№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Әке ісін жалғаған мұрап

Әке ісін жалғаған мұрап

Телефонның әуені ойнап, арғы жақтан ақпарды айтып, көңілін жайландырғандай болды. Сонда да болса таңғы асын асығыс ішіп бір жаққа шығып кеткеннен қас қарая бір-ақ оралған. Кештетіп оралғанымен ертеңгі тірліктің жайын ойлап ұйықтап кетті.
Иә, сушының жұмысы біле білгенге бейнеті көп, тоқтаусыз тіршіліктің қайнары іспетті. Әсіресе ерте көктемде жұмыс егіншілермен бірге қыза түседі. Ауыл еңбеккерінің үмітпен еккен егінжайына судың дұрыс жеткізілуінің қандай маңызды екенін әрбір саналы азамат білсе керек. Күндіз-түні дамылсыз ағып жатқан судың бір арнаға құйылып, арықтан асып кетпеуі де сушылардың тікелей міндеті.
Дарияның арғы жағы жағалай бидай мен күріш егістігі. Десе де, жайқалған бақ пен атыз-атызға қауын-қарбыз, картоп пен сәбіз, асқабақ пен кәді еккен еңбеккеш ауыл тұрғындарының барлығына бірдей судың жетуі Бауыржан сынды мұраптың көзге көрінбейтін мехнатының өтеуі десек болады.
Біз білетін аққорғандық азамат осындай жан.

Әкесі Бақыт Салыбеков 1980 жылдан 1996 жылға дейін Түгіскен совхозының гидротехнигі, 1996 жылдан 2003 жылға дейін Келінтөбе каналы жүйесіне басшылық еткен. Кейін әке мезгілсіз өмірден өткен соң ізін жалғап осы жұмысты міндетіне алған күннен әке атына кір келтірмеуге, ізін ізгілікпен жалғауға бар күш-жігерін жұмсады. Небәрі 25 жасында әкеден қалған жас жігітке бұл оңайға соқпады. Таңды таңға ұрып, өзіне міндеттелген 7 бекетті, яғни 89 шақырым жерді атпен, мотоциклмен аралаған кездері де болды. Сырдария сағасынан суды жасырын алатындар болатын ол кезде. Қазір жүйелі жұмыстың дұрыс жүргізілуінен ондай олқылықтарға орын жоқ.
– Тоқтаусыз ағып жатқан су ағасында артқа жүру деген болмайды. Оны ұдайы қадағалау керек. Каналды бұзып су басқа арнаға ағып кетсе, егіншінің еңбегі далаға кетеді. Сондықтан әр бекетте су бағытын көзден қалыс қалдыруға болмайды. Күндіз-түні ағыстың барысын, судың көтеріліп төмендегенін канал жағалап реттеп отырмыз. Қадақтап өлшеп, қай бекеттегі судың ашылғанын да білетін дәрежеге жеттік, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Қаратөбе мен Қыркеңсе аралығын қамтитын аймақты жіті бақылаудың арқасында қиындықтарға кедергі болуға болатынын аға әңгімесінен аңғардық. Он жеті жылдан осы саланың қыр сырын толық меңгеріп, өз кәсібін өмірінің бір бөлшегіне айналдырған кейіпкеріміздің әңгіме­сінен мамандығыңды жақсы көріп, ыждағаттылықпен істесең ғана сол еңбегіңнен рахат табатыныңды ұғына түстік.
Бүгінде жары Сұлушаш Молдах­метқызы екеуі 4 ұл, 1 қызға тәлімді тәрбие беруде. Үлкені шаңырақ көтеріп, немере сүйгізген берекелі шаңырақтың жалғасы.
Бұлғақты бұлтарыс пен қым қиғаш қалтарысты тірліктен өзге отбасының берік қағидасы шаңырақтың шаттық пен қуанышқа бөленуіне, бірлік пен ынтымақтың арқасында аядай отбасын ауылға үлгі етіп отыр. Бұл жолда шаңырақтың шамшырағы Жүнісова Сәрсенкүл анамыздың еңбегі ерен. Ардагер ұстаздың бала тәрбиелеуде білгені бір бір кітапқа азық болардай. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған апа немерелеріне білгенін үйретуден әсте жалықпайды. Бүгінде шөбересін иіскеп асыл арманы орындалған жайы бар.
Әке ізін жалғаған Бауыржандай баланы өмірге әкеліп, тәрбиесі мен қоса аптал азамат етуге, еңбек ете жүріп адалдыққа, көркем мінезге бай болуға үйреткен ана ауылдың ажары іспетті. Міне, шаңырақ шаттығы деген осы болар.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
11 шілде 2020 ж. 478 0