Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қырқынан шығарудың құпиясы көп

Қырқынан шығарудың құпиясы көп

Салт-дәстүрдің озығы да, тозығы да болады. Бірақ дала заңы негізінде құрылған дәстүр-дағдылар өміршендігін дәлелдеп келеді. Соның бірі – сәбиді қырқынан шығару.

Біздің қазақ жаңа туған нәрестені 40 күнге дейін сыртқа шығармай, бөтен көзге көрсетпей, тығып ұстайды. Бұл ғұрыпты «қырқынан шығару» деп атаймыз. Көне қоғамнан бүгінгі күнге жеткен дәстүрдің шығу төркіні қайда? Қазір осы тақырыпты әркім өзінше қаузап, өзінше талқылап әлек. Кейбіреулер «қырық» атауынан шамандық негіз іздесе, енді біреулер символикалық мән, философия іздеп әуре. Алайда бұл пайым-пікірлердің бірде-біреуі шындыққа жанаспайды. Түп мәнінде қазақ халқының салт-жоралғысына айналуы таза медициналық қажеттіліктің әсері екені ақиқат. Әрі бұл жоралғыны медицинадан хабары бар адам ойлап шығарған.
Жоға, бұл менің сөзім емес. Шымкенттегі №2 балалар емханасының педиатры Мансия Кабулова осылай дейді. Балалар дәрігері: «Жаңа туған нәрестеге бөлменің сыртындағы ауа, туыс емес кісілер, барлығы бөтен болып есептеледі. Себебі бөтен зат, бөгде адамда түрлі зиянды микроб болады. Бүлдіршіннің ағзасы ол микробтарға кері жауап бере алмайды және қауқарсыз келеді. Соның салдарынан ауырып қалуы ықтимал. Бұған кезінде апа-аналарымыз сан жылдық тәжірибесі негізінде көз жеткізген. Соңында, осы ғұрыпты өмірге әкелген», – дейді ол.
Айтқандай, бұл дәрігер – ұлымның кіндік шешесі. Қырық күн бойы үйге келіп, бөбегімді тұзды сумен шомылдырып жүргенде, осы ойын айтқан еді. Тұз демекші. Дәрігер жаңа туған нәрестені тұзды суға малудың қандай пайдасы барын да айтып берді. Сөйтсек, тұзға піскен сәби шымыр болады, әрі есейген соң денесі зақымданса, жарасы тез жазылады екен.
Тұзды суға шомылдырудың пайдасы турасында Қабылсейіт Ахмед дейтін кісінің де айтқаны бар. Бейжің мен Алматы арасында көп жүреді. Сондай бір сапардың бірінде іші бүріп, қытайдағы бір ауруханаға түскен. Қалғанын өз аузына салайық.
– Соқырішек деген диагноз қойды. Ота жасалды. Есімді жидым. Іле-шала көрпені көтеріп қараймын ғой баяғы. Байқасам, қарнымды екі-ақ жіппен тарта салған. Ал палатада менімен бірге жатқан қытайлықтардың ішін шимайлап тігіпті. «Неге олай?» ден сұрадым. Сонда бас дәрігер: «Қазақтар кішкентайынан тұзды суға шомылады. Бұл тұзда нат­рий дей­тін элемент қанның тез қоюлануына себепкер. Соның себебімен қазақтардың тілінген, кесілген жерлері тез бітеді» деді, – деп, ағынан жарылды.
Расымен, Қабекеңнің жарасы жылдам жазылып, апта толмай жүгіріп кеткен. Ал бір уақта отаға түскен ханзулықтар айға жуық төсекте таңылып жатыпты.
Жә, тақырыпқа қайта оралайық. Қырқынан шығару дәстүрінің пайда болуына сәбиден бөлек, ананың да денсаулығы түрткі болған. Үйдегі батырым әне-міне дүниеге келеді деп күтіп жүргенде, әйелімді «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына» талай тасыдым ғой. Босанғасын, өзіңді күт, үйт-бүйт деп кеңес берген Зинаида Андронова есімді дәрігер осы «қырқынан шығару» ғұрпын қуаттайтын керемет құбылысты айтты. «Әйел адам босанғаннан кейін 40 күн бойына қан келіп тұрады. Мұны медицина тілінде «лохия» деп атайды. Бұл кезде әйелдің денсаулығы өте әлсіз болады. Түрлі инфекцияны жұқтырып алуы мүмкін. Сол себепті, жаңа туған ана жұртпен көп араласпауы керек. Мүмкін болса, бір бөлмеде күтінгені жақсы», – деп әңгімесін айтып отыр. Осы сәтте мен Зинаида апамның сөзін үзіп, мұны біздің қазақ білген, – дедім.
«Қырқынан шығару» дәстүрі мен шарт-амалдарын айтқаным сол, таңғалды. Сонау ескі замандарда баланың иммунитетін бөлме атмосферасында шынықтырып алуды қазақ қайдан білген екен деп таңдай қағумен болды.
Сосын, толық 40 күн деген қатып қалған заңдылықтың жоқ екенін айтты. Босанғаннан кейін қан келу барлық әйелдерде бірдей емес көрінеді. Денсаулығы мықтылары бұл қиын кезеңнен ерте шығып кетуі де ықтимал. Десе де, өзімше ой түйдім. Шынымен бұл салт санаға байланып қалмаған сыңайлы. Себебі менің туған інім қырқынан ерте шығарылғаны есімде. 32 күн дегенде басын тіктеп, айналаға көз тоқтата алатын болыпты. Бұлай дегенім, саннан сиқыр іздеудің қажеті жоқ екенін тағы да дәлелдей түседі.
Қорыта айтқанда, қазақтың көп дәстүрінен мистика іздеп әуреленбеңіз. Ғұрпымыздың дені таза медициналық және тұрмыстық қажеттіліктен туындаған. Жәй ғана «Бауы берік болсын» деген тілеу сөзді алсақ, жаңа нәрестеге қаратыла айтылғанын білеміз. Ал оның не мағына беретінін білеміз бе? Жә, философияның заңдылықтарына сүйенудің әсте қажеті жоқ. Таза бүгінгі және байырғы медицинаның мүмкіндігі мен кереметі деп біліңіз. Қызық па? Өзіңіз саралаңыз, оқырман!

Нұрбек БЕКБАУ
06 қыркүйек 2020 ж. 833 0