Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Жыл жабар жазба


Григориан күнтізбесі бойынша 2020 жылды тарихқа қаттап, 2021 жылға қадам бастық. Әр жылдың өз салмағы болады, жетістігімен, көрсеткіштерімен бағаланады. Халқымыз «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп, келер жылдан үлкен үміт күтіп, жақсылықтар тілейді. Әсіресе, бүкіл әлемді тарының қауызына сыйдырып жіберген коронавирусты құрықтап, дағдылы өмір салтына тезірек көшуге үмітіміз басым...
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарымен елдік мұрат, мемлекеттік мүдде жолына түскенімізге 30 жыл толды. Бұл – мыңжылдықтардан тамыр тартатын Ұлы Дала еліндегі мерейлі дата, мазмұнды мезет. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жеткен жетістігіміз бен бағындырған биігіміз қандай? Әрине бұл сұрақтарға 2021 жылы толық жауап алатын боламыз.
Дегенмен 2020 жылды қорытып, атаулы даталарды бағдарлаған жөн болар.


ҰЛЫ ОЙШЫЛ ӘЛ-ФАРАБИДІ ДӘРІПТЕДІК

Әлемнің Екінші ұстазы («мұғалім сәни») атанған Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық (870-2020) мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пәрмен берді. Осылайша ғұлама ойшылдың философиялық трактаттарын парақтап, оның гуманистік ойларына, бақытты мемлекет құру идеяларына, әділ басшы, ізгілік, ізетті қоғам, үлгілі азамат сияқты т.б. зерделеген адамгершілік ұғымдарына мән бердік.

АБАЙТАНУ ТАҒЫЛЫМЫН СЕЗІНДІК

Президент Жарлығымен 10 тамыз «Абай күні» деп күнтізбеге енгізілді. Бұл жаңалықты – ұлттың ұлы ақыны, ғұлама ойшылы Абайды ұлықтап, Абайтану ілімін дамытудың іргелі бастамасы ретінде қабылдадық. Енді осы атаулы күні Абайдың тағылымын жыл сайын дәріптеп, жас ұрпақтың бойына сіңіру ісі жүргізілетін болады.
Классик жазушы Мұхтар Мағауиннің айтқанындай: «Қазақтың қасиетін тану – Абайды танудан басталмақ. Халқымыздың сөз өнерін зерделеу – Абай тағылымын бағындырудан басталмақ». Абайға қарап ойымызды, көзқарасымызды бағдарлаймыз. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы. Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын», – деді.
Расында, бас ақынның 175 жылдығы аясында Абайтану ілімі толықтай тамырланып, негізгі арналары ашылып, үлкен бір ғылыми бағытқа айналды. Бұл – ұлттың кемелдену сипатын көрсетті. Яғни Абайтану тағылымы бәсекеге қабілетті ұлтқа бастайтын ілім екенін сезіндік.

ПРАЙМЕРИЗ – ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Мемлекетімізде әлеуметтік-экономикалық жаңғырулармен қатар, еліміздің саяси өмірінде де оң өзгерістер бой көрсетіп, жаңа технологиялар мен тәсілдер айналымға енуде. Батыс елдерінің сайлау тәжірбиесінде жүйелі түрде қолданылып келе жатқан партиялық праймеризді сәтті өткіздік. Осылайша «Nur Otan» партиясы белсенді, беделді, білікті азаматтарды іріктеді. Оның ішінде, жастар мен әйелдерге басымдық берді.
Халық арасынан шығып, қоғамда қалыптасқан жағдайды білетін және қолынан іс келетін беделді азаматтарды партия қатарына тартып, елді дамыту мәселелеріне іс жүзінде атсалысатын қоғам белсенділері партиялық іріктеуден өтіп, «Nur Otan» партиясының сапалық құрамын арттырды.

ӘДЕБИЕТКЕ ЖАСАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ

Бұған дейін фейсбуктегі аккаунтымда жазғанымдай: «Қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет Президенттің шешімімен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған тұңғыш жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов болды. Бұл күні Ұлы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болу мәртебесі бұйырды. Бұл – шынайы құрмет. Президенттің бұл шешімін қазақ әдебиетінің классиктері Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев сынды қайраткер қаламгерлердің әруақтары қолдап, жамбасынан бір аунап түскен болар! Сүйінші жаңалық Алты алашты алқалап, Қазақ елін қуантқаны белгілі».
Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі қазақ әдебиетіне жасалған ерекше қамқорлық болды.
Сондай-ақ жерлес ақын Байбота Қошым-Ноғай Ел Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал жерлестеріміз ақын Нұртас Исабаев пен Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мемлекеттік стипендиясына ие болды. Айта кететіні, Жандарбек Мәлібекұлына Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» атағын қоса беруіміз үйлесімді іс, тәлімді тағылым болды.

