№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАҢАУЫЛДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

ЖАҢАУЫЛДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ


Иманды елдің – ырысы мол. Бүгінде өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда жаңғырды. Мұның барлығы Тәуелсіз елдің ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын айғақтайды. Татулығы тұрақты, бірлігі берік, Егемендігі еңселі Қазақстан әлем халқын мойындата бастады. Діңгегі мықты дініміз әділеттілік пен тазалыққа бастап жер-жерде имандылық үйлері көптеп бой көтеруде.

Осындай ізгі істердің жалғасы қасиетті Құрбан айт мерекесі қар­саңында Жаңақорған кентінде «Жаңа ауыл» мешітінің ашылу рәсімі өтті. Ауданға танымал атымтай жомарт Мұстафа Батталов ағамыздың демеу­шілігімен имандылық үйі заманауи типтік үлгіде бой көтерді. Міне, осындай иісі мұсылманның риясыз қуанышына ортақтасуға ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы, облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов және ел ағалары мен жергілікті жамағат қатысты.
Мешіт – имандылықтың ордасы. Санаңа сансыз сәуле себетін, көкірек көзіңе ізгілікті кіргізетін имандылық үйі. Тәуелсіздік алған бойда халқымыз ата дінді ізтеп тауып, шариғатпен өмірін өрнектей бастады. Міне, соның айғағы осы Алла үйі.
Оған қоса, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында заман талабына сай көне мен бүгінгіні қисынды ұштастыра отырып, еліміздің рухани кодқа сүйену қажеттігін ұтымды айтқан. Негізі ұлттық тек дегеніміз – ұлтты біріктіріп ұстап тұратын іргетас. Оған тіл, дін, діл, жалпы рухани құндылықтар жатады. Ал, діл дегеніміз – қанымызға сіңген қасиет. Яғни бұдан шығатын қорытынды – Ұлт Көшбасшысы кез келген жаңғырудың ең алдымен ұлттық болмысқа, салт-дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуге мән беріп отыр. Осы тұста, қасиетті құтхананың елге берер тәлімі мол болады деген сенімдеміз.
Өз кезегінде өңірдің өкіл имамы Болатбек Әбуов Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Кім Алланың дидарын қалап, оның жердегі үйін тұрғызса, Алла Тағала оған жәннатта сондай үй тұрғызады» деген хадисін тілге тиек етіп, мешіт салудың сауабы мол екенін жеткізді.
– Бүгін ақ түйенің қарны жарылған қуанышты күн. Білесіздер, мешіт – Алланың жердегі үйі. Расында мешіт салу, осындай хайырлы іс жасау – Жаратқанның сүйікті пендесіне нәсіп болады. Және де адамзаттың абзалы Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды», деген. Яғни сауапты іске ұйытқы болып отырған меценат Мұстафа Батталұлы ағамыздың Алла кәсібіне береке берсін. Бұл мешіт елді ауызбіршілік пен ынтымаққа шақыратын имандылық ордасына айналсын. Есігін айқара ашқан мешіттен келешегі иманды жас ұрпақ тәрбиеленіп шығады деген сенім мол – деді өкіл имам.
Сондай-ақ сөз соңында Болатбек Ұласқанұлы «Жаңа ауыл» мешітінің имамы Данияр Ахметовке Қасиетті Құран-Кәрім кітабын, ал кәсіпкер Мұстафа Батталовқа аят жазылған арнайы естелік қабырға суретін табыстады.
Ел ағасы Молдахмет Искаков ауылдастар атынан Батталовтар әулетіне алғысын айтып, бабалар арманының орындалғанына ақжарма тілегін жеткізді. Әрі жаңауылдықтар атынан Мұстафа Батталұлына ат мінгізді.
Соңыра қасиетті құтхананың лентасы қиылып, жиылған жамағат намаз оқып, мешіттің ішкі мүмкіндіктерімен танысты.
– Еңбекпен ерте есейген әкеміз Баттал қызметтен тыс уақытта 1955 жылдан бастап өзі тұратын осы Жаңауыл елдімекенінде бау-бақша өсіріп, диқашылықпен айналысқан. Егін егіп, соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде елге тегін өнімін таратады. Ол кісінің қайырымын көрген кісілер көп болған. Әлі күнге сол ауылда «Баттал бауы» бар. Міне, бабалар аңсаған күн бүгін бұйырып, бізге туған өлкеге мешіт салу нәсіп болды. Жаңауылдықтардың жаңа мешітінде жамағат көп болсын! Біз соған тілекшіміз, – деді Мұстафа Батталұлы.
Иә, бұл күнде марқұм болып кеткен Баттал қарияның үрім бұтағы, яғни ұлы Мұстафа мен немерелері Сапарқожа, Айтқожа, Құрбанқожа, Сейітқожа ауданға танымал кәсіпкерлер. Айтқожа мен Құрбанқожа қажылық парызын өтеп келген. Оған қоса, қашанда аудан орталығындағы мешітпен тығыз қарым-қатынас орнатып, қайырымдылық істерден қалыс қалған емес.
Сәтін салса, аудандағы 36-шы болып ашылған «Жаңа ауыл» мешітінде шәкірт тәрбиеленіп, елді имандылыққа бастайтын жас өрендер қатары көп болары сөзсіз.

Әбдісамат ӘБДІШ
10 тамыз 2019 ж. 921 0