№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Кітапханашы – мәртебелі мамандық

Кітапханашы – мәртебелі мамандық



Заманалар көшінде халықтың көзін ашып, көкірегі оянғаннан кітапқа ден қойып, рухани қуат тапқаны қандай ақиқат болса, содан бері кітапханашылар қызметінің де қадір-қасиеті бірге жасап келе жатқаны да бәрімізге аян. Ауданымызда үш ұрпақтан бері кітапханашы мамандығын қастер тұтып келе жатқан әулет бар. Нақтылап айтсақ, Шалхия кентінде тұратын Болған Башарова апамыз 60 жасқа толып, кітапханашылықтан зейнетке шықты. Ол бұл кәсібін анасы Ұлбөбек Шәмшенқызынан қабылдап алған еді. Енді бұл жолды ұлы Мәді Исаев жалғастырмақ. Біз мерейлі жасқа толған Болған апамен хабарластық.


– Алло, апа амансыз ба? Аудан­дық газеттен хабарласып тұрмын.
– Аманмын, шүкір! А-а-а, рахмет, көп жаса!
– Кітапхана саласында еңбек етке­ніңізге 40 жылдан асыпты. Осы жөнінде тарқата айтсаңыз...
– Әрбір саланың өз қызықшылығы мен қиыншылығы болатыны рас. Дегенмен өз мамандығыңды жүрек қа­лауыңмен, таза еңбегіңмен жасасаң одан алатын бақытты басқа ешнәрсеге теңестіре алмайсың. Бұл жайлы алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет, бұл-жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шебер­лікті қажет ететін нәрсе» дегені бар. Кітапханашы – қызметі сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ кітап­ханашы мамандықтың асылы.
Кеңес үкіметі кезеңінен қызмет етіп келемін. Ол кезде кітаптарды шопан ауылдарына қолмен тарататынбыз. Оқыр­мандар алыстан ат арытып жақы­ны келгендей жылы қарсы ала­тын. Жаз мезгілінде «Тау самалы» лагерінде демалушыларға көшпелі кітапханалар ұйымдастырып жүрдік. Ондайда бала­ларым қолғабыс ететін. Қарап тұрсам, сол менің мамандығыма деген ерекше ықыласымнан туған дүние екен-ау.
– Өткен ғасырдың аяғында оң­тай­­ландыру саясаты жүріп, қиын­­дау кезеңдерді өткердік. Бұл кітап­хана саласына қалай әсер етті?
– Бастысы, рухани мұрамызды сақтап қалдық. Аз уақыттан соң кітапхана қоры жаңа кітаптармен толыға бастады. Кітапты оқуды насихаттау, қызықтыра білу кітапханашының негізгі жұмысы. Бұл жолда аянып қалмадық. Түрлі шаралар ұйымдастырылды. Шүкір, кі­тап­ханаға оқырман келмей, кітап ал­май қалған кездері болған емес.
– Жақында аудан әкімі Руслан Рүстемов фейсбуктегі аккаун­тында «Кітап оқу қажет­тілік» деген жаз­басын жариялады. Онда кі­тап­­хана­шы­ларға жаңа талап қойды. Сіз бұл жөнінде не дейсіз?
– Аудан әкімі Руслан Рүстемұлы: «Қазір кітапханашылар үшін оқыр­манын күтіп отыратын уақыт келмеске кетті. Бүгінгі кітапханашылар креа­тивті, белсенді болуы тиіс. Өйткені, кітапханашы елді мекендердегі тұр­ғын­дарды кітап оқуға қызықтыра ала­тын бірден-бір зиялы тұлға» деп бізге қарата айтты. Өте орынды сөз. Жалпы, 40 жылдай еңбек етіп, аудан басшысының кітапханашыларға екпін бере жазғаным бірінші рет оқыдым. Өз басым, шабаттанып, кітапханашылық ісімді абырой санадым.
