№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Үміттің отын үрлеген

Үміттің отын үрлеген

Үміттің отын үрлеген
Қыраш елді мекеніндегі №180 мектептің ұстазы Жансая Әріпбекқызына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың «Құрмет грамотасы» табысталды. Біз оқыту жүйесін жетілдіріп, сапалы білім беруге мән берген ұстазды марапатымен құттықтап, әңгімеге тарттық.
– Марапатыңыз құтты болсын! Бұл марапат еселі еңбектің нәтижесі ғой!
– Рахмет. Білім беру жолындағы еңбегім еленіп, марапатқа лайық деп тауыпты. Қуаныштымын.
2005 жылдан №180 жалпы орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, тәлімді тәрбие беріп жүргеніме өзімді бақытты санаймын. Былтыр 2019-2020 оқу жылында мектеп бітірушілерді түлеттім. Сыныбымдағы 7 оқушы да Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып жоғары балл жинады. Барлығы бірдей университет грантына ие болды. Мектеп бітіруші Айда Бөрібек «Алтын белгі» иегері атанып, мектеп мерейін өсірді. Оның мұндай жетістікке жетуіне бастауыш сынып жетекшісі Баян Әуелбекованың да еңбегі зор.
– Ұстаз болу жауапкершілігі мол, бейнеті көп мамандық. Осы жолға қалай келдіңіз?
– Ұстаз болу бала күнгі арманым. Анам Гүлбазар Айтжанованың санама сіңірген саналы тәрбиесі мен білімі маған әрдайым өмірлік жолбасшы секілді. Адалдықты бойымызға сіңіріп, білімді болсаң ғана бағындырар биігің мол болатынын жастайымыздан бойымызға сіңірді. Өзі ұзақ жылдар мектепте мұғалім болып, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған аяулы жан. Кейін осы мектепке алғаш мұғалім болып аяқ басқанымда Тұртанов Тұзақбай, Садырбаева Әлия тәжірибелі ұстаздар тәрбие мен тәлімді қатар алып жүргенде мықты ұстаз болатыныңды ұқтырғандай.
– Жалпы мұғалім қандай болуы керек?
– Мектеп – тынымсыз тіршіліктің ордасы. Бірінші кезекте осыны ескерсе екен деп ойлаймын. Көп маман «Қолымда дипломым бар, жұмысты оңай алып кете аламын» деп ойлайды. Ұстаз болу үшін бұлар жеткіліксіз. Бала – ел болашағы, ұстаздың алдында – ел болашағы білім алатынын айтқым келеді. Бұл өте зор жауапкершілік, сол себептен үнемі ізденіс үстінде жүруің керек. Мұғалімдер этика талаптарына сай мәдениетті, ізгілік пен адамгершілік бойына жиналған тұлға. Ал алдыңа келіп отырған әрбір үйдің үміті. Сол үміттердің отын жаға білсең, білімнен бөлек басқа қырынан аша білсең, ол тұлғаға айналады. Міне мұғалімге керек қасиет осы.
– Оқушылардың қабілетін қалай бағалайсыз?
– Мектеп партасында отырған кез-келген оқушының қабілеті бар, ол – талпыныс, өзгелерден ерекшеленуге ұмтылыс. Қазір мектеп бағдарламасы күрделі. Ізденуді талап етеді. Сондай-ақ оқушы мен мұғалім, ата-ана арасындағы үш жақты байланыс жоғары деңгейде болса ғана, білім беру ісі сапалы болады. Бүгінде білімге құштар бала өзіне керек ақпаратты кез-келген
жерден ала алатын деңгейге жетті. Сондықтан дұрыс бағыт-бағдар берілсе, біздің жасөспірімдер бәсекеге қабілетті болып қалыптасады.
– Бәсекеге қабілетті болу дегенді қалай түсіндірер едіңіз?
– ХХІ ғасыр ақыл-оймен озатын заман. Яғни бәсекеге қабілетті адам – заманауи технологияны жетік меңгеруі тиіс, сосын, әлем тілдері – ағылшын, француз, орыс, қытай тілін білгені дұрыс. Бәрінен бұрын, кез-келген ортаға тез бейімделіп, өзінің оқыған-тоқығанын іс жүзінде пайдалана алатын, білікті, білімді болғаны абзал.
– Сіз өзіңізді қандай ұстазбын деп танисыз?
– Әрине, өз-өзімді мақтау, мадақтауды дұрыс санамаймын. Жауапкершілікті сезіне алатын, үнемі ізденетін, оқушыға саналы білім беретін ұстаз ретінде қараймын. Осыны өз-өзіме міндеттеймін...
P.S.: Ұстазы бейілді болса, шәкірті зейінді келеді. «Ұстаз болу» – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» екені сөзсіз рас. Себебі шәкірт санасына білім дәнін сеуіп, оны мейірімділікпен өсіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл үшін ұстаз бойында кәсібиліктен бөлек, адамгершілік, сабыр, әдептілік, ар-ұят сынды қасиеттер болуы керек. Ал Жансая Әріпбекқызының бойынан түрлі қасиеттерді аңғаруға болады. Ән айту, сурет салу сынды шығармашылық қабілеттерімен қоса ұйымдастырушылық та қоса біткен талантты тәрбие орынбасары үйде сүйікті жар, Нұрайым, Айғаным секілді үздік оқушылардың аяулы анасы. Мәртебелі мамандық иесінің жеткен жетістіктері жетерлік. Бұған дейін түрлі деңгейдегі білім бөлімінің, білім басқармасының аудан әкімінің, республикалық педагогикалық орталықтың мақтау мағаздарымен марапатталған Жансая Асанованың бағындырар белестері әлі де алда.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
07 қазан 2020 ж. 603 0