№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қаржыгер қағидасы (Портрет-эссе)

Қаржыгер қағидасы (Портрет-эссе)

Ардақты аға

Жалпы, Сыр бойы қай кезде де кәсіби қаржыгерлерден кенде болған жоқ. Солардың ішінде аға буынның өкілдері Бименді Баймаханов пен Камал Шөкеевтің есімдері аңызға айналған-ды. Ол кісілердің өз ісінің майталманы екеніне талас жоқ, сонымен қатар, ақыл-парасаты мен абырой-беделі де ел арасында үнемі аспандап тұратын. Өздері қызмет атқаратын саланың адамдарына ғана емес, бүкіл аймақтың халқына қадірлі болатын. Бұлардың ізін ала қатарға қосылған буын да аса мықты еді. Мен әр жылдарда осы қарымды қаржыгерлердің үшеуімен қызметтес болдым
Олар – Қамбар Әжібеков, Дайрабай Ысқақов және Құттықожа Ыдырысов. Жұмыс барысында осы ағаларымның өз мамандығының қадір-қасиетіне жұрттың басын идіре алатын нар тұлғалы азаматтар екеніне көз жеткіздім. Аз-кем араласқан соң «нағыз қаржыгер осындай болуы керек екен ғой» деп ой түйесің. Осы үлкен үшеудің ішінде жақынырақ араласқан Құттықожа Ыдырысұлының жөні бөлек.
Ол есеп-қисаптың төңірегінен ұзамаған кәнігі қаржыгер болса да, сүйегіне сөз сіңген азамат еді. Бір шешіліп кетсе, кәдімгі тіл маманынан кем сөйлемейді. Орнықты ойымен, жүйелі пікірімен сені бірден баурап алады. Қаржыгер ретіндегі біліктілігі қандай жоғары болса, әңгіме тізгінін ұстаушы ретіндегі харизмасы да сондай керемет! Логикасы өте мықты-тұғын. Кімге не айту керек екенін жақсы біледі. Артық-ауыс тұжырым жасамайды. Әрине, оны ауыздыға сөз бермейтін шешен еді дей алмаймын. Бірақ мінбердің адамы екені анық. «Тыңдаған азаматқа сөзім дәрі» деп Әбубәкір Кердері айтқандай, қалың елді аузына қарату қолынан келеді.
Сабырлы кейпімен, салмақты сөзімен үнемі жұртқа жақсы әсер қалдырды. Қаражатқа қатысты барлық терминдердің қазақша баламасын айтып бере алатын. Ұлтымыздың қанында бар құндылықтарды дәріптеп, қазақтың қара есебін қадірлей білген адам еді. Облыстың елді мекендерін бірнеше рет бірге араладық. Сапарға шыққанда да білікті басшы, ардақты аға, әңгімешіл әріптес ретінде танылды. Жас буын қаржыгерлер оны пір секілді қадірлейтін. Алдынан кесе өтпейтін. Соңғы сөзді сол кісіден күтетін. Ағамыз да олардан қамқорлығын аямайтын.
Сыр бойында бірге қызмет істеген жарты жылға жуық кезеңде осының бәріне куә болдық. Екеуміздің ортақ басшымыз – облыс әкімі басқа қызметке ауысып кетті де, біздің бірлескен жұмысымыз ұзаққа созылмады. Аймаққа жігерлі жас әкім келген соң, ахуал ептеп өзгерді. Құттықожа аға облыстық қаржы басқармасының басшылығына тағайындалды. Ал мен үйреншікті Алматыма, өзім отымен кіріп, күлімен шыққан бұқаралық ақпарат саласына жол тарттым. Сөйтіп, біраз уақыт аралас-құраластықтан ажырап қалдық.
Жасыратыны жоқ, мен бұрын қаржы саласының қызметкерлерін есеп-қисаптан басқа нәрсемен шаруасы жоқ, шешіліп сөйлей қоймайтын томаға-тұйық адам кейпінде елестетінмін. Мүлде олай емес екен! Қызылордалық қаржыгерлер, соның ішінде Құттықожа ағам бұл саланың мамандары жөніндегі түсінігімді түбірімен өзгертті. Ол кейде ішкі жан дүниесімен ашылғанда өзгеше бір күйге енетін. Сондай сәтте айтатын сөзіңді емеуріннен аңғарып отыратын өз әріптестерімізден де жақын секілді көрініп кететін. Қаржыгердің қарапайым қағидасын қара сөзбен жырлап бере алатын сұңғыла адам еді. Өмір бойы мазасыз қызметте, от пен судың ортасында жүрсе де ары мен абыройын сақтады. Сол үшін де қалың елдің арасындағы қадірі жыл өткен сайын арта түсті. Оның алдыңғы буын ағалар үшін жолынан жаңылмаған ізетті іні болғаны баршаға белгілі. Сонымен қатар, кейінгі толқын інілерге де ардақты аға бола білді. Бірге жүрген жылдарда аға ретіндегі жан жылуын бәріміздің сезінгеніміз рас.

