№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Кереметті көремін десең, тауға бар

Кереметті көремін десең, тауға бар

Ұстаз Табылған Әбілқасымовтың жазбаларынан өлкенің тарихын танып-білуге болады. Зерттеушінің көзі кетсе де, тірісінде қолжазбасына жазған деректері мен дәйектерінің құндылығы жоғары. Сондықтан оның ұзақ жылғы жинаған мұрасын «Туған жер» бағдарламасы аясында ұсынуды жөн көрдік.
Облыстың оңтүстік шекарасы Қаратаудағы «Егізқара» жерімен шектеседі. Бұл аймақтың тауы доланасы, шиесі, алмалы баурайы кімді де болсын қызықтырар еді.
Қазір Егізқарада 15 түтін бар, бұрын 150 шаңырақ болатын. 1939 жылғы Жетісайға Киров каналын қазуға бұл жер тұрғындарын алып кетіп, 2 колхоз құраған. Теміржолдан қашық болғаннан соң, жұрт көшуге ықыласты еді. Аталмыш мекен тұрған жердегі «Ақши» бұлағының маңындағы аралығы алты шақырымдай екі биік шоқы бар. Ұлу тасынан құралған Ақтау ақ болып көрінсе, Қаратау тасы қара болып көрінеді. Сондықтан «Егізқара» атанған.
Одан жоғары «Қоскүрең» бұлағы ирелеңдейді. Әр бұлақ бір арық су. Ертеде «Жігіттің атын не аты, не қатыны шығарады» деген заманда Сыр мен Теріскей арасындағы бәйгенің алдын күрең атты ел қадір тұтқан. Күндіз көзден таса етпей, түнде қолды болмасын деп шылбырының қасына кермелеп ит байлаған. Кейбір аламан бәйгеде екі ат арасына ат салмай, бірінен кейін бірі кезектесіп келіп отырған. Ат қасиетін танитындар шаппай-ақ бәйге беруге ұйғарым жасайды екен.
Жағаға күміс моншағын лақтырып жатқан, бұраңдап аққан бұлақтың көрінісіне көз тоймайды. «Қоскүрең», «Жайлаушы», «Ақши», «Қарынжарық», «Тұрлығұл бұлағы», «Қарабұлақ», «Әбзел баб бұлағы» – жетеуі қосылып үлкен Бесарық өзенін құрайды. Басын Теріскейден алған үлкен өзен ұзындығы 2640 метрлік Бесарық су қоймасының көздігі. Соңғы төрт бұлақ Торғай деген атақты байдың Шыбынқара атты жылқысының аяғын тарпыған жерден шыққан деген аңыз бар.
«Әбзел баб бұлағы» аяғында сол маңды мекендеген адам есімімен аталар Төртбай шоқысы бар. Биіктігі 500 метр. Аңғарып қараса басыңдағы тақияның бейнесін көруге болады. Тау шыңсыз шоқысыз болмайды, оған таңдана беру жөнсіздік. Бірақ бір қайран қаларлық жағдай осы шоқының бел ортасынан жерден 300 метр биіктете шоқыны айналдыра арық жүргізіп, суды таудың екінші бетіне жоңышқалыққа жеткізген. Міне, көне заман диқандары ой өлшемімен көз көрмей сенбейтін осыншалықты таң қаларлық тәжірибе жинақтап, іске асырған «Төленнің бауындағы» өрік ағашы ұста дүкеніне көмір жетпегендіктен түгелге жуық қырқылған. Қызуы күшті деп өрік ағашын темір жасытуға молынан пайдаланған. Бұл экологиялық індет қазір Қаратаудағы басқа да бауларға ауыз салуда.

Жеті бұлақтың суы қосылып, ені 3-4 метр келеді. Бесарық өзенін құрайды. Осы өзеннің бастау алатын жерінде тау суы 5-6 метр биіктен текше-текше қой тастарға соғыла төмен құлап, алыстан гүрілдеп естіледі. Суы өте мөлдір, түбінде тау суында ғана өсетін маринка сортты балықтар ашық көрінеді. Кім де болсын табиғат тамашасы осы балықтарды көруге келері анық.
1986 жылы жазда Алматыдан келген археологиялық экспедиция ер-тұрманымен адамша жерленген аттың сүйегін тапты. Батырдың аты болуы керек деген болжам жасалды, бірақ батыр мүрдесі табылмады.
«Күркіреуіктен» сәл төмендеу айналасын биік жоталар қоршаған жазыққа сәукеле түбіндегі үкідей сән беріп тұрған 50-60 түп алма бар. Кезінде бұдан да көп болған, күтімсіздіктен, суғарылмағандықтан, қоршалмағандықтан азайған. 1940 жылдары «Талдысу» ұжымының төрағасы Үсен Сопиев жұдырықтан үлкендеу келетін жемісі бар күздік алма ектірген. Ешкім қарамағандықтан қазір алмасы майда. Бұл жерді «Алма бақ» деп атайды. Жағасын гүл көмкерген бұлақ сулары «Алма бақтың» әрін кіргізе түседі. Бие байлап, зерен қымыз ұсынушылар соңғы жылдары бұл маңайда көптен ұшырасады, жаздан күзге дейін жайлауда отыруды сіңісті дәстүрге айналдырды.
