№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ІСКЕР ӘЙЕЛ – ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

ІСКЕР ӘЙЕЛ – ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ


Жаңақорған аграрлы аудан. Халқының басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласында несібесін тереді. Сондықтан, Мемлекет басшысының бастамаларын ауыл шаруашылығы саласының дамуына ұтымды пайдаланып, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруды жолға қою маңызды. Осы ретте, ісін ілгері дамытып, жұмысын өркендете білген «Барыс-4» шаруа қожалығының
тыныс-тіршілігін сөз етсек.
Шаруашылық егістік аумағын темір сыммен қоршапты. Ішінде қандай дақыл жоқ дерсің. Қауын-қарбыз, пияз, фасоль, картоп пен асқабақ, жүгеріні кездестіресіз. Екі-үш кісі кесілген пиязды қаптап жатыр. Олар жалдамалы жұмысшылар екен.
Қарбыз бен қауыны қазан болыпты. Жүгерінің де собығы қайырылыпты. Бұрын мақсары егілген егіс танабының астынан көктеген балауса жоңышқа да жайқалып тұр. Әлі картоп пен фасолға қол тимепті.
Шаруашылық төрағасы Ұлданай Темірқожақызы бізбен амандасып:
– 2002 жылы осы шаруа қожалығын аштық. Алғашқы жылдары шамамыз жеткенше күріш, ротация бойынша жоңышқа ектік. Өніміміз жаман болған жоқ. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей. Өзімізден артылғанын саттық. Осылайша оншақты жыл егісті айналдырып жүргенде ауыл шаруашылығын дамыту, ауылда тұратын шаруашылықтардың жұмыстарын жандандыру мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламасы жарияланды. Бұл өзі үкіметтің дер кезінде қабылдаған жобасы деп білемін, – деп бастады әңгімесін.
Ол «Құлан» мен «Сыбаға» бағдарламасына сәйкес бизнес-жоспар даярлап, тиісті орындарға құжаттарын өткізіпті. Бұлар өткізген жоба бойынша несиелендіру жұмыстары «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жүзеге асқан. Алдымен «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2013 жылы ет бағытында мал алу үшін 11 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек алып, сол қаржыға 50 бас сиыр мен екі бас бұқа алады. Осы малды көбейтіп, етке өткізгені үшін жыл сайын 300 мың теңгеден субсидияланды.
2017 жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 16 млн. теңге несие алып, оған 100 бас жылқы алады. Осы жылқы тұқымын асылдандыру мақсатында жүргізілген жұмыстарға 800 мың теңге субсидия алады. Қазіргі таңда шаруашылық алған несиенің жартысын төлеп үлгеріпті.
Жабық қораның ішіне кіргенде байқағаным, малдар жасына, жынысына қарай бөлек-бөлек қойылыпты. Жылқылар өз алдына бөлек тұр Жабық қораның ішіне электр жарығы жүргізіліпті. Қора басында жүрген жұмысшы жігіттердің бірі бордақылауға қойылған малдарға шөп салып жатса, енді бірі өзге малға су беруде. Қарап отырған адам жоқ. Бордақылауда сиырдың дені қалмақ тұқымдастары екен.
Одан кейін төрағамен егін даласын араладық. 2017 жылы агроаймақтағы 10 гектар жерге қауын-қарбыз, картоп егіп мол өнім алыпты. Әрине, жаздай жасаған еңбегіңнің рахатын көргенге не жетсін?! Биылғы егістері де өнімді.
– Қазақта «Көз қорқақ – қол батыр» деген сөз бекер айтылмапты. Отбасымызбен бірде ақылдаса келе тек малмен ғана айналысып қана қоймай, егіс егуді де жолға қоюды жөн көрдік. Сол 2014 жылдан бастап жер көлемін ұлғайтып келе жатқан жайымыз бар. Оған биылғы жылғы егіс егуде көзім жетті, өйткені аз ексең де, көп ексең де сол далада жүргенің, – деген Ұлданай еккен егіс түрлері жөнінде айтып кетті.
Биыл 7 гектарға қарбыз, 3 гектарға қауын, 2 гектарға картоп, 2 гектарға пияз, 1 гектер жерге асқабақ және 5 гектар жерге мақсары егіпті. Қауын-қарбызды сатуда да табыс аз болмаған секілді. Өйткені орташа әр қарбыздың бір келісі 38 теңгеден болса, қауындікі 35- 60 теңге аралығында өтіпті.
– Аға, өзіңіз білесіз, дана халқымыз «жатқанға – жан жуымас», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қанатты сөздің мәнін енді-енді ғана толық түсінгендейміз. Мына бейнетпен тапқан тиынның қадірі басым. Қазір еңбек етпей-ақ табыс тапқысы келетіндер аз емес. Ол заманның келмеске кеткенін көре тұра мойындағылары келмейді, – дейді іскер әйел.
– Көктем шыға егіске 6 айға уақытша жұмысшы жалдаймыз. Бірақ оған біздің жаңақорғандықтар келе бермейді. Олар аз жұмыс істеп, мол ақша алғылары келеді. Ал, оны шаруа жұмысы көтермейді. 5000 теңге пиязды жұлып, оны қырқуға адам шақырдық. Ешкім келмеді. Негізі 20 күн бейнет етсе 100 000 теңге пайда табар еді. Сосын амал болмағаннан кейін Шорнақтан адам шақырттық, – деген шаруа басшысы аудандағы еңбек нарығындағы ащы шындықты айтты. Жөн сөзге не дерсің. Мен де үнсіз ғана басымды изей бердім...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
29 қыркүйек 2018 ж. 1 768 0