№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Түбі бір түркінің тұмары

Түбі бір түркінің тұмары


2021 жыл қорытындысымен «Жылдың ең үздік газеті» аталымы бойынша «URKER-2021» ұлттық сыйлығының жеңімпазы болып танылған «Түркістан» газетінің бұл жүлдесі жер жүзіндегі исі қазақты желпінтіп, жүзін жарқын еткен жеңіс болды. Өйткені газеттің әр нөмірін төрткүл дүниедегі тамыры бір қандастарымыз да тағатсыздана күтіп отырады.
Егемендіктің елең-алаңында тұғырын тіктеп, туын желбіреткен халықаралық саяси апталық – «Түркістан» газеті алғашқы санынан бастап Алаш жұртшылығының ғана емес, түбі бір түркі жұртының мақсат-мұратына негізделген айқын жол, салмақты саясатымен өзгеден оқшау тұр. Алғашқы уығын «қазақтың Қалтайы» – Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов қадаған қасиетті сөз қарашаңырағы елге ортақ түйткілдерді тарқатып, әлеуметтің сөзін сөйледі, әділдікті әспеттеп, шындықтың шырағын маздатты. Тәуелсіздіктің баянын, елдіктің кесімін, тарихтың тағылымын тізбелеген тұғырлы талабынан ол күні бүгінге дейін танбай, ұлт рухының ұшқынын ұлықтай білер ұрпақ қалыптастыру ісіне ұлан-асыр үлесін қосып келеді.


Қоғам қандай болса газеті де сондай. Азаттықтың рухын арқаланған ел газеті ә дегеннен жұртшылықтың көңіліне жылы орнығып, жақын сырласына айналып кете барғанына куә сол кез оқырмандары қатарында өзіміз де бармыз. Тіл мен діл, салт-дәстүрді өзек етіп алып, аз уақытта өзінше өрнек қалыптастырып үлгірген шығармашылық ұжымның тізгіні одан әрі осы қарашаңырақта шыңдалған, Қалтаймен қаны да, жаны да бір қатарда халқына аяулы, ақтаңгер азамат Шамшидин Паттеевтің қолына тиді. Азаттықтың арғымағын ерттеп мініп, еркін желдіруге сайланып кіріскен көк түріктің туын нық қстаған сөз сардарларының қанында ұлттық мінездің қалыптасуына алдымен қайраулы қанжардың жүзінде тұрса да тәуекелінен танбаған осындай табанды редакторлардың мықтылығы себеп.
Журналистердің әр сөзін жадынан өткізіп, өлшеулі қуат алар оқырман үшін ең бір жақын дос, жанашыр сырласына айналған талантты қаламгерлер, газет тілшілері Дидахмет Әшім­ханұлы, Жаңабек Шағатай, Көлбай Адырбекұлы, Тынышбек Дайрабай, Есенкүл Кәпқызы, Таңсұлу Алдабергенқызы, Нәзия Жоямергенқызы, Кам­шат Тасболат, газеттің Түркиядағы және Қырғызстандағы меншікті тілшілеріі Әбдуоқап Қара мен Назарбек Байжігіт, Ахмет Өмірзақ, Англиядағы меншікті тілшісі Гүлбиғаш Омарова, Динара Мыңжасарқызы, Ақниет Оспанбай, Анар Лепесоваларды «Інісі содырлы болса ағасы қадірлі болады» дегендей, басшының өзі бел тұтып, бет алдынан жарылқауы журналистердің жарияланым бетінде жасындай отты дүниелерімен жарқырап танылуына жол ашып, мазмұны байый түскен басылымның беделі жыл өткен сайын биіктей берді.
Әңгімеміздің әлқиссасын әлемдік маңызды оқиғаларды, түркі халықтарының бірлігі мен өзара қарым-қатынасын, елдік мәселелерді сараптайтын басылымның көтерген жүгі, толғаған тақырыбы мәселесіне бұрайық.
