Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Қазақтың біртуар абызы

Қазақтың біртуар абызы


Сәкең – Сейілбек Шаухаманұлы еске түскен сайын менің ойыма оның бойындағы көп адамдарда жоқ ерекше қасиеттері орала береді. Сейілбек ағаның тұла бойы тұнған талант, түртіп қалсаң, бәрі бірінен кейін бірі жарқырай көріне беретін таусылмас қазына сияқты. Ол кісідегі ақыл-парасат, таусылмайтын тың ой-идеялар, ел басқарудағы іскерлік, қарым-қабілет, тапқырлық, қайраткерлік, шаршамайтын шабыт-жігер, сұңғыла шешендік, сөз бастар көсемдік – бәрі де бір Сәкеңнің бойынан табылатын еді-ау. Табиғат бір адамның бойына осыншама қабілет-қасиеттерді бере береді екен ғой.

Өмірден көрген-түйгеніне қоса, керек материалдарды, цифрларды, мақал-мәтелдерді, шешендік сөздерді жинап жүруді қалай дағдыға айналдырған дерсіз?! Кейінгі жылдардағы шығармашылық жолға бой ұруы да осы бай да дарынды дағдының жалғасын табуы деуге болатын шығар.
«Ерін елі өсіреді, дәуірі таңдайды» демекші, елінің де, дәурінің де сол сынынан сүрінбей өту, елі үшін жасынан барын салып қызмет ету және сол елінің құрметіне бөлену екінің бірінің пешенесіне бұйыра бермейді.
Міне, сол тағдыр, сол бақыт, сол биіктік бұйырып, абыроймен зейнетке шығып, туған елінің ортасында алшаң басып жүріп өткен. Сыр елінің дарынды перзенті, қайраткер ұлы Сәкең- Сейілбек Шаухаманұлы болғанына бүкіл ел куә.
Жалпы Сейілбек Шаухаманұлы жайлы жазу оңай дүние емес. Сонда да болса мен әрі замандас, әрі жерлес, әрі аз да болса қызмет саласында және ардагерлер кеңесі жұмысында ардақты ағаның қарамағын көрген інісі ретінде өз шамамызша естелік жазуды жөн көрдім.

Менің қолымда Сәкеңнің 75 жылдық мерейтойына аудан ардагерлерінің, өзімнің атымнан жазылған арнау тілегімнің көшірмесі бар. Онда мен Сәкеңнің өзім білетін біраз ерекшеліктері мен қадір қасиетін жазған екенмін.
Құттықтау хатта:
«Аса құрметті Сейілбек Шаухаманұлы! Сізді ерекше құрмет тұтатын інілеріңіздің бірі ретінде 75 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Жетісу өлкесі мен туған жеріңіз – Сыр елінде бірнеше жыл бірінші басшылықта болған өмір-еңбек жолыңыз мазмұндылығымен де, бедел-биіктігімен де бүкіл елге үлгі-өнеге. Бұл кез-келген азаматқа бұйыра бермейтін аса жауапты да абыройлы жол. Сіз Кеңестік дәуірдегі облысымыздың соңғы 1-ші хатшысысыз және еліміздегі әкімдік басқару жүйесіндегі алғашқы облыс әкімі, Парламентте алғашқы Сенатор болған қайраткерсіз, Елбасының сенімді серігі, оның идеяларын іске асырушысының, Тәуелсіз Қазақстанның Сыр еліндегі темірқазығының бірісіз.
Сіз өмірден көрген-түйгені көп шежіре-дастансыз, сөз қадірін білетін, оның құдіретін меңгерген сұңғыла шешенсіз, керемет мазмұнды кітаптардың авторысыз. Елге ақыл беретін, билік айтатын Төле биісіз, ел ақсақалдарының, ардагерлерінің жоғын жоқтар, сөзін сөйлер қамқоршысысыз.
