№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бексұлтанның бекзат болмысы

Бексұлтанның бекзат болмысы


Біз балаң да албырт шағы кеңестік кезеңмен тұспа-тұс келген ұрпақпыз, ол дәуірдің де дәруіш дәреметі көп еді. Елді мекендерде музыкалық мектеп қайдан болсын, онсыз да өнердің жалқы қалғанын көрген емеспін, ән айтуға деген әуестік әрбір жүректен табылатын. Ағаға қарап іні өсті, туасы өнерге құмарлық құлазыған жоқ. Күннің ыстық табы қайтып, кешкі саумал самалда жігіттер топ-топ болып, домбыра, баян, гитара, мандолин тартып, меңіреу төңіректі әнге бөлейтін. Ауылдың алғаусыз ажарын жалғыз айдың жарығы ғана жарылқап тұрған жоқ, тыныштықты түнгі симфония түріп, керемет көңіл-күй сыйлаған сәттер сірә естен шыға ма? Оны айтасыз, Бексұлтан Байкенжеев бурыл тартқан бұйра шашын артқа тастап, күлімдеген жәудір көзін көпке қадап, жан дүниесі жадырап, келісті-кербез төсіне баянын қондырып, сұлу сазға қоңыр даусын қосқанда баяғы ауылдағы кешкі көңілді көрініс көз алдыңызға орала береді. Құдды ауыл көшіп келгендей әсерге бөленесіз. Бойыңыз сергіп, ойыңыз ширап, риясыз рахатқа беріліп, ерекше салтанатқа еніп кетесіз. Тәңір бір басына барлық өнердің жиынтығын аямаған деп ойлайсыз сосын.
Сөйткен әнші ағадан қапыда айырылып қалғанымызда көңілім қатты құлазып, қоңыраудай қоңыр дауысы мен бабына келген баянның әуелгі әуезін аңсайтын жағдайға жеттім. Бәлкім, Жаңақорғанның киесі жетеледі ме, тағдыр осында алып келді де, Бексұлтан ағамен бетпе-бет жүздеспесек те әні, ісі, ізі қалған текті топырақпен қауышудың сәті түсті. Және маған талантты тұлғаның тек туған жерімен қауышуды ғана емес, әншінің әлемін қайта жаңғыртуға, мол мұрасын маздатуға мүмкіндік берді.
Иә, 2016 жыл мен үшін ұмытылмас жыл болды. Ауданның асқақ атын алысқа шығарып, өнерді өміршең дәрежеге көтерген тұлғаның шығармашылығын насихаттауға өзіндік үлес қосуға талпындым. Содан сеңді бұзғандай етіп, мәдениет саласының азаматтарымен ақылдаса келе алғаш рет Бексұлтан Байкенжеев шығармашылығына арналған «Ақбаян» атты облыстық әншілер конкурсын өткізуді жоспарладық. Оны мәдениет үйінде емес, ауданның айшықты орны – шипажайда, республиканың түкпір-түкпірінен келген демалушылар алдында өткізуге бекіндік. Олай болатыны, жан-жақтан жиылған көрермін арқылы конкурсты да, әншінің өнерін де кеңінен насихаттауға мүмкіндік мол еді.
Бексұлтан аға 100-ден аса әннің авторы, яғни конкурсант үшін таңдауға ән жеткілікті. Оның ішінде елдің аузында жүрген «Ақбаян», «Ақ гүлім», «Ақшолпан», «Жеңешем», «Сырдария» өздігінен сұранып тұрған белгілі әндер. Ендеше тәуекел деп, қалғанын іс барысында байқаймыз дестік.
Ереже бойынша 18-35 жас аралығындағы талапкерлер қатысуы тиіс. Дереу конкурстың өткізілу тәртібін облысқа тараттық. Бес аудан және Қызылорда қаласынан 15 талапкерден өтініш түсті. Енді қазылар алқасына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор Рамазан Тайманов, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының бөлім басшысы Бағдагүл Есмұрзаева, Б.Байкенжеев атындағы шығармашылық мектебінің жетекшісі, ұлы Әбсұлтанды сайлап алдық. Іс іркіліссіз жүрді. Өнерге сусап қалған елдің назары ауғаны соншалық, ерте бастан шипажай ауласы көрерменге лық толды. Міне, елдің рухани сұранысы осы ғой, біз оны әуелден пайымдап, ертерек қам жасауымыз керек еді. Дегенмен әлі де кеш емес, егер ойдағыдай өткізіп алсақ, дәстүрлі конкурсқа ұласатыны сөзсіз.
