Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » "Мәңгілік ел" идеясының тарихи негіздері

"Мәңгілік ел" идеясының тарихи негіздері

Жаһандану дәуірінде жұтылмаудың жолы – тарихты дұрыс танып, қабылдай біліп, тарихи сананы жаңғыртып, ұлттық кодты мыңжылдықтардан бастау алатын негіздерден зерттеу керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының түпкі мән-маңызы осында. Яғни тарихи сананы оятып, өзін өзгеден кем санамайтын, бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасуға жетелейді. Ендеше монографиялық еңбектерге арқау болатын Ұлы даланың кезең-кезеңдеріне қысқаша тоқталып өтіп, ықылым замандардан арна тартатын ұрпақтар сабақтастығын арқау етсек...

«Біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарих­тағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мақаласында. Расында біз Ұлы даланың байырғы тұрғындарының қалып­тасу, одақтасу кезеңіне мән беріп, елдіктің алғашқы салтанат құрған кезеңінің мәнін ашып алуымыз керек. Ол үшін алдымен Ұлы дала ұғымын түсініп алған абзал.
Ұлы Дала ұғымы кеше немесе бүгін пайда болған атау емес. Ежелден Еуразия аумағының түздіктер мекен еткен: Моңғол үстірті мен Шығыс Түркістан аумағын қамти, Сібір тайгасы мен Қазақ жері және Қара теңіздің теріскейіне дейін алып жатқан ұлан-ғайыр кеңістікті – Ұлы Дала ұғымында қолданғанын, оның негізгі аумағы – Қазақстанның жері екенін Лев Гумилев өз еңбектерінде айғақтайды.
Хош. Ұлы Даланың аумағы түсінікті болды. Бірақ, мұнда өмір сүрген халықтар қашан, қалай пайда болды...
Ұлы Даланың ежелгі тарихына қатысты жүргізілген этномәдени, археологиялық, генеологиялық, эти­мологиялық зерттеулердің нәти­­жесінде қазақ халқы – ежелгі тас, темір дәуірлерінде, антикалық қола дәуірінде, бертіндегі Түркі қағанаты зама­нында дәл осы атамекенінде өмір сүргені анықталды. Тіпті, академик Оразақ Смағұл Ұлы далада 40 ғасырға татитын ұрпақ сабақтастығы барын дәлелдеді.
«Қазақ халқы Еуразия құр­лығында өзімен бірге тұрып жатқан жүздеген этностық топтардың ешқайсысына ұқса­майтын жеке-дара, өзіндік морфо­физиологиялық анықта­малары мен антропологиялық мәртебесі бар этнос екені дәлелденді. Осы зерттеудің арқасында қазақтың биологияық, антропологиялық тарихы жаңадан жазылып, ешкім­ге ұқсамайтын жеке-дара этнос ретінде осыдан 4000 жыл бұрын пайда болғандығы толық нақтыланды. Яғни, қазіргі қазақтарда ежелгі атала­рымыз­дың үлесі – қан құрамында, бет-әлпетінде, алақан тері бедер­лері, тіс морфологиясы сияқты пропорцияларында және биоло­гиялық, морфологиялық, физио­логиялық гендерінің үштен бірінде сақтаулы. Осының арқа­сында қазақ айналасында өмір сүріп жатқан топтардың бірде-біреуіне қосылмайтын даралығын сақтай алған», – дейді ғалым-антрополог.
Бірақ ғалым Қойшығара Салғараұлы айтқандай, жазу-сызуы ерте дамыған ежелгі отырықшы елдер өздері жөнінде жазып қалдырған түрлі көне деректерді және шетелдік мис­сионерлердің еңбектерін жан-жақты зерттеп, солардың берген мәліметтері арқылы ғана тарихи тұжырымдар жасалды. Көшпенді халықтардың да өзіне тән тарихы барлығы және олардың өздеріне тән таным-түсінігі, қалыптасқан әдет-ғұрпы, өмір салты тұрғы­сынан зерттеп, танып-білу еске­рілмей келеді.
Сонымен, ғалымдар мен тарих­шылар Ұлы Даланың байыр­ғы тұрғындары жайлы не дейді?