АҚЫНДЫ ҰЛЫҚТАУ – ЕЛДІКТІ ҰЛЫҚТАУ

«Алтын домбыра» – Сырдыкі. Иә, айтыстың ақтангері атанған Мұхтар Ниязов аламан айтыста үшінші рет бәйге алып, «Алтын домбыраны» тұғырға қондырды. Тарихи оқиғаның тағылымы ұрпақтан-ұрпаққа тарап, Сыр өңірінің даңқын асырды.
Ақын үшін елдің құрмет-ықыласынан артық ешнәрсе жоқ екені белгілі. Дегенмен ақынның еңбегі бағаланып, лайықты құрмет көрсетілсе шабыты шарықтап, елдік жолда белсенді қызмет ете түсетіні анық.
2020 жыл Сыр өңірі мәдениет саласының қызметкерлеріне осы тұрғыда табысты болды. Айтыс өнерінің ақтаңгерлері Әбілқайыр Сыздықов пен Серік Ыдырысов мәдениет саласының ең мәртебелі марапаты «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін кеуделеріне тақты. Оған қоса, Әбілқайыр Әбілпаттаұлы «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы» атанды.

БІЗДІҢ ЧЕМПИОНДАР

Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Дәулет Ниязбеков, Ғалымжан Өсербаев Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында кезекті рет жерлестерін қуантты. 65 келі салмақта бағын сынаған Дәулет Ниязбеков дараланып, 8-ші мәрте чемпион болды. Дәулеттің бұған дейінгі жеңісті жолына қанықпын. Ол – Азия чемпионатында үш рет алтыннан алқа тақты, Әлем чемпионатының қола, күміс медальдарын еншіледі. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында бақ сынап, үздік бестікпен түйіндеді. 2021 жылы Токио Олимпиадасында топ жару үшін барын салатын болады.
Қазақстан Республикасының чемпионатында 79 келі салмақта сынға түскен Ғалымжан Өсербаев 5 рет чемпион атанды. Оған Рио-де-Жанейро Олимпиадасында сәл сәттілік жетіспей, бесінші сатыға тұрақтаған еді. Бабы мен бағы келіссе Ғалымжан әлі талай байрақты бәсекелерде елдің намысын қорғауқа қауһарлы.
Жаңақорған ауданында чемпиондардың жаңа буыны шығады. Оған алғышарттар да жасалуда. Тәуелсіздік мерекесі аясында Жаңақорған кенті Хорасан ата көшесінің бойындағы спорт кешені есігін ашты. Бұл – соңғы екі жылда пайдалануға берілген 5-ші спорт кешені. Бұған дейін Айсұлу мейрамханасы спорт кешеніне лайық қайта жасақталды және Сүттіқұдық, Сунақата, Қожакент ауылдық округтерінде спорт кешендері пайдалануға берілді. 2021 жылы Төменарық, Ақүйік, Жаңарық, Қыркеңсе, Қандөз ауылдық округтерінде спорт кешендерін ашу жоспарланып отыр.

ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ

Қазақстанда бәсекеге қабілетті елдердің критерийін анықтайтын әлеуметтік мәселелер рет-ретімен шешімін тауып келеді. Сондай игіліктің істің бірі – елді мекендерді газдандыру ісі. Жаңақорған кентіне 2015 жылы көгілдір отын келген сәтіне өзім куәмін. Бес жылдан бері аудан орталығының тұрғындары күл шығару машақатынан арылып, сапалы өмір сүру дағдысы қалыптасты. Дегенмен кенттің шеткі аймақтарының тұрғындары газдың игілігін көре алмай келген-ді. Бұл мәселе биыл шешімін тапты. Атап айтқанда, МАИ бекеті аумағындағы 7, 8, 9, 10, 11 көше, Саяжайдағы 7, 8, 9, 10 көше, Санатория, Қорғантоғай, Жаңауыл, Алтыкранттағы көшелер және Хорасан ата көшесінің қиылысындағы 500-ден астам үйге газ кірді.
2021 жылы Ақүйік, Қыраш ауылдық округтеріне газ қосу ісі қолға алынады. Сондай-ақ келесі жылы Шалқия кенті мен Құттықожа аулына, Жайылма, Кейден ауылдық округтеріне көгілдір отынды жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалады.
Мұның бәрі елдің ырыс-ынтымағын арттырып, сапалы өмір сүруді қамтамасыз ететіні анық. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.
01 қаңтар 2021 ж. 913 0