№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Береке басы – байланған білекте

Береке басы – байланған білекте

Орталық мешіт ғимаратында ауыл имамдарының басын қосқан бір жиынға қатысқанымыз бар еді. Сол кездегі ауданның бас имамы Садулла Омаров жиынды уақтылы бастап кеткен. Жиналысқа кешігіп келген дін өкілінің бірі рұхсат сұрап ішке енді де, көпшілікпен жағалай қол алысып амандасып шықты. Өзі мәжілісті ортасынан бұзып, одан отырған адамның отызының бірдей қолын қысып шыққанын оң көрмеген бірді-екілі жанның күңкілін құлағы шалған бас имам алдымен араб тілінде айтып берген хадистің үзігін «Береке басы – байланған білекте» деп іле өзі тәржімәлап жеткізді де «көптен бас қоспадық. Қайта қиыспай қол қысысып, қауышып жатқандарыңызға мен қуанып отырмын» деген әдемі сөзімен әлгі кісіні ыңғайсыздықтан арашалап еді. Үнемі осылай, қандай сын сәтте сан тараулы хадистен тарқата қояды.

Тақырыбымыз – Елбасы Жолдауын талқылау екен. Мешіт – Алла үйі. Оған егелік етіп, елге жол көрсеткен дін алымдарының ұстанар діңгегі – Құран. Ақиқат айғағы да, бәтуа-байламы да соның ішінде. Ол содан ауытқыған күні адамдар сеніміне алалық кіреді. Олай болса мемлекетімізді алға апаратын анық жол, айқын бағдар осынау қасиетті құндылықпен ұштасқанда ғана ұлы тілекке қол жеткізуге болады. Міне, бас имамдарымызға қойылатын талап – осынау тұғырдан танбай, елдік даму тұжырымдамасына өздері таяныш бола білуі керек.
Мешіт – жер бетіндегі қасиетті қараорын. Киелі мекенге маңдай тіреп құлшылық қылу бір басқа , ертеде қонақүй деген болмаған кезде кез келген жолаушы құдайы қонақ болып есігінен қымсынбай еніп, бір бұрышын қараторғайдай пана тұтқан ғой.
Бүгін де бүтін мұсылман Жаратқанға бас ұрып, сәждеге жығылып, қалағанын сұрай алатын бұл қасиетті орынның қонағын құр жібермейтін Құдыреттің хикметіне толы екеніне шын сене білгенге сый да көп.
Мешіттердің ұлығы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан Қағбаның өзі, содан соң Мәдинадағы Пайғамбарлар мешіті – Әл-Харам, одан кейін Құддыстағы Әл-Ақса. Содан кейінгілері жер бетіндегі мұсылмандықты ұстанатын әркімнің күніне бес уақ табалдырығына тәу етіп, маңдайын сәждеге қояр сандаған ғибадат үйлері.
Мешіттерді алдымен намаз оқитын арнайы жай деп қабылдаймыз. Ол бүгін. Ал алғашында жердің беті үлпілдеген бір топырақ, кез келген жер намаздың жайы еді. Жайнамаз сөзі содан шықты.
Азан шақырған жерде отыра қап ғибадатқа жарысар құлдың бар арманы – арзу тілегін Құдіреттің құлағына жеткізу ғана ғой. Осы орайда мен сіздерге жалаңаяқ алым туралы әңгіме айтып берейін.
Әл-Башир деген ғұлама кісі өткен екен. Ешуақытта аяқ киім кимеген, «Жаратушының нығметі – жер бетін – жұмсақ бір кілемді қалай ғана аяқкиіммен таптамақпын» деп ұдайы жалаңаяқ жүретін. Күн сайын жалаң мүбәрак табанын топырақ сүйіп, ол тұратын көшеден мал екеш мал да безіп, көкте құс саңғымай, ит – құс атаулы мұнда бір қадам аяқ басудан тыйылыпты.
Бірде алымның ауылдасы ұзақ сапардан оралса көше толы малдың тезегімен, ит-құстың нәжісіне былған­ғанын байқайды. «Шіркін-ай, деген екен көкірегін кере күрсініп, Әл-Башир дүниеден өткен екен-ау».
Нақ бүгінгі қоғамда қала тұрмақ ауылда алақандай таза жер бар ма? Олай болса бес-алты үй ғана қонған құтты қонысқа ақшаңқан күмбезі жалтыраған Құдай үйі – мешіттер қажет-ақ.
Тәуелсіздік таңымен бірге иман­дылығымыз қайта оралып, тілімізбен қауышып, дінімізді тани бастаған кезеңнен бастап барлық елді мекендерде құлшылық үйін салу қолға алынғаны аян. Кейбірі асар әдісімен, көпшілігі елден шыққан қалталы азаматтардың демеушілігімен бой көтерді.
