№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Абыздың ақылы асқақ

Абыздың ақылы асқақ


Саналы ғұмырын ағартушылық салаға бағыттап, бекзат болмысымен, адамдық қабілетімен ерекшеленген ағамыз Зинабдин Шермағамбетовтің мыңдаған шәкірті бар. Тек ұстаз ғана емес, халық құрмет тұтқан ел ағасы бұл күнде абыз ақсақал ретінде көпке сыйлы...


2001 жылдың күзінде Зинабдин ағай №3 мектеп-интернатына дирек­тор болып келді. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, аудан әкімінің орынбасары, білім бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарып, әбден ұйымдастырушылық қабілет-қарымын шыңдаған ағамыз білім ордасын дамытуға кірісіп кетті.
Ол еңбек жолының алғашқы кезең­інде №54 мектепті басқарып, білім ордасын биік шыңға жетеледі. Расында, оқу ордасы білім көрсеткішімен, өнердегі, спорттағы жетістігімен об­лыста озық атанып, «Шығыстағы Шермағанбетов мектебі» ретінде әспеттелді.
Ауылдағы мектепті облыстың үздік білім ордасының біріне айналдырған еңбегі бағаланып, 1992 жылы аудан әкімінің орынбасары қызметіне тағай­ындалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, қайта қалыптасу кезеңіндегі қиыншылықтың күрмеуін шешуде бі­лім-білігін сарқа жұмсап, ауданның дамуына үлес қосты. Әсіресе, рухани-мәдени өмірінде, білім беру саласын жүйелеудегі еңбегі ерен.
Бұдан соң Зинабдин ағай өз сала­сына қайта оралып, аудандық білім бөлімінің басшысы ретінде 6 жыл жұмыс істеді. Қоғамдық құрылымның өзгеруіне байланысты барлық салада жаппай оңтайландыру саясаты жүріп, жаңа реформалар енгізіліп жатқан тұста аудандағы 42 мектептің жай-күйін қалыпты ұстап отыру оңай шаруа болмағаны анық. «Ауырлықты нар көтереді» демекші, бұл жұмысты да абыройлы атқарған Зинабдин ағай еңбек жолының соңғы 10 жылында №3 мектеп-интернатының тізгінін ұстады. Осы жылдарда директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде қатар жүріп, әріптестік сыйластықпен жемісті еңбек еткенімді мақтан етемін.
Уақыт талабынан туындайтын жағ­­дайды алыстан болжайтын іскер ди­­ректор Әбіласан Әшірбековтің сал­ған сара жолын жалғап, білім теңізінде бағыт-бағдарды дұрыс қоя білді. Соның арқасында білім беру мен тәбие үрдісі ұштасып, интернаттың тәлімгерлері биік-биік жетістіктерді бағындыра бас­тады. Иә, ұжымды жаңашылдықпен одан да биік белес­терге бастады. Жаңа ғасырда әлем­дік өркениет талаптарына сай, бәсе­кеге қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін педагог кадрлардың біліктілігін көтеру мақсатында облыстық білім жетілдіру институты мамандарымен бірлесе отырып, инновациялық техно­ло­гияны меңгертуге жұмыс істеді. Ауданда алғаш рет физика, химия, биология, информатика каби­нетін заманауи талаптарға сай жаб­дықтап, оқушылардың терең білім алуына жағдай туындатты. Пән каби­неттері түгел интернетке қосылып, интерактивті тақталар орна­тылды.
Қазір бұл барлық мектептер үшін қалыпты жағдай болғанымен осыдан 20 жыл бұрын бұл үлкен жаңалық еді. Осы жұмыстардың нәтижесінде «Ақпа­раттық технологияны пән сабақ­та­рында тиімді қолдану» атты семинар ұйымдастырылып, тың тәжірибе аудан мектептеріне таратылды. Ау­данда алғаш рет «Ғылыми орталық» штабы құрылды, онда облыстық білім жетілдіру институтымен, рес­публикалық «Дарын» орталығымен байланыс орнатылды. Орталықтың жұмы­сының негізгі бағыт­тары: олим­пиадалық резерв дайындау, оқу­шыларды республикалық ғылыми жобалар байқауына қатыстыру, түрлі деңгейдегі дебат-сайыстарға баптау болатын. Мектеп-интернаттың құры­лы­мы басқа мектептерден өзгеше бол­ғандықтан мұндағы жұмыс ау­қымы да күрделі. Білім беру ісімен қатар жүретін сан-салалы тәрбие жұмыстары, интернатта жатып оқитын оқушылардың күтімі, тазалығы, қауіпсіздігі, мектептің материалдық жағдайы, бәрі де бас­шының талап­шылдығы нәтижесінде тал­ғам төрінен түскен жоқ.
