№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ассалаумағалейкум, Ақтөбе!

Ассалаумағалейкум, Ақтөбе!

Бұл – қала емес, төбе! Анау-мынау емес, тарихи төбе! Жаугершілік заманның жұрнағы. Қазір Жаңақорған жеріндегі, Қаратау беткейдегі көп төбенің бірі. Етегі жұпар иісті жусан, шопандар қонысы.
Жеті түнде жолға шықтық. Бұған налитын біз емес, жерден жеті қоян тапқандай қуандық. Бағытымыз - Ақтөбе. Кәдімгі төбе. Атауы болмаса, жаугершілік заманның жәдігері. Қолдан үйілген топырақ, тау биігінен бір мысқал кем түспейді. Шамамен үлкен жолдан жеті шақырымдай жер. Жол көне сүрлеу екен, етегі биіктеу көлік ғана еркін жүреді.

Руль тізгінінде Ғалым ініміз, сауатты жүргізіп келеді. Өзі білімді, белсенді азамат екен, ішімізді пыстырмай, түрлі тақырыпта әңгіме шертіп отыр. Жолай бір-екі қойшының қыстауынан өттік. Баяғы жетілік, ондық шамның заманы өткен, күн энергиясынан қуат алып, жап-жарық үйден сәуле шашып тұр.
Маған бәрі таңсық, көз алдыма жетпісінші жылдардың көрінісі көлбеңдей береді. Алда-жалда көліктің дыбысы шықса, шопан үйден атып шығып, «бұл кім болды?» дегендей, өткір жарықтың арғы жағына үңіліп, алыстан күткен қонағын іздеген сыңай танытатын. Бүгінгі болмыс тіптен бөлек. О тоба десеңші, біреуі міз бақпады, жер иесі екенін білдіріп, үйден шығып, төбе көрсетпеді.
– Аға, сіз ойлаған уақыт келмеске кеткен. Қазір кілең жалдамалы шопан ғой, ол бір кесе шәй ұсынуға да жарамайды. Бұрыңғының адамын шаммен іздеп таппайсың. Құдайы қонаққа қой сойып, құрмет көрсететін дәстүрді енді ұмытыңыз,– деді қасымдағы Ғалым.
Мен үндей қоймадым. Жағдайды жақсы түсініп отырмын. Жақында ғана естігенім бар. Шалқияның бір адамы мал іздеп, бірнеше шопанның үстінен өтіпті. Соның бірі хал сұрап, қамын жасауға қауқары жетпепті. Тек Ақтөбедегі ескінің көзі – Жандарбек ғана алдынан шығып амандасыпты, аттан түсіріп, ыстық шәй беріпті. Мынадай жылы жүрек ишаратқа көңілі босап, көзіне жас алған екен. Сол оқиға ойға оралған сайын пейіл тарылып кеткен бе деп жүргенмін, мына Ғалымның сөзі олқы істің орайын тағы тәмпіштеп түсіндіргендей болды.
Қара жолды көзбен сүзіп, жан-жағыма алаңдап қараймын. Шөп шүйгін секілді. Қараңғыдан қарайлап селдір сексеуіл де даланың сәніміз дегендей қылтиып төбе көрсетеді. Басқа қызықтайтындай ештеңе елпең қаққан жоқ.
Аңнан аңшысы көп заман болды, әншейінде алдыңнан бадырақ көзі жарқ етіп, кесіп өтіп, оны көлік қаға жаздап, тежегішті заматында қосып, ішіндегі қауым бір ырғалып алатын көрініс жоқ, қоян да көзбен бұл-бұл ұшқан.
Санап келемін, мынау үшінші қыстау. Атшаптырым қора, жан-жағына самаладай жарқыратып жарық қойылған. Көзге түрткісіз қараңғылықта қаланың құшағына сүңгіп кеткендей болдық. Айдаладағы ақ отау дейтіндей-ақ, төңіректен шаңырағы шаң беретін бірде-бір үй білінбейді, төбенің етегіндегі жалғыз тоқал там осы.
Ішке ендік. Екі бөлмелі үй. Ортада пеш, түгел жылытып тұр. Бір жағы жатын бөлме, бірінде ас-ауқатын ішеді. Радиоқабылдағыш әнге бөлеп, қонақтарға ыстық сәлемін жолдап қояды.
Қаумалаған қауым қызу әңгімеге кірісті. Ағайынды үшеу – Жандарбек, Әлібек, Сәндібек те әңгімешіл екен, өткен-кеткен оқиға, қойшы өмірі толық қамтылып жатыр.
– Аға, бізде жыл он екі ай еңбек. Бұл қыстау. Көктемде тауға көшеміз. Бір-екеуіміз осында қаламыз. Мұнда құдық бар, қауын-қарбыз, картоп егіп аламыз. Тауық ұстаймыз, оның тамағын беру керек. Көтерем малды да осында қалдырамыз.
Қыстық отынды ерте көктемнен қамдаймыз. Жиырма-отыз арба қи ойып, ол қаз-қатар қалап жиналады. Үйді жөндеп, келесі мезгілге дайындайды. Міне, алдымызда осынша тірлік күтіп тұр. Ауылға қатынас күнде десем болады. Ұялы телефон төбеге шықсаң тартады, – деді Әлібек.
Бүгінде бір отар қойдың жай-күйін жасап, олар жаңа көшке қамданып отыр. Құдай қаласа, даланың оты жеткілікті болатын түрі бар. Қыстың қары қалың болды.
– Ас дайын болды, – деп келін ортаға ет толы табақты қойды. Аран ашылып кетті. Бәріміз бас салдық. Таза ауа, кең жазықта қарынның да сұрауы көп секілді, жыланның басы қайтар емес.
Тойынып қалғанда: «Бұл үйге түспеген қонақ жоқ. Тәңір де пейілге береді, елден тысқары отырғасын жоқ іздеген жолаушы көп ұшырасады. Соларға бір шәйнек шәйдің өзі үлкен талғажу. Алғысын айтады. Тіпті мұнда ешкім қалмағанның өзінде есікті кілттемейміз. Адасқан адам, шаршаған кісі демін алады, ыстық тамақ ішуге мүмкіндік бар» деді ол.
Қойшы ауылдың құшағында қона жатуға уақыт тар. Кері қайту керек. Төңірек тып-тынық, ауа таза. Аспан жүзінде жеңгенің шашқан шашуындай жұлдыздар жымыңдайды. Қарап тұрып, қиял қиянға жетелеп кетеді. Ол әсерге ештеңе жетпейді.
Бұрынғылар «Қара жолдың бойында мәрт те, нәмәрт те отырады» дейтін, басқаны қайдам, мына кісілердің пейілі бөлек. Кісі талғамайды, жатырқамайды. Анау Ақтөбенің ежелгі даңқы ма, киесі ме осы шопанға нұр шашып тұратын ұқсайды. Бәлкім, сол нұрға шомылып кеттік пе, әлде адамның пейілі ме, әйтеуір сұлу сезімге сүңгіп алдық. Ол енді естен шыға қоя ма? Тағы да жол түссе барармыз, бауырым!
Мен сол сапарды асығып күтіп жүрмін. Сол сәт туа қалса төбе басына шығып:
«Ассалаумағалейкум, Ақтөбе!» дегім келеді.

Қаныбек АБДУОВ

Қаныбек ӘБДУОВ
03 маусым 2021 ж. 767 0