№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ұлы дала ұстыны – ұлттық рухтың ұшқыны

Ұлы дала ұстыны – ұлттық рухтың ұшқыны

Тарихтың қай кезеңінде болмасын құс қанаты талар кең алап, заңғар таулы байтақ даласына көз алартқанды ақ найзамен түйреген, тұтас елін тастүйін бірлікте ұстап, ақыл-санаман билеген, оқу-тоқуды меңгерген, өлмес рухқа дем берген, теңдік тиді дегенде билікті алып қолына бөтенге ерік бермеген, Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбеген қазақ атты қайсар халықтың қаһармандығы большевиктік партияның үрейін ұшырып, қайткенде оны әлсіретудің, құл етіп езгіге салудың түрлі айла-әрекетіне барғанына тағдырлы тарих куә.

Алаш қоғамдық-саяси ұлт-азаттық қозғалысының басында тұрған азаматтардың бар мақсаты – тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру болатын. Олардың ұлт мүддесі жолындағы ұлы мұратын жою мақсатында «Кіші Қазан төңкерісі» ұйымдастырылып, Қазақ өлкелік партия комитеті басына келген Голощекиннің «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен жүргізілген солақай саясаты мал атаулыны қолдан қырып, ұжымдастыру жүріп, елді күнкөрісінен айырып тұс-тұсқа тоздырып жіберді. Елдің басында жүрген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды жаппай қамауға алып негізсіз себептермен қуғындау салдарынан 1921-1954 жылдар аралығында 120 мың адам тұтқындалыпты. 25 мың адам ату жазасына кесілді. Ату жазасына кесілген адамдар саны қырғыз, өзбек, тәжік ұлтында саусақпен санарлықтай ғана, неліктен қазақта құрбан болғандар осыншама есе көп? Бұл қазақтың ұлы даласы ұландарының басқа ұлттарға қарағанда әлдеқайда еркін ойлы, саяси сауатты, өздерін биік ұлт санаған орыстың оқымыстыларымен теңдесетіндей ойшыл да кемеңгер, білім мен мемлекет басқару ілімін меңгерген және көкейдегіні басыл іске асыра алатын ержүрек қадір-қасиетіне дәлел болса керек.
Міне, мұны келер ұрпақ керемет мақтаныш тұтып қана қоймай сол асқақ рухта бой түзеп, мінез қалыптастыру үшін тарих ақтаңдақтары түгелімен ашылып, ақиқат салтанат құруы керек. Осы мақсатта 1993 жылы 14 сәуірде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Жарлығымен «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң күшіне енсе, 1997 жылы 31 мамырдан бастап осы күн «Ашаршылық құрбандарын және саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу күні» ретінде белгіленіп, жыл сайын мемлекеттік деңгейде түрлі сипатта Аза тұту рәсімдері ұйымдастырылып келеді.
Кеше, 31 мамыр күні аудандық тарихи-өлкетану музейінде өткен шара зұлматты жылдардың тақсыретін туған жер тарихымен байланыстыра тарқатқан тағлымымен есте қалды. Дөңгелек стол формасында өткен басқосуға зиялы қауым өкілдері, білім саласы басшылары, тарихшы мамандар және қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты. Мазмұнды шараға осы тарихи құтхананың басшысы Нәбихан Шалапов модераторлық етті. Алғашқы сөзді алған аудан әкімі Руслан Рүстемовтың жүрек сөзі төмендегіше тарқатылды:
– Қазақ халқының басынан өткен зұлматты тақсырет тарихы басқа ешбір ұлттың басында мұншалықты деңгейде болған жоқ. Басы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» өзек тартқан өксікті шердің жалғасы үш жүз жылға созылған Қалмақпен қырғында қан қатып, одан соң жазықсыз қырып-жойған зорлықшыл саясаттың салдарынан өз жерінде қынадай қырылып, азшылыққа ұшыраған ұлы мұратты ұлттың сағы сынып, алып тамырдан бас алған сабағы әзер-мәзер аман қалып, көп қиындықпен өмір-керуеннің сүрлеуінде қатар түзей алғанын келер ұрпақ білуі тиіс. Бұл азалы күннің тарихқа құрмет ретінде мән-мағынасы осында. Халықтың келешегі үшін «мың өліп, мың тірілген» тұлғалар ұмытылмауы тиіс.
