№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Үштөбелік ару немесе үш мың сәбидің кіндік анасы туралы сыр

Үштөбелік ару немесе үш мың сәбидің кіндік анасы туралы сыр

Қаратау етегін жайлаған қалың елге оның есімі бәрінен де қадірлі. Қанатымен су сепкен қарлығаштай осы елдің амандығына жиырма жасынан шыр-пыр қайрат жұмсаған қаракөз болашақ бақытын да осы топырақтан тауып, баянды өмір тарихын түзіпті.
Сонымен біздің бүгінгі әңгімеміз Үштөбеден келіп, үш мыңнан астам нәрестенің кіндік анасы атанған Бибіш апа хақында өрбімек.
Соғыстың кезі. Бас көтерерінен айрылып қайғы жұтқан елдің екінші жағынан есін алып қырдағы ауылға қызылша ауруы тарады. Талай жас өскінді дауыл жұлған қызғалдақтай жапырған індетке қарсы тұру үшін жергілікті басшылық республика Денсаулық сақтау министріне «Бізге ауруды ауыздықтайтын дәрі-дәрмек, вакцина қажет. Маман кадрға мұқтажбыз» деп телеграмма жолдаған. Келесі күні-ақ үш тәуліктен соң Жаңақорған станциясынан майданға өтетін эшалонда соғысқа аттанып бара жатқан медсанбат құрамынан үш медқызметкер мен қажетті дәрілік құралдарды қабылдап алу жөнінде тапсырма келді. Белгіленген уақытта сол кездегі исполком төрағасы Зұлпыхар Мұсаханов бастап вагон есігі алдында сақадай-сай тұрған. Бойдағы қорқынышын жеңіп, тажал атаулыға тастүйін бекініп шыққанды бетінен қайтару қиын екен, «жоқ, біз соғысқа барамыз. Жаралыларды емдейміз» деп тұрып алған табанды аруларға «Үшке дейін санаймын. Бұйрық орындалмаса атып тастаймын» деген командирдің қатал әмірі соғыс жағдайының не екенін тұңғыш рет ұқтырғандай.
Сөйтіп өмірі көрмеген- білмеген Жаңақорған бекетіне табаны тиген үшеудің екеуі орыс қызы ауданның орталығында қалдырылатын болды да, мұның – Бибіш Исмағулованың төтенше ахуал асқынып тұрған тау етегіндегі Талдысу ауылына бөлінгені белгілі болды.
Айнала ақ шаңдақ, көзге түсер ешнәрсе көрінбейді. ОҺо дерсің, иен еңісте басын тау жаққа бұрып қаңтарылған жабының екі сауырына дәрі-дәрмек сықа теңделген қоржыны жер тірейді. «Айналайын-ай, -деді бұлармен қапталдаса қатар түзеген Зұлпыхар ағасы, соғысқа барғанында қаңғыған оқ тиіп опат болар ма еді?! Бізге бұйырғанын қарашы». Арба үстіндегі солидор толтырылған бөш­кенің жанынан орын лайықтап жай­ғасқан дәрігер қыздың бір тырнағы түссе жауапты екеніне пәрмен алған сол кездегі колхоз төрағасы Софиев Үсен ат айдаушыға қызды тіке өз үйіне алып баруын ескертті. Енді бұл менің қызым дегенді қосып қойды. Талдысуға апарар тарам-тарам өмір жолы осылай арна тартқан еді.
Бұл кезде Талдысу және Ынтымақ колхозына қарасты ауыл-елді қара­мағына алған акушер-фельдшер маман алдымен балаларға келген қызылша ауруының бетін қайтаруға қажырлы күш жұмсады. Жаппай егу жасалды. Соның кәтижесінде ел қасіреттен көз ашып, күн сайын аяулысын ажал жұтқан шарасыз күндерді артқа тастады. Нәубеттен аман қалған кіл сәби арасында кейін елдің атын шығарған қаншама тарландарымызбен мақтана аламыз. Солардың қатарында отбасының ғана емес, тұтас ұлттың олжасына айналып, қоғамды тазалыққа тәрбиелеп келе жатқан бір Тынымбай ағамыздың өзі неге тұрады?
