Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Елге сыйлы азамат

«Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға», – деп Абай айтқандай, өзінің кішіпейілділігі мен қарапайымдылығын қалқан етіп, елге қызмет етудің жолын тапқан Сәулебек Дүйсебеков 70 жасқа толды. Елге сыйлы азаматтың ғұмыр өрнегіне көз жүгіртіп көрсек...
1950 жылы Төменарық елді ме­кенінде Шәуленбек Дүйсебековтің отбасында дүниеге келді. Сәулебек жастайынан өзінің алғырлығымен, білім­ге құштарлығымен, сабырлығымен ерекшеленді. Ол кездегі жастар еңбекке ерте араласты. Сәукең де ауылдан 15-17 шақырым жердегі Қызылбайырда шөп орып, қораға тасыды.
1957 жылы №53 А.Романов атын­дағы орыс-қазақ мектебіне барды. Мектепте де жақсы оқыды, сыныптан сыныпқа мақтау қағаздарымен өткені туралы кезінде оған сабақ берген Абыдын Мұсабаев, Әлішер Құтыбаев, Әбілазым Кәрімбаев, сынып жетекшісі Ажар Сүлейменова секілді ұлағатты ұстаздардың өз ауыздарынан есттік. Сан ұлттың балаларымен араласып өскендіктен болар, ол орыс, шешен тілін қатар меңгерді, олармен еркін сөйлесіп, түсіністі.
1967 жылы орта білім алғандығы жөніндегі аттестатты қолына алып, құрылысшы болуға бекінеді. Оған әкесі Шәуленбек ақыл қосып:
– Балам, егер жақсы құрылысшы боламын десең алдымен құрылыс техникумына түс. Онда институтта оқылмайтын, үйретілмейтін құрылыс тәсілдері оқытылады. Егер техникумды жақсы бітірсең әрі қарай жоғары оқуды оқуға болады, – дейді.
Әкенің бағыт-бағдарымен Алматы су шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, оны үздік бітіріп, 1970 жылы құжатын Ташкент қаласындағы политехникалық институтына тапсырады. 1975 жылы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп шықты. Елге заңгерлік білімі бар Кенжегүлмен шаңырақ көтеріп, оралады.
Еңбек жолын №34 ЖМК-да инженер болып бастаған жас маман қысқа мерзімде іскерлігімен, біліктілігімен аудан басшыларының назарына ілінді. Бұл Түгіскен массивін игеріліп жатқан кез еді. Яғни жерді инженерлік жүйеге келтіру міндеті тұрды. Сондықтан ол сексеуілі мен шеңгел-жыңғылы сыңсыған алқапта вагон-қоста апталап жатып, жердің сапалы тегістелуіне басшылық жасады. Институт пен техникумда алған терең білімнің нәтижесінде көптеген әріптестері арасында беделі артты.
1977 жылы №4 ЖМК басшысы Нышанбай Төрежанов оны арнайы қызметке шақырып, аға шебері етті. Бірнеше айдан кейін бөлім бастығы лауазымына тағайындады. 1980 жылы Сәулебекке үлкен сенім артылып коллонна коммунистері оны коммунистік партия қатарына қасылды. ЖМК жерді инженерлік жүйеге келтірумен ғана шектелмей өз жұмысшы-қызметкерлеріне тұрғын үй салуды қолға алды. Тұрғын үй жоспарын орындау, үй салатын жерді таңдау мен олардың үйірелік жерлерінің мол болуына маңыз берілді. Осы тұрғыда сол кездегі ЖМК бас инженері болған еңбек ардагері Құралбай Мамуов:
– Сәулебек қандай істі қолға алмасын, тиянақты, сапалы бітеретін, – деп еске алатын.
Шалқия кеніші ашылып, жаңадан ЖМК-лар құрылып жатқан кезде «ПМК-Тяжстрой» мекемесінің басшысы М.Есболғанов оны өндірісті жоспарлау бөлімінің басшысы қызметіне шақырады. Бірақ ол ұсынысқа ЖМК басшысы Н.Төрежанов қарсы болады. Мәселе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Жанпейісовқа жетеді. Бірінші хатшы Н.Төрежановты шақыртып алып: – Егер партия қажет деп тапса Шалқияға сен де барасың, көп сөзді қойып, жас маманға рұхсат бер, – деп тапсырады. Жаңа орында жұмыс жасағанына 5-6 ай өткенде оны ЖМК басшылығы зор сенім білдіріп бас инженер лауызымына тағайындады.
«Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал ала алмайды», – деген даналық сөзі бар. Сол атылғандай еңбек жолында тәжірибесін байытып, өзінің тиянақтылығы мен жауапкершілігін көрсеткен Сәукеңе облыстық «Қызылордасельстрой» тресінің басшысы Ф.Фаткулдинов келіп Қазақ ССР-і Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты №1603 ЖМК басшысына тағайындады.
