Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Атажұртқа адалдық

Ақүйік ауылы замана көшіне ілесіп, тарихтың талай тезін көрді. 1928 жылы байларды қудалау кезінде талай текті адамдар шекара асты. 1932-1933 жылы аштықтан қырылғаны қаншама. Солардың қатарында Ақүйіктің адамдары саяси қуғын-сүргіннен де тыс қалмады.

Кеңес үкіметі кезінде өзінің іскерлік қабілетімен елеулі іс жасап, туған жер игілігін еселеген жандар ел есінде қалды. Солардың бірі Палуан Бейсенбайұлы 1927-1928 жылдары ел-жұрт егінін егіп, күнін көрсін деген үмітпен «Көлтоған» су қоймасын салдыруға қызмет етті. 1930 жылы «Ақүйік» артелі (ТОЗ) «Бірлік» колхозы болып қайта құрылды. Колхозға Мәделі Сералиев, Райымқұл Есжанов, Мұзарап Жайынбаев, Міншәріп Орманов, Сапура Алиярова, Тасболат Жанпейісов, Тайлан Көгенбаев, Нұридин Әбдірейімов, басшылық етті.

Саяси қуғын көрген елдегі көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар жыраққа бет түзеді. Солардың қатарында Палуан Бейсенбайұлы, Оспан Қалымбетұлы, Дүйсен Үсенбайұлы, Ақым Аңламасұлы, Билібай Өскенбайұлы елден жыраққа кетіп, жат жерде жер жастанды.
Колхоздың негізгі шаруашылығы – мақта, бидай, тары өсіру. Ауылдан шыққан алғашқы шопан Еген Кездікбаев болса, оның ізін жалғап, Шәкет, Айтуған, Жүніс, Сәдуақас, Өскенәлі, Әйтілеу, Жамалхан, Әділхан, Ақбала, Асан, Мәнсүр, Рахан, Бибіш, Сәпура, Күнімай, Қырмызы, Жұмагүл секілді ата-аналарымыз колхоздың қара жұмысын қалтқысыз абыроймен атқарды.
Қызыл империяның қолдан жасаған ашаршылығында Ақүйік ауылы көптеген қазақтың ұрпағының аман қалып, ашаршылықтың құрығынан шығуға көп көмек етті. Мұны елдегі қариялардың айтқан әңгімесінен, ақын-жазушылардың шығармасынан анық аңғаруға болады. Арқадан аш құрсақ болып жеткен жандар ауыл маңына келіп, ауылдастардың қайырымын көп көрді. Осылайша, арғын, найман мен тарақтылар осы мекенге сіңісіп кетті.
Содан кейінгі жылдарда да Ақүйік талай нәубетті көрді. 1941 жылы фашистік Германия соғыс отын тұтатқанда талай ер азаматтар майдан даласында ерлік көрсетіп, көбі елге оралмады. Соғыс жылдары 447 азамат соғысқа аттанса, оның ішінде 227 солдат Бірлік ауылынан еді. Майданнан оралмаған 107 жауынгердің есімі жазылған кұнды дерек аудандық архивте сақтаулы тұр.
Соғыстан кейінгі жылдары егін шаруашылығының барлық түрі халықтың қол күшімен атқарылды. Техника тапшылығынан әрбір азамат елмен бірге еңбекке араласу міндеттелді. Ақүйіктей үлкен колкозда 4 автокөлік, 5 трактор ғана бар еді. Ауылдастардың ішінен алғаш техника тілін меңгеріп, көлік жүргізген Жұмаділла Құлтанов, Әбдіхан Ибрагимов, Ергешбай Әбдишев, Бәкір Құлтанов,Бекжан Құрақов ауылдан шыққан алғашқы механизаторлар еді. Колхоз 1930 жылы құрылғанда шағын шаруашылықта 37 бас қой болса, 1950 жылдары 8000 бас қой, 500 бас сиыр, 250 бас жылқы, 100-дн аса түйе болды.
Егістік көлемін ұлғайтып, шабын­дықтың көлемін көбейту мақсатында «Шұқырой» каналы қазылып, тың жерлерді игеру кезінде елдегі әйел азаматтар канал қазу жұмысында белсенділік танытты. Бүкіл Одаққа танымал «Қаракөл» шаруашылығы жанданып, совхоз жұмысы қарқындады. 1957 жылдың көктемінде «Бірлік совхозына басшылық еткен Арзымбет Есимов мал шаруашылығын дамыта білді. Сол кезде совхоз меншігіндегі 33221 га жерде мың гектарға егіндік пен 2700 гектар жайылымдық жер болды. Совхозда алғашқы жылдары 28000 қой, 556 мың жылқы, 137 мың бас түйе тізімге ілінген.
Шаруашылық тізігін ұстаған А.Есімов, Ж.Нұрмағанбетов, Ә.Қалқожаев, Е.Ора­зов, Ш.Қарақожаев, Р.Қожанов, Ә.Ораз­алиев, А.Абдуллаев ауыл даңқын асқақтатуға үлес қосты. Қарапайым еңбек етіп, елеулі үлес қосқан Найманбай Құрбанов, Әбубәкір Бисенбиев, Жыл­қыбай Бердібеков, Амангелді Бай­дүйсенов, Оразбай Жошиев, Тұрсын Жан­дарбеков секілді шопан­дар ел құрметіне бөленді.
Тәуелсіздік жылдарында да ағайын­ның ауызбіршілігі мен бірлігі арқасында елдегі азық тапшылығынан аман қалды. Қолдағы барын бөлісіп, бірлікке бекінген жандар ұрпаққа үлгі көрсетті. 1997 жылы Бірлік совхозы тарап, Ақүйік ауылдық округіне енді. Міне, осы жылдардан кейін іскер азаматтар өз кәсібін бастап, елдің дамуына өз күшін салды. Шетел асқан қандастардың ұрпағы елге орала бастады. Ауыл тіршілігі қайта қарқындап, игілік жолына ойысты. Ауылдан шыққан кәсіпкерлер Рақымбаба Құтыбаев, Берік Бердәлиев, Берік Ақбалаев, Рысбек Жүнісов, Ербол Шохаев, Яхия Сейфумаликов бастаған азаматтар ауыл ажарын көркейту үшін қолдан келген көмегін аянбады. Ағайынның ауызбіршілігінің арқасында мешіт үйі бой көтеріп, ауыл көшелері ажарланып, қаншама қайырымды істер жүзеге асуда.
Қорыта айтқанда, Бірлік ауылы деп аталуының астарында үлкен мән-мағына жатыр. Ағайынды ауызбіршілікке, байырмалдылыққа, отансүйгіштікке үндейтін ауылдың тарихы тереңде. Өткен күннің ұмытылмас еестеліктері мен бүгінгі күннің жадынамасын келер ұрпаққа жеткізу аға буынның асқақ арманы. Сол себепті, ауыл тарихына арналған туындымды жарыққа шыға­рып, деректерді бір кітапқа жүк етуді мақсат еттім. Сәтін салса, алдағы уақытта ауылдың айтылмаған тарихын оқырманға ұсынбақпын.

Әметхан ӘДІЛХАНОВ,
Ақүйік ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы
20 қазан 2020 ж. 517 0