№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Өзгені қуантқанның қадірі асқақ

Өзгені қуантқанның қадірі асқақ


Бүгінде оның есімі жалпақ елге танымал. Оны бұл дәрежеге жеткізген, яғни жұқа жүрегін қырық жамап, өмір бойы жоқ-жұқананың жағдайына қарасып, қара суды да бөліп ішуге ықыласты ниетімен, пейілімен өскен-өнген елінен қол үзбей, шын жанашыры еткізген өзінің зар-мұңға толы тағдыр-талайы еді.


Қырық бірінші жылы соғысқа аттанған әкеден бір жасында жетім қалды. Жар жағалап, жығылып-тұрып, тіршілік жалына жармасқан жас өскіннің жүрегінде әке дидарын бір көрсем деген өксікті тілек бітпес жараға айналып, жазылмай кетті.
Анасы мұны жалғыз жетілдірді. Бұл ғана ма, майдангер қайын ағасының артында қалған бір қора баласын бағып-қағу қамымен қолхозда мақта екті, звеновод болды. Ер-азаматпен теңдей нардың жүгін көтерді.
Ата-бабалары қожа-молда деген айыппен қуғындалып, Тәжікстан жерін паналап еді, әкесі солдатқа сол жақтан алынды. Жылдар бойы жаутаңдап күтумен өткен жарқын үміт ақталмады.
Он жасқа толған шикіөкпе ізінен ерген біртуғанға ынтызар болып тура жазмыштың жағасына жармассын. Жармасқанда тағдырдың жазуымен жат жерді сағалаған жерлес Инаят мағзұм құран оқымаққа отбасына бір соққанында шешесін жетектеп қарсы алдына алып барды да «Маған әке де керек, бөпе де керек» деп базынасын айтып салды. Арманыңды ішке тықпа, айтып өл, ауыр-жеңілін арқалап алатын тағдырдың өзі ғой. Сол жолы шешеден жақсылап шапалақ жеді, бірақ періште аумин депті...
Ел тынышталып, Жаңақорған топырағына бас қосып оралған отбасыда үш ұл дүниеге келді...

«Я встретил девушку»

Соғыстан кейінгі жылы шыққан ән еді. Соған лайықталып шыққан киноның даңқы асқақтап тұрған кез. Жамалдың (Бибіжамалды солай атап кеткен (бұлғақтап бой жеткен кезі. Туған жерін бір көріп қайтпаққа Тәжікстанның Колхозабад деген жеріне бір жамағайынға ілесіп, сағы­нып жеткен. Осында біздің қызымызға Нұғман деген жігіттің көзі түссін. Әлгі аталмыш жігіт киноға шақырды. Өзі әке-шешеден жастай қалған жарым көңіл болғанымен жүректі де, батыл екен. Бір көргеннен құлай сүйген аруға арзуын айтып салды. Үш рет қолқа салды. Бұл үшеуінде де жоқ деді.
Елең-алаңның кезі екен. Төбе­сінде сұңқылдап отырған наға­шы жеңгесінің сұрқы жаман. «Әй, бұдан соң қайдам, қайтіп көктеп-көгермегің, сүмбілдей жігітті жылатып, не өлерсің, не қыршын кетерсің». Зәр-иманы қалмай, ұшып тұрды. Ана жігіт асылып өліп қалған екен деп ойлады. Көрші тұратын жалғыз жігіттің үйіне қарай құстай ұшсын. Босағаны екі қолымен керіп тұрып қалды. Етпетінен жатқан жігіттің өңі қудай ағарып кетіпті. Бұл сол тұрғаннан он минут тұрды, он бес минут тұрды. Қасқалдақтың ғұмырындай ғана өткен өз өмірін ойлады. Жылаумен, жетімдікпен өтіпті. Ана жігітті дәл өзіндей түсінді, маңдайынан сипап, жанына шуақ құятын бір жан табылса ол өзі ғана екенін ақыл таразысына салды. Ендігі жерде қаяулы көңілдің бұлтын сермеп демемекке, шамасының жеткенінше желеп-жебемекке өз-өзін шын көндірді. Бұл Жамал апаның бұдан кейінгі бүкіл өміріне серт болған , өзі үшін емес, әрдайым өзгелер үшін қайырымға бет бұрған алғашқы қадамы еді. Сол аппақ ниетінен, сол дағдысынан, сол қамқор-тілегінен жаңылмай, мыңдарды жарылқаған қайсар ару бүгінде қазақтың ортақ Жамал апасына айналды.

