№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қара нар қарияларым, қайдасыңдар?

Қара нар қарияларым, қайдасыңдар?


Жаңақорған ауданынан біржола жылыстап кеткенім жоқ, әрбір жағымды жаңалығына елеңдеп, орын алған әрбір өкінішті оқиғаға күйініп, сырттай тілеуқор болып жүргенде сағынышқа толы күндер ақыры жетелеп қайта әкелді. Сөйтіп 2016 жылдың тамызынан кейін 2020 жылдың күз мезгілінде жыл құсындай алып-ұшып Жаңақорған жеріне қайта жеттім. Кешегі көргенің ұмытылар, бірақ үлкеннің батасы, ақылман ойы санаға әбден сіңіп қалады екен, алдымен ақсақалдарымды түгендеуге кірістім. Отбасындағы тәрбие солай ма, ата көрсек, аттан түсіріп алу, сәлем беру, қолына су құю секілді баланың борышына берік болғанымыз соншалық, кейде әке орнына атаны, анамның орнына кейуананы іздеп кеткім келеді.
Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, – деген Мұқағали ақынның өлең жолдары дәлелдегендей, шынында абыз ақсақалдарымыз азайып кетіпті.
Ұлы Жеңіс мерекесі жақындағанда ардагерлерді ардақтайтын дәстүр бар. Бірақ, бүгінде ауданда бірде-бір майдангер қалмапты. Өкінішті. Бәрі мәңгілік мекенге аттаныпты. Мен алғаш аудан әкім болып келген 2015 жылы олардың қатары 15 еді, 2016 жылы 9-ға түсті. Енді асқақ аталардың ардақты орнын сипап қалдық.
Әлі есімде, 2015 жылы мемлекет тарапынан оларды қолдау шаралары мол жасалды. Соғыс ардагерлері Махметжан Сапарбаев пен Найманбай Құрбановқа Елордадағы мерекелік шеруге қатысу мүмкіндігі тиді. Кеңес Одағының батыры Әнуар Әбутәліпов пен Александр Романов атындағы мектеп алдындағы бюсті қайта жаңартылудан өтті. Майдангер Жүніс Қабетеновтың 100 жасқа толу мерейтойына орай «Ғасырлық ғұмыр-дария, елге елеулі қария» кездесу кеші ұйымдастырылды. Аудан орталығында «Рух. Ерлік. Жеңіс» театрландырылған концерті мен әскери шеру өтті.
2016 жылы Сайфулла Жұмаділлаев, Нұрман Асанов, Тұрсынбек Бейімбетов, Махметжан Сапарбаев, Әйтміш Матенов, Шәймерден Сүйіндіков, Әсілбек Қошқаров, Сейітхан Байдүйсенов пен Найманбай Құрбановтың отбасында болып, мерекелік құттықтау жасаған едім. Тіпті бірнеше рет барған ақсақалдарым да бар. Солардың ішінде Әсілбек Қошқаровпен жиі жүздесіппін. Сол сұхбаттарымды айна-қатесіз жатқа айта аламын.
– Қазақты жауынгер халық деп бағалаймыз. Ал, сіз қалай ойлайсыз? – дедім оған тұтқиылдан.
Ол ешбір қиналмастан: – Сталиннен бастайын. Данышпан адам ғой, ұлт діңгегіне ұйыды. Қай халықтың да түбін зерттеп алды. Қазақтың батыр болмысын білді әрі бағалады. Сонан кейін ең жауапты майдан шебіне қазақтар жіберілді. Соғыстың ірі сойқаны — Сталинградта өтті. Мен соған қатыстым. Алты ай немістің қолында тұрған қалаға біз басып кірдік. Бұл 1943 жылдың 10 қаңтары болатын. Волга өзеніне мұз қатты да жаяу әскер жалғыз осы жолды пайдалануға тура келді. Осы қалада жасақталған 8 гвардиялық қазақ полкінің 93 бригадасына қосылдық. Көріп отырсыз, қазақ полкі. Өйткені Сталин қазаққа сенді. Басқа ұлттың өкілінен бірде-бір әскери құрылым жоқ. Сонымен қазақтар үшін қиян-кескі ұрыс басталды. Атыс-шабыс. Бас көтеру мүмкін емес. Оқ жұлып кетеді. Айтуға қиналамын. Өйткені адамның қаны суша ақты, – деді.
– Өзі немісті көрдіңіз бе?
