№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Абырой биігінде өткен абыз, қайраткер тұлға...

Абырой биігінде өткен абыз, қайраткер тұлға...


Қазақтың арқалы ақыны Сырбай Мәуленовтің:
Өлімге жан екенсің қия алмайтын,
Өлеңнің құшағына сия алмайтын.
«Қазақты көргің келсе, міне, осы» деп,
Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын – деген жыр жолы Сәкен Сейфуллиннің болмыс-бітімін бейнелейтін көркем сөздер емес пе еді?!
Осы өлең жолдары Сәкеңе – Сәмит ағамызға да арнап айтылғандай болып көрінеді. Әрі Сәкеңнің сондай жарқын бейнесі, сабырлы да салиқалы, сырбаз мінезі, жылы жүзі, адами келбеті көз алдыңа келеді екен.


Шындығында Сәкең болмыс-бітімі биік, қабілет-қарымы шыңдалған азамат ретінде ел-халқыңа аянбай қызмет етіп, мемлекет қайраткері дәрежесіне жеткен Сыр елінің біртуар азаматы болды. Әсіресе, біздің жаңақорғандықтар үшін Сәкеңнің орны бөлек тұлға.
Сәкең – Сәмит аға біздің Жаңақорған ауданына келгенге дейін-ақ қаншама қызмет сатысынан өтіп, тәжірибе жинап, толысып, пісіп-жетілген білікті маман еді.
Институт бітіріп келіп, еңбек жолын Тереңөзек ауданында бас мал дәрігері болып бастап, 1965-1974 жылы аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бас­тығы, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, одан Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1975-1979 жылы Сырдария аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінде болып, облыстағы сатылап тез өскен, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, өрісі биік азамат еді.
Сәмит аға біздің ауданға атқару комитетінің төрағасы болып ХХ ғасырдың 70 жылдардың аяғында (1979 жылы) Сарыбаев Жұмабай ағамыздан кейін келген-ді. Жұмекең өте принципшіл, қаталдау басшы болған сияқты еді, қанша жыл істегені естен де шыға бастапты. Ол жылдары аупарткомның бірінші хатшысы Ахаң Жанпейісов болатын.
Ол кезде мен «Талап» кеңшарында №54 орта мектеп директоры қызметінде болатынмын. Сәкеңді сол ауданда өткен алғашқы жиналыстарда көріп, аудандық газеттен еңбек жолымен танысып, ауылдарды аралағанда да көріп, тыңдап жүрдік.
Сәкең ауданға келген соң, бірінші хатшы Ахаң Жанпейісовпен тіл табыса жүріп қызметін өз дәрежесінде атқарып, атқару комитетінің беделін түсірмей, ауданның көптеген мәселесін аудандық партия комитетімен (бірінші хатшымен) бірге, кейде дербес те шешіп, тіпті кадр мәселесінде талай орынды, ұтымды қадамдар жасап, ол дұрыс шешіліп жататынын ел күні бүгінге дейін айтып жүреді.
Сәкең бұл қызметке төмендегі аудан­дарда ауылшаруашылығында, атқару комитетінде жемісті қызмет атқарып, сол жылдардағы облыстағы аудандардың ең мықты бірінші хатшылары болған Қ.Әбуов, Қ.Қазантаев секілді кісілермен бірге жұмыс істеп, әбден ысылып, толысқан шағында келгені атқарған қызметінен көрініп тұратын (Сәкең ол кісілерді «менің ұстаздарым, өмір, еңбек мектебім» деп үнемі пір тұтып жүретінін талай естідік те).
Жалпы Сәмит ағаны Жаңақорған ауданы жылы да жақсы қабылдады. Елдің Мамахан Сапарбаев, Тілеу Тотаев, Әбіласан Әшірбеков, Ерман Әйтпенбетов, Б.Дүйсенбаев, Н.Шаухаманов, Ә.Әйтілеуов секілді ел ағалары, ақсақалдары Сәкеңді тек басшы ғана емес, жақын інісіндей көрді. Сәкең де оларды әрдайым ақылшы ағаларындай сыйлап-қадірлеп кетті. Өмірде азаматтың жолы болу (ісінде сәттілік болу) сияқты мәселелер адамның өзінің іскерлігіне, істің көзін тауып атқаруына байланысты шығар-ау, сонымен қатар Алланың көзі оң болып, елмен тіл табысып жұмыс істеуіне, елдің көңіл күйіне де байланысты-ау деп те ойлайсың.