Осылайша мына керемет заман­да ақылмен ойлап, байыппен бой­лап, елдің абыз ағасы атанып, өмірқосағыңыз Жұпар жеңгемізбен бірге еліңіздің, перзенттеріңіздің, немере-шөбере­леріңіздің ортасында өмір қызығын көріп, үлкен абыройдың иесі болып, туған жердің төрінде алшаң басып жүріп жатырсыз. Осыдан артық бақыт бола ма?» деген екенмін.
Сейілбек Шаухаманұлының облыс бас­шысы (әкімі) кезінде, аудан әкі­мінің орынбасары (1992 жылы), ал Шәкең Қарақожаев зейнетке шыққан соң (1994 жылы) орнына бірінші орынбасары қызметінде болдым. Аудан әкімі И.Әбибуллаев Сәкеңнің келісімімен, №54 мектеп директорынан мені орынбасарлыққа шақырды. Өте қиын кезең – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары (1992-1995 жылы). Өндіріс тоқтап, шаруашылықтар тарап, ел әрі-сәрі күй кешкен кез. Айлық, зейнетақы, жәрдемақы кешігеді (жұрттың теміржолға дейін шыққан кездері болды).

Сәкең Сыр елі халқын сол қиыншылықтардан шығудың жолын іздеп, бар мүмкіндікті қарастырды. Елді жігерлендіріп «Тұрғын үй – 91», «Жасыл өлке – 95» бағдарламаларын қабылдады. Тұзды, шөлді Қызылорда облысы, елдің жанкешті еңбегінің арқасында (қаншама экологиялық аймақ болса да) жерден өнген өнімдерді қайта өңдейтін цехтар аштырып, дағдарып қалған елге «жоқтан бар жасаудың», тығырықтан шығудың жолын үйретіп семинарлар ұйымдастырды.

Сол кезде Сәкең қолдап, аудан әкімі И.Әбибуллаев қолға алып, аудандағы жер кепеде отырған барлық шопандарға аудан мекемелерін ұйымдастырып үй тұрғызып бергені де ерлікке пара-пар іс болды. Ал елді мекендерді жасыл желекке айналдыруға да болатынына көз жеткізу үшін ауылдардың кіре берістерінен бастап ағаш ектіріп, гүл өсіртіп, экологиядан қорғану шараларын қолға алып, аудандарда, облыс орталықтарында ағаш егу, бауды күту, «Гүл мерекелері» сияқты тақырыптарда семинарлар өткізді. Ауданымызда мен басшылық жасайтын салада да (идеология, мәдениет, денсаулық, білім, әлеуметтік салаларда) облыс, аудан әкімдерінің қолдауымен түрлі елге керекті шаралар өтіп жатты.
Қандай қиындықтар болмасын, елдің, адамдардың рухани тіршілігі саябырсығанмен, тоқтаған жоқ. Мысалы, Сәкеңнің қолдауымен облыстық телерадио орталығының (Ж.Бакиров) және аудан әкімі И.Әбибуллаевтың ұйымдастыруымен талантты сазгер Бексұлтан Байкенжеевтің шығармашылық кеші (концерті) өткізіліп (1992 жылы), оны телефильмге түсіріп, бір сауап іс жасалғанын айтып өткім келеді. (Өйткені келесі 1993 жылы сол Бексұлтан кенеттен дүниеден өтіп, ел өкініп қалған еді). Сол түсірілім-концертке Алматыдан белгілі өнер шеберлері Зейнеп Қойшыбаева, Мадина Ералиева, Әсет Бейсеуов, Темір Тайбеков т.б қатысқан болатын. (Осы телефильм лентасы таптырмас тарих болып қалып, қазір алтын қорда сақтаулы тұр).
