ҰСТАЗ РУХЫНА ТАҒЗЫМ
Адам баласын рухани жұтқа ұшыратпайтын бірден-бір амал – адамгершілігі мен айналасына берер мейірім шапағаты, жасаған жақсылығы мен қайырымдылығы. Адам деген ардақты атқа жеткізер тура жол да осы адамгершілігін қалыптастырар жүрек тазалығынан басталады. Ондай жандарды айналасы лауазымы не байлығы үшін жалған сыйламайды, шынайы сүйіспеншілікпен қашанда құрметіне бөлейді. Араласқан ортасының осындай сый-құрметіне бөленген жанның бірі – ардақты әкеміз Амантай Мұңайтпасұлы болатын.
Менің әкем туралы: «...Естіген сайын көкірегіңе нұр, жүрегіңе қуаныш ұялататын ән болатыны сияқты, айтқан сайын адамдық тұлғасы биіктей беретін асыл жандар өмірде сирек кездеседі. Қашанда жылы жүзді, сыпайы сөзді, өзгені өзіне тартып тұратын адами қасиеттері басым болатын. Кішіге аға, үлкенге іні бола білді. Бітімі биік, мінезі таза, ұстаздық жолын өмірінің соңына дейін ұлықтап ұстады. Адамгершілігі мол, кішіпейіл, маңайына жақсылық нұрын шашып жүретін өте білімді біртуар азамат еді», – дейді танымал журналист Бекжігітов Алмас Досжанұлы.
Адамның мезгіл кеңістігіндегі тағдыры, халық алдындағы қызметінің қаншалықты ізгілікті болғаны азаматтың парасаттылығымен, даралығымен өлшенетіндігіне күмән жоқ. Әкеміз Амантай Мұңайтпасұлының ел азаматы, басшы ретіндегі бүкіл саналы ғұмыры сол биіктен, сол өлшеммен көрінеді.
Ол Жаңақорған аудандық білім беру бөлімінде аға инспектор, 1982 жылдан бастап №229 «Абызтөбе» орта мектебіне директорлық қызметке тағайындалды. Жауапкершілігі жоғары, терең білімді, қабілетті жас басшы ұжымның ыстық ықыласына бөленіп, жаңашыл бастамаларымен көзге түседі. Азаматтың қырқында қамал алғаны сол болар, бас-аяғы екі-үш жыл ішінде №229 «Абызтөбе» орта мектебінің ұжымы аудан, облыс деңгейіндегі үлгілі мектептер санатына қосылып үлгерді.
Тәрбие – адам тағдырын шешетін ұлы іс болса, жыл сайын жүздеген жас ұрпаққа сапалы білім мен тәлімді тәрбие беріп, болашаққа қанат қақтыратын ұстаздың өзі де ақыл мен өнегенің кеніші болуы шарт. Адам тағдыры, біріншіден, Алланың қолында, екіншіден, тәрбие мен ортаға, яғни жеке тұлғаның өзіне байланысты екендігі айдай ақиқат. Парасатты педагог Амантай Мұңайтпасұлы шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, әрбіреуінің бойындағы адамгершілік, ізгілік, отансүйгіштік қасиеттерді шеберлікпен баптай білді.
1987 жылы №192 Келінтөбе орта мектебіне директор болу жауапкершілігі жүктелді. Осы мектепте атқарылған басшылық қызмет Әбекеңнің мерейін өсірді. Облыстың өзге мектептерінде қызмет жасайтын әріптестері Амантай ағаны іскер ұйымдастырушы, дарынды ұстаз, білімді маман ретінде мойындайтын. Осы тұста аталған мектеп қабырғасында бірнеше рет облыстық, аудандық деңгейдегі семинарлар мен кеңестер өткізіліп, мектеп ұжымының жеткіншектер тәрбиесіндегі үздік көрсеткіштері өзгелерге насихатталды.
Ең алғаш еңбек жолын Талдықорғанның Мұқыр ауылындағы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінен бастаған Амантай Мұнайтпасұлы Алматыға келгеннен кейін де еңбек жолын қаладағы №147 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болудан бастады.
Шалғай ауылдан келген іскер басшы аз мерзім ішінде өзінің ерекше ұйымдастырушылық қарым-қабілеті нәтижесінде әріптестерінің құрметіне бөленді. Ол басшылық тізгінін ұстаған 1997 жылдың қараша айынан бастап, қаланың Түрксіб ауданындағы Абай атындағы №59 орта мектеп жұмысы жедел қарқынмен жанданып жүре берді. Іскер басшы қала әкімшілігімен ортақ тіл табысып, бастауыш сыныптар үшін жаңа ғимарат салу мүмкіндігіне қол жеткізді. Сол жылы ауданда екі оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, оның біреуі осы № 59 орта мектептің еншісіне тиді. Мектеп ұжымы аудан әкімінің арнайы жүлдесін жеңіп алды. Түрлі олимпиада жеңімпаздары да, өнерпаз ұл–қыздар да, «Алтын белгі» иегерлері де осында еді. Алматы қаласы бойынша қазақ тілінде таза сөйлейтін мектеп ретінде осы Амантай Мұңайтпасұлы басқарған №59 мектеп мақтанышпен айтылатын. Бұл да бір ана тілге деген құрметтің, ұлт болашағына деген жанашырлықтың, ұлтжандылықтың белгісі емес пе?!
