№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРЖЫГЕРІ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРЖЫГЕРІ

Тұлғатану тағылымынан мазмұн тапқан ұлт озады. Мемлекет басшысының рухани жаңғыруындағы тұлғатану дәреметі де осыны дәріптейді. Мұндай дәстүрді жаңғыртып отырған жаңақорғандықтар ардақтыларын ұлықтауды ұмыт қалдырған емес. Сондай сабақтастықты қаржыгер Қалқазбек Әжібекұлының 70 жасқа толған салтанатты шарасында сабақтай білді. Қарапайымдылығымен, кішіпейілділігімен, біліктілігімен, білімділігімен дараланған тұлғаны жерлестері тұғыр биігіне шығарып, өмір жолын өнеге етті, елге, жерге сіңірген еңбегін мадақтап, мерейін асырды.
Сыр өңірінде өзіндік ізі бар тұлғаны алдымен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы қабылдап, аймақтың дамуы жолында сіңірген еңбегіне тоқталып, құттықтаған еді. Одан кейін аудан әкімі Ғалым Әміреев М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде жаңақорғандық зиялылар мен мерейтой иесінің дос-жарандарын, ағайын-туысын жинап, салтанатты кеште қаржыгердің қажырлы еңбек жолын насихаттады. Кеудесіне Қыраш ауылдық округінің қауымдастық өкілдерінің шешімімен белгіленген «Ел ардақтысы» төсбелгісін тақты.
– Қазақстанның нарықтық экономикасы құрылып жатқан уақытта еңбекке белсенді араласып, елдің экономикасының дамуы мен халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал етіп, қаржы саласының заманауи деңгейіне көтерілуі үшін жоғары дәрежеде қызмет еттіңіз. Әсіресе, одақтың тарап, экономикалық байланыстардың үзіліп, өндірістер тоқтап тұрған кезеңде бюджет кірістерінің түсу жоспары орындалмай жатты. Соның салдарынан 5-6 айлап жалақы, жәрдемақылар берілмейтін еді. Білікті қаржыгер ретінде осындай ауыр кезеңнің өтінде жүріп, сол кездегі облыс басшыларының сүйеу бола білді. Осынау ұлт мүддесі жолындағы еселі еңбегіңіз үшін мемлекет тарапынан көптеген марапаттарға ие болдыңыз. Оның ішінде, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы, «Парасат» ордені бар. Сіздің өмірлік тәжірибеңіз бен ақыл-кеңесіңіз бүгінгі жастар үшін аса қымбат, – деген аудан әкімі мерейтой иесінің иығына шапан жапты.
Қалқазбек Әжібекұлы 1948 жылы «Қызылмақташы» колхозының қарапайым отбасында дүниеге келді. Балалық шағы соғыстың өрті өшкенмен, отының қызуы қайтпаған кезеңге тұспа-тұс келді. Сондықтан болар ерте ақыл тоқтатып, жастайынан білім алуға бейімделді.
1954 жылы Қыраштағы төртжылдық мектепке барды. Одан кейін Бірліктегі жетіжылдық мектепте білім алды. 1961 жылы Қызылорда қаласындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернатқа білімін ұштай түсті. Орта мектепті жақсыға аяқтаған талапкер Алматы ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне түсіп, 1970 жылы оқу орнын бітіріп шықты. Осы жылы жолдамамен Жаңақорған аудандық қаржы бөлімінде еңбек жолын бастады.
Жас маманға ауаткомның қарарларын, өкімдерін, аудандық кеңес қарарларының жобаларын дайындау секілді жауапты жұмыстар жүктелді. Бюджеттің кірісі мен шығысын орындау, Мембанктің аудандық бөлімшесімен қойын-қолтық жұмыс атқару оңай емес-ті.
1976 жылы Қамбар Әжібеков облыстық қаржы басқармасына ауысты. Оның сауатты, сергек, әбжіл болмысы басшыларға ұнады, сенім артылды. Ол осы сенімді қайыспай арқалап, асуларға шықты. Қаржы басқармасында бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, бірінші орынбасары болып қызметте сатылай көтерілді.
