№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Мұңлы жүрек музасы

Мұңлы жүрек музасы

  Әлемдік руханият кеңістігінде қазақ поэзиясының өзіндік арнасын салып берген ұлы ақын – Абайдың ізін басып келе жатқан жалын жүрек жыр сүлейлері қатарында туған жеріміздің түлегі Байбота Серікбайұлының өзіндік орны бар. Ол кеше, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті қол қойған мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталды. Ақын бұған дейін Халықаралық «Алаш» және Әлем халықтары Жазушылар Одағы Әбунасыр әл-Фараби атындағы халықаралық әдеби сыйлықты, «Ғаламшар мақтанышы» деген атақты марапаттарды иеленген және Қуандық Шаңғытбаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты атанды.

Байбота поэзия әлеміне өзіндік сүрлеуімен келген ақын, өлеңдерінің көбі ақ өлең үлгісімен жазылған.
Әдебиеттегі ақ өлеңнің қайнар көзі тасқа қашалған түркі жазбаларында, қазақ хандығы тұсындағы шешендік сөздерде жатыр. Өткен ғасырдың алпы­сыншы жылдарында әдебиетке ақ өлеңнің әр алуан формасын ақындар Сырбай Мәуленов, Қадыр Мырза Әли, Сейсен Мұхтарұлы алып келсе, осы ақындардың өкшесін басып, өнер өлкесі есігін ашқан Ұлықбек, Есенғали, Тыныштықбек және Байбота қазақ әде­бие­тіндегі ақ өлеңнің жаңа кезеңін аяғынан тік тұрғызды.
Байбота Серікбайұлы бүгінде туған жұртына ақын, аудармашы, ғалым, балалар әдебиетінің қамқоршысы ретін­де танымал.
Бесарықтың майлы топырағында дү­ние­ге келген қарадомалақ титтейінен көркем әдебиетке құмар болғаны сондай бала кезінен классик жазушылардың еңбектеріне ден қойып, қара сөздің қайнарына сусындап өсті. Мектепті бітірген соң жүрек қалауымен Қазақ мемлекеттік университетінің журна­листика факультетіне оқуға түседі.
Ол алғаш еңбек жолын «Жалын» баспасында бастады,әуелі редактор, содан соң аға редактор болып қызмет атқарды. 1986 жылы өндірістен қол үзбей Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық баспа қызметкерлері білімін жетілдіру институтының курсынан өтті. Бұдан кейін «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында, «Ана тілі» «Қазақ Елі» газеттерінде бөлім редакторы, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарды.
2001 жылдан бүгінге дейін «Жазушы» баспасында жетекші редактор.
Өлеңдері, публицистикалық туынды­лары, ғылыми-танымдық мақала­лары республикалық, мерзімді баспасөз бет­терінде жарияланып, шығармалары 70-ке тарта ұжымдық жинақтарға енген. Ол көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. Алыс және жақын шет ел ақындарының өлеңдері мен ежелгі түркі поэзиясын тәржімалауға белсене атсалысты. Балалар әдебиетімен арнайы шұғылданып, армян ақыны Сильва Капутякиннің «Маша сурет салады», және орыс ақыны Елена Благининаның «Шинельді неге сақтап жүрсің?» атты кітаптарын қазақ тіліне аударды. Қошым-Ноғай Байбота Серікбайұлы «Жалын» және «Жазушы» баспаларынан жарық көрген жүздеген кітапты редакциялады. Олардың қатарында «Ертегі сыр шертеді»(қазақ ақындарының өлеңмен жазылған ертегілері), «Достар» (орыс ақындары балалар поэзиясының анто­логиясы), «Көкқұтанның ұясы» (украин ақындары балалар поэзиясы антоло­гиясы, «Қырғыз қызғалдақтары» (қырғыз ақындары балалар поэзиясының анто­логиясы) «Көңілді керуен» (шетел ақындары балалар поэзиясының анто­логиясы), мұнымен қоса ХIV ғасырдан 20-шы ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармаларының екі томдық антологиясы – «Жеті ғасыр жырлайды», Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай» атты өлеңдер жинағы, Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы, сондай-ақ белгілі қазақ ақын жазушыларының жыр-жинақтарымен про­залық туындылары бар. Ол бірнеше рет «Жылдың үздік редакторы» атанды.
Ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы 1977 жылы жарық көрді. 1981 жылы «Жұлдызым жоғары», 1984 жылы «Қуыршағым бар менің» өлеңдер мен ертегілер жинағы, одан әрі «Тіршілік ұясы», «Таңертеңгі тәтті түс» өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар жинағы жарық көрсе, 1992 жылы «Жариям айдай» өлеңдер, балладалар, поэмалар жинағы, 1993 жылы «Жүректің көзі ашылса» өлеңдер жинағы, 2001 жылы «Сам жамыраған шақ» лирикалық дилогиясы, 2003 жылы «Тіл ұшындағы тарих», 2005 жылы «Тәңір таразысы», 2011 жылы «Жұмақ нұры» өлеңдер, сонет­тер, балладалар жинағы жарық көрді.
Биікте тұрған Абайға «болмаса да ұқсап баққан» ол ұлы ақын өлеңдерінен сусындап, ғазалдарынан мүлде ғажап сырды ұғынып, қазақтың маңдайына біткен кең даласының даналығын таны­ған үстіне тани берді.
Ақын жүрегі адамзаттың ортақ қасі­реттеріне алаң. Жер бетінің қайғысын көтеріп, шаттығына бірге қуанатын ақын әлем оқиғаларын қалт жібермей бағып, азаматтық үнін қосып отырудан жалыққан емес. Бұл жөнінде өзі рухани ұстазы – «Абаймен сырласуында» былай дейді:
«Шақырып мені шықпаған, асыл
биіктер,
Қалаға келдім көкірегіме құйып көл.
Қалаға келдім, қалада қай бір ағам
бар,
Сен барсың бірақ, бар және мынау
сүйікті ел.