Олардың қатарында жаңақорғандық Сұлтанбек Қожановтың есімі айрықша. Ол ұлттың иісі шығып тұрған жерді елдің астанасы етуді мұрат етіп, оған Ақмешітті лайық деп тапқан шешімін орындата алған. Сонымен қатар астана есімін өзгерту мәселесі туындағанда Алаштың көсемдері Қызылорда деп атап, ол бір жағынан Кеңестік империяның туына құрмет сынды саясатта көз алдаса, түпкі мақсатта түркі тііліндегі қызыл сөзі алтын дегенді білдіреді, іштей Алтынорда атауы алашордашылардың жеңісі еді, – деп шынайы тарих толқынының жүрек шымырлатар тұстарынан сыр шерткен шешеннің сол кезеңде халықты дінсіздендіру – атеизм саясатының қаншама құндылықтарымызды жойып жіберуге бағытталған жойқын зұлым­дығын өз аймағымыздағы қанды қасап қырғынмен төмендегіше баяндауы құндылығымен ойымызда қалды: «Үш жүзге пір болған Марал ишанның ұлы Сүлеймен отызыншы жылдары дін өкілдерін қуғындаған аласапыранда Қазалының түрмесіне жабылады. Бір күнде осында отырған 40-қа жуық ишан, молда, ахундарды қаз-қатар тізіп қойып атуға алып шыққанда Сүлеймен солардың ішінде ең жасы екен. Қойылатын сұрақ біреу «Құдай бар ма?» Астапыралла дегізерлік сұраққа қандай жауап болсын.
Шетінен жусатып, мұның жанына тақағанда жанындағы ақсақал балам, бір амал қыл деп ақыл беріпті. Бұл «Құдай бар ма?» дегенде «жоқ» деп жалғыз оқтан аман қалыпты. Кейін түрмеден шығып ауылға келгенінде ел ақсақалдары діннің шамшырағындай орталарына тірі оралған олжа тұлғаны ортаға алып мән-жайды біледі. Сонда оның жасаған амалы мынадай екен. Бұған «Құдай бар ма?» деп сауал тастағанда «Алла жалғыз, одан басқа Тәңір, – деп іштей жүрекпен бекемдеп алып, – жоқ» дегенді дауыстап айтыпты. Ажал құрығынан солай аман қалыпты.
Аудан басшысы одан әрі мемлекеттік мәртебеге ие болған Қазақ автономиясын одақтас республикалар қатарына ендіруде ерен еңбек еткен Темірбек Жүргенов туралы айтып, қазақты бұл деңгейден танытқан сол кездегі мәдениет министрі Т.Жүргеновтың басшылығымен Мәскеуде өткен қазақ мәдениеті мен өнері күндерінің онкүндігінің құдіреті екендігі жөнінде айтып өтті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ жақсы мен жайсаңнан кенде емес, кейінгі ұрпақ ұлағатынан үлгі ала білсе ұшқыннан жалын лаулайды.
1926 жылғы Халық санағында Ахмет Байтұрсыновтың «Әлхамдулла, алты миллион қазақпыз» деп сүйіншілеген сүйген ұлтының саны 28-29-шы, 31-33 жылғы қолдан жасалған ашаршылық, одан кейінгі саяси қуғын-сүргін зобалаңы, екінші дүниежүзілік соғыстың зардабынан екі еседен астам кеміді. Ұлттың тарихта кеткен ұпайын түгендер ұрпақ аман болсын.
Келесі кезекте сөз алған аудандық мәдени-тәрбие орталығы және №110 мектеп директорлары Әлімжан Ержанов пен Әділмырза Таждиновтар қуғын-сүргін құрбандары – өз аталары Шамұрат Ержанов пен Тажидин Жақыпұлын іздеу нәтижесінде табылған құжаттары жөнінде баяндап берді. Осы бағытта ардагер-ұстаз Зинабдин Шермұхаммедұлы әңгімеледі. Сосынғы белгілі болған жайт, саяси қуғын-сүргін құрбандарын іздестіру жөнінде мемлекеттік деңгейде шаралар қолға алынып, өңірлерде жұмысшы тобы құрылды. Жергілікті халық осы ұйыммен хабарласып, кезінде қуғынға ұшырап немесе қатерден бас сауғалап өзге жақта бой тасалауға мәжбүр болған жақындары жөнінде хабарлап, олардың дерегін табуға ықыласты түрде іске кіріскендері жөн екендігін ескертеміз. Бұл туралы жұмысшы топ мүшелері Нәбихан Шалапов, Әлімжан Рахметұлы жан-жақты көмек көрсететіндігін жеткізді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
01 маусым 2021 ж. 528 0