Бабалар тарихын жаңғыртқан Ұлы далада егемен ел де, байтақ тарихтың байрағын көтерген мәртебелі мұрагері де, елін сүйген ер де бар. Ендігі мәселе қазақ халқының жаҺандық тарихтағы орнын айқындау, бағыт-бағдарын белгілеу, болашаққа батыл қадам басу бәрінен маңызды. «Түркістанның» тағылымдық тарихын одан бөліп қарастыра алмаймыз. Газеттегі арнайы беттер: Қоғам, Саясат, Аймақ, ЖаҺан, Сарап, Мәселе, Әлеумет, «Nur Otan», Руханият, Таным, Тағылым айдарымен айшықталған материалдар қоғамдағы болып жатқан жаңалықтарды шынайы ақпараттандырып қана қоймай, аяғын тәй-тәй басқан Тәуелсіздікті баянды етуде таразыны тең ұстаған, жеті өлшеп, бір кескен мән-мазмұнымен ұлт тұтастығына тұғыр қалап келеді.
Газеттің аудандық кітапхана қорында сақталған соңғы бес жылдағы сандарын сараптай отырып, қазақ оқырманына қалтқысыз қызметін аямаған басылым беделі әманда жаңаша айдармен ажарланып, уақытпен үндескен үлгілі әдісінен бір жаңылмай келе жатқанына көзіміз жетіп, көңіліміз сүйсінді.
Ұлы Дала мұрагерлерін ұлт ретінде ұлықтап, есімін жаҺан жадына жаңғыртатын тау-таста таңбаланған көне жазбалардың жанрлық ерекшеліктері мен поэтикалық қасиеттеріне қанығып, одан әрі Асанқайғыдан арна тартқан, Бұхар жыраудың болмысын бойға сіңіріп, Қорқыттың «Өмір жырымен» өзекті талдырмай келген ақындық өнерінің алтын түйінін тарқатуда «Түркістанның» сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін екінің бірі мойындайды. Осы бағытта көзінің майын сарқып, өлең-жыр болып тасқа қашалған қазақ тарихын зерттеумен келе жатқан ғалымдардың еңбектерін жариялап, оқырманның ой- санасына сәуле түсіруге тырысқан бейнетті қадамдары құр кетпесі кәміл.
Басылымның «Тарих» деп аталатын арнайы бетінде ұлт тағдырында өшпес ізі қалған кешелі-бүгінгі тұлғалар жөнінде ұдайы жариялап отыру дәстүрге айналған. Солардың қатарында тарихшы ғалым Берекет Кәрібаевтың «Қазақты 42 жыл билеген Хақназар хан», жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Әбілқайыр хан және Дала элитасы», Қ.Яссауи туралы «Бүкіл түркі әлемінің төл перзенті», «Тәуке хан», «Ұрыс Мұхамедхан», «Хан Кененің қазасы», «Сәкен мен Жамбыл», «Ахмет Байтұрсынов: Жер мәселесі қазақтың өлі, я тірі болуының мәселесі», ел-жер шежіресі қахында қазақ тарихының білгірі Зардыхан Қинаяттың циклды материалдары құндылығын ешуақытта жоймақ емес.
Сондай-ақ, «Алтын Орданың» 750 жылдығы, Әл-Фарабиге – 1150, Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай газет бетінде жарық көрген материалдар қатарында «Абай өмірінің соңы қалай өтті?», «Абайды білу – біздің халқымызды білу», «Абайы бар қазақ адаса қоймас», «Абай – стратег», «Абай тәлімі – Алла жолында бол», «Мен не қылдым, япырау», Серік Негимовтың «Абайдың әдеби ортасы» зерттеу еңбегінің орны бөлек.
Бұл мақалалардың еліміздің стра­тегиялық дамуы үшін маңызы зор.