...Энолит дәуірін қамтитын Ботай мәдениетін зерттеушілер мұнда тері өңдеу ісінің керемет дамығанын, тігіншіліктің де кең өріс алғанын, керамикалық өн­діріс­тің болғанын дәлелдейтін көптеген заттар табылғанын алға тартады.
Иманбұлақ өзені бойында орын тепкен қоныста 70 мыңдай жылқының қанқасы қазылып алынған. Аттың басын білдіріп, жүгендеу металлургияның қалып­тасып, дамуына негіз (Академик Әлкей Марғұлан неолит дәуірінде мыс алудың және оны өндірудің ең ежелгі әлемдік орталықтарына айналғанын келтіреді) және аттылы әскердің құрылуына алғышарттар болды. Елбасының «атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» дегені осыдан. Яғни, Жарылқап Бейсенұлы «Ұлы даланың ежелгі тарихының этно­мәдени төркіндері» кітабында Ботай мәдениетін арғытүрік сипатты жұрттарға жатқызады...
Ұлы дала көшінде ғасырлар ауысып, мыңжылдықтар алма­сып ерте темір дәуірінде сақ мәдениеті орнады. Яғни, б.з.д. І мыңжылдықта Солтүстік Үндістан, Ауғанстан, Орта Азия және Қазақстан аумағын қамтитын кең-байтақ аумақта «сақ» деген атпен белгілі тайпалар мекендеді.
Ежелгі заман тарихшылары Ұлы Дала тұрғындарын өз таным-түсініктеріне орай әртүрлі атады. Мәселен, гректер «скиф», парсылар «сақ» деп таныды. Қытай жазбаларында «салт атты жұрттар» делінген. Ал, ғалым Қойшығара Салғараұлы «ғұндар немесе өзен-су бойындағылар» деп анықтама береді.
Жалпы, қазақ даласының әр тұсында сақ дәуіріне жататын қорымдар мен тарихи орындар табылған жәдігерлер дала мен тау аңғарларындағы әр түрлі формадағы мал шаруашылығы болғанын және көшпелі мал шаруашылығы жағдайында жылқы шаруашылығы дамудың жоғары деңгейіне жеткенін көрсетіп бер­ді. Оны қорымдарға адамды ат әбзелдерін бірге көмуінен аңғаруға болады. Сондай-ақ, сақ мәдениетінде қоршаған ортамен байланысын, дүниетанымы мен құндылықтарын көрсететін аң стилі және батырларын, бас­шыларын бағалайтын «Алтын адам» үрдісі қалыптасты. Осыны зерделей келе, аң стилі мен «Алтын адам» – бірегей көркемдік құбылыс деуге саяды. Бұл жөнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жа­са­ған. Жауынгерлердің алтын­мен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу тех­ни­касын жақсы меңгергенін аңғарт­ты. Сонымен бірге, бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуатын мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті» дейді.
Айтбала Махаеваның «Ұлы Жібек Жолы» кітабында «Визан­тия­лық тарихшы Менандрдың Земарх бастаған византиялық елшілерді Істемі қағанның қалай қарсы алғаны туралы әңгімесінде: «...Бұрындары сақтар деп аталған түріктер Юстинианға елшілік жібергеннен кейін соңғысы да оларға осындай жауап қайтармақ болды» делінген. Тарихшының «Бұрындары сақтар деп аталған түріктер» деуінен сақ және түрік дәуірі арасындағы сабақтастықты аңғаруға болады.
Бұл жөнінде сәл кейінірек. Алдымен ғұндар мәдениетіне тоқ­тала кетсек. Себебі, тарихшы Байұзақ Қожабекұлы түп атасы Сақтан оның тармақтары Үйсін, Қаңлы, Хұнн, Түріктер тарайтынын айтады.
Ғұндар жайлы мәлі­меттерді Мөде (Маудун) қаған жайлы деректерге бағыттайды. Ол жаңаша жыл санауға дейінгі ІІІ ғасырдың аяғында таққа отырып, мемлекеттің қуатын арттырады. Қойшығары Салғараұлы «Ұлы Дала» еңбегінде Мөде Хинган тау жоталарынан (Қытайдың солтүстік-шығысы мен Моңғолия­дағы тау жүйесі) Каспий теңізіне дейінгі аралықтағы халықтарды өзіне қаратып, «Ұлы Ғұн импе­риясын» құрғаны келтірілген.