Әке, менің тілеуімді тілейтінің, менің тасым өрге домаласа, сенің көзіңнің жасы кеудеңе домалайтынын да сезетінмін. Сенің баяу басып келе жататын жайбарақат жүрісің қандай еді!.. Тіпті әрбір тал кірпігіңнен сабырлықтың иісі есіп тұратындай болатын. Сенің қанағатыңдай бай қасиет пенде баласының маңдайына көп бұйыра бермейді. Тым қанағатшыл болдың. Әсілі, маңдайың жарқырап тұрса да, оны қалпағыңмен басып, басқаның шырағы жансын деп тіледің. Мына біздер сіздің осы тілегіңізге Құдайдың берген сыйы болармыз.
Мен әкемнің жолын қуып ұстаз болдым. Бала қиялым өзіңдей ұстаз болсам деген арманмен ұштасатын. Өйткені ұстаздықтың қадір-қасиетін отбасынан сезініп өстім. Өзіңе қарап, ұлылық пен ұлықтық үрдістерін шебер үйлестіріп, бір ғана ұстаз бейнесінде тоғыстырған адамдықтың биік үлгісін көретінмін. «Ғұмыр–дастан немесе Ата-анаға тағзым» атты деректі повесім ӘКЕ деп соққан перзент жүрегімнің ыстық лүпілі еді. Өзіңе еліктеп, келешектің көшін түзеп, ел ықыласына бөленуді қаладым. Өйткені, «ұстаздық етуден жалықпай», алтын еңбектің шежіресін асыл сиямен жазып қалдырғаныңды бір мен ғана ұққам жоқ...
«Жақсылық жерде қалмайды, иман отқа жанбайды» деген аталардан қалған мақал бар. Сол сияқты халыққа жасаған жақсылығыңыз жерде қалмайды, әке! Сіз бізге ұшарға қанат, шабарға талап бердіңіз, өмірлік үлгі-өнеге болдыңыз, көктемде бүр жарып шыққан қызғалдақ гүлдің қауызындай сұлулық сыйладыңыз. Бұл – жан сұлулығы, бұл – мінез сұлулығы, бұл - өмірге деген құштарлық...
Осыдан кейін менің бүгінгі жеткен биігім, әке, сіздің қамқорыңсыз болды деп қалай айта алам?!
Әрдайым өзіңізге арқа сүйеп, өмірлік тірлігімнің таусылмас кенін Сізден табатынмын. Ата өнегесін бойға сіңірген қасиетіңізбен өз ұяңнан түлеп ұшқан ұрпақтарыңның қашанда амандығы мен абыройын тілеп отыратынсың. Сол баяғы қарапайымдылығыңнан, ізгілігіңнен, ұстаздық қасиетіңнен өзгерген емессің. Әке, Сізді қатты сағындық...
Жақында аудандық мәслихат депутаттарының бірауыздан құптауымен Жаңақорған кентінің әкімі С.Садыковтың шешіміне сәйкес Амантай Сатбековтың атына көше берілді. Жергілікті зиялы қауым мен жергілікті билік өкілдері тарапынан да бұл мәселеге баса мән берілді. Көпшілік жұмыла атсалысқан іс ұстазға деген жоғары құрметтің көрінісі. Біртуар тұлғаның есімін әйгілеп, айбынын асқақтатады.
Дүниеден өткен азаматтың артында іздеушісі болмаса, әруағын құрметтеп, дұға оқытып отыратын ұрпағы қалмаса, қасіреттің үлкені сол. Бүгінгі күні үлкен шаңырақтың түтінін түтетіп, ұясының жарығын өшірмей Злиха анамыз отыр. Артында қалған бес ұл мен екі қыз, жиырма екі немере, төрт шөбере әке үмітін жалғап, ордасын биіктете, ізгілендіре түскен.
Жүрегі ізгілік пен адамгершілікке толы, асыл мен мейірімнен жаратылған жанның арамызда жоқ екенін сезіну бізге қандай ауыр десеңізші!..
Айгүл САТБЕКОВА,
педагогика ғылымдарының докторы,
Қазақстан Педагогикалық
Ғылымдар Академиясының академигі