Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Балаға кигізетін ит көйлектің шығу тарихын білесіз бе?

Балаға кигізетін ит көйлектің шығу тарихын білесіз бе?

Дүние есігін ашқан сәбиге ең алғаш тігісін сыртына қаратып, киім тігіп кигізеді. Бұл киімнің атын «ит көйлек» немесе «ит жейде» деп атаған. Киімнің бұлай аталуы жайында мынадай қызық аңыз бар.
Тәңірі тағала адамның мүсінін жасағанда, оның кіндігінен алынған бір шөкім балшықтан итті жаратады. Иттің үнемі адамнан айырылмай, қайда барса да, иесінің мал-мүлкін қорып, адамға серік болып жүретін себебі сол екен. Кіндік балшығынан жаралған соң, алғашында оның терісі түксіз, жалаңаш болыпты. Адам ата жаралған соң, оны қырық күн, қырық түн ит күзетіпті. Ібіліс Адамға жақын келіп: – Алла сені несіне жаратқан?! Түрің құрысын! – деп, Адамның бетіне түкіріп жібереді. Сол сәтте ит Адамды қорғап, Ібіліске тап береді. Ібіліс итке ашуланып, қаһарын төгеді. Ібілістің қаһары асып түсіп, ит тоңып өледі. Алла тағала иттің ерлігіне риза болып, оны қайта тірілтіп, денесін жүні қалың терімен қаптайды. Адамның шаңырағынан мекен береді. Ал Ібіліс Адам бетіне түкіргендіктен, адам әр түрлі кеселге шалдығатын болыпты. Ит Адам ата мен Хауа ана жер бетіне түскен кезде де алғаш рет соларға сенімді серік болыпты. Оларды бәле-жаладан, қауіп-қатерден құтқарып, қорған болған екен. Жаңа туған баланы да пәле-жәледен қорғасын деп ит көйлек кигізіп ырымдау содан қалыпты. Ит көйлекті бала қырқынан шыққанша кигізеді. Оны шыт, сиса, бәтес, бөз сияқты жұмсақ маталардан жасайды. Тысын сыртына қаратып, шетін бүкпей пішеді. Жағасын ойып, өңіріне баланың басын сыятындай етіп тік тілік жасайды. Баланы қырқынан шығарғасын ит көйлекті далаға тастамайды. Дауға барған адамдар, жауға шапқан батырлар баласының ит жейдесін қойнына тығып, өзімен бірге ала жүрген. Себебі, «көйлек қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақтайды» деп ырымдаған. Баласы жоқ әйелдерге ит көйлекті ырым етіп береді.

Дереккөз: «Салт-дәстүрлер сөйлейді» кітабынан
20 наурыз 2020 ж. 1 142 0