№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Үлкен істі үлгілі жандар атқарады

Үлкен істі үлгілі жандар атқарады


Тұрлыбек Шаназаров Ташкенттегі Политехникалық институттың геология-барлау бөлімінде білімін шыңдап, маманданады. 1959 жылы Өзбекстанның геология-барлау аймақтарында еңбек жолын бастады. 1960 жылы Қаратау геологиялық-барлау экспедициясына ауысып келді. Кентау қаласы маңындағы экспедицияда жұмыс жасап жүргенде Жаңақорған төңірегінде геофизикалық аппаратпен зерттеу жұмыстары жүріп жатыр дегенді естіп, іздеу жұмысына тікелей қатысқысы келді. Сөйтіп, Өгізмүйіз аумағын зерттеуге екі бригада геологтарды алып Жаңақорғанға келді.


Сол жылы қазан айында бұрғылау жұмыстарын жасап, Бірлік кеңшарына жақын «Шұқырой» деген жерде зерттеу жүргізді. «Сорбұлақ ГРП» деп аталатын геологиялық зерттеу партиясы бұл жерді таудың шалғай бетінде орналасқан кен болғандықтан өздерінше «Шалғая» деп атап кеткен еді. Ол кейін «Шалқия» аталып кетті. Жоғарыда айтқандай, біздің кейіпкеріміз екі бригадамен жұмысты бастап, руда бар екенін көріп-біліп, жұмысты жалғастырғанмен қыс айларында өндірістік көрсеткіш бір айда жүз метрден аспады. Оны көтеру үшін алмаз бұрғыны пайдалану керек деген ұсыныс жасады. Ұсынысы қабылданып алмазбен бұрғылауға рұқсат алды. Сөйтіп, 1964 жылдың аяғында айлық өнімділік 200 метрге дейін жетті. Көп ұзамай 1963-1964 жылдары кеншілерге арнап екіқабат ағаш үйлер тұрғызылды, жылу орталығы, монша салынды. Автономиялық дизель-электростанция күндіз-түні жұмыс істеп тұрды. Қазба байлықты зерттеп жатқан жерлерге электр желілері тартылып подстанция орнатылды. Барлық бұрғылаушылар электроэнергиямен қамтылды. Бұрын екі бригада болса кейін алты бригадаға жетті.
Жұмыспен танысу үшін арнайы іс-сапармен Қазақ ССР геология министрі Шахмардан Есенов келді. Атқарылып жатқан істі көріп, рахмет айтып, көбірек қаржы бөлеміз деді. Кездесуді пайдаланып, Жайылманың ақсақалдары су мәселесіне көмек сұрады. Жайылма ауылына ұңғыма қазып, су жеткізілді. Бірақ белгісіз себептермен 1967 жылдың аяғында зерттеу жұмыстары Шалқия өңірінде мүлдем тоқтап қалып, Тұрлыбек Шаназаров Кентауға экспедицияның бас инженерінің орынбасары ретінде ауысып кетті де, 1972 жылға дейін сонда жұмыс атқарды. Бірақ Шалқия қазбалы кен орнын қайта зерттеу үшін Мәскеудегі КСРО геология министріне арнайы хат жазып, бір білгір геологі жіберуін өтінді. Өтініші аяқсыз қалмай Мәскеуден келген геолог бұл жерде қорғасын-мырыш қазба байлығы мол, қайта зерттеу керек деген тұжырым жасап кетті. Сөйтіп, 1972 жылы зерттеу жұмыстарын жалғастыруға қомақты қаржы бөлінді. Біздің кейіпкеріміз қайтадан ойындағы жұмысын жалғастыру үшін техникалық жетекші болып Шалқияға келді. Іздеу, зерделеу, тау жыныстарын егжей-тегжейлі барлау кезеңдерін толық орындап 1983 жылы Мәскеуден руданы өндірістік мақсатта пайдалануға Ащысай полиметалл комбинатына өткізуге рұқсат қағазы алынды. Ресми құжаттар негізінде 1985 жылдан бастап Шалқия қазбалы кен орны Қызылорда облысына өтті.
1982 жылы 4 маусым күні Шалқияға бұрынғы геология министрі, академик Шахмардан Есенов тағы келді. Шахтаны көріп, кеншілердің тірлігімен танысты. Жас баладай қуанып, өзінің ризашылы­ғын білдірді.
Сонымен, Өгізмүйіздің оңтүстік-батыс жағын Құттықожаға дейін зерттеп руданың 550-750 метр қалыңдықта орналасқанын анықтауға дейін қаншама жұмыстар жүргізілді. Жайылманың солтүстік-шығыс, батыс жағынан ұңғымалар қазылып руданың жоқ екені дәлелденді. Зерттеу-барлау жұмыстары басқа арнамен жүргізіліп, көп ұзамай Бірлік кеңшарының тау жағындағы «Бөрібай», «Жалғызағаш» деген жерлерде зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Талап кеңшарының солтүстік жағындағы жерлерден қорғасын-мырыш табылды. Талап кенінің айырмашылығы бұл жерде қорғасын рудасы көп, ал мырыш аз, керісінше Шалқияда мырыш қоры көп, қорғасын аз. Шалқияда рудалық ендіктер көлденең орналасып, шамамен 50 метрден басталып 480 метр тереңдікті құрайтыны анықталды.