«Ұлы Дала – батырлық пен бостандық рухының тоғысқан мекені». Журналист Динара Мыңжасарқызының тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяғанмен сұхбаты осы тақырыпта өрбиді. Сұхбатта «қазақ» сөзінің шығу төркіні, қазақ хандықтары, олардың әулеттерінің қалыптасу деректері кең қамтылады. Ал «Ашық пікірталас алаңында» Елбасының халыққа Жол­дауын жан-жақты насихаттауға арнал­ған «Ұлы Даланың жеті қыры Һәм сыры» деген тақырыпта қаламгерлер мен әдебиетші, тарихшылар дөңгелек үстелде бас қосады. Жеті – киелі сан. Шынтуайтына келгенде, Ұлы Даланың жеті ғана емес, жетпіс, жеті жүз, жеті мың қыры мен сыры бар дегенге саяды көптің пікірі. Соның ішінде қазақ пен түркі әлеміне ортақ әдет-дағдылар мен ұстанымдар қатарында ата-ананы сыйлау, құрметтеу, ағайынгершілік, туыстық қарым-қатынастардағы өзге халықтарда кездеспейтін үрдіс-үлгімізді үкілей түсудің әдістері жөнінде келелі әңгіменің тиегі тарқатылыпты.
Табиғаттағы жәдігерлер бабала­рымыздың өз заманындағы ең озық технологияға, жаңалыққа ие екенін көрсетеді. Металлургияның дүниежүзінде үш-ақ ошағы бар. Соның бірі – қазақтың жері. Мұны Алтай мен Жезқазғандағы металл қорыту ісі, Алтын адам киіміндегі зергерлік өнердің шыңы дәлелдейді. Қазақ өнері жаңа заманда жаңа өріске бет алды. Бұл жәнінде 2018 жылғы санында әлемдік кинофестивальге белсене қатысқан қазақстандық кинолардың халықаралық 11 жүлдені жеңіп алғандығы айтылады. «Анаға апарар жол» фильмі Нью-Иорктегі «Wetlink» халықаралық кино байқауында «Үздік кинофестиваль» марапатын иеленіпті.
Газеттің «Ырыс» қосымша беті елдегі саяси-әлеуметтік мәселелерді күн тәртіібіне қойып, оның шешілуінде ықпалды күшке ие. Мәселен, «Ұстаз қадірі», «Жүгенсіз ата-анамен жек­пе-жекке шығуға мәжбүр болған мұғалімдер», «Айыппұл шешім бола ма?», «Ұстазды ұлықтайтын шәкірт қайда?», «Мұғалімнің министрден несі кем?» деп аталатын тақырыпта үздіксіз материалдар легі мемлекетімізде «Педагог мәртебесі» туралы Заңның тағайындалуына мұрындық болды деп сеніммен айта аламыз.
2020 жылдан бастап газет қан­дастарға арнап «Атажұрт» жобасын шығара бастады. Онда өз еліміздегі ғана емес, шетелде тұратын этникалық қазақтардың хал-күйі, басқа да отандастарымызды қолдау мәселелері бағытында зерттеу, сараптамалық материалдар жиі жарық көруде. Алтыннан түйме түйіп, күмістен көзе соққан бабалар өнерін жалғастырған қандастар туралы жазылып, кәсіптен нәсіп тапқандар айрықша насихатталып келеді.
Қазақ баласы өркениетті іілім-ғылымның биігіне түрен салып, әлемді мойындата бастады. Газет бетінде осындай түлектер жөнінде жиі жарияланып келеді. Олардың қатарында Алибаба холдингінің негізін салушы, әлемдегі он төртінші бай азамат Джек Мо-ның қазақстандықтарға кеңесі көңіл аударарлық. Мұнайға тәуелділіктен арылып, болашақтың технологиясын жасауға талпынған қазақ қызы Жанна Ықылас әлемге аты мәшҺүр американдық кәсіпкер және өнертапқыш Илон Масктың компаниясында жұмыс атқарады. Бұл бір мысал ғана. Мұндай әлемнің түрлі алпауыт компанияларында еңбек етіп жатқан жастар жөнінде деректерге нөмір сайын қанығып, ұлт ұландарының талабына жаның жадырап-ақ қалады.