– Көргенде қалай,көздеп аттым да. Немістің шебі мықты болатын. Олар окопта, біз жазықта бұқпантайлап еңбектеп жылжимыз. Құдды жайылып жүрген отар қойға ұқсайды. Қолда винтовка. Кенет окоптан біреудің сұлбасы қарауытты. Дәлдеп тұрып періп қалып едім, басым шымырлап кетті. Сөйтсем, ол да жалма-жан атқан екен, шапка тесіп өткен оқ басымды пышақтай тіліп жіберіпті. Құдайға тоба дедім, егер бір елі жоғары көтергенімде басыма тиер еді. Осы соғыста қатты жараландым. Госпиталда жатқанбыз. Неміс тұтқындарын қасымыздан алып өтті. Сол жерде фельдмаршал Паулюсті көрдім. Үстінде көкшіл былғары плащы бар екен. Көзіме жатталып қалғаны осы.
– Жалпы, қорықтыңыз ба?
– Айналайын-ау жаннан тәтті не бар? Әрине қорықтық. Қазір осы кітап-газетте көп адам жазып жүр ғой, «майданға өзі сұранып барды» деп. Ол өтірік. Кім өлгісі келеді. Соғыс жылдарында тауға тығылып, әскерден қашқандар да болды. Кейін бәрі басылған соң олар елге қосылды. Біз әскери комиссариаттан шақырту (повестка) алғасын қыбыр етуге мұрша болмады, бір үйден үш адам: ағам, мен, інім майданға кеттік. Содан мен ғана тірі келдім. Соған шүкіршілік етемін.
– Осы жау қайдан шығады?
– Жау жар астынан шықпайды, өзімізден шығады. Мысалы қазақтың жауы - қазақ. Бір-бірін түртпектемесе жаны жәй таппайды.
– Дос ше?
– Қазір дос дегенге сенбеймін. Бәрі жасанды. Сатқын көп. Бір күндік пайда үшін айырбастай салатын ақымақ аз емес.
– Біз өзі небір зұлматты көрген халықпыз. Сіз солардың тірі куәсісіз.
– Мен үш тарихи формацияны бастан кешірдім десем болады. Қазақты қалмақ та, жоңғар да, қоқан да биледі. Осы езгі бір ұлт тағдырына аз дақ емес. Содан Николай патшадан араша күтті. Қазақ үшін Николайдың көмегі көп еді. Патша келісімді берік ұстап, қазақтан әскерге адам алмады. Тек отын мен шөп салығы болды. Николайға дейін бек лауазымы жүрді. Жаңақорған жерінде Сасықбай бек төрелік жүргізді. Ал, 1870 жылы патша болыстық билікті енгізді. Алғашқы болыс Асқар Еспембетұлы еді, одан ұрпақ бар. Камал, Жамал, Иса деген балаларынан тараған әулет жалғасты. Сонан соң Әлімбет, 1904 жылы Жантөреев (Бегайдар Аралбаевтың әкесі) болыстық жасады. Осы кісілер билікті дұрыс жүргізді, бірақ әлгінде айтқандай жауы қазақ болды.
Кейін компартия келді. Кәмпеске басталды. Мен әкемнен 1929 жылы жеті жасымнан жетім қалдым. Үйде баспағы бар сиыр болатын. Соны қызылдар тәркілеп алып кетті. Голощекиннің заманы қайтып келмесін, қазақ аштықтан қырылды. Таққа Мирзоян отырды, ел оны «Мырзажан» атап кетті. Оның мәнісі мынада: халық аштан қырылып жатқанда елге егуге бидай берді. Күнін көрсін дегені ғой, берілген бидай қарызын кейін қайтарасың деді. Осының арқасында көп адам өлімнен аман қалды. Осылай балам, талай-талай тағдыр өтті.
– Билікке көзқарасыңыз қалай?
– Құранда айтылған: «Құдайдыкі – парыз, патшаныкі – уәжап» деп. Уәжап – басшының айтқанын мүлтіксіз орындау деген сөз. Қарсы сөз айту – мұсылмандықтан шығып қалуға итермелейді. Сондықтан билікке қарсы сөз айтпаймын. Туасы, тегін адам басшы болып келмейді. Жалпы, басшы адал болмай елдің еңсесі көтерілмейді.
– Еркек кіндіктің ерекшелігі...
– Бір сөзді және уәдеге берік болғаны абзал.
