№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қалың қалай, ауыл кітапханасы?

Қалың қалай, ауыл кітапханасы?


Білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы – кітапхана. XXI ғасыр кітапханалары ғылым мен инновацияның жаңа деңгейіне көтерілуде. «Қазақстан – 2030» бағдарламасында «XXI ғасырда білімсіз өмір сүру мүмкін емес, халықты салауатты да, сауатты өмірге бағыттауымыз керек» делінген. Бұл тұрғыда кітапхананың алар орны ерекше.


Айтылған сөз – бір күн, жазылған сөз – бір ғасыр демекші кітаптың адам өмірінде тигізетін пайдасы зор. Талай заманғы рухани құндылықтарымыздың бәрі де кітап арқылы жеткен. Әлем бойынша алғашқы кітапхана 8000 жыл бұрын пайда болған. Яғни бұл адам баласының оқу білімге құштарлығының, ғылымға ұмтылысының дәлелі. Кітапсыз – білім, кітапханасыз – өркениет болуы мүмкін емес.
Кітап – оқығандікі, білім – тоқығандікі. Қазіргі таңда пайда болып жатқан әлеуметтік желілер адам өмірінің бір бөлшегіне айналғанымен, кітаптың берер тағылымына жете алмайды. Заман қанша жерден дамыса да кітапхананы тұғырынан түсіре алмайды.
“Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана” деп Әбіш Кекілбаев айтқандай, ендігі кезекте оқу ошағы – аудандағы ауыл кітапханаларының жайына тоқталсақ. Аудан бойынша 36 кітапхана болса, оның 32-сі ауылдық жерде орналасқан.
– Биылғы жылы аудандық орталық кітапханаға 1464 кітап келген. Оның барлығы ауылдық кітапханаларға тарқатылды. Осы кітаптарға қол жеткізу үшін жергілікті бюджеттен бір миллионға жуық қаржы бөлінген. Ауылдық жердегі кітапхананың бәрі РАБИС бағдарламасымен жұмыс істейді. Яғни, кітапты бұрынғыдай каталогтан емес, осы программаға кітаптың атауын немесе авторды жаcсаңыз оқығыңыз келген кітаптың бар-жоғын оңай таба аласыз. Cонымен қатар, “Зерделі кеңес” атты кітапханашылар семинары өткізіліп тұрады. Ауылдық жердегі кітапханашылардың бәрі қатысып, пікір алмасып отырады , – дейді аудандық орталық кітапхананың әдіскері Гүлайна Ахметжанова.
2018 жылдан бері “Парасат жолы” және екі ауылдық кітапханада (Төменарық, Екпінді) “COWORKING” орталықтары жұмыс істейді. Бірлік, Төменарық кітапханасында мультимедиялық-модельдік орталық бар.
Аудан бойынша 17 кітапхана интернет желісіне қосылған, оның 13-і ауыл кітапханаларында (Сунақата, Сүттіқұдық, Төменарық, Қожакент, Түгіскен, Келінтөбе, Бесарық, Байкенже, Бірлік, Манап, Шалқия, Ақсуат, Байкенже).
Интернет желісіне қосылмаған кітапханалар саны 19 (Қожамберді, Құттықожа, Еңбек, Екпінді, Бесарық, Талап бекеті, Билібай, Қыраш, Қосүйеңкі, Кейден, Кеңес, Әбдіғаппар, Жаңарық, Өзгент, М.Нәлібаев, Қаратөбе, Қандөз, Көктөбе). Осы кітапханаларға интернет желісіне қосылуға қаржы сұралған, бірақ ҚазақТелекомда интернет желісіне қосылуға техникалық мүмкіндік жоқтығы айтылған.
Cонымен қатар интернет желісінен бөлек, кітапханасы жоқ ауылдар да бар. Талап бекеті, Ақсуат ауылдық кітапханаcы үйдің ішінде орналасса, Құттықожа, Еңбек, Екпіндіде ауыл мектептерінің бір бөлмесінде орналасқан. Қыраш, Қожамберді, Көктөбе, Қаратөбеде ауылдық клуб үйінің бөлмесінде орналасқан.
