№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Абайтануды қалай оқытып жүрміз?

Абайтануды қалай оқытып жүрміз?


Біршама уақыттан бері Абайтану факультативті пәні мектептерде оқытылып келеді. Ұлы ақынның шығармашылық мұрасы қаншалықты деңгейде оқушы санасына сіңірілуде. Рухани қазына саналатын Абай мұрасы оқушының ой-өрісін кеңейтіп, санасын биіктетуге күш салып жатыр ма? Осы тақырыпты тарқатуды жөн көрдік.


   Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масына Абайтану тағылымына арналған мемлекеттік және халықаралық деңгейде 500-ден астам іс-шаралар өтуі тиіс болатын. Біршамасы өтіп те жатыр. Қазақ­тың бойтұмары саналатын Абайдың сөзі ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жойған жоқ. Керісінше кемеңгерлігі уақыт өткен сайын таныла түсіп, өміршеңдігін дәлелдеуде. Мектептерге енгізілген «Абай­тану» пәнінің мақсаты да ақын поэзиясының құдіретін танып, шығармашылығын шыңдау, білімін, ойлау жүйесін жетілдіру. Әлемдік деңгейде танылған ақын мұрасын қаз-қалпында қадірлеу.
  Бұл жайлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «...Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып-ақ, көштің басын баяғыда-ақ жөнге салып алуға болатын еді. Сорлатқанда біреудің уақыты жетпейді, біреудің ұғымы жетпейді, біреудің атымен зауқы жоқ.
...Қазіргідей заманда Абай жырларына айына емес, аптасына емес, күніне бір үңіліп қоймай болмайды. Сонда жан қинап жүрген қай күмәннің де бәріне жауап аласың» – дегені расында да бүгінгі күннің өзекті мәселесін дөп басқандай.
Абайтану пәнін мектепке ендіру арқылы біз рухы мықты, білімі жоғары, рухани бай азаматтарды қалыптастырамыз. Әрбір сөзі терең мағынаға толы Абайдың қара сөздерін оқып, жадына мықтап түйген ұрпақ ешқашан жамандыққа бармақ емес ата жолынан жаңылмайды.
Осы тақырып төңірегінде аудандағы бірқатар мектептермен хабарласып мән-жайға қанықтық.
Ә.ӘБутәліпов атындағы №209 мектептің мұғалімі Ақмарал Мамырайымова: – Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Абайтану пәнінен былтыр сабақ бергенмін. Оқушылардың қызығушылығы басым болатын. Әрдайым сабақ барысында тың идеялар келетін. Оқушылармен бөлісуге де асығып тұратын едім. Бұл менің де балаларды басқа қырынан тануыма үлкен септігін тигізді. Бірде бір оқушының әжесі белсенділік танытып, арнайы кеш ұйымдастырғысы келетінін айтты. Әрине келістім. Мектептің арнайы кабинетін безендіріп, құтыға егілген ағаш әкелгені шын таң қалдырды. Абайдың афоризм сөздерін айтып оқушылар қолындағы лентасын ағаш бұтасына бір-бірлеп байлай бастады. Оқушылардың белсенділігін де байқадық. Кеш ұйымдастырушысы оқушыларды сыйлығымен де қуантты. Бұл естен кетпес ерекше кеш болғаны белгілі. Міне, арамызда Абай мұрасын тереңінен түсініп, ұрпақ санасына сіңіруге құштар ата-аналар бары қуантады, – деді.
Кент орталығындағы ірге­лі оқу ордасы №110 мектеп директоры Әділмырза Таж­диновке хабарласқанымызда, мек­­тепте Абайтану пәні әдіс­темелік нұсқаулыққа сәйкес 10-11 сынып оқушыларына ап­тасына бір рет факультатив пән ретінде беріліп жатқанынан білдік. Мектеп басшысының айтуынша, оқушылардың Абайды және оның шығармашылығына қызығушылығы жоғары. Әсіресе өлеңдерін оқуда бір-бірмен бәсекелі түрде жарысып жаттайды екен.
– Мектепте білімпаз балалар жетерлік. Мектептің, тіпті ау­дан­ның атынан облыстық, республикалық байқауларға барып жүрген талантты оқушылар жетерлік. Солардың қатарында Біржан Ролан халықаралық «Ғұмырдария» байқауына барып жүлделі оралды. Және биылғы өткен онлайн жарыстан бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал Шахназ Саяуышқызы қазақ радиосы ұйымдастырған респуб­ликасық «Тай жарыста» Абай өлеңдерін оқудан І-орынды иемденді. Өскенбай Рамазан болса республикалық Абай оқуларының онлайн байқауынан бас жүлдені алған, – деп мектеп басшысы бірқатар жетістіктерімен бөлісті.
Бесарық бекетіндегі №247 мектепте Абайтану пәні 5 және 9, 10, 11 сыныптарға өткізіледі екен. Мектепте бұл пән мазмұндылығымен ерекшеленіп, білімпаз оқушылардың шығар­машылығын шыңдайтын пәні екенін мектеп басшысы Нұрбол Ыдырысовтан білдік.
Жоғарыда айтылғандай, барлық білім мекемелерінде Абайтану пәнін оқушылар қызығушылықпен оқып жатыр.
Десе де, Абайтанушы Мекем­тас Мырзахметов: «Абайтану пәні мектептерге енгізілетін болса, оның оқулығы мен бағдарламасы болуы керек. Менің шамалауымша, сол оқулық пен бағдарлама бола қалғанның өзінде сол ескі сарыннан құтыла алмаған болар деп ойлаймын. Бұл жақсы бастама болғанменен Абай дүниетанымының өзекті желісіне айналған Абайдың Шығысқа қатысы туралы тағы да сөз етілмей, тасада қалатын тәрізді»,– деп пікірін білдірген еді.
Ғұмырын Абай шығарма­шылығына арнаған М.Мырзах­метовтың «Абайтануды ке­ше­гі кеңестік көзқарастан арылтып, бүгінгі жаңа тәуелсіз еліміздің нағыз, толық Абайын қалыптастыруымыз қажет» деге­нін негізге ала отырып, мек­тептердегі Абайтану пәнін бастауыштан енгізсек деген көптің пікірімен де келісеміз. Өйткені Абай мұрасы мәңгі өлмейтін мұра.
«Махаббат пен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» – дейді Абай.
Ақын адам баласына «бір-біріңнен байлықпен емес, ақылмен озыңдар», – дейді. Өске­лең ұрпаққа сол замандарда-ақ білімді болу, өнеге мен өнерлі болу ешқашан да артықтық етпейтінін, білім қуғанның озып, ойын қуғанның азатынын жеткізген Абай мұрасы халықтың алтын кеніндей терең тағылымы кең.
Иә, бүгінгідей әлеуметтік желіге үңілген қоғамда, балалардың дені үйде ұялы телефонға үңіліп, білімін де бағасын да бағамдай алмай отыр. Дегенмен әрбір ата-ана баласының болашағына бағдар жасап, бір уақыт болса да Абайдың қара сөздері мен өміршең өлеңдерін жаттатса білімді ұрпақ қалыптасары сөзсіз. Әрбір сөзі ақылға, нақылға құралған Ұлы ақынның адамзатқа берері көп.
Біз оқырманның назарына осыны салғымыз келді...

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА


20 қыркүйек 2020 ж. 811 0