» » » Елге қызмет – ерге міндет

Елге қызмет – ерге міндет

Елбасы биылғы Жолдауында «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасына баса мән беріп өтті. Негізі бұл бағдарлама 2015 жылғы Жолдауда да қамтылып кеткен еді. Мемлекет тегін кәсіп үйреніп, ісін ұқсататындарға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Бұл жобаға ынта танытқандар тыңғылықты кәсіпке бейімделеді, тегін оқиды, қосымша шәкіртақы алады, жайлы жатақханасы бар. Осындай міндет үдесінен шығып отырған Жаңақорған аграрлық-техникалық колледж директоры Жомарт Шәуеновты сенбілік сұхбатқа шақырған едік.
– Сізді осы оқу-өндірістік ошағының түлегі деп естідік. Сол кездегі өзіңіз оқыған кәсіптік училище мен бүгінгі жаңа атауға ие болған колледждің айырмашылығы қандай?
– Коледждің негізі 1961 жылы қаланған. Осы жылдар ішінде, яғни 60 жылдай уақыт болған кәсіптік білім ордасы салынғалы бері бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген екен. Еліміздегі колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартып, заманға сай білікті маман даярлау міндеттелді. Қазақстандағы 795 орта оқу орнының ішінен Жас маман жобасы аясына 180 кәсіптік білім мекемесі таңдалды. Соның сапында Қызылорда облыстық білім басқармасына қарасты 30 техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындары ішінен «Жас маман» жобасына 10 оқу орны енгізілді. Соның бірі Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі.
Жобаның мақсаты worldSkills стандарттарының халықаралық тәжірибесін енгізе отырып, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы сұранысқа ие 100 мамандықты анықтау және қайта жаңғырту болып табылады. Жобаны іске асыру қорытындылары бойынша оқу ұйымдары республикалық және халықаралық деңгейлерде талап етілетін мамандарды даярлау үшін қажетті қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылатын болады. Мәлімделген мамандық бойынша өз өңірі үшін құзірет орталықтарына айналады. Сондай-ақ worldskills чемпионаттарында қатысушыларды даярлауды жүргізеді. Ел басы тапсырмасымен іске асқан жоба аясында «Дәнекерлеу ісі» және «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша колледжімізгереспубликалық бюджеттен 320 млн. тенге бөлінді. Бұл қаржыға кәсіптік білім мекемелері халықаралық стандарттарға сай соңғы үлгідегі құралдар сатып алынуда.
 – Иә, аз уақытта көп іс тындырып, іскерлігіңіз көпті мойындатты. Сіз үшін табыстың түпқазығы неде?
– Өмір жолында үш адамды үлгі тұтамын. Біріншісі ауданның мәдениет үйін басқарған, кенттің әкімі болып қызмет еткен Зайниддин Абусейітов. Аудан әкімі орынбасары қызметін талай жыл атқарған Серқожа Ыдырысовпен 7 жыл бірге жұмыс істедім. Одан кейін 14 жыл білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимовпен қызметтес болдым. Осы кісілерден жұмыс бабында, өмір жолында көп сабақ алдым. Өмірім еңбекпен өрілді. Күніне 200 сиыр сауып, 70 – 150 нан жапқан кездерім болды.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Ата-анамыз өсірді, жетілдірді. Оқыдық. Енді елге қызмет ету міндеті тұр. Сыртқа жауапты қызметтерге шақырған кездері болды. Бірақ ең алдымен өзіңнің кіндік қаның тамған туған жерге қызмет ету ең үлкен абырой. Қазақта «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақалды берік ұстанатын жанмын. Оның үстіне өзім оқыған білім ордасына келдім. Мұндай абыройлы жүкті алып жүру зор жауапкершілік, асыл міндет.
– Қандай басылымдарды оқисыз?
– Ауданның төл басылымы «Жаңақорған тынысы», облыстық «Сыр бойы» газетін үзбей жаздырып оқимын. Әрбір жаңалықты қалт жібермеймін.
– Зиялы деп кімді айтар едіңіз?
– Зиялы деп кез-келген ортада сыйлы, елге жерге қызмет еткен тұлғаны айтуға болатын шығар. Мұндай жандар көп.
– Сіз үшін ең үлкен байлық не?
– Әрине, денсаулық. Жасыңда денсаулықтың қадірін білу керек деп ойлаймын.
– Басшылықтың қиын не оңай жақтары бар ма?
– Жалпы қандай жұмыс болмасын оңайы жоқ. Жұмыс істеймін деген жанға кез-келген жұмыстың ауыртпалығы болады. 2020 жылдан бастап мекеме қызметкерлерін ықшамдау талабы тығырыққа тіреді. Қысқартқанды кім қалайды? Барлығы осы жерде жұмыс жасағысы келеді. Барлығы ауданның тұрғындары, барлығының қазанының қайнағанын тәуір көріп тұрасың. Бірақ жұмыстың аты жұмыс. Әр саланың тиісті мамандары қалыпты жұмысымызды жалғастырып келеміз.
– Тойға барасыз ба?
– Ет-жақын бауыр, туыстарым, жақындарымның тойына қызықшылығын бөлісуге бармын. Бірақ дәл қазіргі жағдай той тойлайтын заман болмай тұр. Сондықтан тойға баруды шектей тұру жөн.
– Ұл-қыздарыңызға қандай әкесіз?
– Жеті қыз, 1 ұлым бар. Балаларымның үлкені – Ерасыл. Әріптестерімнің ішінде құрдасым да бар. Сол құрдасымнан жұмыстағылар «Басшымыз күледі ме өзі?» деп сұрайтын ұқсайды. Жұмыста талапшыл басшы болсам, өмірде мүлде басқа адаммын. Достарымның арасында ашық жарқын, сырын сеніп тапсыра алатын дос болсам, балаларыммен де балаша ойнаймын. Кейде келіншегім «Сені де бір мекенің басшысы дейді-ау» деп күледі.
– Өмірде өкінішіңіз бар ма?
– Жалпы, өткен іске өкінбеу керек сияқты. Барлығы Алланың қалауымен болып жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
04 қыркүйек 2021 ж. 525 0