Орнықты орынбасар

Құттықожа ағамызды бұрыннан сырттай жақсы білгенім болмаса, пәлендей аралас-құраластығым жоқ-ты. Сонау Алматыда жас журналист болып жұмыс істеп жүрген кезімізде-ақ оның Сыр өңіріндегі білікті қаржыгерлердің бірі екенінен хабардар едік. Сөзіне берік, ісіне мығым азамат ретіндегі абырой-беделі туралы жиі айтылатын. Бірақ онымен тізе қосып, бір мекемеде еңбек етеміз деп ойламаппын.
2008 жылы «Айқын» газетінің бас редакторы болып қызмет істейтінмін. Астанада төрт жыл тұрып, Алматыға қайта ауысқаныма жыл тола қоймаған. Ақпан айында Қызылорда облысының әкімі, ұлт руханиятының жанашыры Мұхтар Құл-Мұхаммед телефон арқылы сөйлесіп, қызметке шақырды. Анау-мынау емес, облыс әкімі аппаратының тізгінін ұстатпақ. Оған қоса өзінің идеология жөніндегі орынбасарының міндеттерін қоса жүктемек. Яғни, идеология жұмысына бүкіл аппаратты жегіп қоймақ. Сәл ойландым. Бір жағынан, жаңа ғана қолға алып, жұмысын жүргізуге құлшына кіріскен «Айқынымды» қимаймын. Бұл менің өзімді еркін сезінетін, жан-тәніммен беріліп істейтін сүйікті кәсібім еді. Екінші жағынан, қалың қазаққа қадірлі Мұхаңның сөзін жерге тастағым келмейді. Ойланып-толғанып, ақыры Сыр бойына аттандым.
Әрине, туып-өскен жерім құшақ жая қарсы алатыны анық. Бұдан бұрын да Қызылордаға келіп қызмет істегенмін. Университет проректоры, қала әкімінің орынбасары болғанмын. Сондықтан, ел іші жақсы таныс. Дария жағасындағы қаланың ой-шұқырын бір адамдай білемін. Жергілікті биліктегілерді түгел дерлік түстеп танимын. Жұрт та мені жатырқаған жоқ.
Аппарат басшысы болған соң әкімнің өзімен ғана емес, оның орынбасарлармен де қоян-қолтық жұмыс істейсің. Мұхтар Абрарұлы өз командасына бірқатар жастарды тартқанымен, тәжірибелі аға буыннан да қол үзген жоқ. Әкімнің үш орынбасары өзінен үлкен еді. Барлық саланы қадағалайтын бірінші орынбасар Бейбіт Жүсіпов, ауыл шаруашылығына жауапты Бекмырза Еламанов, қаржы саласына жауапты Құттықожа Ыдырысов Мұхаңның күнделікті бірге жұмыс атқаратын қызметтестеріне ғана емес, тілеулес ағаларына да айналды. Әкіміміз де оларды ерекше сыйлады.