Ол осы қызметінде ауыл шаруашылығын қаржыландыру, бақылау учаскелеріне, мекемелердің шаруашылық жұмыстарына жетекшілік жасады. Сондықтан қаулы-қарарларды, нұсқаулықтарды оқып-үйренуге тура келді. Әсіресе, кірістер бөлімінің міндеті талмай ізденіп, табандылықпен жұмыс істеуді қажет етті. Бөлім жұмысы жергілікті бюджеттің ғана емес, республикалық, одақтық бюджеттің түсімін де қамтамасыз етуге тиіс болды. Осындай іскерліктің арқасында жұмысты табысты еңсеріп, бірнеше рет «социалистік жарыстың жеңімпазы» атанды.
1988 жылы жаңадан арнайы мамандандырылған мемлекеттік банктердің құрылуына байланысты осы саланың басшылығы қаржы саласында біліктілігімен көзге түскен Қамбар Әжібековті сайлады.
1992 жылы маусым айында Қамбар Әжібековті сол кездегі облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов өзіне орынбасарлық қызметке шақырды. Бұл нарықтық экономикалық бейімделіп жатқан қиын кез еді. Осынау қиын шақта әділдігімен, талапшылығымен жұмыстарды сәтті ұйымдастыра білді.
1997 жылы қаржы басқармасының басшысына ретінде жұмысын жалғастырып, облыстың еңсе тіктеуіне үлес қосты.
Бүгінде Қалқазбек Әжібеков қоғамға пайдалы жұмыстың басында жүр. Оның жігерлілігі мен сергектігінің сыры Қаратаудың топырағынан алған тектілігі мен тазалығында жатса керек-ті.
Мерейтой иесінің парасатты мінезі мен өнегелі өмір жолын мектепте бірге оқыған досы, құқық қорғау саласының ардагері Тастемір Рақимов пен салық жүйесіндегі екінші дәрежелі Мемлекеттік Кеңесшісі Дайрабай Ысқақұлы айтты.
Одан кейін ғалым-экономист Дәуітбек Әлмашұлы Қамекең КСРО-ның спорттық біріншіліктеріне қатысқан мықты спортшы болғанын тілге тиек етті. Жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлы болса Қалқазбек аға жазушылық өнерге аяқ басқан кезіңде қамқорлық көрсеткенін айтты. Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинабдин Шермағамбетов ел ағасының Жаңақорған ауданының дамуына қосқан үлесіне тоқталды.
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, ақын Файзулла Сахиев Сыр өңірінің экономикалық саласының сардарына, қаржы жүйесінің қайраткеріне айналған Қалқазбек Әжібекұлына арнау оқып, өлеңмен тұлғалық болмыс-бітімін суреттеді.
Сахна төріне аудандағы ағайын-туыс пен әріптестері атынан құттықтауға кәсіпкер-меценат Әлібек Нәлібаев пен қаржыгер Өмірсерік Тақырбасов көтерілді. Олар Қаратаудың тасынан қуат, мөлдір бұлағынан нәр алған тұлғаның елшілдік, мемлекетшілдік істеріне тоқталды. Әсіресе, өзінен кейінгі буынға қамқорлық танытып, оларға бағыт-бағдар беріп, қанат қатаюына жағдай жасағанын ерекше атады.
Кеш соңында мерей той иесі толғанып, тебіреніп сөз сөйледі.
– Жаңақорғанда бес-алты жыл еңбек еттім. Бірақ, аудандағы жұмысым үлкен өмір мектебі болды. Онда жұмыс жасаған ел ағалары адамтануды үйретіп, еңбектенудің, ізденудің парқын түсіндірді. Одан кейін облыс орталығында еңбекке араласып, қызметтік өсу жолдарынан өттім. Өмір жолыма қарасам, мен бақытты адаммын. Маған жол көрсеткен үлгілі ұстаздарға кенде болмадым. Құдай өмірімнің мәнін арттырған жарға кезіктірді. Өнегелі ұрпақ сыйлады... – деп ағынан жарылды Қалказбек Әжібекұлы.
Ақсақал өмір жолында Бекмахан Дүйсенбаев, Камал Шөкенов, Бейменді Баймаханов, Өксікбай Гүлімбетов, Қалибек Ахметжанов, Еркін Әуелбеков, Сейілбек Шаухаманов және т.б бағыт-бағдар беріп, өнімді жұмыс жасауына қолдау көрсеткенін еске алды. Сондай-ақ, Жәнібек Кәріпжанов, Бердібек Сапарбаевпен қызметтес болғанын, олардың халықшыл бастамаларын сапалы орындауға атсалысқанын мақтанышпен сөзге қосты.
Мерейтой салтанаты жетпістің желкесіне шыққан ақсақалға сәйгүлік мінгізумен аяқталды.

СӨЗ СОҢЫНДА: «Қалқазбек Әжібекұлы ауылдан бала болып аттанып, дана болып оралған тұлға. Оны қалай мақтанса да жарасады. Өйткені, ол қазақтың қаржыгеріне айналған азамат», деген Алшынбай Тұртановтың сөзімен түйіндеуді жөн санадық.

Нұрлат АЙТЖАНҰЛЫ.
10 ақпан 2018 ж. 2 018 0