«Түркістан» газеті өзімен аттас қала – түркі халықтарының рухани астанасы – Түркістан туралы «Түркістанды түлету – түркі жұртшылығының асқақ арманы», «Тарихы терең Түркістан»,«Түркістан – мыңжылдық өркениеттің куәсі» тектес тақырыпты күн тәртібінен түсірген емес.
Мемлекет мазмұны басқаруға байланысты. Біздің елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» парагдимасы орнықты. Парламенттің Үкімет жұмы­сын бақылауы күшейді. Ұлттық қоғамдық Сенім кеңесі институты қалыптасты. Осы жауапты тараптардың жұмысын насихаттауда, Президент пен Парламенттің, атқарушы биліктің күнделікті тынысын жеткізіп отыруға да гаазет пәрменді ықылас танытып келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылыққа келгеніне бір жылдығына орай газеттің 2020 жылы 18 маусым №24 санында Жазушы Сәбит Досановтың «Сертке соққан семсердей» атты мақаласы шықты. Онда бөлекше болмысты саясаткер тұлғаның елді демократиялық бағытта басқару тетік­терін қалыптастырудағы қадамдары айрықша бағаланады. Одан әрі елдің басына түскен пандемия ахуалын жеңудегі еңбектері қамтылады. Мақала түйіні: «Оның мұңы – халқының тағдыры, арманы – Тәуелсіз Қазақстан жағдайы» деп қорытындылана келе, ізгі жүректен төгілген өлең жолдары төмендегіше өріліпті:
«Әлем жаҺандану отына күйіп тұр,
Кеудедегі таусылмайтын күйік бұл,
Ибалы адам, иманды қоғам болғасын,
Алла Алаштың маңдайынан сүйіп тұр».
Бүгінде Қуат Әуесбай басқаратын газет редакциясының негізгі ұстанымы ағалар жүріп өткен жолды жалғап, шығармашылық еңбектердің мазмұн деңгейін арттыра түсуге бағытталып отыр.
Шығармашылдық ұжымның ізденісі зор, интеллектуалдық деңгейі әрбір қаламгердің жазған туындысынан менмұндалап, терең сауаттылық пен мінсіз сөз жасамдарының өзі газетке қойылар талаптың жоғарылығын, журналистердің кәсіби деңгейін ап-анық танытып тұр. Газеттің басқа басылымдардан басым ерекшелігі, қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктерді айта білуде билік орындарын болсын орынды сынаудан айылын жиған емес. Тілшілер қауымы тақырып қоюда да шебер, қалыптан шығып қанатты қиялға көп ерік береді. Тіпті саяси, әлеуметтік, экономикалық – сараптамалық бағытта жазылған дүниелерге қазақтың қарапайым ты­ма­ғын кигізіп, тартымды етіп беруде танымға жеңіл тақырыптарды ұсына қояды. Мысалы, «Баға аспанда, жалақы жерде», «Ұлтым, сен тыңда:», «Ине ұшындағы иммунинет», деген тақырыптар кісіні өзіне ерекше тартып тұратынын мойындау керек.
Ұлт газетінің әманда ауылға бүйрегі бұрып тұрады. «Даладай дархан, баладай аңғал», «Қызғалдақ жемеген қозы арманда», тағы осы сынды мақалалар басылым бетінен тұрақты орын алып келеді.
Бүгінде газеттің шығармашылық ұжымы – Бейбіт Тоқтарбай, Әлия Тілеужанқызы, Анар Лепесова, Әсел Әнуарбек, Бақытбек Қадыр, Ахмет Өмірзақтың төл туындыларын жүрегінен өткізетін оқырман олардың әрбірін жанына жақын тұтады. Қаламгерлер қауымы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай салалар бойынша сараптамалық материалдарға көп маңыз бергелі отыр. Газет сайты еліміз бойынша үздік 20 сайттың бел ортасынан орын алған.
2019 жылдан бастап газет редак­циясы Нұрсұлтан қаласына қоныс аударды.

Баян ҮСЕЙІНОВА
24 шілде 2021 ж. 981 0