Мұхаңның сәт сайын ақылдасып отыратын орынбасары – қаражат саласының корифейі Құттықожа Ыдырысов маған салғаннан ұнады. Өмірлік тәжірибесі мол. Мемлекеттік қызметтің барлық буыны арқылы сатылап өскен. Өте орнықты азамат. Әр сөзін ойланып айтады. Жауапкершілігі аса жоғары. Ешкімнің жер-жебіріне жетіп ұрыспайды. Біреу-міреуге дауыс көтеріп, жекігенін көргенім жоқ. Қолдағанын не қолдамағанын қас-қабағынан-ақ аңғарасың. Мәселені байыппен түсіндіреді. Көп сөйлеп, ұзаққа сілтеуден аулақ. Қысқа-нұсқа ғана ой қорытады. Сені ешқашан жалықтырмайды. Ол ап-анық етіп ұғындырып бергенде әншейінде миыңа кірмейтін бюджеттің есеп-қисабы оп-оңай секілді көрініп кетеді.
Құттықожа Ыдырысұлы өзі басқаратын қаржы жөніндегі комиссияның мәжілісін асқан ықыласпен өткізетін. Өз басым бюджет жайынан анағұрлым алыстау адам болсам да, мұнда түсініксіз ештеңенің жоқтығына қайран қалатын едім. Шынында да, түсініксізді түсінікті қылатын көзі қарақты қаржыгердің біліктілігі еді. Әр жылдарда жергілікті буыннан мемлекеттік органдарға дейінгі жұмыс барысында қаржыны жоспарлауға арналған талай алқалы жиынға қатыстым. Бірақ бұл мәселені жілікше шағатын және оны жағалай жайғасқандардың жетесіне жеткізе алатын Құттықожа ағадай қаржыгерді көргенім жоқ. Осы күні қайта-қайта айтатын «бюджетті пайдаланудың ашықтығы» деген қағиданы ол шын мәнінде іске асыра білетін. Қаржының көкпарын өзіне қарай тартып, айласын асырамын деушілер ол кісінің алдында аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп қалатын. Мемлекеттік сатып алу заңдылықтарын қарапайым тілмен миыңа шегелеп бергенде оның майталман маман екенін талассыз мойындайсың.
Құттықожа аға қаржы басқармасына да, қазынашылық басқармасына да басшы болды. Өмір бойы осы саладан несібе терген соң, қаржы қазаны төңірегіндегі мәселелердің бәріне қанық. Ақшаның шығатын орнын да, жүретін жолын да, барар жерін де жетік біледі. Сондықтан, екі жеп, биге шыққысы келген кейбір пысықтар одан қулығын асыра алмайды. Ондайларға дер кезінде тосқауыл қояды. Ол тосқауылдан ешкімнің аттап өтуі мүмкін емес. Мұхтар Абрарұлы да оның қасиетін айрықша бағалады.