Сондай-ақ сол жылы көрнекті жазушы, жерлесіміз Д.Досжановта 50 жасқа толып, қасына халқымыздың кемеңгер ұлы Әбіш Кекілбаевты ертіп туған жеріне келіп, ел-халықпен кездесіп, ауқымды шаралар өткізілді. Сол жолы халқымыздың талантты ұлдарын елге облыс орталығынан Сейілбек Шаухаманұлының өзі бастап келіп, Шиелінің шекарасынан біздің ауданға табыстаған еді. Сол сияқты, Сәкең келесі 1993 жылы атақты оташы, Халық қаһарманы, академик Мұхтар Әлиевті 60 жасқа толуына байланысты елге шақырып, туған елі Жаңақорған ауданына бастап келіп, елмен кездестіріп, демалдырып, Кеңес аулында «туған топырағына аунатып» екі күн бойы бірге болып, ерекше құрмет көрсеткені әлі есімізде.
Сәкең осы жылдарда елдің бір ауық көңілдерін көтеріп, олардың өмірге болашаққа деген сенімін, ықыласын арттыра беру мақсатында елге халқымыздың қаһарман қызы, атақты әнші Роза Бағланованы арнайы шақырып, жерлесіміздің әр ауданда апталап өнер көрсетуін ұйымдастырғаны, сондай-ақ жас та талантты әншілер Роза Рымбаева мен Мәдина Ералиеваның аудандарда концерт қоюына мүмкіндіктер жасағаны еске түседі.
Енді бір ерекше есте қалатын шара – Сейілбек Шаухаманұлының сол жылдардағы жағдайға қарамай, Өзбекстанның көрші облыстарымен тәжірибе алмасу мақсатында қарым-қатынас жасауды ұйымдастырғаны болды.
1994 жылы күзінде болуы керек, облыс әкімі Сәкеңнің шақыртуымен облысқа Өзбекстан Республикасы, Хорезм облысының әкімі Марс-ака бастаған делегация келіп, облыс орталығынан соң біздің Жаңақорған ауданы қарсы алды. Ол жылдары ауданда Мұхит Исмайлов әкім, мен оның идеология жөнінде орынбасары болатынмын. Қонақтарды Сәкеңнің өзі бастап келіпті. Кешқұрым «Сунақата» ауылының тұсынан қарсы алып, үлкен жолдың бойында өзбекше музыкалатып, үлкен би ұйымдастырылды. Қонақтарға нан-тұз ұсынып, ауыл, аудан өнерпаздары ой бір биді қыздырған еді. Әлі есімде, үш күн бұрын соқырішектен ауруханадан шыққан Жаңақорған кентінің әкімі Зайнидин Әбусейітов дүбірге шыдамай, өзбекше-қазақша биді жандыра билеп, қонақтарды риза еткені бар. Сәкең риза болып, әзілдеп: «Әй мына әкімдеріңнің қарны қайта жарылып кетпесін» деп жұртты күлдіріп жатты. Осы биі себеп болды ма, Зәкең көп ұзамай аудандық мәдениет бөліміне бастық болып кетті.
Одан кейін мен Сейілбек Шаухаманұлымен екінші рет тікелей ардагерлер кеңесінде жұмыстас болдым. Әуелі 2011 жылы аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, 2012 жылы (Мақаңның орнына) төраға болған болатынмын. Осы салаға Сәкең-Сейілбек аға келгелі облыста да, ауданда да ардагерлер кеңесінің жұмысы бұрынғыдан жаңарып (жанданып) кеткендей еді. Кәдімгі күнделікті тынымсыз, екі мезгіл жұмыс (Сәкең мен орынбасары Күләйдің талабы күшті). Ұран: «Бірде бір ардагер-зейнеткер егесіз қалмасын!» Содан соң: Барлық ауылда, мекемелер, мектептер жанынан жаңадан бастауыш ұйымдар ашуды жалғастыру; Мекемелері тарап кеткен ардагерлерді бар ұйымдарға қосу; Барлық ардагерлерді (барлық мәліметімен), компьютерге (сайтқа) түсіру; Әсіресе ҰОС-ы ардагерлеріне, оған теңестірілгендерге қамқорлықты күшейту (Аудандық әлеуметтік қолдау мекемесімен байланысты жолға қою); Тендірге түсіп, қаржы табу Ардагерлер арасында түрлі шаралар, жарыстар ұйымдастыру Ардагерлер Кеңесінің, бастауыш ұйымдардың беделін көтеру бағытында жұмыстар ұйымдастыру (арнайы бөлмеге, телефонға, материалдық базаға, стол жабдыққа, компьютерге т.б заттарға қол жеткізу); сияқты жұмыстарды іске асыру қолға алынды.
