№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұлағатты ұстаз ұлықталды

Ұлағатты ұстаз ұлықталды


Сыр өңіріне ұстаздық қабілет-қарымымен, адамдық болмыс-бітімімен, азаматтық қадір-қасиетімен танылған ұлағатты ұстаз Іскендір Құдияровтың атына Төменарық ауылдық округінде көше берілді. Кеше соның ашылу салтанаты өтті.


«ХХІ ғасыр жаңа талаптарды негіздеп, адами капиталды дамытуды міндеттеп отыр. Ал, адами капиталды дамытатын тетік – білім беру саласында екені ақиқат.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту мәселесіне маңыз беріп, басты бағыт етіп ұсынды.
Міне, осы тұрғыдан алғанда ағартушы Іскендір Құдияровтың есімін ұлықтаған іс-шара маңызды деуге болады.
А.Романов атындағы №53 мектепті басқарған директорлардың ішінде Іскендір Құдияровтың өзіндік биігі бар. Ол – шәкірттерінің көңіліне шоқ, санасына сапалы білім сіңіруінде. Яғни адам болудың парқын үйретіп, адалдық пен әділдіктің, шыншылдық пен турашылдықтың ғаділет жолына бағыт-бағдар көрсетті».
Бұл – аудан әкімінің орынбасары Оңал Ержановтың сөзі.
Салтанатты іс-шараға Іскендір Құдияровтың әріптестері мен шәкірттері, ағайын-туысы жиналып, ұлағатты ұстаздың адамдық қасиетін, азаматтық қабілетін сөз етті.
Бұл қатарда Іскендір Құдиярұлымен қызметтес болған әріптестері атынан Құралай Әшірбекова апай сөз алып, тағылымды бір оқиғаны баяндап берді.
Ұстаз І.Құдияровтың шәкірті М.Ким М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне оқуға тү­седі. Алғашқы дәріс. Мәскеулік профессор күрделі есепті тақтаға жазып, студентерге жауабын табуды ұсынады. Одақтың түкпір-түкпірінен жиналған «сен тұр, мен атайын» дейтін талапкерлер кезек-кезек қолын көтеріп, есепті шығаруға бел буады. Бірақ алынбайтын қамалдай қисынға келмейді. Соңғы кезек М.Кимге де келеді. Ол ұстазы үйреткен формуланы есіне түсіріп, іске кіріседі. Талпынған жетер мұратқа дегендей күрделі есептің шешімін де табады. Сөйтіп ұстазының ұлағатын мойындатады.
Расында, Құралай апай айтқан ойдан Іскендір Құдияров шәкіртінің көңіліне сәуле құйып, талабын ұштап, «білім» деген қымбат қазынаны арқалатып жіберетін қасиетке ие болғанын ұқтық.
Ал, Оразай Палымбетова апай болса Іскендір Құдияровты «директор ағай» деп ұлықтап, жолын кеспей, үнемі мектепте болса да сәлем салғанын айтты.
– Мен «директор ағай» деп атайтынмын. Ол адамгершілік қасиеттерімен лайықты болды. Бүгін көпшілікттің алдында «директор ағайдың» тұғыр тақтасы алдында оның рухына сәлем салғым келіп тұр, – деп иіліп тағзым етті ардагер ұстаз.
Ал, ағайын-туыс атынан Қалдыбек Нұридинов пен Аманкелді Молжанов сөз алып, ұлғатты ұстаздың өнеге-өрімін үлгі етті.
Біріншісі – іскерлігі. ХХ ғасырдың 80 жылдары Кеңес Үкіметі мекемелер жанынан қосалқы шаруашылық жүргізу идеясын көтерді. Мұндай жаңалықты Іскендір ағай жақсы қабылдап, мектеп жанынан тауық фермасын құрды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде қосалқы шаруашылық табыстың көзіне айналып, 1989 жылдың алғашқы бес айында мектеп 1200 сом таза табыс тапты.
Екіншісі – жаңашылдығы. ХХ ғасырдың 80-90 жылдары компьютерді Іскендір Құдияров насихаттай бастады. 1989 жылы мектепте ЭВМ кабинетін ашып, оқушыларға заманауи құралды меңгеруге жағдай жасап, компьютер туралы алғашқы білімдерін ұштады. Өзі де оны жетік меңгеріп, еңбектерін компьютерде теріп, сақтады.
Үшіншісі – қаламгерлігі. Аудандық, облыстық басылымға мақалалар жазудан бөлек, оқу-ағарту саласында маңызды саналатын әдістемелерімен бөлісіп отырды. Соның бірі – «Дана дәрісі» атты дәрістер топтамасы. 40 сабаққа бөлінген дәрісте Әл-Фарабиден бастап Мұхтар Әуезовке дейінгі дала даналарының, батыс және шығыстың кемеңгер ойшылдарының асыл сөздерін жастардың бойына дарытудың дара жолын таңдайды.
Шәкірттерінің атынан сөз алған ардагер ұстаз Сайлаухан Жартыбаев пен №53 мектептің директоры Нарымбет Көлжанов салтанатты шараны түйіндеді.
І.Құдияров білікті басшы, іскер ұйымдастырушылық қасиетінен бөлек, елшілдік мұрат жолында еңбек сіңір­ді. Ол ауылда алғашқы мешіттің құрылысының жүруіне мұрындық болды. Ауыл балаларына арап қарпінде хат тануға дем берді. Ол 16 жасынан (1945 жыл) 66 жасына (1995 жыл) дейін ұстаздық жолда шәкірттерінің көңіліне білім нәрін құйып, тәлімді тәрбие сіңірді. Содан болса керек-ті Құдияровтың ұстаздық болмысы мен тұлғалық тұрпатын сол кездегі жастар өзіне үлгі тұтты. Ұқсап бағуға тырысты. Оның айқын мысалы – 1955 жылғы мектеп бітірушілердің 48 пайызы, 1958 жылғы түлектердің 56 пайызы физика, математика пәнінің мұғалімі мамандығын таңдап, ұзтаздық жолына түседі.
Іс-шараның негізгі сәтін аудан әкімінің орынбасары Оңал Жанатұлы, Төменарық ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Темірбек Құтжанов және Мырзаш Іскендірұлы, Зубайра Іскендірқызы жүргізіп, тұсауын кесті.

P.S.: «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­малық мақаласының негізгі мәні – ұлтқа қызмет еткен ұлық тұлғаларды ұлықтау. Төменарық елді мекеніндегі іс-шара осы тұрғыдан маңызды болды.

Орынбай АБжалелов
27 қазан 2021 ж. 535 0