Сонымен ән сайысы басталды. Талапкерлердің орындаушылығы бірінен бірі өтеді. Нағыз таланттар. Он бес әншінің өнерін тамашалап болдық-ау, алайда халықтың қол шапалақтауы тоқтайтын емес. Енді не істеу керек? Біз келісе отырып, гала-концертті орталық алаңда жалғастырып, жеңімпаздарды марапаттауды сонда жасайтын болдық. Ұзақ ақылдастықтан кейін әділ қазының шешімімен Бас жүлде жаңақорғандық Әділбек Ержігітке бұйырды. Бірінші орынды Айбек Шүкіров жеңіп алды. Аралдық және сырдариялық Айтуған Сенбаев пен Ақзираш Сүлейменова екінші орынға лайық деп танылды. Ал, үшінші орынды жаңақорғандық Өмірсерік Бисенбиев пен Қызылорда қаласының өкілі Индира Әлиева иеленді. Жеңімпаздардың барлығына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етіллі. Қалған қатысушылар да құр алақан қайтпады. Осылай ауданда өнер тойы, Бексұлтан тойы қайта жанданды, оның рухы төбемізде шалқыды. Көптің алғысы шексіз болды, мен мұндай мерейге қатты қуандым.
Бексұлтан ағаның бағын ашқан «Ақбаян» әні десек жаңылмаймын. Оның шығу тарихы өте қызық. Бірде курстас Баян қыздың туған күні аталып өтетін болады. Студент деген қауым бірде байлы, бірде жарлы емес пе, сыйлық тарту жасауға тиын-тебен тапшылық қылды. Оның үстіне жаңадан отау құрып, Шәрбан жеңгемізді келін қылып түсірген уақыт. Жатақхананың жайы белгілі, көңіл дархан-ақ, бірақ жомарттың қолын жоқтық байлаған тұс. Дереу досы, ақынжанды Әбдімәлік Сыздықовқа өтініш айтты. – Біз ән сыйлайық. Сен сөзін жаз. Атын «Ақбаян» дейік. Мен сазын жобалап отырмын. Оны орындайтын әншіні де тауып қойдым. Педучилищенің бірінші курс студенті Мәдина Ерәлиева. Даусы керемет!,- деді де баянның ырғағын қосты. Әбдімәлікті де шабыт қозғады ма, айналасы екі сағаттың ішінде өлеңді дайын қылды. Буыны да сәйкес келіп тұр. Екеулеп қағазға түсірді де педучилищеге қарай жүгіре жөнелді.
Сол кеш Баян үшін де, екі азаматтың да есінен бір сәт ұмытылмас оқиғаға айналды. Мұндай сыйлық күтпеген қыздың төбесі көкке бір елі жетпеді. Ертесіне облыстық радиоға Мәдинаны ертіп барып, әнді жазды да тыңдарман қауымның талғамына ұсынды. Ел жылы қабылдап, сұраныс арта бастады. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов арнайы қабылдап, Бексұлтан мен Мәдинаға құрмет көрсетті. Осылай «Ақбаян» әні тек композитордың ғана емес, әншінің де бағын аспандатты. Мәдина Ерәлиева педучилищеден Қыздар педагогикалық институтына жолдама алды. Ол тіпті «Ақбаян» аталып кетті.
Кезінде әйгілі Шәмші Қалдаяқов: «Бексұлтан, сен неткен бақытты едің! Өз әніңді өзің насихаттай аласың. Мен болсам өзімше «домашний» әншімін. Отбасымда әнді ыңылдап қана айтамын. Сен сықылды құлашты кере баянды соза алмаймын. Мандалинмен ән шығарып, одақтық классикаға қосылғаныма риза пендемін. Менікі – вальс, сенде марш та бар»,- деген екен. Қандай теңеу десеңізші. Ұлы адамнан осындай ұлағат есту бір бақыт емес пе?!
Қайран Бекең-ай, өмірінің соңғы сәтін іштей сезді ме, ақын ағасы Адырбек Сопыбековке: «Адеке, екеуміз тездетіп біраз ән жазып тастайықшы, өлең болса ән дайын»,- деген көрінеді. Шынында ол жарық дүниемен ерте қоштасты, небәрі 44 жыл ғұмыр кешті. Дегенмен оның өнері өлген жоқ, ұлы Әбсұлтан баянды бабында ұстап, бағын биік көтеріп келеді. Өміршең өнер деген осы шығар, әлі де шыңға шығарар ұрпағы болатынын сеземін. Ұлдары Әбсұлтан, Дәулет, Ермек, Дәурен, қызы Гүлнәрдан 12 немере, 6 шөбере өсіп келеді. Мың жасауға жетелейтін ұрпақтың несібесі ұзағынан сүйіндірсін!
Сол кездері аудандық мәдениет саласына майталман кісілердің шоғыры жиналыпты. Мынау Манап, анау Адырбек дейтіндей, Әмір, Есіркеп, Бексұлтан, Нұрберген, Қалтай сынды азаматтардың тобын көз шалса, көңіл кемері толатындай кісілер еді ғой. Шіркін уақыт, солардың көбісін келмеске әкетті. Әрине, әттең дейсің. Айтпақшы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Бексұлтан Байкенжеевтың соңғы әні – «Сағынып жүрші» екен. Санамызда сайрап тұрған сазгер ағаға деген сағыныш жан дүниемізге ұялап жүр. Өмірдің өзі, қимастың көзі сол сағыныштан тұратынын Бексұлтан Байкенжеев қалай сезген дерсіз.

Руслан РҮСТЕМОВ,
Жаңақорған ауданының әкімі.

(төменде 2016 жылы өткен конкурс барысынан естелік фотоларды жарияладым)





30 қараша 2020 ж. 499 0