№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Азаттық – Хақтың берген ұлы сыйы

Азаттық – Хақтың берген ұлы сыйы


Жаратқанға сансыз шүкір. Ұлы дала елінің ең асыл айғағы не десе, тәуелсіздік дер едік. Себебі, тәуелсіздікпен бірге, дін, діл, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар халықпен қайта қауышты. Өткенге көз жүргітсек, сүрлеуі мол соқпақтан, қауіп-қатері көп көпірден де өтіппіз. Азан – ақырын, жаназа – жасырын оқылған кезең тарих қойнауында қалды. Өшкен жанып, ұмытқан жадымыз да жаңғырды. Бабалар аңсаған арман осы – ел егемендігі еді. Тәуелсіздік алған жылы республика бойынша небары 46 мешіт болыпты. Бұл 1990 жылғы статистика. Ал, қазір бір ғана Жаңақорғанның өзінде 35 имандылық үйі бар. Жалпы, ел бойынша Алла үйінің саны 3000-ға жуықтады. Тіршілік пен қоса құлшылықты атқаруға мол мүмкіндік туды. Міне, осының бәрі әуелі Алла, тәуелсіздік алғанның жемісі. Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына тура 30 жыл толғалы тұр. Осындай мерейлі дата аясында Жаңақорған ауданында Тәуелсіздік жылдарында атқарылған, яғни 30 жылдық діни тарихи бедерін бір парақтап шықсақ. Жеткен жетістігіміз бар. Тындырымды сауапты да, жауапты шарамыз бар.


АУДАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ МЕШІТ

Негізі Жаңақоран кентінде 1982 жылы «Қум сахаба» мешіті салынды. Көнерген мешіт 2017 жылы демеушілердің қолдауымен жаңа құтханаға қоныс аударды. Ал, азаттықтың ақ таңы атқан Тәуелсіздік алған тұста ауданда ең елғаш 1991 жылы Аққорған ауылдық округіндегі мешіт ашылған. Асар әдісімен салынған бұл ғибадат үйі бүгінде шәкірттердің діни сауат ашатын медресесіне айналды. Қазір Аққорған ауылында күмбезі көкпен таласқан заманауи құтхана бар. Мұнан кейін 1992 жылы Сунақата ауылдық округіндегі «Мұса қожа» мешіті ел игілігіне пайдалануға берілген. Әрине, одан кейін Алты ата ағайынның ауызбіршілігі мен ынтымағы арқасында аудан орталығында орталық мешіт бой көтерді. 1993 жылы құрылыс басталған имандылық үйі 1995 жылдың қара күзінде пайдалануға берілді. Бүгінде «Жаңақорған аудандық орталық» мешіті атауына ие болған құтхана жамағаттың жиі келетін имандылық ордасына айналды.
ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдар­дағы тоқырау да 6 мешіт асар әдісімен, тұрғын үй не өзгеде ғимарат нысанын мешітке айналдырған. Оның ішінде Түгіскен жаңа мешіт соқса, Сүттіқұдық ауылы күрделі жөндеуден өткізген. Күрделі жөндеуден өткен мешіт қатарында Кеңес ауылындағы «Досан-ата» мешіті бар. Ал, қалған имандылық үйінің барлығы дерлік заманауи типтік үлгіде салынған, қос мұнаралы мешіт. Ең алғашқысын айттық. Енді осы мешіттердегі имамдардың біліктілігіне тоқталсақ.
Жалпы, аудан бойынша, жасыратыны жоқ, мешіт имамдарының басым бөлігі егде жасқа келген ел ағалары. Бұрын сан салада қызмет еткен ағалар бүгінде дін бірлігін дәріптеуде. Тәуелсіздік алған тұстан бастап, қазірге дейін барлық имамдар Алматы қаласындағы Имамдардың білімін жетілдіру инсти­тутында қосымша ілімін шыңдады. Одан өзге аудандық, облыстық мешіт жанындағы дін-семинарда курс оқып, арнайы сертификатқа ие болуда. Республикада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 9 медресе мен «Нұр Мүбарак» университеті жұмыс жасауда. Онда жаңақорғандық жастар да білім алып, келешекте туған өлкенің рухани саласына өзіндік үлес қосады деген сенім мол.