Сәкең облыстық ардагерлер кеңесінде жылына 2 рет Пленум, 4 рет Алқа өткізіп, әр ауданды, бастауыш ұйымдарды арнайы тақырыптарда есебін тыңдайтын, қаулы-шешімдерін алып, аудандарға тарататын. Соңғы бір Пленумда Сәкең «Қазақи қасиеттерімізді жақсартудағы облыс ардагерлер ұйымдарының міндеттері» деген тақырыпта 45 минуттық баяндама жасап, қазақ дәстүріндегі бұрыннан келе жатқан керемет қасиеттеріміз? қоса тойдағы, астағы ысырапкершілік жайлы ой қозғап елдегі етек алып бара жатқан қазақи дарақылық пен ысырапкершілікке тосқау салуға қозғау болды.
Ал Сәкеңнің өткізіп отыратын Пленум, конференциясы баяғы обком, райкомдардың Пленум, конференциясындай болып өтетін. Алқа мәжілісі де жауапкершілікпен өтетін.
Жалпы Сейілбек аға бастаған облыстық ардагерлер кеңесі жыл сайын ардагерлер арасында олардың күнделікті өмірлерін мазмұнды, қызықты өткізу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, ойлы да қимылды ойындар («шахматшылар», «теннисшілер», «дойбышылар», «тастаяқшылар», «балық аулаушылар») сайыстарын өткізіп тұруды үрдіске айналдырғанды. Оған әр ауданнан ардагерлер қатысып, жүлделі орындарды ортаға салады. Біздің ауданда да ардагерлер кеңесі жанында ардагер «шахматшылар», «теннисшілер», «ақын-жазушылар» клубтары, «Ақ әжелер» ансамблі жұмыс істейді. Әсіресе шахматшылар клубында күніге 5-6 тақтада ардагерлер ойын ойнайды, біріншіліктер ұйымдастырылады. Ал «Ақ әжелер» ансамблі (10 мүшесі бар) даталы күндерде аудандық концерттерге қатысады. Сол сияқты облыстық ардагерлер кеңесі тікелей Сәкеңнің ұсынысымен, басшылығымен «Қазақтың келіндері-ай» және «Бата берушілер» сайыстарын тұрақты түрде өткізуді де қолға алып, бұл сайыстар аудандарға да үлгі болды. Қазір барлық аудандар осындай тақырыпта сайыстар өткізуді үрдіске айналдыра бастады.

Сейілбек Шаухаманұлының өмір көргендігі, әр істің көзін білетіндігі, абырой-беделі дегеннен шығады. Сәкеңнің кезінде ардагер-қарттарды шипажайларға демалдырып тұру үрдісі қолға алынып, ол 5-6 жылға жалғасын тапты.

Жыл сайын облыстық «Игілік» т.б қорлар арқылы әр ауданға 100-120 жолдамадан беріп, ардагерлер «Сарыағаш», «Мерке», «Жаңақорған» және Көкшетау шипажайларында демалды. Мұның бәрі, шындығын айтқанда, тікелей Сейілбек ағамыздың жеке беделінің арқасында жасалған қамқорлық болатын. Сол сияқты, Астанаға «ЭКСПО-17» көрмесіне 2-3 рет ардагерлерді жіберіп алды.
Сейілбек Шаухаманұлы облыстың барлық аудандарында кезекпен семинарлар өткізіп тұрды. 2013 жылы (менің жаңа төраға болуыма қарамастан) біздің ауданда да кезекті семинар өткіздік.
