«Адамды сүй, алланың хикметін сез»
Абай Құнанбаев секілді ұлы тұлғалардың тарих қойнауында қатталған қасиетті қазынасын «іші алтын, сырты күміс» күйінде жүрекке сіңіру – ұрпаққа аманат.
Абайды тану дегеніміз – ақын жанының «нені сүйіп, неге күйгенін» өлеңдерімен өрнектей білген сырсандығын ашу деген сөз.
Абай сөзінің алтын өзегі – адамгершілік пен адам бақыты. Абайдың айтар ұлағаты: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез. Не қызық бар өмірде одан басқа».
Абай өзінің жетінші қара сөзінде: «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық... Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса сенбедік» деп толғанады.
Адамзаттық білім мен мәдениеттің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби адам бақытын « теориялық жағынан кемелдікке жету» деген тұжырым жасаған. Ол бақыт ұғымын әрбір адамның «өмірде алға қойған мақсаты» ретінде түсіндіреді және «адам бұ дүниеге бақытты болу үшін келген» деп түйіндейді. Ал Абай қырықтан асар-аспас шағында «қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп шерленеді. Бұл бірақ қартайған жанның емес,адам бақыты жолындағы мәңгі бітпес ақыл-ой жүрегінің қуатымен халқына қызмет еткен қайраткердің берік байламы еді
Абай қай тақырыпты жырласа да адам мінезінің әр қиырына ой жүгірте саралап, тірліктің көрген түстей ғана мезетінде адам мен оның өміріне, еркіндігі мен теңдігіне, ары мен намысына, яғни адам бақытына тең келер ешнәрсе жоқ екенін түсіндіреді.
Хакім Абай бақытқа жетудің жолдарын талмай ізденіп, тарата көрсетеді: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» дейді. «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды» деп өкініш білдіреді ақын. «Пайда үшін дұрыс жолдас бүгін таңда, Ол тұрмас бастан жаға қисайғанда. Мұнан менің қай жерім аяулы деп, Бірге тұрып қалады кім майданда», «Досын келіп досына жамандайды, Шіркінде ес болсайшы сезед деген».
Ұлы Абайдың өлеңдері мен ғақлиялары қай тақырыпқа арналса да, олардың баршасының арқауы – Адам мен оның мұң – мұқтажы. Адам бақыты. Абай жақсылыққа сүйіне, жамандыққа күйіне отырып, ой толғайды. Бақытқа бастар білім мен өнерді, адал еңбек пен адамға деген сүйіспеншілікті дәріптеп, қараңғылық пен надандыққа найза ұшын кезейді. Шындығында, Абай қазаққа емес, қараңдыққа қапалы. Сондаяқ «Қайран сөзім қор болды» дегенде қалың қазағына тән мінді айтып отыр.
Абай айналасына арналған өлеңінде аты аталған туыстарына ғана емес, қалың қазағына, барша адам баласына тән кемшілікті сын тезіне алады: «Ей, жүрегімнің қуаты перзентілерім. Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар (ескерткіш) қалдырайын. Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселермен». Ақын басқаларға қарата айтқанымен, шындығында туған жұртының тағдырына алаңдаған жеке басының уайымын да жасырмай жайып салады. «Біреу ұқпас сөзімді біреу ұғар, сөзді ұғар осы күнде біреу бар ма» деп жан күйзелісін жеткізеді. « Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар... Бір кісі емес жазғаным жалпақ жұрт қой... Сәулесі бар жігіттер бір ойланар».
Оқымаған, тоқымаған жанға бақыт жолы тым алыс: «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім», «Жастықтың оты қайдасың, Жүректі түртіп қозғамай? Ғылымның біліп пайдасын, Дүниенің көркін болжамай», «Оқыған білер әр сөзді, Надандай болмас ақ көзді», «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық», «Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ, Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ. Ертең өзің қайдасың білемісің, Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ». Олай болса, білмекке ұмтылып, ғылымға талап қылу әрбір жас үшін адамдық парыз: Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақ. Талаптың аты арындап, Әр қиынға салған шақ» Демек, өмірге келген соң, жатпай-тұрмай білім ізде деп ақыл айтады ғұлама: «Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз... Сөз мәнісін білсеңіз, Ақыл – мизан, өлшеу қыл», «Аспаса ақыл қайраттан, Тереңге бармас үстірттер... Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын?».
Абай ғақлиясының он жетінші сөзінде қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгінетіні есіңізде болар. Ғылымның осы үшеуін де тыңдап алған соң айтар тағылымы да терең: «Ақыл сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді.. Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді... Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет... Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды» Жүрегі адамға деген сүйіспеншілікке бөленіп, оның бақытын аңсап, өлең сөзбен жырлап өткен Абайдың ақындық асыл мұрасы адамзат ілім-білімінің сан қырын терең саралай отырып, қайран қазағының өзге жұртпен терезесі тең болуына жол көрсетер Жарық сәуле.
Міне, Абай сөзінің сәулесі санамызды әрдайым шайдай ашады. Ұрпаққа ұлағаты мол асыл мұраның шуағын енді біз де ептеп қана сезіне бастағандаймыз. Бірақ сол аздың өзі-ақ ерекше рақат. Ұлы ақын сөзінің сәулесі, тіпті құлазыған көңілді жалғыздықтан арашалап алып, тірлік мәнін санаға құяды.
Әкімі ақынын ардақтаған ел бақытты. Биылғы жылы сәуір айында Мемлекет басшысының киелі Жидебайға ат басын тіреп, ұлы даланың, ұлы ақыны – Абай мен Шәкәрім рухына тағзым жасауы Ел Президентінің Абайға, оның туған жеріне деген ерекше құрметін танытты.
Ақын шаңырағының бас шырақшысы мемлекетіміздің бірінші басшысын қарсы алып, Абай елінің ақсақалдарымен ақжарқын кездесу өтті. Ел халқы болып ұлы ақынның 175 жылдығының ЮНЕСКО аясында тойланатынын естіп, елжанды тұлғаға шын жүректен табыс тіледі.
Ұлы ақын мұрасын ең алғаш зерттеген, оның өмірі мен асыл мұрасына жан жүрегімен бауыр басып, хакім Абайдың арманының шырқау биігіне көңіл қанықтырып, дала данышпанының жан дүниесін дәл өзіндей түсіне алған тұңғыш адам – Мұхтар Омарханұлы. Шындығында, Абай сөзінің сәулесін сезіне алмайынша Абайды тану қиын.
Баян ҮСЕЙІНОВА