Майданнан біртіндеп елге орала бастаған жауынгер қатарында елдегі Қайырбек деген кісінің жалғыз ұлы Тұтқабектің осы дәрігер қызға көңілі аусын. Соғыста снайпер болған, аяғынан жарадар болып оралған жігітке медициналық жәрдем көрсету үшін күнде қасынан табылатын қаракөздің де жүрегі осы азаматты қалады. Сөйтіп екі жас бас қосты.
Бұл кезде Қауық, Аққұм, Қыраш, Қосүйеңкі ауылдары біртіндеп жеке шаңырақ көтере бастаған. Осы ара­­лықта Бибіш апаның аудан орта­лығындағы балалар яслиін басқар­ған кезі де болыпты. Ол кезде күйеуі РТС мекемесінде механик болып жұмыс атқарды. Басшылықтың ұйғарымымен Қосүйеңкі ауылына қайта жіберіліп, сол жерде табан аудармай жарты ғасырға жуық тер төгіпті. Кейін жай­баршылықта өзі отырып, оймен есептеп қараса осы аралықта ол үш мыңнан астам нәрестенің кіндігін кесіп, жас аналардың жанынан табылыпты. Мұнымен қоса ерек шипа­герлік қасиет дарыған дара емшілігі жөнінде бір мысал келтірелік. Аудан орталығындағы кейінгі мұнай базасы болған жер қыстыгүні қалың мұз айдыны болады екен. Сонда доп­таяқ ойнайтын топ арасында жасөспірім Сейілбек (Шаухаманов) то­бы­ғынан жарақат алып, жүре алмай қалады. Ауыл дәрігерлері бір ай емдеп, нәтиже шықпай, ақырында ірің­дей бастағанынан қауіптеніп әкесі осы Бибішке алып келгенінде ем-дом жа­сап, түбегейлі жазылып кеткен екен. Соны Сәкең ұмытпапты. Кейін Бибіштің балаларына көлеңкесін түсі­ріп тұрыпты. Жалпы халыққа «Бибіш апа» атанып кеткен ардақты тұлға туралы естеліктер алдынан өтіп, емін алғандардың көкейінде күні бүгінге дейін сақтаулы.
Ері Тұтқабек екеуі бес перзент өсіріп тәрбиеледі. Өткен ғасырдың 55- жылдары медучилище бітіріп ке­ліп, осы апасының қолына қызметке жіберілген Жұмабек Сейтмұратов ағамыз былай деп еске алады:
«Ауылда тұратын жерім жоқ бол­ғандықтан Бибіш апаның үйіне жатып жұмыс істеуіме тура келді. Үй дейтін аты болмаса балшықпен сыланған, терезесіне ешкінің қарны қапсырылған қамсау бірдеңе, жиҺаз дегенде бір темір кереует бар, ол да менің меншігіме тиді. Апаның балаларымен шүпірлеп бір бөлмеде жатамыз.Ауыл медпунктінде көмекші бола жүріп ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Ол кезде жұмыс уақыты деген болмайды. Аяқ жетер жерге жаяулап, алыстағы шопан отбасыларына атпен, трактормен, ілінген техникамен кете беретінбіз. Дәрі­герге түн баласында да тыным жоқ. Бибіш апа толғатып жатқан аналарға тез жәрдем көрсету үшін құсұйқы қасиет жамап, құдайдың түнінде бір тынығып ұйықтаған емес. Күйеуі де колхоз жұмысындаіы азамат, егістік басына ерте кетіп, кеш келеді. Әйтеуір мен сол кісінің үйде болғанын көрмеппін. Бірақ балалары шетінен тәртіпті. Апаның айтқанынан шықпайтын тілалғыш еді. Мен де ол кісіден көп нәрсе үйреніп, осы жерден мединститутқа аттандым».