Ұғындым енді шақырған өзің екенін,
Ұрыспа баба, ұлылық менің не теңім?!
Алатау сынды апайтөс алып
тұлғаңның,
Алдында бүгін иіліп тәжім етемін...»

Тума талант, зерделі көкірек, ойлы сезімнің арқасында отызға жетпей орда бұзған қазақтың қара баласы қарымы мен қабілетін «Шоқанның жасы» атты өлеңінде былай көркемдейді:
«Ерлігімді ел-жұрт кезінде біліп
бағалар,
Шабуыл жасап көргем жоқ бекініске
мен.
«Отызда орда бұзбаған
қырықта қамал
алмайды», – дейтін әкем бір
өкінішпенен.

...Шоқанның жасы!
Таң қалмас ешкім де мүлде.
Тым қысқа
Зер салып алайда алыстан,
УӘЛИХАНОВ – ЛЕРМОНТОВ кескін­дерінде
Ұқсастық барын байқапты талай
данышпан...
Ұқсастық бар-тын олардың мұратында
да,
Арманында да көксеген аз-ақ ғұмырда.
...Отызға келіп,
болдым мен бір ақын ғана,
Сірә, ақын кемдей қандырған қазақты
жырға!»
Ақын қайда жүрсе де өзі туған дүрия даласына ғашық көңіліне құс болып ұя салған бозторғай үні қала шуынан сәл саябыр тауып оңашаланса болды үзілдіріп кеп қырдың үзік-үзік елестеріне қандыратыны бар. Бала кезгі бұл сыралғы серігінің сезімді арбаған сиқырынан сылдыр-сылдыр сыр төгіледі сосын.
«Тотығып жүзі,
Сұр аспан тұр күлбеттеніп;
Сауырын жалап жылқының,
ызғырық есті.
Қасқыр жон бұлттар батыстан
бүлкілдеп келіп,
Көгімде бүгін күз күні көшті.
Жағамды жөндеп, қымтадым
омырауымды.
Қаңбағы көшіп, құлазып отырып
қалды.

Қыркүйек келді сыңғырлап қоңырау
үнді.
Желкем жел жырлап, шулатты
жапырақтарды.