Махаббат – мәңгі көктемің


Осы күн біреулер махаббат бар дейді, біреулер жоқ дейді. Екіге айрылып жататын ерлі-зайыптың бір-біріне қоятын кінәсі біреу: түсініспедік, мінезіміз үйлеспеді, жақсы көзқарас танытпады, жағдайыммен санаспады, жәрдем бермеді дегенге келіп саяды. Ал шындығына келгенде, шынайы махаббат дегеніміз - қос жастың бір-біріне берген сертке адалдығы, арадағы сыйластыққа сына түспеуге екеуі бірдей мүдделі болып, мазмұн біріктіруі емес пе?
Келін боп түскен қоржынтамды қорашсынып, екі жеңді түрініп кесек құйып, үй салуға кіріскен жан-жарына жәрдем беру үкіметтің жұмысынан бір босамайтын жас жігіттің ойына кірмепті, неге маған көмектеспейсің деп артық талапты бір рет те болсын бұл да қоймапты. Туған әкеге деген бітпес сағыныштың әсері ме, сүйіктісін алғашқы күннен хан тұтып, қас-қабағын бағыпты. Ерім – пірім деп таныпты
Алпыс үшінші жылдары бұлар Жетісай қаласына қоныс аударып, ері Нұғман осы жерде автобазада жүргізуші, одан әрі колонна бастығы, техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер, жергілікті кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарып, ат үстінен түспепті. Ол басқарған кәсіпорын он алты облыс арасында жиырма жыл ауыспалы Қызыл Туды бермепті.
Бала-шаға тәрбиесін қасында отырып қадағаламады демесеңіз, қаталдығын қабағымен-ақ танытқан турашыл мінезді, табиғаты өте таза адам болыпты. Тазалығы ғой, бірде үйіне бір қап пияз тастап кеткен қызметкерін таптырып, әкелгенін қайта өңгертіп жібергені. Осындай тақуалығымен ұл-қызына тек таза тамақ жегізіп, адалдыққа баулыған тәртіп-талабы ұрпақ бойында мәңгі сабақ болып қалды. Бар болғаны қырық жасында он баламен ерінен айрылып жесір қалған Жамал апа жан жарының осы үлгісіне қылау жуытпауға тырысты. Қанша тарықса да біреуге қол жаюды ар санады. Өзі нан пісіретін наубайханада қарауыл болып он жыл қызмет атқарғанда бір бөлке нанды жасырын алып, сатқан кезі болмапты.
Адал жолынан жаңылмай таза тірлік қыла білгеннің ұлы күшке жақындығына өз ғұмыры арқылы көз жеткізгені сондай, мына он баланы енді қалай асыраймын, жағдайымыз не болады деген бір түйір уайым-қайғы көкейіне келген жоқ.
Құдай осы пейіліне оған емшілік дарытып, көбіне ырзық-несібесін осы қасиетінен ажыратыпты. Оқу-тоқуы жоқ болса да балаға түкіретін оның алдына ықыласпен барған талайлар тіпті өліп қалдыға жорыған сәбилерінің көрер жарығының түгесілмегеніне сан рет куә болған жағдайларды ел көрді.

Ерек туған – елге құт

Жаңа ғасырдың басына қарай сауданың көзін тауып, кәсіпке кіріскен қазақ қызы алған бетінен таймай қаншама қиындықтарды иығымен көтере жүріп, нарық заңдылығын меңгеруге тырысты. Бұл жұмыстарда жанына серік болған ержетіп қалған перзенттеріне де істің көзін табуды үйретіп, базардағы ұсақ-түйек саудадан бастап үлкен жоспарларға батыл қадам жасаудың бағыт-бағдарына жол бастады. Шаруасы оңынан жүріп, кәсібі аяққа нық тұрды. Осының барлығында ол аспады, таспады.
Перзенттері де ана айтқанын екі етпей, шетінен тәртіпті, тәрбиелі ер жетті. Бәрі де жақсы оқып, жоғары білім алды. Бір-бір кәсіптің құлағынан ұстап, бір-бір елге пайдалы азаматтарға айналды. Барлығы да ана еңбегін ақтап, атына кір жуытпауға тырысты.

