№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ТӘЛІМГЕР ПАЙҒАМБАР ТАҒЫЛЫМЫ

ТӘЛІМГЕР ПАЙҒАМБАР ТАҒЫЛЫМЫ

   Өткен сенбіде М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет сарайы халыққа лық толды. Әдеттегідей шақыру жіберіп, кейде мекемелерді міндеттеп зал толтыруға қыруар қайрат жұмсаудың қажеті болмады. «Мәуліт өтеді екен» дегенді естіп, өз жүрегінің қалауымен қатар толтырған жұртшылықтың ықылас, пейілінен-ақ Тәуелсіздікпен бірге танымымыз кеңіп, имандылық кемелдене түскеніне көз жетіп, көңіліміз сенгендей.


   Расында Тәуелсіздікпен бірге, дін, діл, ұлттық құндылықтар халықпен қайта қауышты. Өткенге көз жүгірсек, сүрлеуі мол соқпақтан, қауіп-қатері көп көпірден де өтіппіз. Азан – ақырын, жаназа – жасырын оқылған кезең тарих қойнауында қалды. Өшкен жанып, ұмытқан жадымызда жаңғырды. Хош. Осы тұста, аудандық мәдениет үйінде өткен Екі дүниенің сардары Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с) туылған айы құрметіне арналған Мәуліт кеші жайлы кеңірек айтсақ. Аудандық мешіт және кенттегі «Хисамиддин Сығанақи», «Қум сахаба» мешіті жамағаты ұйытқы болған рухани шараның халыққа берген тәлімі мол деп білеміз. Бес жасар баладан белі қайысқан қарияға дейін екі сағат бойы тік тұрып, рухани кешті тамашалады. Ізгі шараның бісмілләсін облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұстазы, Мұқан қари Әбжалелов Құран-кәрім аяттарын оқудан бастады. Мұнан кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов пен Шиелі аудандық мешітінің бас имамы Бақыт Ұлжаев жиылған жұртшылықты Мәуліт мерекесімен құттықтады. Одан әрі рухани шараның тізгінін қолға алған Ғалымжан Қалыбаев астарлы әңгімелерімен кеш көркін жандандыра түсті. Мешіт жама­ғаты орындаған мағыналы монологтан кейін, облыс орталығынан келген Мұқан қари Әбжалелов пен жергілікті найб имам Ақмұрат Әлімбайұлы Мәуліт-шәріп оқыды. Рухани сусындаған көпшілікті өзіне қаратқан танымал жүргізуші Ғалымжан Қалыбаев кенттегі үш мешіт жамағаты дайындаған сыйлықтарды үлестірмек мақсатта Пайғамбарымызға(с.а.у) қатысты сұрақ-жауап ұйымдастырды. Оған қоса, көрермендер арасында Дінмұхаммед, Нұрмұхаммед, Ермұхаммед, Мұхаммедәлі сынды есімдегі ұлдарға арнайы сый-сияпат үлестірді. Шыны керек, Мұхаммедпен байланысы бар есімдерге сыйлық беріледі екен деген хабарды алдын ала естіген жаңақорғандықтар балаларын ерте келіпті. Ұзын-саны 100-ге жуық «Мұхаммедті» сахна төріне шақырғанда жұртшылықтың таңданысы зор болды. Тіпті, жүргізушінің өзі жаңақорғандықтардың Пайғамбарға деген құрметі айрықша екенін жасырмады.
    Сондай-ақ, биылғы мәуліт шара­сының басты ерекшелігінің бірі – Жаңақорғанда туылып, сыртта дін жолында қызмет етіп жүрген жастар қауымы да өзіндік үлесін қосты. «Нұр-мүбарак» университетінің түлегі Данияр Еркінұлы есім қою салтына қатысты презентация жасады. Ал, Жайылма ауылының тумасы, бүгінде Алматы қаласындағы «Ал-Азим» мешітінің бас имамы Ғазиз Жүсіпов Пайғамбар тәлімі жайлы насихат өрбітті.