«Ауылдық кітапхана – қызмет көр­сету орталығы» модельдік стан­дар­ты бойынша құруға болады. Яғни кітапхана – қызмет көрсететін орта­лық; кітапхана – коворкинг-орталық; кітап­хана – диалог алаңына айналуы керек. Бүгінгі уақытта басқаша бәсе­кеге қабілетті болу қиын. Яғни кітап­ханашы көп функциялы қызметті атқара алуы тиіс. Сонда ғана кітап­ха­на­ға оқырмандар өз аяғымен келеді. Жастардың рухани орталығына ай­налады» деген әкімнің сөзін ұлым Мәдінің жадына құйып жүрмін. Ол осы істе белсенділік танытып, өзіндік талабымен көрінеді деген ойдамын.
– Нұртөре Жүсіп ағамыздың оқы­маған адам – ойсыз, мәде­ниетсіз адам – мисыз дейтініні бар. Осыған қосыласыз ба?
– Әрине кітап оқыған адамның рухы биік болады. Рухы биік адамдар ғана кез-келген қамалды алып, кез-келген биікті бағындары алады.
– Кітапхана рухани білім іздеген адамдардың шаңырағы. Осы ша­ңы­­раққа келген кез-келген оқыр­ман сіздің оқырманмен шынайы байланыста болу­ыңызбен қатар, тазалығыңызды үлгі етеді...
– Тазалықтың үлкен маңызы бар. Алғаш түскен аяттарда да таза­лықтың алдыңғы орында екені ай­тылған. Шамам келгенше отырған жерімді таза ұстауға тырысамын. Бұл біріншіден өзіңе де жақсы көңіл-күй сыйлайды. Мұны адамзаттың асылы Мұхаммед (с.а.у) да иманның жартысы – тазалық деп өсиет қалдырды емес пе?! Кітапхана есігінен енген әрбір оқырманға жайлы көңіл күй сыйлау. Осы орайда Әбіш Кекілбаевтың «Кітапхана мәңгілік парасаттың киелі мекені, ал кітапханашылар ешқашан жоғалмауға тиісті асыл қазынаның сақшылары» деп тамаша пікірін білдірген екен. Әрбір кітапты көзіңнің қарашығындай ұстау, жыртылған жерлерін жамап, жасқап келесі оқырманға жеткізу әрбір мамандығын сүйген кітапханашының ортақ ісі.
– Кітап жайлы ұлылардың айт­қан тәлімді сөздері жетерлік. Әл-Фарабидің «Оқы, оқы және оқы» деген өсиет қалдырса, Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» деген асыл ой қалдырған екен. Қырық жыл осы салада жүрген кітап­­ханашы кітап жайлы не ай­тар екен?
– Кітапты өмірімнен алыстатқан адам емеспін. Ес білгелі кітап менің айнымас досыма айналды. Қиналғанда қасымнан табылар досым да, жанашырым да кітап. Кітапхана да өзіне дос тұтқан жан­ға әрдайым есігін ашып, іздегенін беруге дайын тұрар киелі мекен.
– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз...
– Отағасы Еркін менің әрбір ісімізге қолдау білдіріп отыратын жан. Ұлдары Еркебұлан мен Мәдіні ер азаматқа тән, шыдамдылық пен төзімділікке баулыса, қызы Назымды бетінен қақпай ерке өсірді.

P.S.: Кітапханашы Болған Башарова Құттықожаны мекен еткен Қойшыбай мен Ұлбөбектің шаңырағында қыстың қаһары енген бір күнінде өмірге келген. Құт үзілмеген бұл шаңыраққа ағасы Шалқия кенінің ашылуына мұрындық болған Ахмет Әділов пен мемлекетті басқарған Дінмұхаммед Қонаев қонақ болып, батасын берген екен. Тарихы тым тереңге бойлаған әулеттің айтар сыры көп. Бұл тек бір үзік сыр ғана.


Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА

02 желтоқсан 2020 ж. 918 0