Жомарттың жоқтаушысы көп


Содан бері ширек ғасыр өтті, Жамал апа бірдің ғана емес, мыңның анасы атанды. Жастай жетімдік зарын тартқан нәзік жүрегі көзі жастыны көрсе көлеңкесін түсірмей қалған емес. Алматыдағы екі балалар үйін қамқорлыққа алған. Сонымен қоса өзіінің айналасында тұратын көрші-қолаң, туыс-жараннан өзге Қазақстаннның түкпір-түкпірінен өзіне көмек сұраған қаншама жетімнің маңдайынан сипады. Жүздей отбасын өзі аяқтандырып, үй болып кетулері жәрдемдесті. Олардың ішінде түрлі ұлт өкілдері бар. Солардың бірі, кейін қазақ болып есімін ауыстырған Ақтау қаласының тұрғыны Кузнецов Әбсалам былай дейді:
– Қарындасым Лена екеуміз ата-анадан жастай жетім қалып, қиындықты көп көріп өстік. Көрші тұратын үйдегі Жамал апа Алматыдан бір келгенінде бізді шақыртып, хал-жағдайымызды сұрады. Маған «қызың бар ма» деді. Қазақ қызымен достасқаныма екі жыл болған. Ата-анасы сырға салып алып кетуімді жөн көрген екен. Осы жағдайдың бәрін жасырмай Жамал апаға айттым. Ол бірден календарьға қарап алды да тамыздың жиырма алтысына деп тойдың күнін белгіледі. Сол күні бас құда болып өзі келіншекті алып қайтты. Қазір міне, үш перзентіміз бар, бақытты отбасымыз, - дейді ол.
Бұл айтып отырғанымыз бір ғана мысал. Мұндай жалғызілікті, қысқа жіп күрмеуге келмей жүрген қаншама жандар оның көл-көсір жақсылығына куә болды десеңші.

Жамал апа қашан келеді?

Осыдан бес жыл бұрын Жамал апа отбасымен бірігіп өздері тұрған, өсіп-өнген Жетісай қаласы орталығына зәулім мешіт соғып берді. Мешіттің ашылу салтанатына қатысқан ҚМДБ – ның сол кездегі төрағасы Ерлан Малғажыұлы Аблазимовтер отбасына телегей-теңіз рахметін айтып, діни басқарма атынан Алғыс хатын табыс еткен болатын. Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Асқар Мырзахметов ел халқы атынан риза­шылығын білдіріп, жұртшылықты иман­дылыққа ұйытып, бірлікке бастай­тын құлшылық үйін пайдалануға берген жас меценат Аблазимов Бахриддинге, оны тәрбиелеп жетілдірген Жамал апаға алғысын білдіре келе, жомарт жандарға сәйгүлік сыйлап еді. Күні кешелері осы облыс орталығында ұйымдастырылған Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шарада Бибіжамал Мәлікқызына үкіметтік награда – «Еңбек ардагері» ордені табысталды. Осы шара соңында телевидениеге сұхбат берген Мақтарал ауданы әкімі Ж.Бейсенбаев аудандық мәслихат шешімімен Аблазимов Бахриддиннің Мақтарал ауданы «Құрметті азаматы» атағына ұсынылғаны жөнінде айта келіп, осындай азаматты тәрбиелеген Жамал апаның да ел халқы үшін орны бөлектігін, тіпті қарапайым жұртшылықты былай қойып туған жер басшылығының өзі ардақты ананы бел тұтып отыратындарын айта келе, талай тығырықтын алып шыққан алып жүректі ананың жолын тосып, екі көзі төрт болар жұртшылықтың «Жамал апа қашан келер екен» деп тағатсыздана күтетінін жасырмай жайып салды. Өйткені елге жомартпен бірге жақсылық келеді. Нешеме сарқылған үміттің шырағы қайта маздап,шарапатына кенеледі.
Өкініштісі, сол күткен жамағатының жүрегін қуанышқа бөлеп Жамал апа енді келмейді. Ол жаздың соңғы айының алғашқы күнінде өзін күтетін қалың елін қайғыда қалдырып келместің кемесіне мініп кетіп қалды.
Ана өнегесін алып қалған ұрпақ оның ұлық істерін жалғастыра берері анық, бірақ жасты да. кәріні де аңқылдап, құшағына алып, мейірімін төгер Жамал апаның орны толар ма? Беу жалған - ай, Жамал десе Жамал еді-ау...

Баян ҮСЕЙІНОВА
04 тамыз 2020 ж. 996 0