   – Ең бірінші, баршаңызды ел Тәуелсіздігінің 27 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтаймын. Атадан аманат болған бұл тәуелсіздіктің жүгі де, жауапкершілігі де салмақты. Кеңестік кезеңде, сапасы сын көтермейтін, күмбезі жоқ, мұнарасыз мұңайған мешіттер болды. Шүкір, бүгінде Ислам дінінің көкжиегі кеңейді. Соның бір айғағы – еліміздің түпкір-түпкірінде Әз Пайғамбардың мәулітін атап өтіп, Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (с.а.с) салауаттар айтылуда. Расында, Мәуліт айының Ислам дініндегі орны айрықша. Жалпы, мұны атап өтудегі басты мақсат – Мұхаммед Пайғамбардың(с.а.с) ғибратты ғұмырбаянын насихаттау.
Әрине, бұл күнде Пайғамбарымыздың (с.а.у) мәулітін атап өтуге байланысты бірқатар қарама-қайшылықтар кездеседі. Кейбіреулер оны бидғат санайды. Бұлай кесіп үкім жасау, әсте, жұрыс емес. Құран мен хадисте мәулітті атап өтуге қатысты тыйым салынған аят не хадис жоқ. Адамзат әбден азғындап, имансыздықтың қараңғылығына оранған сол бір кезеңде Жаратқан Алла өзі сүйіп жаратқан адам баласына соңғы елшісін жіберді. Пайғамбарымыздың дүниеге келуі бүкіл жаратылысқа мән сыйлап, болмысын ашып берді. Күллі әлем оның келуін сағына да сарғая күткендай болатын, сондықтанда ақырғы елішінің үмбеті болған біздер үшін Оның (с.а.у) жер бетіне рахым етіп жіберілген күнінің тәлімі зор, – деді Ғазиз Жүсіпов.
   Әсерлі уағыздан кейін «Қум сахаба» мешітінің жамағаты Пайғамбар дәуірінен тәлімді көрініс сахналап, көпшілік ойына тағылым аларлық ой сала білді. Жалпы, мәуліт шарасы барысында иләһи әндер айтылып, жыр-термеден шашу шашылды. Өрелі өнерпаздар қатарында; Бақыт Тұрсынбаев, Дінмұхаммед Жамур, Алмат Аймаханов, Ырысалды Қанатұлы, Әмина Ғанимұрат бар. Осылайша, 2 сағат 15 минутқа созылған Мәуліт шарасын ауданның бас имамы Сайдулла қажы Омаров түйіндеді. Рухани шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған кенттегі аудандық мешіт, «Хисамиддин Сығанақи», «Қум сахаба» мешіті жамағатына арнайы алғысын білдірді.
   – Әрине, бұл мереке хақ Елшісіне деген айрықша сүйіспеншіліктен туындағаны айқын. Яғни, Пайғамбарды жақыннан танып, өнегелі өмірін өскелең өренге үлгі ету. Мүбарак хадисте: «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, сол салауат үшін Алла Тағала оған он рет салауат айтады» делінген. Сондықтанда жыл он екі ай бойы Пайғамбарға салауат айтсақ нұр үстіне нұр болар еді, – деді Сайдулла қажы Сүнетуллаұлы.
   Өз кезегінде Әбілғазы Берденұлы аудандағы бірқатар белсенді имамдарды облыс және аудан әкімі орынбасарларының «Алғыс хатымен» марапаттады.
   Иә, түйіндей айтқанда, аудан бойынша Мәуліт шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әрине, барлығының да діттегені – Алланың разылығын алу, Пайғамбардың (с.а.с) шапағатына бөлену еді. Әманда Жаратқан бірлігімізді бекем етіп, ел бірлігі мен дін бірлігіне сызат түсірмесін.


Әбдісамат ӘБДІШ.

25 желтоқсан 2018 ж. 1 026 0