» » Тұлғатану тағылымы: қаламгер Нұрмахан Оразбектің қайраткерлік қырлары

Тұлғатану тағылымы: қаламгер Нұрмахан Оразбектің қайраткерлік қырлары


Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының басты идеясының бірі – тарихи тұлғалардың тағылымды істерін насихаттау болса, М.Көкенов атындағы мәдениет үйінде өткен «Тұлға. Тарих. Тағылым» атты рухани-мәдени іс-шарада «Құрмет» және «Парасат» орденінің иегері, Мәдениет қайраткері Нұрмахан Оразбекті ұлықтауы соған үндес өрбіді. Оған мәслихат депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлер, ел ағалары мен жатар және қайраткердің ағайын-туысы қатысты. 

Нұрмахан Оразбек 1937 жылғы 1 желтоқсанда Қандөз елдімекенінде туған. 1955 жылы Шорнақ ауылындағы орта мектепті бітірген соң, өндіріс орындарында жұмыс істеуге үндеген комсомолдық жолдамамен Қостанай өңіріне аттанады. Сондағы Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында еңбек еткен. Осыдан кейін КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1962 жылы бітірген соң, жас маман ретінде Қарағанды облысының Жезді аудандық «Октябрь туы» газетіне жіберілді. 1964 жылы Алматыға қайта оралып, 1973 жылға дейін республикалық «Лениншіл жас» газетіне қызметке алынды. Осыдан кейін Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінде, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтында, «Социалистік Қазақстан» газетінде еңбек етті. 1974 жылы Қазақ ақпарат агенттігінде (ҚазТАГ) бас редактор, 1982 жылы директордың орынбасары болып тағайындалды. 1988-94 жылдары Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, тәуелсіз Қазақстанның жаңадан құрылған Баспасөз министрлігіндегі басқарма бастығы, ағылшын тілінде шыққан «Қазақстан» газетінің бас редакторы болып, 1995 жылдан бері қоғамдық-саяси әдебиеттер шығаратын «Қазақстан» баспасының директоры қызметін атқарды.

Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасымен, «Құрмет» орденімен марапатталған, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, екі мәрте Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Еліне адал қызмет еткен баспагер, аудармашы, журналистті еске алып, есімін ұлықтау, өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау, ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткен кеште Н.Оразбекпен бірге қызмет еткен әріптестері сөз сөйлеп, ғибратқа толы естеліктерімен бөлісті.
Аудан әкімі Руслан Рүстемұлы Нұрмахан Оразбекті еске алу кешіне арнайы қатысып, оның қазақ өнеріне, журналистика саласына сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
Шара барысында жазушы, ғалым Құлбек Ергөбек пен Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің доценті Асан Аманжолұлы және басқалар сөз алып, Нұрмахан Оразбектің өмірі мен өлеңі, шығармашылығы жайында сыр шертті.
Айта кететіні, қаламгер, халық қалаулысы Нұрлат Байгенже Нұрмахан Оразбектің қаламгерлік қырлары жайлы жазып, жастарға дәріптеп жүр. 

05 қараша 2021 ж. 507 0