ре­дакторы, курстасымыз Ержұман Смайыл телефон соғып, Биапаның қайтыс бол­ғанын хабарлады. Ару Алматы сол күні қара жамылғандай  әсерде болдық. Оны танитын, білетін, құрметтейтін жүздеген адамдар Биапамен қимай қоштасты.
Бибігүл Мәтенова – радиожурналисти­ка  саласында өшпестей із қалдырған, ө­нер, мәдениет, ағарту саласына шығармашылық үлес қосқан қазақтың аяулы қызы. Биапа туралы «айтып тауыса алмайтын» естелік көп. Туған өлкесі, жерлестері, осынау, қазақтың аяулы қызының есімін  есте қаларлықтай етіп, қастерлеп, өзі туып-өскен Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының орталығынан көше атын берсе, бұл келешек өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, үлкен тәрбиелік шара болар еді деген ойдамыз.

Құдиярбек Ағыбаев,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының  лауреаты,
радио ардагері
02 желтоқсан 2021 ж. 517 0