№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ақын жолы – қазақтың жолы

Ақын жолы – қазақтың жолы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында той тойлау мәре еместігін айтып, ақынның рухани мұрасын танып-білудің маңызына мән берді. Бастысы, Абайдың мерейтойы бір күндік шара еместігін, қазақ ұлтының кемелдену жолындағы шамшырағы екенін қозғады. Міне, біз Абайды осы бағытта дәріптей алсақ ұтамыз, бәсекеге қабілетті болып шыңдаламыз.
Абай әлемі – ақиқаттың айнасы, шындықтың шамшырағы. Абай мұраты – озық елге озып, кемелді ұлтқа айналу. Рас оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлттың болмыс-бітімі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, парасат-пайымы көрініс тауып, кейін «Абай әлемі» деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды. Қаншама жыл алға жылжып, адамзат қоғамы реформацияға ұшыраса да, Абай мұрасының құндылығын көріп келеміз. Оның себебі – шығармашылығы ұлттың рухани һәм мәдени кемелденуіне бағытталған. Өмірдің кез-келген кезеңінде сөзімізге қуат береді.
Осы ретте, мемлекет және қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан: «...Бірде қазақы тойда тілек алған сөзге шорқақтау бір ағамыз: «той десе қу баста домалайды» деп Абай атам айтпақшы» деп салды. Яғни ұтымды айтылған сөзді қазақ оп-оңай Абайға тели салады. Неге? «Әсем ән мен тәтті күй» деп өнерімізбен мақтансақ, «сұлу сүймектік – пайғамбар сүннеті» деп бозбала ақталады. Саяси жиында Абайға сүйенсек, ел бірлігінің ескірмес ережесін де сол кісіден табамыз. Қаралы жиын «өлім барда қорлық жоқ» деп жұбанады. Неге? Әлсіз тұсымызды бетке басқан жау да, дос та Абайдан қозғайды. «Баста миға» талас қылған» зымиян да жымысқы ойына Абайды қару етпек. Неге? Абай мұрасына зер салған, қадіріне бойлаған ұрпақ осындай сансыз сауалдарға жауап іздеумен жанына азық, ойына маржан табады. Қайырылып сөзді ұққанның көкірегіне нұр құяды ол. Данасының бағасын таныған халық кемеңгерін айрықша әспеттейді, атын аялайды, тағы да үңіледі. Үңілген сайын тылсымына тартып, тұңғиықтана түседі, тереңдей береді. Қалың қатпарынан қатпар шығады, тағы да тың қазына табылады! Қазынасынан ой береке тауып, рухың бәһер алады», – деп данышпанның ұлылығына тамсанады.
Ақын философиялық ойларын қысқа әрі нұсқа беруіне таңғаласыз. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегені монографиялық еңбекке арқау болатын философиялық ой. Расында тіршілік атауына іңгәлап есік ашып, тағдыры таусылғанда оны айналасындағылардың жылап, сықтап, жоқтау айтып шығарып салатын заңдылықты – небәрі екі шумақпен түйіндейді. Тіптен ақын осы екі жол арқылы өмірдің мән-маңызын түсіндіріп, адамды сапалы, саналы өмір сүруге шақырады. Бұл – оның данагөйлік қыры.
Ең өкініштісі, ақын шығармала­рындағы надандық, мақтаншақтық, күншілдік, рушылдық, қасиеті біздің қоғамда әлі өзекті. Жаһандану заманында жұтылып, жоқ болмаудың жолы – Абай айтқан керітартпа қасиеттерден арылып, білімге, ғылымға ұмтылу керек-ақ.
Қоғам азғындаса құрдымға кетеді, керісінше қоғам жаңғырса, өркендеудің жолын табады. Сондықтан ұлтқа бағдар беретін Абай шығармаларына қайта зер салып, тағылым алу маңызды. Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде Абайтану бағытында тыңғылықты істер атқарылуда. Жаңа оқу жылында да Абайтану ілімін дамытуға арналған мәдени-рухани шараларының жалғасын тауып, жастарды ақынның өлеңдерімен сусындату басты мақсатымыз бола береді. Себебі, Абайдың рухани жолы – қазақтың жолы...

Бағила ӘБСАТТАРОВА,
Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің
«Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің оқытушысы
25 шілде 2020 ж. 983 0