Зинабдин Шермағамбетов бас­қарған жылдары мектеп-интернат облыстағы үздік 10 мектептің бел ортасында тұрды, республикада үздік танылған 100 мектептің қатарына енді. Атап айтқанда, ел бойынша 2001 жылы – 81 орында, 2003 жылы – 50 орында, 2005 жылы – 44 орында болса, 2009 жылы – 32 орыннан көрінді.
Тестілеу нәтижесі бойынша мемле­кет­тік грантқа ие болуы жөнінен 2003-2005 жылдары облыстағы ең үздік үш мектептің бірі болды. 2009 жылы мектеп бітірген 28 оқушының 26-сы мемлекеттік грантқа ие болды. Осы жылдары мектеп бітіруші 391 түлектің 41 «Үздік аттестат», 13-і «Алтын белгіге» лайықты білім алғанын дәлелдеді. Бұл – сол кездегі өлшем бойынша аудандағы ең жоғары көрсеткіш еді.
Пәндік олим­пиада – оқушының білімін таразылап, мектептердің білім беру бағдарын бағамдайтын құрал десек, интернаттан аудандық олим­пиадаға қатысқан оқушылардың дені жеңімпаз атанып, облыстық олим­пиадаға қатысатын, әрі ауданның абыройын асыратын. Сол кездері олимпиадашылардың 70-75 пайызын осы мектептің білімпаздары құрайтын. Сол жылдары 20-дан аса оқушы облыстық олимпиадада жүлделі орын алып, 2 оқушы рес­публикалық олимпиадаға жолдама алып, жақсы нәтиже көрсетті. 18 оқушы ҚР Кіші Ғылым Академиясының жанынан ұйымдастырылған республикалық ғы­лыми жобалар байқауына қатысып, жүлделі оралды.
Бұл жетістіктер айтуға жеңіл бол­ғанымен, оның артында үлкен еңбек бар. Аудан орталығындағы қарапайым ғана мектеп-интернаттың аудан, облыс, республика көлемінде осындай жетістікке көтерілуі педа­гогикалық ұжымның еңбегінің арқасы, ал, оның басында тұрған тұлғаның кәсіби іскерлігі, жаңашылдығы, талапшылдығы осы жетістікке жетеледі.
Иә, бекзат болмысымен ұлағат­ты­лықтың үлгісі болған Зинабдин ағайымыз зейнетке шыққан соң да өз биігінен түспей, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде қан­шама жыл атқарды.
Сырттан келген қонақтар біздің ағайды іздеп келіп, «Жаңақорған мен Зидабдин Шермағамбетов» деген сөз егіз ұғымға айналғандай әсер береді.
Өйткені ол кісі – татулықтың тілекшісі, жақсылықтың жаршысы қызметін жан-тәнімен атқарып келеді.
«Өнегем өлшем болар өміріме» деп аталатын кітабында:
«Құрметті қарындасым-әріптесім, Шол­­пан Әмірқызы! Текті атаның ұрпағы, тәр­биелі де өнегелі, жібек мінезді жан ретінде болмысыңды бағалып, білімді де білікті ұстаз ретінде құрметтей отырып, қасиетті де тарихи білім ордасы №3 мектеп-интернатында он жылдай бірге шәкірттерге жүрек шуағымызды төгіп, жемісті қызмет атқарған қызық та қиын ұстаздық өмірден естелік болсын» деп өрнектелген қолтаңбасын оқығанда осындай ойға келдім.
Жалпы, ағайдың қоғам, ел-жұрты алдындағы қызметтерінен басқа, өмір­ден көрген түйгендерін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, жазған құнды дүниелерін аудандық газетке жариялап, жұртқа орамды ой айтып, жақсы адамдардың жақсылығын дә­ріп­теп жүреді. Бұл ісімен де көпке үлгі-өнеге бола алады.
Кезінде ағайымыздың 60 жылдық, 70 жылдық мерейтойына қатыстық, елдің ол кісіге деген құрметін көрдік. Республиканың түкпір-түкпірінен кел­ген жақсылар мен жайсаңдармен сыйластығын көрдік. Біз халықтың ыстық ықыласына бөленген ұста­зымызбен мақ­тандық.
Бұл мақаланы жазғандағы мақ­сатым – азаматтық келбетіне қылаудай дақ түсірмей, сегіз асуды абыроймен ба­ғындырған марқасқа ағамыздың ауда­­нымыздың тарихына қалдырған қол­таңбасын көңілден бір өткізіп, көпке өнегесімен бөлісу еді.
Ел-жұртына бірдей қадірлі, осындай көкірегі қазына, сөзі шежіре, өмірі дас­тан болған тұғырлы тұлғаларымызға жастар қарап бой түзуі керек. Қолға қалам алғандағы негізгі мақсат осы...

Шолпан Мажитова,
ҚР білім беру ісінің үздігі
Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз


07 қазан 2021 ж. 524 0