Жалпы, «Алма бақ» пен «Күркіреуіктің» табиғатын тау адамдары жер жәннатына балайды.
«Қос шоқы» қасындағы «Тұт әулиеге» өте ертеде қарақалпақ еккен алып тұт ағашы үш жаққа тарамдана өскені соншалық шілдеде кішігірім үш отар қой үш бұтағының астына бесін кезінде көлеңкелейді екен. Нәлібай деген кісі бір бұтағын диірменге науа ету үшін кескенде, малдың бауыздау қанындай қою сел аққан. Боз атанына салғанда, сол жерде атанның белі үзіліп өлген. Келер жылы үш ағаш та қураған. Құрылыс жұмысына жарату үшін қураған ағашты аламын деген адам да жан тапсырады, сондықтан оны қасиетті деп «Тұт әулие» деп атаған. Құттыбай деген кісі сол орынға бір түп ағаш еккен. Ол да үш тарамданып дініне адам құшағы жетпестей үлкен болып өседі. Ол ағаштың өскеніне де қазір 120 жылдай болыпты.
Таудың жер бедері белгілі, барар жерге төте сала алмайсың. Сыр жағынан «Егізқараға» баратын алты өткел бар. Бұларды асу деп атайды. «Қия жол», «Құлдың асуы», «Қасқаша», «Құрқол», «Тар өзен», «Бесарық өзені» асуларын жол қатынасына біршама тегістеуге әрекет жасаған, кездер болып, бірақ қойтастар ырыққа көне қоймайды.
Кереметті көремін десең, тауға бар. Бір қырды бір қыр, бір шоқыны бір шоқы тұмшалайды. Бұл күнде көмескіленіп бара жатқан әрқайсысына қойылған атқа қызыға құлақ түрмеу мүмкін емес. «Қосүйеңкі» елді мекенінің орталығында «Ақтөбенің» түбінде 2 үйеңкі ағашын қарақалпақ ағайындар еккен, жоңғар қалмақтарының шабуылына дейін бұл аймақ қарақалпақтарының иелігінде еді. Қосүйеңкі атымен аталар ауылдың Темірқазық жағында 25 шақырым жерде көлемі 100 гектарға жуық «Сопаздың сазы» бар, пірге жығылған 5-6 адам осы сазды тұрақ еткен. Тек діни жолды ғана ұстанғандықтан бұл кісілерді сопылар деп атаған. Қазақша «Сопылардың сазы» болып аталуы керек едіғ бірақ қарақалпақ халқының тілді қолдану ерекшелігіне сай «Сопаздың сазы» болып кете барған. Осындағы әулиеге ұшпа малды түнеткенде жазылған, зиянаты қабыл болса, әйел босанған.
Тұрысбек атсейіс аяғынан қалған атты сол жерге байлатып, көңіліне медеу табады екен. Саздағы қарақалпақтардың «Сауда базар» аталатын базарына Теріскейдің адамдары шұбап жататын Қаратау базары кезінде осындай болған.
Түркістанға бармаған себебі, бұл жер малға жайлы, сатуға ыңғайлы еді. Кезінде «Ақсүмбе», «Үш өзен» бойының сауда орталығы болған жерде базар орнының қышы әлі жатыр. Базардың қорғанын көзбен бажайлауға болады. Жылғалы бұлағы, кей жылы кісі бойындай шөп «Сапаздың сазы» базары арқадан тұз, ши әкеліп, айырбастайтын үлкен базар екен.
«Құланшы» мен «Ақүйік» өзені бірігіп, «Ақүйіке» арналы өзенін құраған. Бірлікте «Қатын қамал» үңгірі бар. Ертеде соғыс уақытында бейкүнә әйелдер қырылмасын деп қыз-келіншектерді жасырған. Саусақ ситыдай тұтас тас арасындағы тесіктен су келіп тұрған. Ол тесіктің орны әлі бар. Үңгірдегі жылаған баланың даусын естіген қалмақтар жасырынғанды тауып алады.
Сол үңгірдің батысында «Ақ ата» әулиесі тұр. Аңызы тартымды-ақ. «Ақ ата» әулиесінде Әзірет әлі атын байлап, жылтыр тас арасынан аққан судан су ішіп, дәрет алып, бесін намазын оқыған. Атын байлаған бір метрдей көк жусан әлі күнге дейін сығымдалып өседі. Аттың шапшығандағы ізі тасқа таңба болып түседі. Із саз балшыққа басқандай анық.
Өзен бойындағы «Құркөл» деген жерге келген жолаушы атынан түсіп үюлі тас обаға мінәжат етпей кетпейді. Жанарын жас жумай өтетіні сирек. Бұрынғы саясат бойынша байларды жамандай береміз, олардың халыққа қайырымдылық жасағандары әлі күнге дейін халықтың жүрегінен жылы орын алған, жақсылығының ізі суымаған.