С.Шаухаманұлының үлкен бір еңбегі Жеңістің 70 жылдығы мерекесі тұсында ерекше көрінді. Сол 2015 жылы - Ұлы Жеңістің 70 жылдығына республикада (Ө.Озғанбаев) облыстық ардагерлер кеңесі (С.Шаухаманов) көп жұмыстар ұйымдастырды. Үлкен іс-шара жасап, арнайы Пленумда қарап, бекітті. Біздер аудандық ардагерлер кеңесінде Пленум өткізіп, іс-шара жасадық. Облыста өткен шараға қатыстық (сыйлықтар таратылды). Арнайы әр ардагерге телефон тапсырылды. Оларға Сәкеңнің ұсынысымен 7 жақтан демеуші белгіленді. Әр ауылда, ауданда құрмет көрсетіліп, 9 майда Орталық «Тағзым» алаңында боздақтар еске алынып, арнайы қойылым көрсетілді. Соңында дастархан жайылды. Сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесі 70жылдық құрметіне «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты фестиваль өткізді. Оған қала, барлық аудан ардагерлері қатысып, өнер көрсетті. Фестивальді С.Шаухамановтың өзі ашып, өзі қорытындылады. Біздің аудан жүлделі орын алып, Республикаға ардагер әншілер Б.Төребаев пен І.Нәрзілдаев жолдама алды. Бұл фестиваль жыл аяғына дейін жалғасып, «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты өнер жарысына ұласты.
2016 жылы Республика ардагерлерінің VII сьезі өтті. Біз ол сьезге облыстан үш ардагер делегат болып қатыстық (Сәкеңнің өзі, төменгі аудандардан О.Бекпанов (Қазалы), оңтүстіктегі аудандардан – Мен – З.Шермағамбетов). Сьезд үлкен бір жайда өтті. Оған басшылардан әлеуметтік қолдау министрі (К.Әбдіқалықова) қатысты. Президиумға төрттің бірі болып біздің Сәкең де сайланды. Сейілбек ағаның беделі кешкі аста да көрінді. Арнайы берілген дәмде (банкетте) Сәкеңе 1-ші сөз берілді. (әр аймақтан: Батыс, Шығыс, Оңтүстік, Солтүстік) бір-бір төрағалар сөз сөйледі. Сьезд адында «Отан-Ана» монументіне гүл қойып, суретке түстік. Одан кейін Сәкең бастап әскери мұражайды да аралап көрдік.
Сәкең қаншама жылдар биік қызметтерде болды, талай шетелдерде, мемлекеттік делегациялар құрамында да, болып депутаттыққа (сенатқа) сайланып, өмірден көрген түйгенін зейнетке шыққан соң қағаз бетіне түсіріп, шығармашылықпен да айналысты, қаншама көлемді энциклопедиялық мақалалар, эссе-естеліктер жазды. Бірнеше кітаптың авторы бола отырып, ҚР жазушылар одағына мүше болды. «Ер қанаты- ат», «Алтын алма, ақыл ал», «Бақытыңды бағалай біл», «Ақ бата» т.б кітаптары ел іздеп жүріп оқитын құнды дүниеге айналды. Ал ол кісінің Д.Қонаев, Ы.Жақаев, Ә.Нұрпейісов, И.Әбдікәрімов, Е.Әуелбеков, Т.Есетов, Ы.Қалиев, Қ.Қазантаев, Ұ.Еспанов, М.Әбдразақов, Тазагүл, Шырынкүл, Сәлима т.б халқымыздың кемеңгер перзенттері мен қайраткер ұлдары, Еңбек Ерлері, атақты жерлестер, ардақты аналар т.б жайлы әр жылдағы жазған эссе-шығармаларын, естелік мақалаларын толқымай оқу мүмкін емес. Сондай-ақ Сәкеңнің қай жылы қажылық сапарға барып келгеннен кейін (2014ж) жазған «Қажылықтың табиғаты мен тағылымы», сәл кейінірек жарияланған. «Жалаңтөс Баһадүр- ислам дінінің қолдаушысы әрі қорғаушысы» атты Шымкентте өткен халықаралық конференцияда жасаған баяндамасы (2017ж), ал Сәкеңнің жылдық асы қарсаңында (2019ж) «Ардагер айнасы» газетінде жарияланған «Ақын Манап аманаты» атты естелік мақаласы нағыз имандылықтың, өнегенің қарасөзбен жазылған дастаны дерсің. (Менде Сәкеңнің жоғарыдағы аталған кітаптары мен мақала- шығармаларының бәрі дерлік сақталған деуге болады).