1965-1966 жылдары Шалқия кені зерттеліп жатқанда сол кезде Қазақ ССР Халықтық Бақылау Комитеті төрағасы Ахмет Әділов келгенінде, Шалқия қазбалы кен орнын игерудің экономикалық жағынан тиімді екенін анықтап, солай қарай теміржол тарту қажеттігін жобалап кеткен-ді. Сонан кейін шамамен 1984 жылы Ахмет Әділов қайта соғып, өндірісті көзімен көріп облысқа өткізу жөнінде ресми құжаттарды пысықтап қайтқан болатын.
Биыл Жаңақорған ауданындағы бірегей кен орны Шалқия кенішінің ашылғанына 40 жыл толып отыр. Осы уақыттан бері кеніш екі рет ашылып, екі рет жабылды. Әрине, кеңес дәуірінде кенішті өркендетуге одақтың түсті металлургия министрлігі қыруар қаржы бөліп, кен орнының инфрақұрылымдарын жасауға, әлеу­мет­тік мәселелерді шешуге қатысты көп жұмыстар атқарылды. Шалқия кенті өмірге келді.
Кешегі тоқырау жылдары кеніштің жағдайы күрт қиындап, тіршілігі тоқтап жабылып қалған. Істі жүргізуді қолға алған бірінші және екінші инвестордың мақсаты сәтсіз аяқталған болатын.
Үшінші рет кенішті 2014 жылы мемлекет өз қарауына алып, «Самұрық-қазына» әл-ауқат қорының меншігіне алды. Міне осы кезеңнен бастап Шалқияның үшінші тынысы ашылды.
Қазіргі таңда кеніште 700-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Шалқия кентінің жағдайы бұдан да жаңарады деп сеніммен айтуға болады. Шалқиядан кен байыту фабрика салынған кезде оның жобалық қуаты 2 млн тонна кенді байытатын жағдайға жеткеннен кейін тағы да болашақта металлургиялық комбинат салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Сол кезде Шалқия республикада үлкен өндіріс орнына айналмақ.
Үлкен істі үлгілі адамдар атқарады.
Шалқия жерінде руданың бар екендігін дәлелдеу үшін басын бәйгеге тігіп, жауапкершілікті мойнына алып, табанды жұмыс жасап, ақыры мақсатына жеткен білікті жанның қайраткерлігіне қарап, осы тәуекелді талаптың астарында туған елге деген перзенттік махаббат, адал сүйіспеншілік жатқанын мойындауымыз керек.
Тұрлыбек Шоназаров 1993 жылы құрметті демалысқа шықты. Кент тұрғыны, еңбек ардагерін одан кейін де кеніш жағдайына байланысты өтіп жататын жиындарда көріп жүрдік. Әлі есімде, 2003 жылы ақпан айында осындай жиналыс өтті. Ол кезде тоқтап тұрған кеніш жұмысын «Таукен» ЖШС қолға алған кез болатын.
Кеніште жоғары сапалы мырыш пен қорғасынды жабық сілтілендіру әдісімен алудың алғашқы сынақтары өтіп жатқан кез. Дегенмен бұл әдістің қоршаған орта мен ауызсуға зияны болмай ма деген көкейтесті сұрақ жандарын мазалаған бір топ еңбек ардагерлерін осы жерден кездестірдік. Араларында осы Тұрлыбек ағамыз да бар еді. Ол кісі сөз алып, кен өндіруде сілтілендіру әдісінің табиғатқа және жерасты суларына зиян болмакй ма деген ойын өз көзқарасы тұрғысынан жеткізді. Өз қолымен құрған өндірістегі жаңашыл әдістердің жандануына қарсылығы деп бағалаудан бұрын өмірден көрген-түйгені мол тәжірибелі маманның келешек ұрпақ тағдырына деген жанашырлықтан туған талап-тілегі деп түсіндік мұны.
Бүкіл өмірінде кен тағдыры-ел тағдыры деумен келе жатқан, бүгінде жасы сексеннің төртеуіне келген осы кісіні мәртебелі жиындарда кездестіре алмауымыз көңілімізге көлеңке ұяла­тады. Марапат мінберінде бұл кісінің есімі неге аталмайды?
Түрлі мереке құрметіне орден мен медальға ұсынылып жататын еңбек майталмандары ортасынан ойып орын алса дейміз.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

15 сәуір 2021 ж. 850 0