Аңыз-әпсаналардан Мөде қа­ған­ның «Жер – мемлекеттің негізі» қағидаты бізге жетті. Ғұндардың кең байтақ жеріне Дунь Ху мемлекетінің ханы қызығып, оны алудың амалын ойластырды. Дунь Ху елінің әміршісі ғұндардың жас патшасына елшісін жіберіп: – Мөде достығымызды сыйласа, маған сәйгүлігін берсін, – дейді. Сөйтіп күніне айшылық жолдарды алатын жүйрік тұлпарын сұра­тады. Мөде елдің ең атақты да ақылды адамдарын жинап, не істейтіні жөнінде кеңес құрады. Кеңесшілер оған былай дейді: – Айшылық жолды бір күнде алатын арғымақ – ғұндардың киесі, сондықтан, бұл атты беруге болмайды. Олардың мұнысына Мөде былай деп жауап қайырады: – Шынымен-ақ біз бір атқа бола соғыспақшымыз ба? Бұл сыйымыз одан да біздің көршілермен достығымыздың кепілі болсын. Сөйтіп Мөде жүйрік тұлпарды сыйға тартады. Одан кейін сұлу да сүйікті әйелдерінің бірін тарту етеді. Дунь Ху үшінші рет елші жібергенде Ғұн ордасына қарасты шөп те өспейтін, суы да жоқ бір жерді сұратады. Мөде бұл жолы да кеңесшілерін жиып, олардан не істеймін деп ақыл сұрады. Сонда: – Бұл бос жатқан жерді беруге де болады, бермеуге де болады деседі. «Жер жақсы болса да, жаман болса да халықтікі! Біз оны басқаларға қалайша сыйға тартпақпыз?» деп жерді жатқа беру керек дегендерді дарға асып, атқа қонып, Дунь Ху елін шабады.
...Өркениеттің көпіріне айналған Ұлы Жібек жолы елдердің дамуында шешуші рөл атқарды десек, империялар дала жолын бақылауда ұстауға ұмтылуы түсінікті-ақ. Дала жолына ықпал еткен Ғұндардың тұсында Шығыс Түркістаннан Солтүстік Моңғолияға баратын жол ашылды және Соғды елінен, Грек-Бактерия және эллиндік Сериядан тауарлар жеткізу қауіпсіздігін қадағалайды.
Міне, ғұн империясының адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесін осы жерден көруге болады.
Тарихқа ой көзімен қарасақ, Ұлы Далаға ғұндардың заңды мұрагері түріктер екені даусыз. Осы жерде Қойшығара Салғараұлы VІ ғасырда құрылған «Түрік қағанатын» «Мәңгілік Ел» деп аталғанын дәйектейтініне тоқтала кетсек. Яғни, түріктер мемлекетті «Ел», ал, далалық империяға айналғанда «мәңгі» сөзімен толықтырып, «Мәңгілік ел» деп атауды қалыптастырады. Мұның шындыққа жанасатынын академик Мырзатай Жолдасбеков «Асыл арналар» еңбегінде Күлтегін жазбаларына сүйене отырып негіздейді.
Сонымен, «Мәңгілік Ел» идеясы таным-түсінігіміз бен болмыс-бітімімізге қалай, қашан енгенін пайымдадық. Енді «түрік» қашан пайда болды?..
Тарихшы Әбілғазының «Түрік шежіресінде» Нұх пайғамбардың немересі етіп көрсетеді. Алғашқы түрік елдігі осы кезеңде қалыптасады. Бұл түріктің елдік атау ретінде тарихта алғаш көрінуі. Тарихта мемлекеттік деңгейде екінші аталуы «Түрік қағанатымен» байланыстырсақ, одан кейін Оспан империясының құрылуымен қайта қолданысқа шықты. Ақын Мағжан Жұмабаев: «Арғы атам Ер Түрік, біз – Қазақ баласы» дегенін еске алыңыз, қазақ пен түріктің байланысын түсінесіз...
Түрік империясының бірнеше ғасырға ұласқан билігі тұсында Жерорта теңізі мен Таяу Шығысты және Үнді, Парсы, Қытай аралығын қамтыған Ұлы Жібек жолын тұтастай бақылады. Осылайша сауда қатынасының басты дәнекеріне айналды. Бұл – Қазақстанның оңтүстігінен өтетін Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың дамуына жағдай жасады.