Тыраулап ұзап барады тырнаның үні,
Астыма мінген күреңім құлағын тікті.
Түсіме кірген қарт анам бұрнағы күні,
Жасаурап тұрды жанарым...
Жыладым, тіпті!..
Ақын еліміздің ежелгі тарихына қатысты өлең, балладаларымен қатар тіл білімінің этимология саласында біраз ізденістер жасады. «Тіл ұшындағы тарих» атты ғылыми-танымдық тұтас кітап жазды. Этимология тілдің төркінін зерттейді. Ал тілдің төркіні халықтың шығу тегін танытып, тарихтың тереңіне құлаш ұрғызады. Қаламгердің «бағзылық бастауларға» баруының сыры осында жатыр.
«Қомсынбай қонар қонысым қалды,
Қол бұлғап, құтым, ардақтым.
Атамның жауы өрісімді алды,
Қарыма тартпай зар қақтым.
Тәңірім жебеп жауызды кілең,
Еншілеп шер мен шеменді,
Арғымағымның ауыздығымен
Алысып келем мен енді.
«Ғұндар жыры» деп аталатын бұл өлеңінде Алтын Орданың мұрагері болып табылатын түркі жұртына ортақ тағдырдың тарихи тұтастығына төнген көзге көрінбейтін қауіптің астарына үңіліп, әлі де еншісін егелеп, бірлігін бекемдеп бітпеген туған ұлтының қаперсіздігіне жаны ауырады.
«Ол – бір сәт қаламы қажып көрмеген, үнемі ізденіс үстіндегі беймаза ақын. Оның беймазалығын өлеңдеріндегі ұлттық үрдістерді әлем поэзиясындағы соны жетістіктермен ұластырған әр алуан іздністерінен, тосын теңеу, қисынды метафоралары мен тілдік қолданыстарынан анық аңғарамыз. Бұл тұрғыдан келгенде ол әдебиетіміздегі Абай дәстүрін уақыт талабына сай ілгері дамытқан жаңашыл ақын ретінде бағалануға әбден лайық қаламгер. Ақын поэзиясындағы дәстүршілдік те,нәтижелі ізденістер де әдебиетіміздің кейінгі буын өкілдеріне игі ықпалын тигізіп келеді», – дейді ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулетов. Ұлт мүддесін ойлап, жаны тыншу көрмеген жас талаптың кешегі қысымнан тауаны қайтпай жүрек сөзін айта білген қайраткерлігі оның өз замандастары арасында жұлдызын жоғары еткені ақынның сол жылдары шыққан «Жұлдызым жоғары» жинағында анық көрініс тапқан. Жиырмасыншы ғасырдың соңында оқырман қауымды айрықша тәнті еткен талантты ақын Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай қаламына ғана тән жұлдызды жырлар тамыры ұлттық үрдістен, Абай дәстүрінен нәр алса да әлем әдебиетінің көкжиегіне қол созған бұл туындылар шұрайлы тілімен, әр алуан формалық ізденістерімен, тосын бейнелеу құралдарымен қасиетті қазақ өлеңінің өрісін кеңейтті.
Ақынның туған жерге деген махаб­баты ерен. Атқан таңнан жақсылық күтіп, сыртта жүрсе де атамекеннің айбарының асқанына тілектес болып жүретін қалам­гер Жаңақорғанына жырмен ескерткіш тұрғызыпты.
Жүректегі отты сенен алыппын,
Шежіресін көне тарихтың.
Бала күндерім қалды арасында
Бесарық пенен Төменарықтың.
Жаңақорғаным, Жаңақорғаным

Басымда менің ғашықтық халі,
Өзіңе қарай асықтым тағы.
Түспейді сенң көзіңе сенің,
Бағымның көптен асып тұрғаны.
Жаңақорғаным, Жаңақорғаным

Жыр қылып қайтем, сірә да мқңды,
Табылар ие мұраңа күллі.
Мың жылдық шаңнан арылттым сенің,
Құмиян,
Сауран,
Сығанағыңды

Ғашықтық дерттен қайғы анық шегем,
Көкірегіме байланып шемен.
Мен Күнді айналған жұмыр
Жер сынды
Шыға алмай жүрмін айналып сенен.
Жаңақорғаным, Жаңақорғаным

Жыр буған күңгірт санамды мұңды
Шаямын көріп даламды нұрлы.
Қайда жүрсем де Мәжнүнің болып
Тілеймін сенің амандығыңды,
Жаңақорғаным, Жаңақорғаным
Туған жер жұртшылығы арда азаматын марапатымен шын жүректен құттықтап, ізгі тілектестігін білдіреді.

Баян ҮСЕЙІНОВА

21 желтоқсан 2020 ж. 507 0