Дегдар депутат

Бірер жылдан соң қызмет бабымен келіп, Астананың тұрақты тұрғынына айналдық. Көп ұзамай Құттықожа Ыдырысов Қызылорда облысынан Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Мамандығына сәйкес Қаржы және бюджет комиссиясының мүшелігіне бекітілді. Тағы да өз саласының мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Білікті маманның талай жылғы тәжірибесі Парламент қабырғасында молынан кәдеге асты. Әсіресе, бюджеттің мәселесін қарайтын кезде әріптестері Құттықожа ағамыздың пікіріне құлақ қойды. Қызылордалық депутат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін және қаржы ұйымдарын реттеу мәселелері бойынша тәуекелдерді азайту бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланатын тұста өзін білікті қаржыгер ретінде танытты.
Бұл заң жобасын түсіндіру мақсатында сол кездегі Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев екеуі арнайы баяндама жасады. Қаржылық құжаттың мән-маңызын егжей-тегжейлі ұғындырып, жиынға қатысқандардың сауалдарына жауап берді. Жалпы жұрттың оңайлықпен тісі бата бермейтін күрделі мәселенің қыр-сырын ашып көрсетті. Соның бәрін қаймағы бұзылмаған қазақы ұғыммен, түсінікті тілмен айтып бергенде әріптестерінің айызы қанып отыратын. «Ешкімге бағынбайтын есеп-қисаптың тілі мұндай жеңіл деп кім ойлаған?», – деп таң қалғандар да болды. Оны жеңілдетіп тұрған Құттықожа Ыдырысовтың білім-білігі, таным-түйсігі, ұйғарым-ұстанымы екені баршаға белгілі еді. Қазақтың көркем сөзіне бір кісідей таласы бар абзал ағамыздың абырой-беделі осы жағынан да биік тұратын.
Өзі Мәжіліс депутаты болған тұстағы республикалық бюджетке қатысты бірқатар заң жобалары Құттықожа Ыдырысовтың жетекшілігімен жүзеге асты. Парламентке депутаттар алдында есеп беруге келген министрлерге елді толғандырған сауалдарды қойып, тиянақты жауапты талап етті. Көші-қон туралы заң талқыға түскенде ұлт мүддесін қолдап сөйледі.
Құттықожа Ыдырысов депутат ретінде Сыр бойындағы жерлестерінің аманаты бойынша Үкіметке және тиісті орындарға бірнеше рет сауалдар жолдады. Өз өңіріндегі ұзақ жылдардан бергі жинақталып қалған күрмеуі көп мәселелердің шешілуіне септігін тигізді. Ол микрофон ұсынған журналистерден ат-тонын ала қашпайтын, қашан да өз пікірін ашық айтатын халық қалаулысы болды. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары оның елге жағымды бейнесін қалыптастырды. Ұлтқа жани ашитын азамат ретінде тілеулес болды. Бұған телеарналар мен радиохабарлардың мұрағатын, мерзімді басылымдардың тігіндісін қараған кезде оң-оңай көз жеткізесің.
Бірақ ол ретті жерде ғана сөз алды. Күн сайын көкезуленіп, ауыздыға сөз, аттыға жол бермейтін әсіре белсенділік о бастан-ақ оның табиғатына жат еді. Ондай депутаттардың ел алдында онша қадірі болмайтынын да жақсы білетін. Сондықтан үнемі салқынқанды болуға тырысты. Әбден пісіп-жетілген мәселеге ғана байланысты, онда да жұртшылықтың сол мезеттегі сұранысына орай тиянақты пікір айтты. Сонысымен де ол журналистерге ұнады. Құттықожа Ыдырысов өзінің қанына біткен ақсүйектік болмысына сай елге сүйкімі бар дегдар депутат ретінде есте қалды.
Депутаттық мерзімі аяқталған соң да елорданың тұрғыны ретінде қоғам өміріндегі іргелі істерге барынша атсалысты. Құттықожа ағамыз соңғы жылдарда «Nur Otan» партиясының аудит қызметіне жетекшілік етті. Партия басшысының сол кездегі бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед майталман маманның тәжірибесін тиімді пайдаланғанды жөн көрді. Кейіпкеріміз бұл лауазымында жүріп, билік партиясының қаржы-қаражатының тиімді жұмсалуына, есеп-қисабының дұрыс болуына бақылау жасады. Барлық қызметінде де өз міндетін тиянақтылықпен атқарды.
Ол Сыр өңірінің әл-ауқатын арттыруға жан аямай өлшеусіз үлес қосқан азамат ретінде жұрттың жадында жатталды. Қызылорданың жақсы атын шығарған болмысы бөлек бекзат қаржыгерлердің қатарын толықтырды. Қарапайым қаржыгерлік қызметті өнер дәрежесіне көтерген, сол арқылы танымалдық биігіне шыққан Бименді Баймаханов пен Камал Шөкенов сынды алып тұлғалы ағалар ойға оралғанда, олардың жемісті жолын жалғаған Құттықожа Ыдырысовтың елеулі есімі де құрметпен аталатыны сөзсіз.
Өйткені, ол өзін өрге сүйреген мәртебелі мамандығына, абыройына дақ түсірмеуді қалайтын қаржыгер қағидасына әркез адал болды.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
филология ғылымының
докторы, академик
24 ақпан 2021 ж. 751 0