Өз қаражатымен мешіт тұрғызуға ниет ететіндер кімдер? Көздеген мақсат – мұраты не? Кісі неге мешіт салады? Түсініктірек болу үшін мына тәмсілді келтіре кетейік.
Ертеректе Ибраһим Бин есімді патшаның құзырының қақпасын қаққан әлдекім «құдайы қонақпын» деп өзін сарайға алып баруды өтініпті.
– Бұл сарай кімдікі? – деп сауал тастапты патшаға. – Менікі, – деп жауап беріпті. – Ал сенен бұрын кімдікі болып еді? Ол өзінен бұрын патшалық еткеннің есімін айтады. Сонда бұл кісі: – Егесі ауыса беретін бұл қандай үй. Қона алмаймын, – деп шығып кетіпті. Ізінен еріп шықса әлгі кісі көзден ғайып болыпты. Бұл өзіне бір ескертуге жіберілген періште еді. Сол күннен бастап бүкіл патшалығынан, атақ –дақңқынан жеріген патша күнәларына кешірім тілеп, өзін Алланың шын жолына бағыштайды. Қажылыққа жаяу шыққан ол әр қадам сайын отырып намаз оқыпты. Ол үшін мына дүниенің бәрі – мешіт, ал намаздың ұлығы – жапан далада жалғыз отырып оқыған намаз екенін ұқты. Осылайша үш жарым мың қашықтағы Меккеге он төрт жылда жеткен екен. Бара мешіт тұрғызған. – Мұны не үшін тұрғызып жатырсың? – дегендердің сауалына «Алла разылығы үшін тұрғызып жатырмын, - деп жауап беріпті. Өйткені ана дүниеге барғанда сұраққа алар Жаратушы Иенің «Мешітті не үшін салдың?» деген сауалына «Сен үшін салдым» деп жауап беруі үшін. Міне, әлеумет, мешіт Алланың разылығы үшін салынуы керек. Мешіт тұрғызған пенденің көкірегінде зәредей де атамның, әке-шешемнің атын шығарайын деген ой болмауы керек.Сондай-ақ осындай бір жомартпын деп елге мақтануды мұрат етпеуі тиіс.
Кісінің көкірек сарайы тазармайынша кемел тұлға болып қалыптасуы мүмкін емес. Осы орайда жас пен кәрі, үлкен-кіші деп бөлмей шын ниетпен босағасын аттаған кімнің болсын кеудесіне нұр құйып, ізгі жандардың қатарына қосатын Алла үйінің адам өмірінде маңызы бөлек. Аудан көлемінде бірінен соң бірі есігін айқара ашқан мешіт үйлері бізге сонысымен қымбат. Қазірде барлық елдімекендер мешітпен қамтылған. Өзі өсіп-өнген топырақтан нәр алып, адам етіп өсірген арттағы елге рухани ескерткіштің төресі – мешіт салып беруді мәртебе тұтқан арда азаматтарымыздың көптігімен қуанамыз. Мәселен, аудан орталығындағы Хисамеддин мешітін тұрғызуда Сартаев Сұлтан ағамыз зор күш салса, Құм-Сахаба мешіті Марлен бауырымыздың арқасында бой түзеді. Сондай-ақ Кеңес, Еңбек, Сүттіқұдық, Бірлік, Аққұм, Қаратөбе, Төменарық елдімекендеріндегі мешіттерді ел игілігіне беруде академик Мұхтар Алиевтен бастап Нұрылда, Сағындық, Тұрсынхан Тұрдалы, Мейрамбай, Нұрболат сынды бауырларымыздың ынта-ықыласы мен қажырлы қызметіне тек Алла разы болсын дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Ал Жайылма ауылындағы мешітті ел халқы болып асарлатып бітірді. Мына іргемізде жатқан Жаңауылда мешіттің жоқтығынан тұрғындар орталыққа қатынап, кәдімгідей қиналып жүрген еді. Нарық талабын жете меңгеріп, кәсіпкерлікке ерте ден қойған Батталовтар әулеті ата қоныстары саналатын Жаңауыл шағын ауданы аумағына осыдан бір жыл бұрын 250 адам сиятын ажарлы мешіт үйін салып беріп сауапқа кенелді. Бұл дүниеде жол салып, мешіт тұрғызғанның, содан соң соңына өлмес насихат болып қалар өлмес мұра қалдырғанның сауабы иесі бұл өмірден өткеннен кейін де жалғаса береді деген Құдіреттің уәдесі бар екен. Лайым, жамағатты жан тазалығына тәрбиелеп, жақсылыққа бастайтын, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалар осынау қасиетті қазынаны елге тарту еткен тұлғаларымыздың деніне саулық, ісіне береке бергей! Бұл көптің тілегі.

Баян Үсейінова
15 тамыз 2020 ж. 640 0