– Нені жек көресіз?
– Мына мәйегінен май тамған берекелі заманды жамандаған адамды. Жұмыс жетеді, тек істеуге құлқы болу керек. Қазір бір жылқы – бір «Жигули» тұрады. Неткен керемет! Жастар жалқау. Дене қозғалысы жоқ. Менің кешеге дейін қолымнан кетпен, айыр түскен жоқ.
– Жерді емген диқанның бірісіз...
– Шіркін, жер жомарт қой. Байлық сонда. Менің бір балам бір гектарға пияз екті. Сол пияздың 10 тоннасына біреу 90 тоқты берді. Балам сол тоқтымен жетіліп кетті. Осы арада 5 бау бар еді. Су диірмен де болды. Қарамай кетті, содан мен ғана қалып тұрмын.
– Аулада ағаш көп екен...
– Жарықтық, ағашты жыл сайын еге берген дұрыс. Оттегі! Осы ауылды ағаш егуге талай жұмылдырдым. Ең болмаса мәуесін балалар жейді ғой. Көбі қурап кетті, жанашырлықпен қарамайды ғой.
– Бұл үйге қазақтың талай марқасқасы қонақ болып түскен дейді.
– Оның рас. Бір құдайы қонақтың ат жемі мен қонақасын беру қазаққа парыз. Ауданға келген адам біздің үйге бір соқпай кетпейді. Бұрын бірінші хатшы шаруашылық директорына тапсырады. О сорлы шопаннан бір мал жаздырып алам деп артынан жазалы болады. Сондай жағдай болмас үшін ара түсемін. Кенттегі қонақүйде масаға таланып жатқанша кең аулада көсіліп дем алған қандай керемет. Ал, енді қонақ әртүрлі ғой. Мысалы, 1957 жылы депутаттыққа түсіп Дінмұхамед Қонаев келді. Қасында қазалылық Қашақбай Пірімов бар. Екеуі бірге оқыған. Қонаевтың басында папах, үстінде ұзын қара пальто. Өте ақылды адам ғой, баппен, байыппен сөйлейді. Менде керемет киіз болды. Қонақтың дені сонда отырады. Қонаевты сонда күттім. Мұнан басқа, Мұқамеджан Қаратаев, Хамза Есімжанов, Әбділда Тәжібаев, Фариза Оңғарсынова, облыс, аудан басшыларынан Зейнулла Жарқынбаев, Еламан Жүнісбаев, Әмзе Әлжанов, Елеу Көшербаев, Жанбаев, Оспанов секілді марқасқалар талай болған.
– Демек дастарханыңыз берекелі болды ғой.
– Енді кемпірім Кенжештің арқасы. Қазір 88 жаста отыр. Тоғыз бала туып берді, содан жетеуі тірі. Одан 32 немере, 39 шөбере бар. Әбділда Тәжібаевтың бір сөзі бар: «Қазақтың сен секілді іні бергеніне ризамын» дейтін. Қонақ күткеннің қолына құт қонады, осыны ұмытпаңдар! Лауазымда қызмет істеген жоқпын, қарапайым еңбек адамымыз ғой, алайда мені сыйлаған, таныған адам аз емес. Осыдан артық бақыт бар ма?!
– Пенсияны кім алады?
– (Ол астарлы әзілге бір жымиып күліп алды). Келін. Көз көрмейді ғой. Бірақ сұрағанымды береді. Мен ақша ұстай алмаймын, балаларға таратып жіберемін.
– Өмір туралы ойыңыз.
– Қазіргі Қазақстан – нанхана! Елбасы көреген адам. Сайлауда дауыс бердім. Мен оған сенемін. Әлем таныған елміз, тыныштықта өмір сүріп жатырмыз. Басқа не керек! Мына 93 жасқа келгенім осы бейбіт заманның бағы ғой.
– Тілегіңіз..
– Өкіметке ризамын. Арманым жоқ. Көрем дегенді көрдім. Ал, елге: «жұмыс, жұмыс және жұмыс» дер едім. Еңбектен ерінбеген тәңірден өз несібесін алады.
Міне, Әсілбек ақсақалдың бүгін жамбасы бір аунап тұрған шығар. Екеуара болған әңгімені сөзбе-сөз, үтір-нүктесіне дейін өзгертпей, сол күйі жариялап отырмын.
Руслан РҮСТЕМОВ,
аудан әкімі
08 мамыр 2021 ж. 759 0