Көзкөргендер әңгімесінен Бибіш апаның жарының сол шаруашылықта ең алғашқы механизаторы болғанын білдік. Ол кісі бірінші механизатор ғана емес, аудан шаруашылықтары ішінде тұңғыш ауылға электр жарығын апар­ған кісі екен. Қазіргідей жоғары кернеулі электр жарығы қоныс орталығы өзінде тапшылықта айдаладағы елді мекенде самаладай жарық орнату ерлікпен тең. Техниканың тіліне жетік маман трактордың моторына қолдан құрылғыларды жалғап, қараңғы түс­кеннен түнгі он екіге дейін өзі соның басында күзетеді екен де, жұрт бұл кісіні көтермелеп «электр станцияның директоры» атап кетіпті. Ауылда бір жиын-той бола қалса жарық күн­дегіден де ұзаққа керек, ондайда беделі одан әрі асып, ал енді кейбір естен шығарып алған пенделер жарығы жылп етіп сөнгенде асып-сасып, егесінің көңілін тауып, жағдайды оңдап дегендей, сондай бір қызық кезеңдердің өткені күні кеше. Ал бүгін, осынау бір бүкіл бейнетін, бойдағы бары мен нарын көптің игілігіне жұмсаудан жалықпаған қос жақсыдан тараған ұрпақ та ата-ана аманатына адал болып, халық қызметінің түрлі саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Осы ретте осы отбасының төртінші перзенті болып келетін, Алматы зоо-ветеринариялық институтының түлегі, көп жылдар ауданда мал шаруа­шылығының бас маманы ретінде еңбегі сіңген Тұтқа­бекұлы Ерғалимен әңгімелесіп, ата-ана тағылымы жөнінде тереңірек қаныға түстік.
– Қоғам қызметінен қолдары боса­маған әке-шешеміздің ертелі-кеш біз­дің тәрбиемізді бағып отыруына уақыты бола бермегенімен күн сайын мойнымызға жүктеп қоятын тап­сыр­маларын орындаймыз деумен таба­нымыз тозып, танауымыздан су кетіп жүріп өз жүгенімізді өзіміз түзу­леппіз. Талап тастай болса ненің тәртіп бұ­зуы, жалпы баланы тәр­бие­­лейтін қара еңбек болса керек. Маң­дайы тер­­леп еңбектенген жақ­сы өмірдің қаді­рін де артығырақ біле­ді. Содан жаман болмадық. Жас­тайымыздан әке өнегесіне көз үйре­тіп, өнертапқыштығын еректеу бойы­­­­на сіңірген бауырым Ербол бү­гін­ге дейін ел арасында бұзылып қал­ған техникаларын жөндеудің шебері. Әкеміздің қолдан жасап ал­ған стано­гымен алғаш тор сымды қора тоқып пұлдап, совхоздың қой­шы­­ла­рын жаппай қамтамасыз етуде бартер іспетті нарықтық қаты­настың әліппесіне де алғаш сол кезден көңі­ліміз қанық өскен екенбіз-ау. Әрқай­сымыз өз жолымызды тауып адам болуға ұмтылдық, – дейді аға ағынан жарылып.
Елдің қадірменді қариясы боп өмір­ден өткен Қайырбектін ұлы мен келіні – Тұтқабек пен Бибіштен тараған бес перзенттің үлкені Несібелі, қазірде Алматы қаласында тұрады екен. Анасы Бибіштің жолын қуған кенже ұлы – Нұрдәулет медициналық институтты бітіріп келіп алғаш еңбек жолын Бірлік ауылдық ауруханасында бас дәрігер болып бастаған екен. Зейнетке шықса да маман тапшылығынан қызметтен қол үзбеген ауыл фельдшері – анасын құрметті демалысқа шығарып салған да өзі. Кейін Түркістан қаласына қоныс аударып, ірі стоматологиялық клиника ашып, соны басқарған еді. Бірер жыл бұрын мезгілсіз науқастан көз жұмды. Ал Анарбегіне қарашаңырақта қалып, ата-анасын ақтық сапарға өз қолымен шығарып салу міндеті бұйырыпты
Бибіш апаның жолын қуған неме­релері қатарында Қайырбек пен Самалдың тұңғыштары Ғани және оның келіншегі Ғазиза екеуі де дәрігер.
Біздің кейіпкеріміз, қыз-келіншектер қатарында денсаулық саласының алғаш­қы қарлығаштары саналатын Исма­ғұлова Бибіш апамыз 2003 жылы, 83 жасында өмірден озыпты. Бибіш апаны құрметтеп, есімін мәңгі есте қал­дыру мақсатында ауылдастары Қосүйеңкі ауылы орталығындағы бір көшеге оның есімін берді.
Үштөбеде туылып, үлкен өмірге жолдама алып, жолай дәм-тұзы жібер­меген Жаңақорғанында ғұмыр жалғап, өмірлік бақытын тауып, талай­дың үмітін үрлеген үлкен жүректі ана – Бибіш апа туралы бір үзік сыр осы.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

29 желтоқсан 2020 ж. 1 380 0