Бұрыннан да салауатты өмір салтын ұстанатын Сәкеңнің соңғы жылдары имандылықтың шын жолына түскенін көріп жүрдік. Намазын үзбеді, жұмыста, тіпті тойда отырғанда да арасында намазын оқып алады. Астанаға ардагерлердің VII сьезіне барғанымызда да уақытын тауып намазын оқып жүрді.
Ал 2014 жылы Сәкең мұсылмандықтың ең үлкен парызы – Меккеге сапар шегіп, қажылық парызын өтеп те қайтқан болатын. Келген соң, жоғарыда айттым, қажылық сапардың қыры-сыры, қасиеті, Алланың құдіреті жайлы үлкен мақала жазды. Парасатты да иманды жан ретінде Сәкең ата-бабалар жолын осылай жалғастырған еді.
Сәкеңнің қайраткерлігімен қатар, сөзге шешендігіне, ой тереңдігіне, сөз тапқырлығына, мақал-мәтел қолданысына, мағынасы ұқсас (синоним) сөздерді өз ойын жеріне жеткізе беру үшін қолданатын шеберлігіне ешкімде тең келе бермейтін. Ойларында өмір, тіршілік шындығы астасып жататын. Ол кісінің мемлекет және қоғам қайраткері Сыр елінің Исекеңі (Исатай Әбдікәрімов) дүниеден қайтқандығы оның өмірі мен тағдырын келтіре айтқан қоштасу сөзін, ел көпке дейін ризалықпен айтып жүрсе, ал комсомол, партия қызметтерінің қайраткері, жаны да өмірі де таза А.Айдосов дүниеден озғандағы қаралы жиында айтқан: «Тірлікте түкке тұрмайтын адамдар бар, бірақ дүниесінің есебі жоқ, ал пайғамбардай (таза) азаматтар бар, бірақ мінерге есегі жоқ» деген сөзін ащы шындық әрі әділ айтылған сөз болды деп тарасқан жұрттың Сәкеңе тәнті болғанын көрген едік. Сондай-ақ ақын інісі, сыйлас замандасы Әскербек Рақымбековтің шығармашылық кешінде «Бұл Әсекең аяғының астындағы жерді де аяп басады, мұның жүрегі өте жұмсақ қой» деп жұртты күлдіргені әрі Әсекеңнің жан- дүниесіне, мінезіне әділ баға бергені есімізде қалыпты.
Жалпы Сәкеңе табиғат шешендікті мейлінше өлшеусіз берген ғой. Сәкең сөйлесе, сөздің реңі кіре түсетін еді. Сыр елінде мейлі той, мейлі ас болсын, Сәкеңсіз ешкім сөз бастамайтын.
Сәкең өмірден қазақтың нағыз абыз ұлы, қайраткер перзенті болып өтті. Күн өткен сайын қасиетті Сыр елінде оның жоқтығы біліне бастады. Өйткені Сәкең Сыр елінің ұмытылмайтын, қайталанбайтын дара да биік тұлғасы еді ғой. Енді Сәкеңнің екінші өмірі- мәңгілік өмірі басталды. Сондықтан аймақта «Сейілбектану» оқуы және көшелерге, т.б оқу орындары сияқты нысандарға есімін беріп, есте қалдыру шаралары басталу керек деп ойлаймын. Оған Сәкеңнің- Шаухаманов Сейілбектің өмір жолы, еліне, халқына сіңірген еңбегі әбден лайық деп білеміз.

Зинабдин ШЕРМҰХАММЕДҰЛЫ,
Жаңақорған ауданының
«Құрметті азаматы»,
облыстың, ауданның
«Құрметті ардагері»
21 желтоқсан 2019 ж. 680 0