Бейнеткеш Болаттың биігі
БЕЙНЕТКЕШ БОЛАТТЫҢ БИІГІ
Сонадайдан бастары ескен желмен теңіздей тербелген күріштіктің маңына жеткенше асықтық. Бұрын-соңды естігенім болмаса, егіндіктің басына барып, ондағы қарекетті бақыламаған екенмін. Мұндай тынымсыз тіршілікке Қыркеңсе ауылдық округіндегі "Бекарыс С" шаруа қожалығының күріштігінде көз жеткіздім.
Біз барған шаруашылықтың күрішшілері тынығып отыр екен. Бастарына таққан ақ шыт орамалдары мен беттеріне тұмшалай таққан ақ сұрыптарын шешіп, құдықтан шыққан мұздай көжені сіміріп отырған-ды. Ми қайнатар ыстықта мұнан дауа сусын да, ішер ас та жоқ сықылды. Сіміре жұтып, маңдайдан бұрқ ете шыққан ащы терге малшынған дала еңбеккерлерінің осынау тұрысы маған өзім кітапта оқыған Ыбырай атаны елестетті. Ешқандай басшы да, қосшы да болмаса да тек қана маңдай термен бүкіл КСРО халқын өзіне қаратқан еңбек адамының бейнесі келді көз алдыма.
Болат Сапарбайұлы жастайынан еңбекпен етене таныс. Таң ертеңмен тірлік етіп, түсте бірауық демалып, кешкі салқынмен егінжайдың тынысын тағы бір барлап, күрішпен сырласып қайту оның дағдылы әдеті.
– Ерте көктемде жерді жыртылып, тегістелді. Дән себілгеннен кейін, мамыр айының екісінде суға бастырдық. Бүкіл атыздар суға толған күннен бастап есептейміз. Судың деңгейі қатты көтеріліп кетпегені дұрыс. Себебі дән дұрыс өнбейді. Әрі су таяз болмағаны абзал. Судың қатты ысып кетпеуі, таза болуы да маңызды. Суда 80-90 күн тұруы керек болса, 65-70 күнде бас шығарады, – деді бізбен әңгімесінде кейіпкеріміз.
Одан кейінгісі белгілі, бас шығарып дән байлағаннан соң құстан қорып, егін піскенге дейін жауапкершілігі екі есе арта түседі. Осы егістікке Қасымхан Төреханұлы екеуі жауапты екен. Өздеріне артылған жүктің салмағын сезінген олар іске жауапкершілікпен қарайды. Кейде кезектесіп, кейде біріге жүріп суды қадағалап, жетпей қалмауын, асып кетпеуін жіті бақылайды. Шаруашылықтың төрағасы Серік Мырзабаев біздің кейіпкеріміз Болаттың іске жауапкершілікпен қарайтынын айтып, міндетті абыроймен орындайтынына сенім білдіріп отырғанын жеткізді.
«Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» дегендей, ақ күріштен тау тұрғызған Ыбырай атадай болмаса да, ұқсап бағуға тырысқан ауыл еңбеккерінің маңдай тері мен еткен еңбегі өнімімен өлшенетіндей. Дегенмен жер-ана өзінен үміт етіп, қарап отырмағанды құр қалдырмайды. Егінші жер арқылы, егін арқылы – диқан. Жердің қасиетін, киелісін, диқаннан артық білмейді. Күрішке үнемі таза су беру маңызды. Егін де адам секілді таза суды қажет етеді. Күріш сабағы тебіндегеннен кейін ғана тік тұра алады. Дән шығатын құлағы сонда ғана шығады. Сол құлаққа су кірсе керең болып қалады. Яғни дән байламайды.
Бүгінде Болат Сапарбайұлы жары Сәбира Әбдірайымқызымен 6 ұл-қыз өсіріп, тәлімді тәрбие беруде. Үлкендері тірлікке жарап қалған. Әкесімен күріштіктің басына барып тұрады. Көбіне анасына қол көмегін беріп, үй тірлігіне араласады. Қашанда әкесі мен анасының бейнеткештігін көріп өскен ұл-қыздары да тірлік таңдамай құлшына еңбектеніп қолқанаттарына айналған.
Болат аға бір сөзінде: – Егілген астықты күздің суығына қалдырмай жинау егіншілердің басты мақсаты. Сондықтан әрбір күніңді егістік алқабына арнайсың. Жазымен аққан маңдай тер еңбегіңнің өтеуі күзде анық білінеді. Егінің де балаң секілді, дұрыс қарай білсең, мәпелеуің дұрыс болса жемісің де ойдағыдай болары анық, – деді.
«Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін» деген ұранды санасына мықтап ұстанған бүгінгі бейнеттің иесі Болат қашанда қарап жатуды білмейді. Тынымсыз тірлік мехнатын ерекше құлшынысымен жасайды. Бұл – оны әсте қажытқан емес.
Жаратқанның адамзатқа берген ең асыл, ең құнды жәдігері ақыл-ой болса, сол ой адал кәсіп пен таза тірлікке үндеп жақсылыққа жетелесе одан өткен бақыт та жоқ. Біз де бүгінгі кейіпкерімізден осыны байқадық.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА