№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ақын өтті, тербетіп жыр – бесігін

Ақын өтті, тербетіп жыр – бесігін


Қаншама хас талантты тудырған Қаратау өңірінде қолтаңбасы бөлек ақын – Мейірбекұлы Әкім ағамыздың бақилық болғандығы жөнінде суыт хабар алдық. Көз алдымызға мінезі жібек, жүрісі майда, тұрқы шағын ғана болғанымен тұрпаты бөлек, тар маңдайға жазылған тағдырдың сынағын табанды мінезімен көтеріп өткен ақын бейнесі келіп тұра қалды. Саналы ғұмырын журналистика саласына арнап, туған жердің төл басылымы – «Жаңақорған тынысы» газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі болып жұмыс атқарған ағамыздың қоғамның проблемаларын зерттеп, талдап жазған тамаша дүниелері әлі елдің есінен кете қойған жоқ. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де сауатты жазатын көңіл көзінің ашықтығы, әсіресе экономика тақырыбына терең төселген білімдарлығы көпті мойындатқан еді. Оның 80-ші жылдарда жазған «Шалқи бер, Шалқия» атты сериялық мақалалары жергілікті жердегі өндіріс орнының бүгіні мен келешегін талдап жазған сараптамалық қуатымен тарихта қалды.
Журналист еңбегі, жаңашылдық тұрғыдан келгенде қоғамның алдында жүруі тиіс мамандық. Осы талап тұрғысынан танылуда ол табанды мінезін тірек етті. Комбаинның бункері сынды көмейіне келгенді тоқтаусыз қылғыта беретін газет жұмысының шеті, шегі болған емес. Бір нөмірді толтырып, енді екіншісіне азық іздеуге екі аяғына жалынатын журналист қауымының жайбарақат отырған күні бар ма? Ал осындай қарбаласта жүріп жыр жазуға уақыт табатын адамға қанат бітіретін поэзия құдіреті.
Ақын болу үшін, жүректен әдемі жыр туғызу үшін жарық өмірге деген сүйіспеншілік керек. Әлбетте, тағдыр әркімге әртүрлі несібе бұйырады. Бірақ сол маңдайға біткенді қанағат сезіммен қарсы алып, әрбір күнді аса қимастықпен шығарып салған сайын ғаламат әлемнен ғажайып сыр түйіп, оны өлең өрнектерімен шабыттана жырлаған ақыннан бақытты жан бар ма? Нағыз ақынның әрқашанда көңілі көлдей арнасынан асып-тасып, аяғымен жер басып емес, қос қанатымен көкке қалықтағандай ғажайып күйдің екпінімен жалындата жыр жазып, бүкіл әлемді жұдырықтай жүрегімен аялап, әманда алатаудай арманға асығады да тұрады-ай.
Отан – панам, дүниеде панам бар да,
Дүниеде ең ұлы Анам барда.
Бақытым мен байлығым жетіп жатыр
Менен өткен бақытта адам бар ма?
Отан барда алыппын, күштімін мен,
Ақынмын мен сайраған құс тілімен.
Отан барда ең үздік диқанмын мен,
Жұмыр жердің орайтын үстін гүлмен...
Жалпы Әкім аға ауылда туып, ауылда өскенімен адамзатқа ортақ қасиетті құндылықтарымызды қанына сіңіріп, жүрекпен ұғып қана қоймай өмірден өз білген-түйгендерін ақ қағаз бетіне орамды ой, ұтымды ұйқаспен тізбелеген өлеңдері ақынның өз жандүниесін айқын аңғартып тұрғандай. Сонау балаң кезінен бастап жазған өлеңдері республикалық басылымдарда көрнекті ақын Асқар Тоқмағамбетов, жыр алыбы Әбділла Тәжібаевтың алғысөздерімен басылып шықты. 1972 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Жас керуен» ұжымдық жинаққа тоқтама өлеңдері енсе, 1977 жылы «Жалын» баспасынан «Кешіккен көктем», 1979 жылы «Көңілді жаз», «Жазушы» баспасынан «Дария», 2008 жылы «Жүрекке жол» атты жыр жинақтары, 2009 жылы «Сырдария кітапханасы» көптомдығы құрамында «Сырдария – сырлы анам» атты жыр кітабы жарық көріп, оқырмандар қолына тиді.
Ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, 1984 жылы «Еңбек ардагері», облыстың 70 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталды. 1987 жылдан Қазақстан Журналистер одағының, 2010 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Ол Қазақстан Жазушылар одағының ХІV съезіне делегат болып қатысты.
Әкім Мейірбекұлы 1938 жылы дүниеге келді. Бір жасқа толар-толмас әкесі өмірден озды. Анасы Бибіайым Сапарбекқызы (Садықбек Сапарбековтің апасы) колхозда еңбек ете жүріп, әке орнын жоқтатпауға тырысты. Онымен қоса ақындығымен де танылып, ауыл тойларында айтысқа түсетін өнері болған екен. Сол ана бойындағы ерекшелік перзентіне де дарыған болар, бала Әкім айтыс десе елеңдеп, бертін келе қара сөзбен өрнекті ой тізбелеп өлең жазуға талаптанып, арқасы қозып тұратын болды. Жанұя жағдайымен он жылдай анасының жанынан ұзай алмай ауыл кітапханасында кітапханашы болды. Одан соң ҚазМУ - дің журналистика факультетіне оқуға түсіп бітіріп, аудандық «Екпінді», кейіннен «Коммунизм жолы», онан соң «Жаңақорған тынысы» газетінде зейнетке шыққанша қызмет атқарды. Бұл жылдары Әкім Мейірбековтің газет бетінде жарық көрген материалдары – репортаж, очерк, фельетон, әңгімелері, оқырман жүрегіне жол тауып, оның тағы бір қыры журналист ретінде көпке танымал етті.
Ақын – атаның ғана емес халықтың ұлы. Әдебиет әлеміне еркін қалықтаған қыран құстай таңдаған бағытынан танбай, қашанда мөлдірлікті, адалдықты, шынайылықты ту етіп ұстанып, адамзатты асқақ рухқа жетелейтін ұлылықтың, жұмыр басты пенделердің түйсігінен тысқары, тек ақын жүрек аңғарып, айта алар ақиқатқа үнсіз бас иіп, сөз өнерінің тіл жетпес құдіретін еріксіз мойындатары рас. Міне, осы құдіретті өнердің ауыздығымен алысып, жүрекке жетер жырлар туғызған ақынның өзі:
«Поэзия, киелім, кешір мені,
Көкіп қайтем өзімді өсіргелі.
Қара өлеңге қаранар болмасам да,
Желіп ерген ботаңмын көшіңдегі» - деп ағынан жарылады.
Шіркін-ай десеңші, ақынның жұмбақ жанын өзінен артық кім түсініп, кім жеткізе алар?
Әкім ағамыздың жұбайы Бақтылы анамыз ұзақ жылдар ағарту саласында абыройлы еңбек етті. Бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа арнаған жан. Бойындағы бүкіл аналық парызын, жанашырлығын, қамқорлығын, әсіресе,қыздар тәлім-тәрбиесіне арнаған Бақтылы апайдың ақыл-кеңестері, өсиет-өнегелері сол кісінің шәкірттері болған біздің де жүрегімізде сайрап тұр. Ол кісі, сонымен қатар, он саусағынан өнері тамған ісмерлігіне тәнті етіп, қыздарды кесте тоқып, киім пішуге, іс тігуге үйретуден жалықпайтын.
Әкім аға екеуі перзенттер тәрбиелеп өсіріп, қатарынан кем қылмай жетілдірді. Алматыға қоныс аударғандарына оншақты жыл зулап өте шығыпты. Ақын ұлына ақ бас Алатаудың топырағы бұйырыпты. Бірақ ақынның асқақ бейнесі туған жер халқының жүрегінде жасай бермек.

Баян Үсейінова,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
04 сәуір 2021 ж. 1 127 0