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ТӘЛӘБАЛАР

Егеменді ел болған тұста Жаңақорған кентіндегі «Қум сахаба» мешітіндегі шәкірттер санында есеп болмады. Осы мешіттен дәріс алып, бүгінде дін саласында абыройлы қызмет етіп жүрген имамдардың бір-екеуін атап өтсек. Қуат Ерғалиұлы – кешеге дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші найб-имамы қызметін абыройлы атқарып, бүгінде Түркияда діни білімін докторантурада жалғастыруда. Сондай-ақ аталмыш мешіттің түлегі Бақытбек Тәжімбетов бүгінде Қостанай облысының өкіл имамы қызметінде. Ғазиз Жүсіпов Алматы қаласы, Алатау ауданы, Боралдай кентіндегі «Әл-Азим» мешітінің бас имамы. Ал, Жаңақорған аудандық орталық мешітінен діни сауат ашқан шәкірттер легі аз емес. Облыстық дін мәселерін зерттеу орталығының аудандық бөлімшесі теологы Шоқан Айдаров. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің арқасында шәкірттеріміздің шетелге шығып, әлемге әйгілі оқу орнынан діни білім алуына мүмкіндік туды. Сондай мүмкіндікті қалт жібермеген Жаңарық ауылы мешітінің түлегі, менің шәкіртім Мағжан Өмірбеков 12 жыл Мысырдағы Әл-Азхар университетінде діни біліммен қоса, қарилыққа ижаза алды. Бүгінде Мағжан Қызылорда облыстық Ақмешіт Сырдария мешітінде найб имамдық қызмет атқаруда. Оған қоса, осы Ақмешіт Сырдария мешітінде жаңақорғандық түлек Мұқан Абжалелов ұстаздық қызмет атқаруда. Өздеріңіз білетіндей, Алматы да «Нұр-Мүбарак» Ислам мәдениеті университеті бар. Онда әлемге аты мәшһүр «әл-Азхар» университетінің та­нымы терең профессорлары мен озық ойлы оқытушылары дәріс беруде. Бүгін­де бұл оқу орнын бітірген студенттер тәуелсіз Қазақ елінде дін насихатына атсалысуда. Аталмыш университеттің түлегі бүгіне аудандық орталық мешітке найб имам қызметіне келген Мейрамбек Баймұратовты айтуға болады.

КӨЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ САҚТАУ

Азаттық жолында талай азамат арманда, қаншама өрен қыршын кетті. Кешегі Алаш ардақтыларының көкейін кернегені де халықтың азаттығы еді. Атадан аманат болған бұл тәуелсіздіктің жүгі де, жауапкершілігі де салмақты. Сапасы сын көтермейтін, күмбезі жоқ, мұнарасыз мұңайған мешіттер болды. Ислам дінінің көкжиегі кеңейді. Осы орайда, ел ертеңі үшін аянбай тер төгіп, халыққа қалтқысыз қызмет қылған қайраткерлердің қадірін білу бізге міндет. Елбасы елдік мүддені өзіне мұрат етіп, ел игілігі үшін қызмет етуде. «Сол жылдары ел тізгіні өзімізге тиген уақытта мек тек халықтың сеніміне сүйендім. Ел сенімі маған күш-қуат берді. Содан бері тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп келеміз» – дейді Тұңғыш Президент. Сондай-ақ «Қазақстан-2050» стратегиялық құжатында: «Сіздер бақытты ұрпақсыздар. Себебі Тәуел­сіз Отанда өмір сүріп жатсыздар. Біз тәуелділікті көрген ұрпақпыз. Сондықтан Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы білеміз» деп жас ұрпақ қаперіне егемендікті қадірлеуді еске салды. Ұлы дала елінің ұрпағы болған жаңа буын осы тәу етер тәуелсіздікті қасық қаны қалғанша қорғайды деген сенім артады. Мемлекет іргесінің мығым болуы біздің бірлік пен тәртіпке бас июімізде. Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.у.с): «Мұсылман баласы басшысының өзіне ұнаған және жақтырмаған барлық әмірін тыңдап әрі орындауы–уәжіп. Тек басшы күнә болатын істі әмір етсе ғана бас тартады» – деген. Ой жүгіртіп қарасақ, Пайғамбар пайымы ел тыныштығы мен бірлігі. Кешегі қысылтаяң уақытқа діл мен діннің дәрменсіз қалған кезеңіне көз салып, бүгінггі шаттығы мол шаңырақта еркін құлшылық қылған заманға қарап тәуелсіздіктің «Тәңірі берген тәтті сый» екенін ұғынады. Бүгін біз кешегі тарихтың соқпағынан сүрінсе де, жығылмаған, дінін дәстүріне айналдырып, сенімін жоғалтпаған текті елдің тізгінін ұстап отырмыз. Шапқан тұлпардың тұяғы тозатын, ұшқан құстың қанаты таланың ұлан-ғайыр жердің мирасқорымыз. Ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ең алдымен өзіміз ұғынып, оны ұрпаққа жеткізу парыз. Бүгінгі тұрақтылық пен тыныштықтың мекеніне айналған еліміздің ең ұлық мерекесі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы құтты болсын. Жаратқан бірлігімізді бекем етіп, Тәуелсіздікті тұғырлы етсін!.

Әбдіхалық қажы МАХМҰТҰЛЫ,
Жаңақорған аудандық мешітінің бас имамы

18 тамыз 2021 ж. 863 0