Сәкең 1983 жылдың аяғына таман облысқа басқа жұмысқа ауысқан А.Жан­пейісовтің орнына ауданға бірінші хатшы болып сайланып, жауапты қызметіне кірісе салысымен, 1984-тің күріш жинау қорытындысында Жаңақорған ауданы облыста бірінші рет мемлекеттік жоспарын асыра орындап, Қызылорданың орталық алаңында ауданның осы жеңісінің құрметіне арнайы Ту көтеріліп, үлкен құрмет көрсетілгенде, жерлестерімізбен бірге қызылордалықтардың да айрықша қуанғаны есімізден кетпейді. Тіпті қуа­ныштан көздеріне жас алған жер­лестерімізді де көргенбіз. Сол күндері арнайы курста оқып жатқан біздер де, институт, училищелерде оқып жүрген жаңақорғандық студенттер де келіп қатысып, нағыз еңбек жеңісінің мерекесі, патриоттық сезімге толы ұмытылмас қуа­ныш болғанын е ұмытқанымыз жоқ.
Ахаң марқұм, елге күріш егуді, жинауды, жоғары өнім алуды үйретемін деп қанша жыл бойы семинар өткізумен, күндіз-түні шапқылаумен жүргенімен (бұйрық болмаса амал жоқ екен), бірде-бір рет жоспар орындай алмағанда, бір-ақ жылда болған мына жетістік шындығында таңданарлықтай іс болып еді. Алла елге, Сәкеңе осындай несібе, абырой сыйлап еді. Содан кейін-ақ, ауданның еңбек жеңісі жыл сайын жалғаса берді.
Сәкеңнің аудан орталығын (тіпті ауылдарды да) абаттандыру жұмысында есте қаларлық істері аз болған жоқ. Жаңақорған кентінің негізгі көшелеріне асфальт төсеу, жарықтандыру, су көздерін қарастырып көшелерге ағаш егу сияқты жұмыстарға қоса, тұңғыш рет орталық стадион салынып, пайдалануға беріліп, аудан жастарын үлкен қуанышқа бөледі. Сондай-ақ аудан халқы үшін 500 орындық аудандық мәдениет үйі, екі қабатты емхана үйі, 900 орындық №163 орта мектеп сияқты ірі-ірі нысандар салынып, ел игілігіне беріліп жатты. Сол жылдарда «Талап», «Төменарық» кеңшарларында да 640 орындық мектептер салынып, пайдалануға берілген еді. Әрине, мұндай мысалдарды әрі қарай жалғастыра беруге болар еді.
Сәкең аудан мәдениетінің өсіп-өркендеуіне де көп көңіл бөлді. Ауыл клубтарының жүйелі, нәтижелі жұмыс істеуін талап етіп, ауданда «Халықтық өнер ұжымы» атағын алған ұжымдар көбейді. Ал Мәкең – Манап Көкенов «Халық ақыны» атағын, Бексұлтан Байкенжеев «Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағын осы Сәкеңнің кезінде алса, ақын Адырбек Сопыбековке де қамқорлығын аямады. Сол сияқты Сәкең аудандық өнер мектебінің жұмысына да ерекше қолдау көрсетті. Мектеп директоры, әнші-сазгер Б.Байкенжеевті аудандық партия комитетінің бюро мүшелігіне сайлатты. (Мұндай қадам бұрын-соңды болмаған да, ешкімнің ойына да келмеген).
«Істі кадр шешеді» демекші, Сәкеңнің кезінде қолынан іс келетін қаншама азаматтар лауазымды қызметтерге жоғарылап, мұндай шешімді ел қолдап отырды. Мысалы, «Түгіскен» кеңшарының партком хатшысы А.Фейзулдаевты аудан орталығындағы ерекше құрылымдағы №3 мектеп-интернат директорлығына әкелсе, есеп саласында жүрген А.Абдуллаевты сол кеңшардың партком хатшылығына жоғарылатты. Сол сияқты кеңшар директорларын да қолдарынан іс келетін маман кадрлармен күшейтіп отырды. Сәкең осы Аманкелді інісімен ерекше сыйласумен өтті. Партиялық қызметтерде, шаруашылықта ысылған оны алдымен «Өзгент» кеңшарына директорлыққа тағайындап, одан үлкен «Бірлік» кеңшарына директорлыққа жоға­рылатты. Оның іскерлігін бағалады, оған сенім білдірді. Аманкелді де Сәкеңнің мұндай қамқорлығын айтумен жүрді. «Сәкең маған сөгіс берсе де, мен «ағалап» Сәкеңнен қалмадым» дейтін.
