№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

ПАРАСАТТЫ ПОЭЗИЯ

  Көне дәуірлерден бастау алатын қазақ поэзиясында елдік жолындағы ерлік пен өрлік, рух асқақтығы мен қайсарлық, табиғаттың ғажайып үйлесімді көрінісі, ғашықтықтың күйініш-сүйініші көрініс табады. Сондықтан, қазақ халқының көркемдік-эстетикалық талғам-түйсігін, философиялық талап-тұжырымын, мақсат-мұратын тану үшін ұлттың поэзиясына зер салу қажет-ақ. Өлеңнің осы құдіретін «Парасатты поэзия» атты халықаралық фестивалінде сезіндік.
  Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына және ақын Жарасхан Әбдірашұлының шығармашылығына арналған фестивальге Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Татарстан (РФ) елінің және өңір-өңірден келген сөз зергерлері қатысты. Облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастыруымен өткен шара барысында ақындар Сыр өңірін аралап, өнерсүйер қауымды кестелі сөзбен сусындатты.
Жаңақорған ауданына өлең өлкесінде өзіндік өрнегі бар Байбота Қошым-Ноғай, Бүркіт Базарбаев, Елубай Әуезов, Айбол Исламхан, Батырхан Сәрсенхан, Биболат Сәтжанов, Толқын Қабылша және Мақпал Мыса ат басын тіреді.
Алдымен ақындар Сығанақ шаһарында болып, көне замандардан сыр шертетін даланың қыр-сырына үңілді. Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нәбихан Шалапов пен экскурсоводы Бағдаулет Тәждинов Қыпшақ мемлекетінің, Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының, Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қаласы жайлы ақпарат берді.
– 2003 жылдан бастап археологиялық ізденісті А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәйден Жолдасбаев жүргізуде. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қаланың Х-ХІІ ғасырлардан ХV-ХVІІІ ғасырлар арасында өмір сүргендігі анықталды. Бүгінде облыс әкімінің қолдауымен қаланы қайта қалпына келтіру және зерттеу жұмыстары жүргізілуде, – деді музей экскурсоводы.
Ұлы дала өркениетінің орталығы болған көне қаладан рухтанған ақындар көңілі сергіп, рухы асқақтағаны анық. Оны Жаңақорған кентіндегі «Арман» мәдениет үйінде байқадық. Рухани кешті тізгіндеген «Шабыт» халықаралық шығармашылық фестивалінің жүлдегері, белгілі ақын Толқын Қабылша жаңақорғандық өлең сүйер қауымға ақындарды таныстырды.
Бірінші сахна төріне Қаратаудың топырағынан нәр алған, жерлес ақын Байбота Қошым-Ноғай көтеріліп, кіндік қаны тамған даламен сырласты.
– Көзімді Күні қарықтыратын,
Сезімді нұры қарық қылатын.
Алыста жүрсем, сағындыратын,
Сағым көтеріп, зарықтыратын,
Жаңақорғаным, Жаңақорғаным! – деген жерлес ақынның өлеңінен туған жерге деген сағынышты аңғарасыз, атақоныстың биіктігін бағамдайсыз.
«Алтын тобылғы» байқауының гран-при иегері Мақпал Мыса «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңдегі жеңімпаздарын марапаттау салтанатында өлеңнің құдіретіне бас идірген еді ғой! Бұл жолы да тыңдарманың өзіне ұйытты.
– Мен керекпін жерге, суға, отқа да,
Керек болсам,
іздей бергін тоқтама...
Мен керекпін аспаниық көкке де,
Ғайып болсам мені әсте жоқтама.
Мен керекпін нұрға, нөсер жаңбырға,
Керек болсам,
тауып алғын қаңғыр да...
Мен керекпін ағып жатқан су екеш,
Су түбінде жатқан жалбыз балдырға... – деп әлемнің өзегінде жасырынған әсемдік пен үйлесімділіктен сыр тарқатты Мақпал ақын.
Өлеңнің ырғағы сол сәттегі ақынның рухани күйі мен ішкі толқуына қарай құбылады. Сондықтан поэзиядағы әрбір дыбыс пен әрбір сөзді өлең жолдары төгілген кездегі айтушының көңіл-күйінен ғана толық түсінуге болады. Әрі адамның ой-қиялы жете бермейтін, қыранның қанаты талатын асқақ әлемді танып-білуде ақынның өлеңдері көмектеседі. Поэзия кешінде осындай сезімді Бүркіт Базарбаев, Елубай Әуезов, Айбол Исламхан, Батырхан Сәрсенхан және Биболат Сәтжановтың өлеңінен сезіндік.
Жалпы, ақындардың бірі махаббат тақырыбындағы жыр жолдарын ұсынса, тағы бірі елшілдік, отаншылдық идеясын көтерген өлеңдерін оқыды.
Келесі күні Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек, Ғалым Жайлыбай, Арман Қани және т.б белгілі ақындардың қатысуымен Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрында фестивальдің қорытынды шарасы өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, Сыр өңірі талайды таңдай қақтырған, Сыр сүлейлері деген атауды ұлттық мәдениет төрінде берік орнықтырған жыршы-жыраулардың, дарабоз ақындар мен шайырлардың мекені екенін атап өтті.
– Ұлы даладағы халықтық дәстүрде шығармашылық адамына деген риясыз ықылас ежелден қалыптасқан. Оларға деген алғаусыз көңілі мен құрметінің шеті де, шегі де жоқ екені баршаға аян. Бір ғана мысал айтайын. Қазір аймағымызда Нартай, Әбділда, Манап, Асқар, Қалтай, Тұрмағамбет, Қарасақал Ерімбет есімдерімен аталатын елдімекендер, білім ордалары бар. Бұл - өнерге деген елдің шексіз ықыласының бір көрінісі емес пе? Жалпы, ойлы сөз саптай білу, сөз қадірін түсіну, құдіретін сезіну, кестелі сөзбен өрнектеу – біздің халыққа берілген үлкен сый, – деді аймақ басшысы.
Шарада өткен жылғы «Ұлы дала үні» фестивалі қатысушыларының шығармалар жинағы мен Жарасқан Әбдірашұлының «Дала, сенің ұлыңмын» атты кітабының тұсаукесері өтті.

  P.S.: Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол тек – поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл!» деген екен. Расында, ақын айтқандай, өз-өзімізді, ұлттық болмысымызды танимыз десек поэзияның құдіретіне үңілесіз. Ендеше, ақындарды қолдайтын шаралардың көбейгені дұрыс-ақ. Біз фестивальден осыны түйдік.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.

01 маусым 2019 ж. 1 560 0