Оның ЖМК-ға басшы болу кезеңі Жаңақорған кентінің инфрақұрылымын жаңаша жүргізу кезеңіне орайлас келді. Осында басшылықта болған 10 жыл ішінде ол басқарған ЖМК Төменарықта екі мектеп пен Кеңес атқару комитетінің ғимаратын, Өзгентте екі мектепті, Сүттіқұдықта сауда орталығы салынды. Сондай-ақ Ақүйік пен Жайылмада 1000 бастық қора-жай пайдалануға берілді. Жаңақорған кентіндегі №163, №169 мектепте қосымша құрылыс, аудандық прокуратура, жинақ банкі (қазіргі халық банкі), №11 дәріхана, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинаты (қазіргі «Казтелеком»), аудан әкімі аппараты отырған ғимарат, аудандық мәдениет үйі, «Ордакент» кинотеатры, аудандық баспахана (қазіргі Ақ палас) құрылысы мен Алтынсарин аумағындағы жиырмаға тарта екі қабатты тұрғын үйлер және 240 орындықты балабақша құрылысы жүргізіп, пайдалануға берілді. Бұл жылдары №1603 ЖМК мекемесі бірнеше рет Социалистік жарыс жеңім­пазы атанды. Мұның бәрі жас бас­шының ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетінен деп білу керек-ақ.
– Құрылысшы маман ретінде қалып­­тасуымда №4 ЖМК бас­шысы Н.Төрежановтың, ал ұйымдас­тыру­шылық қасиетті трест басшысы Ф.Фаткулдиновтан үйрендім. Олар менің қызмет барысындағы ұстазым болды. Өмірде жеткен жетістіктерімде олардың үлесі бар, – деп еске алады Сәукең.
1992-1994 жылы Сәулебек Шәулен­бекұлы аудан әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарды. 1994-1999 жылы №128 ЖМК мекемесін басқарды. 1999-2012 жылы аудандық мәслихаттың хатшысы қызметін атқарды. Осы кездері «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасын қатар атқарды. Сыр өңірінің өзге ауданында филиал төрағалары аудан әкімі болса, партияның тізгіндеген жалғыз мәслихат хатшысы еді. Бұл – оның аудандағы бедел-биігінен хабар беретіндей.
1982-1992 жылы поселкелік кеңестің, 1999-2012 жылы аудандық мәслихат депутаты болып, сайлаушыларының аманатын абыроймен атқарды. Абы­ройдың артуы алдына келген азаматтың өтініш-тілегін байыппен тыңдап, қолынан келгенінше атқаруда емес пе? Ол депутаттық мандатты арқалаған жылдары осындай істерді сапалы атқарғанын көруге болады.
Төменарық ауылының ел ағасы Темірбек Құтжанов былайша еске алып:
– Жиделі су торабы бойынша елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету туралы жоба бекітілді. Төменарық ауылына ауызсу құбырын тарту жобаға енбей қалған-ды. Мұны Сәукеңе жеткіздік. Осыған орай ол ауыл халқын тұщы ауызсумен қамтамасыз ету үшін аудандық бюджетте арнайы қаржы қаралуына ықпал етіп, ауызсу мұнарасын салуға басшылық жасады. Дегенмен бір мұнараның ауылды ауызсумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі жетпейтінін білген Сәулебек аудан әкімі Нажмадин Мұсабаевтың алдына мәселе етіп қойып, жобаға Төменарық ауылының ауызсуын қостырды, кейін арада 2-3 жыл өткенде ауылға ауызсу құбыры тартылып, толық қамтамасыз етілді, – деді.
Төменарықта балабақша жоқ-тұғын. Осы мәселені шешуде Алмалық кеңшарының әкімгершілік ғимаратын аудандық білім бөлімінің теңгеріміне алуға ықпал етті. Сәукеңнің мұндай халықшыл істері тым көп. Мұның бәрі бір мақаланың ауқымына сыймайтыны да анық...
Сәукең соңғы сегіз жылында «Қазат­омөнеркәсіп» ҰАК АҚ қарасты «СКЗ-U» ЖШС бас директорының орынбасары қызметін атқарды. Бұл қызметте жүргенінде де халыққа пайдасын тигізуге мән берді. Яғни серіктестік тарапынан аудан жастарының зауытқа қажетті мамандық бойынша білім алуына ықпал етті.
Оның елдік бағыттағы еңбектері жоғары бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. «Қазақстан Парламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан мәслихатына 25 жыл» мерекелік медалі табысталды. Бұл тізімге «Nur Otan» партиясындағы «Белсенді еңбегі үшін» медалін қосу керек. Президенттің «Алғыс хатымен» мен Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің «Құрмет грамотасымен» екі рет марапатталды. Оған «Nur Otan» партиясының «Құрмет грамотасын», Қызылорда облысы әкімі мен маслихатының «Құрмет грамотасын», Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстанның «Құрметті құрылысшысы», Қазақстан мәслихаттарының «Құрметті депутаты» атағын қосу керек.
Бүгінде жарты ғасырға жуық бір ошақтың отын бірге жағысқан зайыбы Кенжегүл Көпесова екеуі екі ұл, бір қыз өсіріп, немерелеріне тәлімді тәрбие, саналы білім сіңіріп отыр. Үлкен ұлы – Талғаты Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы, Бәйдібегі Шымкент қалалық сотының судьясы. Отбасының тұңғышы – Айгүлі кәсіпкер.
Міне, аудан экономикасы мен оның әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосқан Сәулебек Шәуленбекұлының азаматтық жолы осындай.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
11 қазан 2020 ж. 860 0