Осы жоғарыда көрсетілген кітапханалар заманауи талапта жұмыс жасауға мүмкін еместігін айтып, арнайы кітапхана ғимараты салынса екен деген өтініштер де айтылған. Енді кітапхананың жайын кітапханашылардың өз аузынан естісек. Төменарық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Нұргүл Есіркеповамен байланыстық
– Төменарық ауылдық кітапханасы 1960жылдардан бастап жұмыс жасап келеді. 1995жылы клуб ғимаратына көшірілген. Қазіргі таңда кітап қоры – 24340, оның ішінде 10692-сі қазақ тілінде. Кітапханада мәдени-көпшілік іс-шаралар: әдеби, танымдық, поэзия, жыр, діни-танымдық, патриоттық, тарихи кештер ұйымдастырылады. «Туған жер» бағдарламасын, «Өлкетану» әдебиеттерін насихаттау бағытында үнемі жұмыстар жүргізіледі. Оқырмандарға сапалы қызмет көрсету, олардың сұранысын қанағаттандыру, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыру, заман талабына сай оқырмандарға өркениетті қызмет көрсету, жаңа технологияларды кітапхана жұмысында кеңінен пайдалану қарастырылған. Интернет желісін қолдануда, 2017 жылдан бері кітапхана заманауи бағытта онлайн форматта, фейзбук желісімен жұмыс жасауда. 2021 жылы қазіргі уақыт талабына сай безендіріп, шілде айында «Коворкинг» орталығы ашылды, оның ішіне заман талабына сай балалар бұрышы, спорттық үлгіде шахмат ойын ойнайтын орындар, оқырмандардың кітап оқуға жайлы орындар қамтылған, – деді ол
Иә, бұл интернет желісіне қосылған, мультимедиялық-модельдік орталығы бар, барлық мүмкіншіліктері қарастырылған кітапхананың жағдайы. Ал, үйдің ішінде орналасқан Ақсуат ауылдық кітапханасы не дейді? Оның да жайын жеткізсек.
– Қазіргі таңда кітап қоры 4568. 2021 жылы интернет желісі құрылды. Кітапхана 1993 жылдан бастап №245 жалпы орта мектептің ішінде жұмыс жасап келді. 2003жылдары аудан әкімінің ұсынысымен бөлек орналасқан мектеп котельни ішіне көшірілген, одан кейін жаңадан амбулатория салынып ішіненен бір бөлмесіне көшіріліп, оның үсті дұрыс жабылмағандықтан су ағып жарты кітап су болып мектеп ішіне бос кабинет болмаған соң амалсыздан 2019 жылы үйге көшірілді. Ішінара бұл қолайсыздықтарды тудырады. Яғни, ауқымды іс-шаралар өткізе алмаймын. Осыған байланысты мектептен бір бөлме берілсе екен, – дейді кітапханашы Сымбат Нұрланқызы.
Кітап жансыз, бірақ шынайы дос. Кітапты серік еткен оқырманды сөйлетіп көрсек. Төменарық ауылдық кітапханасының тұрақты оқырманы, студент Анель Бақытжанқызы
– Бізде ауылдық жерде қаланың балаларындай мүмкіндіктеріміз көп емес. Сондықтан біз өз қажетімізді кітапханадан аламыз. Мен кітапханаға кішкентай кезімнен бастап барамын. Ол кезде кітапхананы қызықтап, көру үшін баратынмын. 5-6 сыныптан бастап тұрақты кітап оқитын болдым. Өзім орыс сыныбында білім алғандықтан, көбіне орыс әдебиетін оқыдым. Жақында “Абай жолы” роман-эпопеясын орысша нұсқасын оқыған болатынмын. Кітапханада орысша аудармасының екі нұсқасы бар. Яғни , бір нұсқасы ұнамаса, келесісін алып оқуға болады. Cонымен қатар іс-шараларға да қатысамын. Кітапханашы Нұргүл Амангелдіқызы жастармен етене байланыста. Бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп отырады.
Міне, әр кітапханашы өз жұмысына адал қарап, келген оқырманның ынтасын оятып, кітапққа қызығушылығын арттырып отырса кітап сүйер қауым көбейері сөзсіз. Өркениетті, мәдениетті ел болашағы білімді адамның қолында.

Рауза ӘЗІЛХАН
19 қазан 2021 ж. 596 0