Иә, Әбекең Сәкеңді ұстазындай, қам­қоршы әкесіндей көрді. Ол кісі облысқа ауысып кеткеннен кейін де Сәкеңмен туған ағасындай, Айгүлмен туған жеңгесіндей араласып, бір-бірінің отбасында өтіп жатқан шаралардың бел ортасында болып, тіпті құдалықтарының төрінде отырды. Біздер әрдайым Қызылордаға барғанда, Сәкеңнің үйіне соқпай кетпейміз, міндетті түрде сәлем береміз. Әсіресе, кейіндері Сәкең науқастанып жүргенде «Арма деген әлге қуат» жолын ұстадық. «Адам сыйласқан соң, соңына дейін сыйласу керек қой» дейтін Әбекең де. Біздер Сәкеңнің достары Тұрекеңмен, Олжекеңмен, Жақаңмен, Дайрабаймен де Аманкелді, Өмірсерік үшеуміз ағалы-інілідей сыйластықта болдық қой.
«Азаматтың үш жыл жүрген жері – Мысыр шаһары» демекші, Сәкеңнің Жаңақорған үшін 10 жылда істеген істерін ел ұмытқан жоқ. Ол кісінің өзі де Жаңақорғанды бір елім деп есептеді. Елдің үлкен-кіші азаматтарымен, ақса­қалдарымен жиі араласып тұрды. Ешқашан Жаңақорған елінен байланысты үзген емес, жақсылық, жамандықтарынан да қалған емес. Біздер де қашан да Сәкеңді ең жақын ағаларымыздың бірі деп есептедік, жақсы аға деп құрметтедік. Сәмит ағаның Жаңақорған еліне сіңірген еңбегін, елмен байланысын ескеріп (22.07.1996) аудан әкімі (М.Исмайлов) мен мәслихатының (С.Скендиров) шеші­мімен, ауданымызды басқарған кісі­лердің ішінен бірінші рет Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» атағы беріліп, ол салтанатты түрде тапсырылып, ақсақалдар құттықтау сөз сөйлеп, ел-халық риза болғанына куә болғанбыз. Бұл құрмет жайлы ақындар А.Сопыбеков пен Ф.Сахиев кезінде арнау-өлеңдерін жазып, оқыған еді. («Жаңақорған тынысы», «Азаматқа құрмет», 26.07.1996)
Сәкеңді тек қызмет бабында ғана емес, ол кісінің айналасымен, адамдармен, жолдас-жора, сыйлас кісілермен арала­судағы жолын да ерекше деуімізге болады. Жоғарыда айтқандай, өмірдегі ұстаздары Қазақстанның қайраткер ұлдары Әбуов Қозтай мен Қазантаев Қонысбек ағаларын пір тұтып құрметтеуі, ол кісілердің дүниеден қайтқандағы қызметі, отбасына, ұрпағына қамқорлығы сияқты адамгершілік ұстанымы тіптен бөлек екенін естіп-біліп жүретінбіз.
Көрнекті жазушы, жерлесіміз Д.Дос­жанға деген Сәкеңнің ілтипаты мен достығы айрықша болды. Сол айтқандай, Сәкең кеше сол қазағымның көрнекті перзенті жазушы- жерлесіміз Сәкеңнің дос інісі Д.Досжан кенеттен қайтыс болғанда Астанаға арнайы ұшып барып, Дүкең інісін жерлеуінің басы-қасында болғанына риза болғанбыз. Сондай-ақ жылдық асын бергенде де Сәкеңнің бәрімізді (мен, Аманкелді, Өмірсерік, Керімхан т.б Жаңақорғандықтарды) Астанаға бастап барып, зиялы қауым өкілдерімен, мемлекет қайраткері және ақын-жазушылармен бірге асты өткізісіп, жары Сәулеге, ұлы Ардаққа көңіл, басу айтып, Сәуленің жары Дүкеңе арнап жазған екі бірдей өлеңдер кітабының тұсауын кескені де көз алдымызда.
Сәкең құрметті демалысқа шыққан, елге батагөй ақсақалдық кезеңдерде де өзі басқарған, тыныс-тіршілігін өрге сүйреген өңір халқымен байланысын үзген жоқ. Жақсылығына ортақтасты, қайғысына бірге қамықты. Елдегі жылт еткен жаңалықтарға құлағы түрік жүрді. Талайымыздың 60, 70 жас мерейтойларымыздың арнайы қонағы болып, төрімізде отырды.
Сәкең мен Айгүл 2017 жылы белгілі ұстаз, №3 мектеп интернат директоры болған достары Арасат Фейзулдаевты еске алу шарасына арнайы келіп қатысып, Арекеңді еске алып, оның аудандағы орны, азаматтығы, өзімен сыйластығы жайлы айтып, өткенді ұмытпаған мектеп ұжымына ризашылық білдіргені де ұмытылмайды.