Қарақалпақтар дарияның төменгі сағасына қарай ығысады. Торғаймен төс түйістіріп қоштасады. Торғайдың мырзалығының даңқы аймаққа жетіп жатады.
Теріскеймен шекаралас «Жайлау­шадағы» жылқыларын жау келіп қуып ала жөнеледі. «Жау шапты!» деген жылқышы хабарын естігендер «Әй олай болмаса керек еді ғой, қарақалпақтар оралмаймыз дескен, өзім сөйлесейінші!» – деп ұшқан құсты құйрығынан тістейтін Шыбынқара атына қамшы басады. Шапқан ат тұяғы тауда түстік жерден естіледі, қуғын бар екенін естіген барымташылартар қуыстан өте берген қуғыншыны найзамен іліп түседі. Дене ауып бара жатқанда күмістелген ер жарқ ете қалады. «Еһ, Торғай екен ғой, бұл істің аяғы қайырлы болса игі еді» деген барымташыларда қобалжу пайда болады. Шыбынқараның аты да қасиетсіз болмайтын. Әлгі тар қуысқа кіре бергенде, тоқтап қалады, бірақ иесі ерік бермей тақымдай жөнеледі. Торғай ауып түскен соң Шыбынқара барымташыларға ұстатпай салт шауып келеді. Істің насырға шапқанын білген Торғай мырзаның Түгісбай, Бүркітбай деген батыр інілері Шыбынұараны міне шауып, екі барымташының да қолын қайырып, жылқыны кері қайырды.
Барымташылар Торғай ойлағандай қарақалпақтар болып шықпайды. Мойынқұмға сіңіп кеткен ұры серіктерінің «жылқыларын Жайлаушада жатыр» деген теріс бағыты орны толмас қазаға ұрындырады. Торғай мырзаның қаны тамған жерге тастан оба үйілген. Үстін тобылғы, үш қат деген ағаш көмкерген. Үш қаттың жапырағын ертеде маңқа адамдар темекі ретінде тартып жанына дәру етіп емделген, дәрісіз айыққан.
Жылқыны қайтару үшін құр қол аттанғаннан кейін бұл жер әлі күнге дейін «Құрқол» атанады.
«Әбзел баб» сазында отырған Сейітберлі баласы Торғай деген байдың малы Теріскеймен шекаралас «Жаулауша» деген жерді ұшы қиырсыз қаптайды екен, Торғай келген мейманына мал сою үшін күніне бір көген қозы көгендеткені анық. Түркістаннан Теріскейге шыққан би-ояздар, саудагерлер, жолаушылар Торғайдың қонақжайлығына риза болып, мырза деген қосымша ат беріпті. Шоқының төбесінен қараған адамға «Жайлауша» жайлауынан мал толқынданып топ-тобымен сыртқа кетіп те жатады. Мырза түйе, жылқы, қойды ұнатқан, сиыр асырамаған, шайға түйе сүтін қатқан.
«Шынында су толқын ба, мен толқынмын ба? Халықтан аямасаң, Алла беруден танбайды. Жоқтың жетпегенін жалғасаң, береке дариды, малың осылай ортаймайды да азаймайды», – дейді екен мырза.
Торғайдың мырзалығы қарақалпақ ханының да көңілінен шыққан. Екеуі дос болған. Елді араздастырмас үшін құдандалы – жегжат болып араласқан. Жылқысын бағатын ноғай руынан шыққан Байкісі деген жігітке қалың малға тоғыз-тоғыз жорға беріп, сексен бір атқа жүктеп Баян деген қарақалпақ байының қызын ұзаттырған.
Мырзаның аз-кем шайырлығы да
бар екен:
«Талдысу», Ынтымақпен сөзім
өткен,
Ханға тарту үш тоғыз жорғам
өткен,
Халқыма жайлы өмір тілеп жүрмін,
Бұл жалғанның азы қап, көбі
кеткен,
Алланың көзі оң болып тұрса егер
Жоқ жігітке беретін мұрам жеткен», – депті бір иінде.
Бесарық өзені суы үшке бөлінген, бір бөлігін Баян еншісіне қалдырады. Осылай тағы да Баян үшін ханға ірі қарадан үш тоғыз тарту тартады.
Баян апаның азаматтығы ерлермен деңгейлес. Байкісіден тараған балаларды қазір Байкісі баласы демейді, Баянның балалары деп атайды. «Талап» ауылындағы екі үлкен көше бойына Баян апа ұрпағы қоныстанған. Баян апа тағдыры, әлеуметтік жағдайы толық зерттелмеген. Қазақта Әйбике, Бике, Күнгөне деп әйелдер атымен аталар ондаған ру бар. Бұл әйелдер – ең кемі бір руға ықпалын жүргізген жандар.

Қолжазба негізінде дайындаған Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
18 тамыз 2020 ж. 762 0