Ұлы даланың одан кейінгі кезеңінде империяның құрамына енген жаңадан ұжымдасқан бірлестіктердің атауымен мемлекеттер құрылып, бірінің орнын бірі басып отырды.
Ұлы Даланың даңқты елдерін атағанда Еуразия кеңістігінде өзіндік орны бар «Алтын Орда», «Ақ Орда», Қазақ хандығын атаған жөн... Бұл елдердің байланысы жөнінде түрлі пікірлер бар. Дегенмен, Тұран даласында құрылған мемлекеттер құрамындағы ру-тайпалардың қаны, ойы, болмысы, рухы бір. Ол «Мәңгілік Елді» бағдарлаған Тәуелсіз Қазақстанды құраушы этностар екені анық. Расында, ұзақ жылдық стратегиялық ұлы мұрат-мақсаттар генетикалық кодта жасырынған «Мәңгілік Ел» идеясын дүниеге алып келді...
Бұл жөнінде антрополог Оразақ Смағұл: «Қазақ жері Еуразия даласының кіндік ортасы, екі құрлықтын түйіскен жері. Сондықтанда, шығыстан келген жұрттар қазақ даласында тұрғылықты халықпен араласқаны байқалады. Сақ, үйсін дәуірі дейміз немесе алғашқы темір ғасырында шығыстан келген маңғолит типтес халықтармен араласып генетикалык қаны 15 пайыз көрсетеді. Ал, антикалық дәуір б.з.б. ІІІ-ІV ғасырда тұрғылықты халықтың қанқа сүйектерін алып қарасаңыз моңғолит тектес элементтер 25 пайызға дейін өссе, түрік дәуірі VІ-Х ғасырларда монғолит типтес халықпен кірмелік жасағаны, яғни генетикалық ерекшелігі 50-50. Енді ХІ ғасырдан ХV ғасыр аралығында, әсіресе, моңғол шапқыншылығынан кейін «мен қазақпын» деген жұрт қанына тағы да 20 пайыз қосылған. Сонымен бүгінгі қазақтардың бойында 70 пайыз моңғолитті элемент, 30 пайыз бұдан 4-5 мың жыл бұрын еліміздің аумағында өмір сүрген еурополиттік ерекшеліктері сақталған. Демек, біз осы жерде тұрған бабамыздың тікелей мұрагеріміз. Мұны биологиялық, генетикалық тарих дәлелдеді», деп Ұлы Даланың заңды мұрагер екенімізді айтты.
...Кеңестер үкіметі мыңжыл­дықтарға жалғасқан осынау сабақтастықты үзіп, тарихи сана­ны таяздатып, қазақ ұлты бел­гісіз жағдайда пайда болғанын дәлелдеп бақты. Ата-бабамыздың әлемдік өркениетке бірнеше рет тың бетбұрыс жасағанын жасырып, Кеңес заманында қала салынып, металлургияға (өндіріс ошақтары) негіз қаланғаны санаға сіңдірілді. Осы түсініктен әлі арыла алмай келеміз...
Осы жерде жазушы Мурад Аджи еңбектерінде әрбір екінші еуропалық түріктен негіз алатынына мақтанады дегені еске түседі. Біз әлі күнге дейін сақтардың, ғұндардың, түріктердің, «Алтын Орданың» мұрагері екенімізге мақтана алмай келеміз. Ең өкініштісі – осы...
Тұңғыш Президент «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы құлдық санадан арылтып, ұрпақтың тарихи танымын қалыптастырып, тарихи шыңдықты жариялауға бағыт-бағдар көрсетті. Ендігі мақсат – мыңжылдықтардан бастау алатын тарихты жүйелеп, сырт елдің архивтеріндегі мағлұматтарды зерде сүзгісінен өткізіп, халық ауыз әдебиетіндегі аңыз-әпсаналармен байланыстырып, көшпенділердің салт-санасы, әдет-ғұрпы, болмыс-бітімі тұрғысынан тарихты қайта жазу қажет-ақ. Сонда ғана, өзімізді өзгеден кем санамайтын империялық рухты оятып, Ұлы даланы – Мәңгілік Ел идеясына ұштастырып, оның тарихи негіздерін табуға мүмкіндік аламыз...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
10 қыркүйек 2020 ж. 598 0