2018 жылы Сәкең 80 жасқа толды. Сыр елінің көп жыл ел басқарған, елге еңбегі сіңген қайраткер, тұлғалы азаматы ретінде 7 қараша күні Сәкеңді облыс әкімі Қ.Көшербаев қабылдап, ізгі тілегін білдіріп, сый-құрметін көрсетіп, қабылдаудға қатысқан досы «Еңбек сіңірген дәрігер», облыстың «Құрметті азаматы» Тұрекең Маханов пен облыстық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы С.Дүйсенбаев та Сәкеңді құттықтаған болатын.
Сөйтіп 2018 жылдың қоңыр күзінде Сәкеңнің 80 жасқа толған мерейтойын мерекеледік. Міне, осы бір шуақты шарада зиялы қауым тара­пынан қаншама игі тілектер айтылып, құрмет көрсетіліп, Сәкеңді бір серпілтіп тастады. Біз де Сәкеңе деген інілік тілегімізді айтып, құрметімізді көрсетіп қайтқан болатынбыз.
Мерейтойда Сәкеңнің қайраткер інісі Қ.Бей­сеновтің демеушілігімен жарық көрген «Дария ғұмыр» атты кітабы таратылып, ел ағасының өмір шежіресіндегі ғибратты өмір өрнегі көпке үлгі етілді. Бұл кітапқа Аманкелді екеуміздің «Сыр елінің абыз ағасы» атты мақаламыз да енгізілген еді.
Өмірде қуаныш пен қайғы кезек келетіні ақиқат. Былтыр індеттің бірінші толқыны кезінде досымыз Аманкелді мәңгілік мекеніне аттанды. Бұл хабар Сәмит ағамызға ауыр тиді. Өйткені екеуінің арасында ағалы-інілі байланыстан бұрын, рухани сыйластық терең болатын...
Сәкең соңғы жылдары денсаулығы сыр беріп, ауырыңқырап жүрді ғой! Астанаға бір-екі рет барып ем-дом да қабылдады. Біз де әрдайым барып сәлем беріп, көңілін сұрап тұратынбыз. Бірақ «айналдырған ауру алмай қоймайды» дегендей, Сәкеңнің 2020 жылдың 20 тамызы күні дүниеден өткені жайлы суық хабар жетіп, қимас та абыз ағамыздан айрылғанымызды естіп, көңіліміз құлазып, «дүние-ай, осындай жалған екенсің ғой» деп өкініп, қайғырдық. Әрине, дүниеден өтпейтін адам жоқ, бірақ ел-халқына ерекше еңбек сіңірген, өмірде қайраткерлік жолы бар, абыз ақсақалдық жолды ұстаған тұлғалы азаматтың орны әрине бөлек.
Сәкең осындай елге сіңірген еңбе­гіне қарай мемлекеттік «Құрмет бел­гісі», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерімен және 4 ауданның «Құрметті азаматы» атағына ие болған ел ағасы еді. Сыйласатын дос-жарандары да көп болатын «Өлімге жан екенсің қия алмайтын» деп осындай кісілерге айтылады екен-ау дедік.
Сәкеңнің қазасына жаңақорғандықтар арнайы бата оқып қайттық. Сәкеңінен айрылған Айекең – Айгүл жеңгеміз, Сәкең мен Аманкелдіні бірге жоқтап, ол кісілердің ағалы-інілі достықтарын, адами қаси­еттерін, екеуінің бірінен кейін бірі бақилық болғанын айтып, сай-сүйегімізді сырқыратты. Әрине, оңай емес...
Қызылорда облысының әкімдігі, облыс­тық мәслихат, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы, облыстық қоғамдық кеңес және ардагерлер кеңесі атынан берілген қазанамадан, Сәкеңнің қай­раткер досы Тұрғанбай Махановтың «Елдің азаматы еді», қайраткер құдасы Аббас Камаладдиннің «Парасатты болмыс иесі еді», қайраткер інісі Ш.Төребаевтың «Сәулелі ғұмыр» жаңақорғандық інісі Ерубай Қалдыбектің «Абырой асқа­рындағы азамат» мақа­лаларынан Сәкең­нің биік парасат иесі екендігі тағы да көз алдыңа келеді. Барлық аудан­дардың, жекелеген азаматтардың Сәкең­нің қаза­сына бай­ланысты берген жедел­хаттары ол кісінің елге сіңірген еңбегі мен өмірдегі биік адами болмысына, орнына құрметтің бір белгісі деп білеміз.
Сыр елі, Қызылорда облысының халқы, біздің Жаңақорғандықтар Сәкең секілді атпал азаматын, қайраткер ұлын ешқашанда ұмытпақ емес. Сәкең елінің есінде, халқының жүрегінде ұзақ уақыт сақталады.

Зинабдин ШЕРМҰХАММЕДҰЛЫ,
Жаңақорған ауданының
«Құрметті азаматы»

26 қыркүйек 2021 ж. 396 0