Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Рухтас ақындардың достығы кісі қызығарлық

Рухтас ақындардың достығы кісі қызығарлық


Еліне ерекше еңбек сіңірген қымбат азаматты ардақтап, қимай қоштасатынымыз рас. Көкірегінде ақиқат орнап, қаһарман рух асқақтайтын Фариза Оңғарсынованың қазақ әдебиетіндегі, қазақ қоғамындағы орны биікте. Ақынмен сырлас, дос болғандар өлеңінің мінезіне, мінезінің өлеңіне аумай ұқсайтынын айтады. Сондай жанның бірі ақын, сазгер Жақсыгүл Бегманова.
Олардың достығы өткен ғасырдың 80 жылдарынан басталып, өмірде сыйлас, сырлас болды.


– Фаризаның гезеттерден өлеңін оқып, радиодан тыңдап жүретінмін. Өлеңдерінің рухы ұнайтын, даусы тартымды еді. 1983 жылы қыркүйек айында Қызылорда қаласында қазақ ақын-жазушыларының он күндігі болды. Оған Шерхан Мұртаза, Сырбай Мәуленов, Оралхан Бөкеев, Фариза Оңғарсынова сынды қаламгерлер келді. Ол кезде Сунақата ауылдық Кеңесінің төрағасы-тұғынмын. Оларды Шиелімен шекараласатын тұста күтіп тұрмыз. Ерлердің арасында Фаризаның жүріс-тұрысы көзіме ыстық басылды. Жан-жағына қарап, бәрін үнсіз бақылап, Сығанақ шаһарына қарай мойын бұрып, ұзақ қарады. Басшылар аудан орталығына жол бастап, сонда қонақ етіп, дастархан жайды. Композитор Бексұлтан Байкенжеев Фариза Оңғарсынованың бір өлеңіне ән жазыпты. Соны орындап берді. Ақынның жүзіне күлкі үйіріліп, ашыла түсті...
Шығарып салдық. Бір аптадан кейін «Ленин жолы» газетінің бір бетіне ақынның өлеңдері шықты. Қызылордадан алған әсерлері қамтылыпты. Соның ішінде «Сунақтың сұлу қыздары» деген өлеңінің астын сызып қойдым. Өлеңді қайта-қайта оқып шықтым. Суреттеуінен өзімді танығандай әсер алдым, – деп бастады әңгімесін Жақсыгүл апа.
Тағдырдың бұралаң сәттері көп, ащысы мен тұщысы қатар келіп, адамның мінезін шындайтыны рас. 1985 жылы Жақсыгүл апа қуанышынан айырылып, қайғысы қабырғасына батады. Жанына жұбанышты өлеңнен тауып, әннің әуені құлағында маздайды.
– Түсімде ұлым Берікболды көріп ояндым. Содан кірпігім ілінбей, таң атырдым. Көкейіме «Шөліркесем сусындадым күлкіңнен, Шаршағанда нәр алғанмын өзіңнен» деп басталатын «Аққу – арман» өлеңі қонды. Сөзін жазып, әнін нотаға түсірдім. Көп ұзамай «Сунақтың сұлу қыздарына» ән жаздым. 1986 жылы аудандық басылымға бердім. Фариза ол кезде «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы еді. Алматыға бардым. Үйінде қонақта болып, жақын араласып кеттім. Оның түсі суық болғанымен жүрегі жылы еді. Абай айтқандай, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек Фаризаның болмысын өзгелерден ерекшелейтін, – деп ақынмен достық қарым-қатынастың орнағаны жайлы сөз етті.
Ұзақ ойға батты. Бөлмені үнсіздік жайлады. Кенет өз ойынан өзі шошынғандай селк етіп:
– 1992 жылы қыркүйек айының басында Шымкент қаласында тұңғыш рет Шәмші Қалдаяқов атындағы фестиваль өтті. Оған Уәлибек Ибрагимов екеуміз бардық. Өзімнің «Аққу – арманым» мен Фариза Оңғар­сынованың «Көз алмай неге қарайсың» өлеңіне жазылған әнімен қатыстым. Елдің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздармен шығармашылық байланыс орнатып келдім. Ауылда шабыт үстінде жүргенмін. «1992 жылдың 14 қыркүйегінде «Ән қанаты» бағдарламасына қатысасыз» деген хабар келді. Содан Уәлибек екеуміз қайта жолға шықтық. Бізді Фариза күтіп алып, төрт күн үйінде қонақ етті. Екінші кездесуімізде сыр тарқатып, шығармашылық жайында ой бөлісіп, бір-бірімізге жақын болып кеттік, – деді ол.
