№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Туыстық атаулар – туғанның сәні

Туыстық атаулар – туғанның сәні

Бұл атаулар адамдар арасында бірлік пен тірлікке негіз қалайтын қадір-қасиетімен қымбат. Осы мақсатқа келгенде қазақ халқы тым кірпияз, сыны да, міні де көп, қиыс қадамға бармайтын, бабалар дәстүрін жалғайтын аманатшыл ұрпақ ретінде танымал. Халық тұрмысындағы туыстық қарым-қатынастың өзге халықтарда жоқ құндылығына мына көріністер дәлел. Қазақ халқы ұзатылған қыздарын сексенге келіп, селкілдеп отырса да қыз дейді. Ұзатылған қыздар төркініне келгенде еркін сөйлейді. Қыздың орны төр деп төрге шығарады. Еркін сөйлеп, ойындағысын айтып, ол не айтса да жеңгелері қыздың назын көтеруге, әзілмен әдіптеп, еркелетіп, мерейін асырып отыруға тырысса сол жарасымды. Қазақ ата-ананы әке-шеше, әкенің ағасын үлкен әке, әкенің інісін кіші әке, шешенің абысынын үлкен шеше деп атаған. Бұл атауларды қазірде папа, мама, дәу папа, дәу мама деп өзімізге «әдемі» икемдеп алдық.

Тілімізде баба деп әкесінің әкесін, әже деп әкесінің шешесін атаса, нағашы ата деп анасының әкесін атайды, шешесінің анасын нағашы әже дейді. Нәресте туған кезде кіндігін кескен әйелді кіндік шеше дейді. Қазақта аға деп жасы үлкен ер адамды айтады, апа деп өзінен үлкен әйел адамды атайды. Ер адамдардан жасы кіші қызды қарындас, әйел адам өзінен жасы кішіні сіңлі дейді. Бірге туысқан жақын адамдар бірін-бірі бауыр десе, аталас, ағайын адамдар жамағайын болып саналады. Ағаның әйелі жеңге, баласының немесе інісінің әйелі келін, күйеу жігіттің қайынағасының әйелі жеңге деп аталады. Қазақта ұзатылған қыздан туған баланы жиен деп атаса, сол жиеннен туғанды жиеншар дейді. Жиеншардан туған бала дегеншар, дегеншардан туған бала көгеншар деп аталған. Енді осылардың күйеуі, әйелдері жиен жезде, жиен келін болып тарқатылып кете береді.
Қайын ата деп әйелінің әкесін, қайын ене деп әйеліінің жеңгесін, қайын аға немесе қайын іні деп әйелінің ағасын және інісін, қайын бике деп әйелінің апасын атайды. Балдыз деп әйелінің сіңлісі, бажа деп әйелінің әпке-сіңлісінің күйеулерін атайды. Күйеуге атастырып қойған қызды қалыңдық дейді. Нағашы аға, нағашы жеңге, нағашы жезде тиісінше нағашы аға-апаларының серіктерінің атауы. Бөле – туысқан қыздардан туған бала, қарын бөле бір ата, бір анадан туған қыздардан туған бала. Бұлар жас шамасына қарай бөле әпке, бөле қарындас, бөле аға, бөле інішек болып кете береді. Абысын деп әйелдің қайын ағасының келіншегін, ажын деп қайынінің келіншегін айтады. Бөле жезде бөле әпкенің күйеуі, бөле келін бөле інінің әйелі.
Ұзатылған қыздың өз жұрты – төркін деп аталады. Қайын жұрт деп әйелінің ел-жұрты, ағайын жұрт деп ер адамдардың туыс-туғандарын атауға болады. Нағашы жұрт шешенің туыс-туғаны мен ел-жұртын атайды. Ата-ананың өзінен туған төл баласын бел баласы деп атасақ, немере деп ұлынан туған баланы,шөбере деп немеренің баласын, шөпшек деп шөберенің баласын атаймыз. Бұлар кезегімен бірінші, екінші, үшінші ұрпақ болып саналса, бесінші ұрпақ немене, алтыншы ұрпақ туажат, жетінші ұрпақ жүрежат. Жүрежаттан туған бала жегжат деп аталады.
Жеңге мен қайын іні немесе қайын сіңлі әпке-сіңлілік немесе әпке-інілік қарым-қатынаста болады. Жеңгелер қайынінілерін еркелетіп « мырза жігіт», «ортаншым», «молда бала», тағы сол сияқты балама атаулармен атағаны жарасып тұрады. Қайынсіңлілеріне де солай, ат қойып, ақылын айтып, анасындай қамқор көңіл танытып отырғаны жөн. Оларды туған бауырларынан бір де кем көрмей мерейін көтеру арқылы ағайын арасында бір бүтін ауызбіршілік, жарасымды сыйластық орнауында олардың арасындағы кіршіксіз таза қарым-қатынастың ролі зор. Бұл керісінше болған жағдайда бір анадан туған бауырлардың өзі бір-біріне жат тартып шаңырақтың берекесі кетуі әбден мүмкін. Осы тараптан келгенде сіз қандай жеңгесіз немесе қандай келінсіз? Ойланып көрініз, кемшіліктеріңіз болса әлі де кеш емес, жөндей аласыз. Аттап басқан босағаңызда қадір-құрметке бөленуің өз қолыңда.
Қазақта құдалар арасында мың жылдыққа татитын тамырлы қатынас бекитін дәстүр-салттың арқасында жастардың ажырасуы сынды келеңсіздіктер болмаған. Тіпті бір жағы хан, бір жағы құл болса да қыз беріп қыз алысқан соң олар терезесі тең құдай қосқан құдаға айналады. Үйіне келген құданы төрге отырғызып, сый құрметін көрсетуде қазақ алдына жан салмайды, төредей күтіп, шығарып салуға тырысады. Бұл салт адамдарды терең сыйластыққа, теңдікке, бірлікке баулиды. Құдалықтың бірнеше түрі бар. Құдайы құда деп ешқашан таныс-білісі болмаған, ойда-жоқта Құдай кезіктіріп құда болғандарды айтады. Бел құда деп әлі бала дүниеге келмей тұрып бір-бірін құдалыққа ниет етіп жүрген қиыспайтын достар арасындағы құдалық, бесік құда балалары бесікте жатқанда бір-бірімен құда болуға уәде байласқан екі жақтың шешімін айтады. Бас құда жігіт ауылының өкілі ретінде топты бастап келген, әр істе төрелік ететін адам, бауыздау құда деп екі жақ жастардың туған ата-анасы, бұларды бел құда деп те атайды
Ынтымағы мен жарасқылығы қатар жүретін туыстық қарым-қатынасымызға алдағы уақытта да сына түспей, дамуы сіз бен біздің парасат-пайымымызға тәуелді.

Баян Үсейінова
08 маусым 2021 ж. 1 388 0