1991 жылы ақын Жаңақорғанға келіп, Жақсыгүл апаның шаңырағында қонақта болады. Сонда ақын табиғаты жасан­дылыққа жат, өр, өжет мінезді екенін таниды. Фариза Оңғарсынова тұңғыш өлеңдер жинағы «Сандуғашын», одан кейін баспа көрген «Мазасыз шақ», «Асау толқын» жинағын арнайы сый­лайды.
Ақынның адам жанын бірден баурап алатын нәзік сырлы, жүрек елжіретер өлеңдері кеудеңді күйсандық сазындай күйге толтырып, ой-санаңды дауылдай сипыратын сипа­тымен ерекшеленеді. Ең бастысы, оның өлеңдері шындыққа, ақиқатқа шақырады. Шығармашылығында өзі өмір сүрген дәуірдің тыныс-тіршілігін танисыз, адамдардың сан қилы тағдыры мен өмірі өріледі. Қасым Аманжолов айтқандай, ақын өмірбаяны өлеңдерінде екен-ау.
1992 жылдың 31 қазанында ғұлама ғалым Хиса­меддин Сығанақидің кесенесіне келіп, Жаңақорғаннан дәм-тұз татады. Осы­лайша Фариза мен Жақсыгүлді поэзия, позияға деген құрмет дос­тастырады. Рухтас, сыйлас ретінде бір-бірінің үйіне талай рет қонақ болып, бір-бірінің мерейін тасытады. Жақсыгүл Бегманова ақынның «Қазақтың батырлары», «Маңғыстау», «Ана дауысы», «Сағындым», «Сырласу», «Сағыныш», «Бөбегім» өлеңіне ән жазады.
– 2005 жылы Фариза «Егемен Қазақстан» газетінде Елбасы туралы көлемді мақала жазды. Ақынға өлең оңай дегендей өлеңмен түйіндепті. Маған өлеңінің жүйесі, мазмұны қатты ұнады. Сөйтіп «Астана» өлеңіне ән жаздым. 2007 жылы Фариза есімді немеремді ертіп Астанаға бардым. Ақынның шаңырағында қонақта болдық. Менің немеремді қасына отырғызып, мейірімін төгіп: «Фа-ри-за-жан» деп еркелетіп: «Фаризаға ауыр сөз айтпаңдар» деген еді, – дейді ақын.
2011 жылы Фариза Оңғарсы­нованың «Астана» өлеңіне жазылған Жақсыгүл Бегманованың әні Бер­линдегі байқауда озық болды.
Ф.Оңғарсынова сыйлас сырласына: «Ән жазғаның дұрыс, бірақ поэзиядан алшақтама. Поэзия қазақтың үні, сан ғасырлық тағлымы» деп кеңес беріпті. Осы ақылы Ж.Бегмановаға шабыт беріп келеді екен.
– 2014 жылдың 23 қаңтарында Фаризаның мәңгілік мекеніне аттан­ғаны жайындағы жайсыз хабарды естіп, есеңгіреп қалдым. Егіліп жылай бердім, жылай бердім, – деді досы.
Фариза Оңғарсынова көркем әде­биетте ақынға тән батылдық, қай­сарлық, адалдық, адам­гершілік секілді қасиеттердің биі­гінен көрінді. Өлеңді жүрекпен жазып, жүректерге жеткізді. Ақын­ның өлеңдері туған жер мен адам­затты сүюге жетелейді. Фариза қайталанбайтын тұлға. Сонысымен де дара.
– ХV ғасырда Ұлы даладағы ру-тайпалар «қазақ» ұранының астында бірігіп, ұлтқа ортақ тұлғаларын әспеттеді. Сандаған хан-сұлтандар мен батырлар-жыраулар, ақын-абыздар сондай құрмет-қошеметтеуден бізге жетті. Тәуелсіз ел болып «Мәңгілік Елге» бағыт алған уақытта ру-руға, жер-жерге бөлінгеніміз дұрыс па? Ойланатын жағдай. Мұны неге айтып отырмын? Биыл Фаризаның 80 жылдығы жер-жерде өтуі тиіс еді. Бірақ олай болмады. Алматы мен Атырау өткізсін деген пиғыл көрсеттік. Фариза біреу ғана ғой! Фариза ұлтқа ортақ тұлға ғой! Оның 80 жылдығын жаңақорғандықтар да атап өтсе жарасар еді, – деп өкпе-ренішін де білдірді апамыз.
Ақын, сазгер Жақсыгүл Бегмано­ваның сөзінің жаны бар. Ұлтқа ортақ тарихи тұлғаларды дәріптей алмасақ, жаһандану дәуірінде көп нәрседен ұтыламыз. Бұл – анық.

P.S.: Фариза Оңғарсынова мен Жақсыгүл Бегманованың достық сый­ластығын танып, «Дос құшағы – жаз» ұлағатының парқын түсіне түскен­деймін.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
25 желтоқсан 2019 ж. 916 0